Қазақстан Республикасының Cалық кодексіне сәйкес, елімізде тіркелген немесе есепте тұрған көлік құралдары салық салу объектілері болып есептеледі. Сол себептен меншік иелері мұны мүлтіксіз орындауы тиіс. Десе де, соңғы уақыттары көлік салығына қатысты кейбір түсініксіздік жағдайлар орын алған секілді. Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орыновпен аз-кем сұхбатта осы мәселені саралап көрген едік.
– Ғалымжан Қалдыкөзұлы, Мемлекеттік кірістер органдарының алдында кейінгі уақыттары адамдардың кезектілік шоғырын көп байқап жүрміз. Себебі неде?
– Бүгінгі таңда облыс бойынша 55184 жеке тұлғада 1 млрд 331 млн теңге көлік салығынан қарыз қалыптасып отыр. ҚР Салық кодексіне сәйкес меншік құқығында көлік құралы бар жеке тұлға салықтық кезең үшiн салық сомасын өз бетінше есептейдi. Ал көлік салығының төлеу мерзімі әр жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген. Егер көлік құралдарының иесі салық төлеуші дербес өз бетінше 31 желтоқсанға дейін салығын төлемесе, көлік құралдарын есепке алуды және тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті органдардың (ҚР ІІМ) автоматтандырылған режимде ұсынатын мәліметтерінің негізінде мемлекеттік кірістер органдары салық есептейді.
ҚР Салық кодексіне өзгеріс енгізілгенге дейін, яғни 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін талап қою мерзімі 5 жылды құрады. Сол 5 жыл аралығында мемлекеттік кірістер органдары салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеуге, есепке жазуға немесе олардың есептелген, есепке жазылған сомасын қайта қарауға құқылы болатын. Өткен 2019 жылы облыстың аумақтық мемлекеттік кірістер басқармалары облыстық Полиция департаментінің мәліметін негізге алып, 2014-2018 жылдарға, яғни соңғы 5 жылға өз бетінше көлік салығын төлемеген тұлғаларға көлік салығын есептеді. Қазіргі күні одан өндірілгені 622,5 млн теңге, мемлекетке өндірілмеген қарыз 500,5 млн теңге.
Ал, 2019 жыл үшін көлік салығы «Біріктірілген деректер қоры» және «Сервис орталығы» ақпараттық жүйелері (АЖ) арқылы алынған ҚР Ішкі істер министрлігінің көлік құралдары дерекқорының мәліметтері негізінде республика бойынша орталықтандырылған түрде ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетімен есептелінді.
– Көлігімді сатқан кезде барлық көлік салығын төлеп, есептен шығардым, қарыз қайдан шықты деген сұрақтар жеке тұлғаларды жиі мазалауда. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Жыл ішінде автокөлікті есептен шығарған кезде, жеке тұлғаның көлік салығының төлеу мерзімі 31 желтоқсан болғандықтан, ағымдағы жыға есептелетін салығы бет есебінде көрінбейді. Ол көрінбегендіктен, қарыз болып шықпайды да, АвтоЦОН-да көлікті мемлекеттік тіркеуден шығара береді. Ал, мемлекеттік кірістер органдары талап қою мерзімінде әр жылдың есептелген, төленген салықтарына түгендеу жүргізіп, салықты қайта есептеуге құқылы екенін жоғарыда айтып өттім.
2015 жылдан бастап қарызы жоқ туралы анықтаманы Жол полициясы талап етпейтін болды. Себебі сол жылдан бастап Авто-ЦОН бағдарламасы «Біріктірілген салықтық ақпараттық жүйесімен» біріктіріліп, сол жақтың мамандарына жеке тұлғалардың дербес шоттарын көруге мүмкіндік қарастырылған. Олар дербес шоты бойынша түгендеу жұмыстарын жүргізбей, қарызы жоқ деп есептен шығара салады. Осыған байланысты кезінде біздің департаменттен бір маман Авто-ЦОНда отырғызылған.
Көлік құралдары туралы дұрыс емес мәлімет анықталса, түзету үшін онлайн режимінде өтініш беріп деректер қорынан шығаруға мүмкіндік беретін қызметті пайдаланған дұрыс. Бұл қызметті «e-Salyq» мобильді қосымшасының «Салық әмияны» арқылы пайдалана алады, оны «App Store» мен «Play Market»-тен жүктеуге болады.
Көбіне автокөлік жоқ деп келіп жатқан салық төлеушілердің қатесін айта кетейік. Сенімхат арқылы сатылған немесе жарамсыз күйде бөлшектеп сатылып кеткен немесе металлоломға өткізіліп кеткен көліктерді Полиция департаментіне барып, мемлекеттік тіркеуден шығармаған жағдайда, көліктің иесі көлік салығын төлеуші болып қала береді. Жеке тұлғалар тарапынан түсініспеушілік осы жерден туындап отыр. Көлікті сатқан уақытта, сол мезетте сату-сатып алу келісім-шарты бойынша өз иелігінен, яғни мемлекеттік есептен шығару қажет еді. Мемлекеттік тіркеуден шығармаған жағдайда, көліктің иесі көлік салығын төлеуші болып қала береді.
– Салық төлеуші жеке тұлғалар қарызы жайында хабардар болып отыр ма?
– Жыл сайын көлік құралына көлік салығын төлеу, оның мерзімі туралы бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде, әлеуметтік желіде және облыстық телеарналардан хабарлама беріліп отырады. Негізінен, әр жеке тұлға өз иелігіндегі көлікке Салық кодексіне сәйкес көлік салығын дербес есептеп, жыл сайын төлеуге міндетті. Осыны біздің тұрғындарымыз жете түсінуі қажет. Барлық кінәні мемлекеттік органдарға жауып қою дұрыс емес. Қазақстан Республикасы Конституциясының 35-бабына сай, салықтарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады.
Одан басқа, ағымдағы жылы есептелген және төленетін салықтары туралы тұрғындарды хабардар ету үшін Қызылорда қаласында коммуналдық төлемдердің «Бірыңғай төлем құжаты» хабарламасына енгізіліп таратылуда. Және біздің ведомство тарапынан «Каспийбанк» арқылы есептелген салық туралы push-хабарлама тұрғындарға жіберілуде.
Біздің www.kgd.gov.kz ресми сайттағы «Электрондық сервистер/Салықтық берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтері» бөлімінде немесе www.egov.kz «Электрондық үкімет» порталындағы «Салықтар және қаржылар»/«Салықтық қарыздарды көру және төлеу» бөлімінде берешекті анықтауға толық мүмкіндік қарастырылған.
Мұнан бөлек, салық төлеушілерімізге толық ақпарат беру мақсатында департаментте 1414 қысқа нөмірлі «Байланыс орталығы» үзіліссіз жұмыс атқаруда.
Тұрғындарды салықтарын уақытылы төлеуге және түсіністікпен қарауға шақырамын.
Әңгімелескен
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<