Көп балалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамту тетіктері қандай?

709

0

Көп балалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамту тетіктері қандай? ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмаларын орындау аясында елімізде көп балалы отбасыларға тұрғын үй беру жұмыстары басталды. Көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі алға қойылған міндеттерді іске асыру барысы туралы РrimeМinister.kz-ке берген сұхбатында ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М.Жайымбетов айтып берді.

–   Мархабат Жайымбетұлы, тұрғын үй беру процесі қалай реттеледі? Көп балалы отбасылар мемлекеттен тұрғын үйді қандай шарттармен ала алады?

–   ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша көп балалы отбасыларға көмек беру тұрғысынан тиісті нормативтік-құқықтық актілерге үлкен өзгерістер енгізіліп жатыр. Үй беру мәселесі, бірінші кезекте, тұрғын үй қатынастары туралы заңға байланысты реттеледі. Биыл 30 сәуір күні көп балалы және аз қамтылған отбасыларға жалдамалы тұрғын үй беру мәселелерін реттеу бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Айта кету керек, кезекке тұру үшін 5 жыл бойы өзіңізде тұрғын үй болмауы тиіс. Ал, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 3 жыл тіркеуде болуыңыз керек. Сондай-ақ, жеке тізім де бар, оған сәйкес көп балалы отбасыларға (4 және одан көп балалы), «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне баспана бірінші кезекте беріледі.

–   Бұған дейін тұрғын үй кезегі өзектендіріліп, көп балалы отбасылар жеке кезекке енгізіледі делінген болатын. Бұл жұмыс аяқталды ма? Тұрғын үй кезегінде қанша көп балалы отбасы бар?

–   Еліміз бойынша 340 мың көп балалы отбасы бар. 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кезекте 487 мың адам тұр. Олардың ішінде халықтың әлеуметтік әлсіз тобының қатарынан – 220 мың адам. Көп балалы, аз қамтылған отбасылар – 28 126 адам. І тоқсанда бұл сан 3 мың адамға өсті. Бүгінде кезекте 31 700-ден астам адам тұр. Заңға өзгеріс енгізіліп жатыр. Көп балалы отбасыларға жеке кезек болады. Бұрын ҰОС ардагерлері мен жетім балаларға бірінші кезекте берілетін болса, қазір осы санатқа көп балалы отбасылар да қосылып отыр.

–   Қазір көп балалы отбасылар негізінен ірі қалаларда тұрады. Тұрғын үй беруде бұл ескеріле ме?

–   Тұрғын үй жалпы кезекте тұрған азаматтарға беріледі. 7 жылдай уақыт ішінде 50 млрд-тан астам теңгеге 40 мыңнан астам жалға берілетін үйлер салынады деген жоспар бар. Бұл осы 28 мың кезекте тұрған азаматтың мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Кезекте тұрғандардың ең көбі Түркістан облысында, Алматы облысында және Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Сол себепті де қаражаттың басым бөлігі осы өңірлерге бөлінеді.

–   Көп балалы отбасылар өз кезегін қалай тексере алады? Бірыңғай база бар ма?

–   Бірыңғай база бар, egov.kz электрондық үкімет порталында немесе әр әкімдіктің ақпараттық жүйелерінде –  e-akimat порталында азаматтар өздерінің кезектің қай жерінде тұрғанын көре алады.

–   Берілетін тұрғын үй қандай стандарттарға сай болуы тиіс, сапасын кім тексереді?

–   Тұрғын үйдің сапасына қатысты айтар болсақ, оған тапсырыс беруші, мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы – осы субъектілер өздері жауап беретін болады. Ал енді стандарттарға тоқталсақ, мемлекеттік бағдарламамен салынатын үйлер үшінші және төртінші комфорт жүйесінде салынатын болады. Биыл мемлекет қаражаты есебінен 29 мыңға жуық тұрғын үй берілетін болады, оның ішінде 13 мыңы – жалға берілетін үйлер, 13 мыңы – несиелік үйлер, қалған 3 мыңы – жекеменшік компаниялардың несиелерін субсидиялау арқылы берілетін үйлер.

–   Қазақстанда көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтудың тағы қандай түрлері бар?

–   Кезегін күтпей бірден үй аламын дейтін азаматтарға жеңілдетілген несиелер берілейін деп отыр, бұл мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен көмектің бірі деуге болады. Оны «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы алуға болады. 3 жылдың ішінде 150 млрд тг, жыл сайын 50 млрд теңгеден тағы да 6 мың заем беруге мүмкіндік бар. Жыл сайын 6 мың жалға берілетін үй, 6 мың кредиттік үй берілетін болса, жылына 12 мың үй беріледі. Бұған дейін мемлекетімізде көп балалы отбасыларға орта есеппен  600-ге жуық үй берілген болса, қазір ол 20 есе көбейгелі тұр.

Талаптарына тоқталып өтейік, 6 мың жеңілдетілген несие көп балалы отбасыларға, толық емес отбасыларға (баланы жалғыз тәрбиелеп отырған азаматтарға) және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған азаматтарға беріледі. 20 жылға дейін 2% жылдық мөлшерлемемен, бастапқы жарнасы 10%-бен беріледі. Сонымен қатар, баспана 10 млн теңге тұратын болса, бастапқы жарнасына 1 млн теңге сала алмайтын азаматтар бар, осы мәселені ескере отырып, «Тұрғын үй сертификаты» түсінігі енгізілді. Ол арқылы әкімдіктер, кәсіпкерлер немесе ірі кәсіпорындар көмектесе алады. Болашақта «7-20-25» бағдарламасы, «Нұрлы жер» бағдарламасы және жеңілдетілген несиелер бағдарламасы бойынша әр өңірде аталған сертификаттарға 1 млрд теңгеге дейін қаржы беріледі деген жоспар бар. Бұл мақсатта көп балалы отбасылар мен әлеуметтік әлжуаз топтарға көмек ретіде 5 жыл ішінде 85 млрд тг қаржы бөлінеді деп жоспарланған. Бұл, бірінші кезекте, дәрігерлерге, мұғалімдерге, ішкі істер қызметкерлеріне берілетін тұрғын үй сертификаттары.  

–   Жергілікті атқарушы органдар тарапынан көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдаудың қандай шаралары қарастырылған?

–   Жергілікті атқарушы органдар, әкімдіктер өздері де жалға берілетін үйлерді сала алады. Үлкен көмегі – осы тұрғын үй сертификаттары, бюджет мүмкіндігіне байланысты көмек бере алады. Оған мемлекет тарапынан көп қаражат бөлініп отыр. Жалға берілетін үйлерге жыл сайын 90 млрд тг бөлінсе, инфрақұрылымға 100 млрд тг қаржы, несиелік тұрғын үйлерге 100 млрд тг бөлінуде. Айта кету керек, еліміз ТМД мемлекеттері арасында әр адамға шаққанда үйді ең көп салатын ел. Былтыр, мысалы, 12,5 млн шаршы метр үй берілді, 1 адамға шаққанда – 0,68 ш.м., салыстырмалы түрде көршілес Ресей мемлекетінде – 0,50 ш.м., Беларусьте  – 0,4 ш.м., Өзбекстанда – 0,4 ш.м. Сондықтан да, бұрынғы Кеңес одағы мемлекеттерінің арасында бірінші орындамыз деп айтуға болады. Бұған қоса, «Нұрлы жер» бағдарламасының тиімділігіне тоқталып өткен жөн. 1 теңге салынған мемлекет қаржысына 8 теңге жекеменшіктен келіп отыр. Бұл – кез келген мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін көрсетеді. Сондықтан да осы мемлекеттік бағдарлама қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс сапасын жақсартуға үлкен көмегін тигізеді деген ойымыз бар.

–   Сұхбатыңызға рақмет!

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<