Биыл – жастар жылы. Атаулы жылдан күтер үміт көп. Қай кезде де ел болашағы – жастар – назардан тыс қалған емес. Кейінгі толқынға дұрыс бағыт-бағдар беру, жақсы тәлім-тәрбие беру аға буынның міндеті деп санайтын ұстаз, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, халықаралық педагогикалық білім беру академиясының академигі, Қазақстанның құрметті спорт қайраткері Жақсыбек Егізбайұлымен сұхбатымыз осы тақырыпқа арналды.
– Биыл Жастар жылы деп жарияланғаны бәрімізге белгілі. Бұл жылда жастарға мейлінше, қамқорлық, қолдау шаралары жасалатыны айтылды. Сіздіңше, жастар ең әуелі қандай қамқорлыққа мұқтаж. Материалдық, әлде рухани?..
– Тұңғыш Президент – Елбасы Жастар жылының ашылуындағы шарада қай елде болмасын, жастар жұмыссыздығы көкейтесті мәселе екенін атап айтты. Жасыратыны жоқ, қос дипломды қалтаға салып, жұмыссыздар қатарын көбейтіп жүргендер де бар. Шынын айтқанда, дипломмен емес, бастағы біліммен жұмыс іздеу керек. Күн сайын өзгеріске ұшырап жатқан қоғам, көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан технология ілініп-салынып жүріп диплом алатын жайбарақаттық пен немқұрайлылықты көтермейді. Уақыт көшіне ілесу үшін тек оқу-білім, ізденіс қажет. Әрине, жастардың материалдық қажеттілігін өтеу үшін жұмыспен қамтамасыз ету қажет, ал нарық сұранысы – білікті, білімді, тәрбиелі маман. Сол себепті жастар терең білімді, озық ойлы болуға, ғылымды меңгеруге ұмтылу керек. Бұл үшін көп оқып, көп іздену керек. Ғылым-білім, тәрбие де – кітапта. Ұлы философ Гидроның «Кітап оқымаса ой тоқырайды» деген сөзі бар. Кітап адамның білімін толықтырып ғана қоймайды, рухани өсіреді, тәрбиелейді. Түрлі шығармадағы түрлі кейіпкердің іс-әрекетіне үңіле отырып, оқушы өзінің мінезін түзейді, дүниетанымы кеңейеді.
– Технократтық заманда кейінгі толқынның кітаптан алыстап қалғаны жасырын емес. Газет-журнал, кітапты гаджет алмастырды…
– Озық технологияның пайдасымен қатар зияны да бар. Қазір кез келген ақпаратты қолдағы ұялы телефон арқылы іздеп тауып, оқи салу оңай болғанмен, ол білім болмайды. Әрине, ғаламторды пайдалана да білу керек. Алайда, бұл әлеуметтік желілерге жіпсіз байлану деген сөз емес. Ең қиыны да сол, асып-тасыған ақпараттың ішінен керегін іріктей алмайтынымыз, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін екшей алмайтынымыз. Бұл да білімнің аздығынан. Кейбір жастар осындай пайдасыз ақпараттың соңында жүр. Білімді, ізденімпаз, рухани толысқан жастар ғаламторды басқарады, ал білімі таяз болса, өзіндік пікірі қалыптаспағандарды әлеуметтік желілер басқарады. Ғаламторға соншалықты тәуелділктен-ақ олардың деңгей өлшемін аңғаруға болады. Сол себепті де аға буынның «жастар кітап оқымайды» деп дабыл қағуы бекер емес. Білім мен тәрбие, бар асыл қазына кітапта екенін әрдайым айтып жүрмін. Әрине, жаңа технологияны меңгеріп, оны жұрт қажетіне жаратып жатқан жастар аз емес. Жаңа заманға бейімденген кейінгі буынның осы өкілдерінен көп үміт күтемін. Олардың осы жетістікке тынымсыз оқу мен ізденіс арқылы жеткендігі қатарластарына үлгі болса екен деймін.
– Сексен жасқа таясаңыз да еңбекке араласып жүрсіз, ширақтығыңыз бен белсенділігіңіз көпке үлгі. Бұл орайда жастарға айтар кеңесіңіз.
– Бала күнімнен еңбекпен өстім. Кесек құю, шөп шабу, мал бағу шынықтырмаса, қажытқан емес. Үнемі дене белсенділігі, қимыл-қозғалыс денсаулық үшін пайдалы. Әрдайым көлікпен жүру дұрыс емес. Мүмкіндігінше жаяу жүру қажет. Таза ауада, табиғат аясында серуендеу адам жанын сергітеді. Қазір біз табиғаттан да алыстап кеттік. Табиғатты тамашалау, айналадағы сұлулықты сезіну, сылдырап аққан бұлақтың, жасыл құрақ жаныңды сұлуландыра түседі. Бос уақытта ән тыңдау, әрдайым күліп жүру – денсаулықты сақтаудың бір жолы. Тағы да айтар кеңесім: денені шынықтыру қажет, зиянды әдеттерден аулақ болған жөн.
Жақында мен республикалық ғылыми конференцияда «Ұлттық ойындар арқылы жастардың бойында рухани құндылықтарды қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасадым. Ұлттық ойын арқылы ұлттық намыс оянып, жігерлендіретінін ұлттық рух қалыптасатынына көз жеткіздім.
– Қазақ қоғамында ажырасу белең алғанын Елбасының өзі атап айтқан еді. Отбасылық өмірге, өмірдің ыстық-суығына мектеп жасынан дайындау мәселесі де атап айтылды.
– Меніңше, бұл тәрбие балабақшадан басталу керек. Отбасындағы әкенің, ананың орнын бала күнінен ұғынып өсуі тиіс. Қазіргі кезде жас отбасылардың шаңырақ көтергеннен кейін көп ұзамай ажырасып жатуын түрлі себептерге телиміз. Отбасының бұзылуына қаржылық мұқтаждық, ата-енемен тіл табыса алмау, жұмыссыздық негізгі себеп емес. Мұның себеп-салдары тереңде жатыр. Бұл екі жастың отбасын құруға моральдық-психологиялық тұрғыдан дайын болмауынан. Бұл мәселеге қоғам болып назар аударған жөн.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<