Қызылорда қаласындағы С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Ержеңіс Әбдінің балаларға арналған жұмбақ өлеңдері «Ержеңістің есептері» деген атпен кітап болып басылып, бүгінде республика аймағына тарап кетті.
Кезінде ол жайында біз де сүйіншілеп жазған едік.
«Балалар жылына» орай да осы ІТ лицей алдыңғы қатардан көрініп тұр. Өйткені, оқу ордасы кітап оқуды жолға қоя білген. Бұл туралы біз Ержеңіс Әбдімен әңгімелескен едік.
– Ақпараттық технология тамыр жайып тұрғанда кітап оқудың өркенін өсіру мүмкін емес дегендерге жалпыхалықтық тойтарыс беру басталды. Бұған қалай үн қосып жатырсыздар?
– 2020 жылы Білім және ғылым министрлігі «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын. Осы орайда, аталған жоба аясында мектеп кітапханаларын қажетті кітаптармен толықтыру көзделіп, оқушыларды кітап оқуға баулу мәселелері қарастырылды. Бүгінде облысымыздағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі саналатын №3 IT мектеп-лицейі оқушылардың кітап оқуына айрықша ден қойып келеді. Мектеп ұжымы кітапқұмар жастардың санын арттыру мақсатында арнайы жобаны қолға алды.
Коворкингте «Рухани қазына» деген үйірме жұмыс істейді. Белгілі топ қана кітап оқығанымен, бүкіл мектепті қамтудың қиын болғаны рас. Сондықтан барлық оқушының кітап оқуы үшін «Алтын кітап» кубогін ұйымдастырып, оқуға құштар оқушыларды анықтап отырмыз.
– Өзіңіз айтып отырған «коворкинг» ұғымы сөздік қорымызға кейінгі кездері ғана ене бастады, бұл ұғым сіздің ұжымда қандай мәнге ие болды?
– Бұл – негізі, бірлесіп жұмыс істеу деген сөз. Мәселен, коворкинг орталықтарының кітапханаларда ашылуы оқырмандар үшін жақсы жаңалық болды. Енді кітапханалар тек қызмет көрсету мекемесі ғана емес, қала тұрғындары үшін зияткерлік демалыс орнына айналады.
Өз коворкингімізге келсем, әрбір мектептегі секілді біздің мектепте де арнайы топ құрылды. Мектеп мұғалімдерінен құрылған сол топқа мен жетекшілік етемін. Нәтижесінде, кітап оқу дағдысы қалыптасып, жоба бойынша жоспарлы шаралар жүргіздік.
– Нақтырақ айтқанда…
– «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «20 минут кітап оқы» акциясын өткіздік. Белгілі уақыт аралығында 5-7 сыныптарға Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Қарлығаштың ұясы» және жас қаламгер Айзат Рақыштың «Ақ арман алдамайды» повесі, ал, 8-10 сынып оқушыларына Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы, Мұқтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» және башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы, ана» шығармасы оқуға берілді. Балаларға шығарманы оқуға екі апта уақыт бөлінеді. Олар кітап оқудың 20 минутын мектепте, қалған оқуын үйде жалғастыра алады. Осылайша, шығарма мазұнымен таныс болған соң, арнайы сауалнамаларға жауап беріп, тапсырмаларды тиянақты орындауы тиіс. Қорытындыда белсенділік танытқан шәкірттер марапатталады. Апта жеңімпаздарына ауыспалы «Алтын кітап» кубогі беріліп, жүлделі орын иегерлеріне бағалы сыйлықтар табыс етіледі. Айта кетерлігі, бұл – апталыққа бөлінгенімен, жыл бойы жүргізілетін жұмыс.
Қысқасы, мектеп басшылығының қолдауымен, ұстаздардың бастамасымен басталған игі іс өз жемісін, айтарлықтай нәтижесін беруде. Оқушылардың кітапқа деген қызығушылығы артып, көкейге тоқып, түсініп оқитындардың қатары көбейді. Осындай сында оқушылардың арасынан суырылып шығып, жүзден жүйрік атанып, кубокке ие болғандардың бірі – 7-сынып оқушысы Арман Файзуллин. «Үйде кешкілік уақытымды кітап оқуға арнаймын. Кітап оқуға деген құлшынысымның оянуы жалқаулықтан арылып, жаңа мақсаттарыма жол ашты», – дейді ол.
Бұл – акцияның балаға қалай әсер еткеніне бір дәлел. Сонымен бірге, апта жеңімпазы болған оқушылар жыл соңында өзара сайысып, «Алтын кубокке» біржола ие болады.
– Маған Балалар жылының бір базарлығы балаға кітап оқудың сырын үйрету секілді болып сезіледі. Осындай жұмыстардың белортасында жүрсіз, ол мұнан әрі де жалғаса беретін шығар?
– Кітап оқудың бала тағдырына, тіпті тұтас ұлт тағдырына әсер ететінін терең түсінуіміз керек. Сондықтан балаға кітап оқы деп айта бергеннен гөрі, ата-ананың өзі кітап оқып, үй кітапханасын жасақтай білуі міндет. Сонда ғана біз білімді, салауатты, ұлтын сүйген ұл-қыз өсіреміз.
– Осы жолда күрес жүргізіп келе жатқан еңбегіңізге жеміс тілеймін, Ержеңіс.
Әңгімелескен
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<