Көлік қатынасы – экономиканың күретамыры

2099

0

Тамыз айының біріншісі жексенбісі – Көлік қыз­меткерлері күні. Бұл кәсіби мереке 1998 жылдың 20 қаңтарынан бері аталып келеді. Осы ретте облыс­тық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеуімбетовпен сұхбаттасып, салмақты саланың тыныс-тіршілігі бойынша пікірлескен едік.


Мұрат Жолкелдіұлы, салада атқарылып жатқан жұмыстар көпшіліктің көз алдында. Биылдың өзінде облыс орталығында қаншама көше жөнделіп жатыр, көлік қатынасы саласында да тың бастамалар бар. Қалай ойлайсыз, бұл саланың дәуірлеу кезеңі ме?


– Дұрыс айтасыз. Тарихы өткен жылдың 30-40 жылдарынан бастау алатын сала бүгінде айтарлықтай өркендеп, дамып келе жатыр. Тәуелсіздік шежіресімен бірге қиын асуларды еңсерді. Заман ағымына қарай көлік саласында көптеген өзгеріс пайда болды. Қазір халыққа қызмет көрсету сапасы анағұрлым жақсарды. Жолаушылар және жүк тасымалдау парктері жаңа техникалармен толығып, сервистік қызмет көрсету деңгейі де едәуір артты. Олардың көпшілігі мемлекеттің қолдауы арқасында жүзеге асып жатыр.
Бүгінде облыс аумағында 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 204 автобус маршруты жұмыс істейді. Оның 71-і ауданаралық, 101-і кентішілік, 32-сі қалаішілік және қала маңында жүреді. Оған қоса, «Қызылорда-Ташкент» ба­ғытында халықаралық бір автобус, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе тәрізді қалаларға облысаралық 13 автобус ұйымдастырылған. Бүгінде халық игілігіне жұмыс істеуде. Елді мекен тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында Қазалы, Арал ауданы орталықтары мен Төретам кентінен Түркістан, Шымкент, Алматы қалаларына облысаралық маршрут ашылды. Бұл да өз кезегінде халық арасында жоғары сұранысқа ие мәселе болатын.
Жол мен көлікті бөліп-жаруға болмайды. Жол тақырыбында ауыз толтырып айтарлық жетістік бар екенін өзіңіз де біліп отырсыз. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық күре жолы бүгінде қанша халықтың жолдағы жүгін жеңілдетті. Еларалық байланыс нығайып, экономикалық қатынастардың жақсара түсуіне арқау болып отыр. Бұл жол – кешегі Кеңес дәуіріндегі респуб­ликалық маңызы бар «Самара-Шымкент» күре жолының жалғасы. Тарихтан тамыр тартқан Ұлы Жібек жолының жаңғыруы. Бұрын керуен жүрген жолдармен бүгін темір тұлпарлар зулап жатыр. Рас, жетістік желкенін керген дәурен болып тұр.


Жыл аяғына дейін облыс бойынша жөнделетін жол көлемі қандай?


– Биыл жергілікті маңызы бар 488 шақырым автомобиль жолы, елді мекен көшелері мен көпірлерді жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазір бұл ретте қызу жұмыс жүріп жатыр. Бірсыпырасын өздеріңіз көріп те жүрген боларсыздар. Мысалы, орталықтағы ауқымды істердің бірі – Сырдарияның оң жағалауында Тасбөгетке бағыт алған даңғыл. Бұл – Тәуелсіздік даңғылының жалғасы. «Сыр Ана» монументінің маңымен өтеді. Жалпы құны 2 млрд 200 млн теңгені құрайтын жоба. Оның 1 млн 800 мың теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, 400 млн теңгесі облыс қазынасынан қаралады. Қазір 600 млн теңгесі бөлініп, жұмыс істеліп жатыр. Қалған қаражатын жыл аяғына дейін шешеміз деген жоспар бар. Бұл жолдың бойынан бірінші бөлік Бименді Баймаханов көшесі арқылы, екінші тармақ «Астана» шағын ауданы арқылы Жібек жолы көшесіне қосылады. Бұл арқылы біз қала орталығындағы кептелісті жоюға ықпал ете аламыз. Естеріңізде болса, Сырдария, Жалағаш аудандарынан келетін көліктерге де біз батыс бөліктен көне базар аумағына тура шығатын мүмкіндік жасадық. Одан бері қарай Тәуелсіздік даңғылына қостық. Міне, осылай кептелістер азайды. Енді облыс орталығынан сол жағалау­ға бағыт алып, «Шіркейлі» каналының көпірі арқылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолына шығып кететін жолды биыл жыл аяғына дейін бітіреміз деген жоспар бар. Міне, біз осындай жобалар арқылы қаланы кептеліс­тен арылтып жатырмыз.


Мұрат Жолкелдіұлы, жоғарыда көлік қатынасын айтып өттіңіз. Қызылорда қаласында өзектілігін жоймай келе жатқан екі мәселе бар. Әуежай терминалы мен автовокзал. Бұл тақырып та бірнеше жылдан бері қаузалды. Қазіргі жағдай қалай?


– Бүгінде облыс бойынша 1303 дана автобус жолаушылар тасымалына қызмет көрсетіп келеді. Аймақта автовокзал, автостанциялар және жолаушыларға қызмет көрсету пункттеріне енгізілген 4 автовокзал мен 8 автостанция бар. Қазір «Салтанат» автовокзалы талапқа сай жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін жаңа автовокзал керек екені айтылды, ұсыныс та берілді. Бірақ мұндай нысан жекеменшік ретінде салынуы керек. Өйткені, бізде мемлекеттік автобус паркі жоқ. Оған баратындардың барлығы жекеменшік автобустар. Сондықтан автовокзал салуға кәсіпкер ықылас танытуы керек. Негізі жаңа автовокзал Бейбарыс сұлтан көшесінің бойынан салынуы керек болатын. Кәсіпкер осы мақсатта жер алды, бірақ кейіннен белгісіз себептермен салынбай қалды. Дәл қазіргі уақытта қолданыстағы автовокзал біздің кәдемізге толық асып тұр. Ал заңдылығында, автовокзал дегеніңіз тәулігіне 500 адам қабылдай алатын, жалпы аумағы 5 гектардан асатын, медпункті, ана мен бала бөлмесі, көлікке техникалық қыз­мет көрсететін орны, жолаушылар мінетін перроны бар орын. Орайы келгенде айта кетейік, темір жол вокзалы аумағындағы Қармақшы, Қазалы, Арал аудандары мен Төретам кентіне қатынайтын автобустар бар. Бірақ, ол жерде жолаушыға мүлдем жағдай жасалмаған. Талай рет көтерілген мәселе. Біз ол автобус­тарды «Салтанат» автовокзалына әкелгіміз келді. Бірақ, автобустардың қазіргі тұрған жері халыққа қолайлы болып тұр. Біз бұл мәселені шешуге бірнеше мәрте талпындық, нәтиже болмады. Есесіне, сол жерден «Салтанат» автовокзалының филиалын аштырдық. Ол қазір жұмыс істеп тұр. Біз айтып отырған жер аумағында бос жер бар екен. Біз оны зерттеп, ғимарат салдырмақ болдық. Бірақ, түптің түбінде ол жеке кәсіпкердің жері болып шықты. Оның автовокзал салуға қызығушылығы жоқ. Біз аталған жерді мемлекет мұқтажына қайтарып алып, оған автовокзал салу үшін тағы бір кәсіпкерге беруіміз керек. Ал бір кәсіпкерді қолдау үшін, екінші кәсіпкердің құқығын аяққа таптай алмаймыз. Мәселе осында болып тұр.


Сонымен қатар, әуежай терминалы да – өзекті мәселе. Елге келген қонақтарды қарсы алатын өңірдің үш қақпасы бар. Біріншісі – әуежай, екіншісі – темір жол вокзалы, үшіншісі – автовокзал. Әуежай терминалын жаңарту жұмысы 2016 жылдан бастап қолға алынған. Бұл ретте түрлі кедергілерге тап болдық. Десек те, қазіргі әуежайымыздың аумағын үлкейту арқылы заманауи етіп жаңғыртуды көздеп отырмыз. Бұл мәселе шешімін табатыны анық. Осы күні әуежай арқылы аптасына 37 рейске дейін ұшу орындалып отыр. Нұр-Сұлтан қаласына 21, Алматыға 14 және Қарағандыға 2 рейс жүргізіледі. Биыл «Fly Arystan» авиакомпаниясымен Атырау қаласына рейстер ашу туралы келісім жасалынып, 15 шілдеден бастап ұшуды бастау жоспарланған. Бірақ, еліміздегі пандемияға байланысты рейс­тер уақытша тоқтап тұр. Бұдан бөлек, өңірде «Мәскеу-Қызылорда» әуе рейсін қайта жандандыру қолға алынған. Күздің соңына қарай рейстерді ұшыру жоспарланған. Десек те, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.


«Қызылорда автобус паркі» құрылғалы қала ішіндегі қоғамдық көлік қатынасы біршама реттеліп қалған тәрізді. Мекеменің қазіргі жағдайы қалай?


– Бұл мекеме 2013 жылы құрылды. Аз уақыттың ішінде көп жетістікке қол жеткіздік. 2014-2016 жылдар аралығында «Байқоңыр ӘКК» мен «Еуропалық қайта құру және даму банкі» арасындағы келісімге сәйкес паркке қосымша үлкен сыйымдылықтағы 112 автобус алынып, қала халқына сапалы қызмет көрсетіліп келеді. Қала ішінде жүрген жеке кіші сыйым­дылықты жолаушылар көлігі де жұмыссыз қалған жоқ. Біз оларға сапалы қызмет көрсету керегін талап етіп, жолаушылар көлігі жетіспейтін аумақтарға бөлдік. Бүгінде аталған саладағы мәселелер шешілген. Биыл үлкен сыйымдылықтағы 13 автобус сатып алуға 487 млн теңге қаржы бөлінген. Бұйыртса, бұл автобустар қыркүйек айында алматылық «Sky Motors» ЖШС арқылы әкелінеді деген жоспар бар. Мекеменің қазіргі жағдайына тоқталар болсақ, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында электронды билет жүйесі орнатылды. Жобаның құны – 1,07 млрд теңге. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде «Alem Pay» серіктестігінің есебінен жүзеге асырылуда. Бүгінде «Қызылорда автобус паркінің» 89 автобусына электронды билеттер жүйесінің терминалдары мен валидаторлары орнатылды. Терминалдарды пайдалану бойынша кондукторлар мен жүргізушілер қысқамерзімді оқудан өтті. Айта кетейік, 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап Қызылорда қаласы мәслихатының шешімімен қалалық маршруттарда сараланған тариф енгізілді. Ол бойынша қолма қол төлем – 120 теңге, электронды төлем – 90 теңге.


Өзіңіз айтқан үш қақпаның бірі – темір жол. Бұл салада қандай жаңалықтар болып жатыр?


– Біздің өңірдің үстімен өтетін темір жолдың ұзындығы – 1 055 шақырым. Сол ұзындықта 8 темір жол вокзалы қызмет көрсетеді. Облыс аумағынан 19 жұп жолаушы пойызы өтсе, оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы тәрізді мемлекеттерге қатынайтын 7 жұп мемлекетаралық пойыз бар. Облыс орталығынан шығатын 6 жұп пойыз халыққа қалтқысыз қызметін көрсетіп келеді. Дейтұрғанмен, карантиндік жағдайға сәйкес мемлекетаралық және кейбір елішілік пойыздар тоқтатылған. Бүгінде «Қызылорда-Алматы-Семей», «Алматы-Ақтөбе», «Қызылорда-Көкшетау», «Қызылорда-Петропавл», Жезқазған арқылы өтетін «Қызылорда-Нұр-Сұлтан» және «Алматы – 2-Орал» пойыз­дары жүргізілуде. Бұл саладағы жаңа бастамалардың бірі – «Қызылорда-Бесарық-Түркістан» бағытының іске қосылуы. Қос облыстың арасындағы қатынас­ты нығайтатын жол қатынасын реттеу үшін облыс­тық бюджеттен 164,9 млн теңге демеу қаржы бөлінді.


Мереке қарсаңындағы лебізіңізді білсек…


– Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – жүргізуші, жолшы, ұшқыш, машинист, жолсерік, вагон қараушы, диспетчер және өмірін осы саламен байланыстыр­ған жандардың мерейлі мерекесі. Мезгілдің ыстық-суығына қарамастан күні-түні жол жүріп, ел абыройы мен ризашылығын молайтып, өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындап жүрген мамандар қандай да мадақ-марапатқа лайық. Сыр елінің көлік қатынасын өрге сүйреп, тату тірлігі мен берекелі бірлігін арттыруға сүбелі үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне облыс жұртшылығы атынан зор ризашылығымды білдіремін. Еңбектеріне толайым табыс, отбасыларына амандық тілеймін.


Әңгімеңізге рақмет. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Әңгімелескен
Дәулет ҚЫРДАН,


«Сыр бойы».


Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<