Балаға психологиялық қысым көрсету мәселесі өзектілердің қатарында. Бұлай дейтініміз, БҰҰ-ның елімізде жүргізген зерттеуі нәтижесінде балалардың басым бөлігі сәби күнінен бастап кемсітуге тап болатыны анықталған. Ал, соңғы жылдары сандық технологиялардың дамуына байланысты балаларға қатысты зорлық түріне кибербуллинг, яғни онлайн қорлау қосылған. Мамандардың айтуынша, оның құрбаны –көбіне жасөспірімдер. Бұл ретте балалар мен жасөспірімдерді кибербуллингтен қалай сақтандырамыз деген сауал туындайды. Жақында маңызды тақырыптың түйінін тарқату мақсатында қалалық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Сабыржан Кеңшілікпен сұхбаттасқан едік.
– Сабыржан, өзіңіз білесіз, бұл тіркес бізге шеттен келді. Жалпы осы буллингтің көздеген мақсаты қандай және қазір оның қандай түрлері белең алуда?
– Иә, буллинг ағылшын тілінен аударғанда қорқыту, кемсіту, мұқату дегенді білдіреді, яғни агрессия немесе күш көрсету арқылы адамның өзгені қорлап, өзін үстем санауы. Ол реляцион, сөз формасындағы және кибербуллинг болып бөлінеді. Пандемия уақытында әлемде осы кибербуллингтің, интернет, әлеуметтік желі, түрлі сайт арқылы қоқан-лоқы көрсету түрінің өршігені анықталған. Жәбірлеуші телефонмен хабарласып немесе әлеуметтік желіде жазып, адамды қорқытқан дерек көп. Кибербуллинг жасайтындардың арасында педофилдер де кездеседі. Сарапшылардың сөзінше, кибербуллинг – қазір бүкіл әлемдегі өзекті проблема.
– Күресу жолы қандай?
– Балаларды ғаламтор қысымынан қорғайтын заң 21 елде бар. Мәселен, Оңтүстік Кореяда 2007 жылдан бері интернеттегі қудалаумен күресетін арнайы заң жұмыс істейді. Германияда кибермоббинг ұйымдастырған ересек адам 10 жылға дейін, жасөспірім 5 жылға дейін сотталуы мүмкін. Биылдан бастап Германияда кәмелетке толмаған балалармен анайы әңгіме жүргізген қолданушылар үшін жаза күшейді.
Қазақстанда әлі күнге дейін кибербуллинг тиісті заңдарда арнайы көрсетілмеген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда осы мәселені көтерді. «Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанның азаматтары да интернеттегі ғайбаттаулардан қорғана алмай отыр. Бұдан ең алдымен балалар зардап шегуде. Олар интернет арқылы тараған қоқан-лоқының әсерінен қатты қиналады. Өкінішке қарай, соның салдарынан қайғылы жағдайға да ұшырап жатады. Азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді» деді Мемлекет басшысы. Алдағы уақытта сақтық шараларының күшейтілетіні анық. Дегенмен, қауіпсіздікке баса мән беруді өзімізден бастау маңызды. Қазір «Сабақ оқып отырмын» дегенді желеу қылған бала смартфоннан күні-түні қол үзбейді. Ал, ұялыны шектен тыс қолдану денсаулыққа кері әсерін тигізіп қана қоймай, баланың өзіне таныс емес, белгісіз сайттарға кіріп, топтарға қосылуына, теріс ақпарат алып, санасының улануына әсер етуі ғажап емес. Сондықтан балаға, жасөспірімдерге жиі көңіл бөлу қажет, электрондық құрылғылардан күнделікті не көріп, не үйреніп жатқанын анықтап, баланың неге құмар екенінен хабардар болу әрбір ата-анаға артық етпейді.
– Жасөспірімдерді ғаламторға тәуелді болудан қалай сақтай аламыз?
– Бұл сауалдың нақты жауабы – бос уақытты тиімді ұйымдастыру. Жастардың пайдалы үйірмелер мен спорт секцияларына қатысып, бойындағы талантын ұштау. Тиімді дүниелермен шұғылданып, қолы бос кезінде шығармашылықты немесе спортты серік етсе, бала кибербуллингке тап болмайды. Қазір облыс, қала, аудан көлеміндегі «Жастар ресурстық орталықтары» бұл мәселені күн тәртібіне қойып, нақты жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар жастарды, әсіресе, мектеп жасындағы балаларға теріс қылықтарды насихаттайтын сайттар, топтар, айдарлар анықталысымен, құқық қорғау органдарына жолданып отырады. Ал, оларды интернет шабуылынан қорғайтын мемлекеттік деңгейдегі бағдарлама мен сайт аз. Тек safekaznet.kz қызметі арқылы шағымдануға болады. Ондағы мамандар посттың заңсыздығын тексеріп, қажет жағдайда парақшаны бұғаттауға күш салады.
Сұхбаттасқан
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<