Күнделікті жұмыс кәсіби тұрғыдан шыңдайды

2724

0

Сан саланың тыныс-тіршілігін таразылап, оқырманға бүкпесіз баяндау – біздің мақсатымыз. Әрқайсының өзіне тән қиыншылығы мен қызығы бар.

Құтқарушылар күні қарсаңында облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау майоры Жасұлан Қалмахановпен жолығып, саланың сан қатпарлы ісі мен ішкі талабы туралы аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Жасұлан Мұратұлы, ердің ері шыдас беретін бұл салаға қалай келдіңіз? Әңгіме әлқиссасын содан бастасақ…

– Төтенше жағдай саласына бала кезімнен қызығатынмын. Себебі, ағаларым осы салада қызмет атқаратын, қазір құрметті зейнеткерлер. Қызығушылығым мақсатқа айналып, Көкшетау техникалық институтын өрт қауіпсіздігі мамандығы бойынша бітірдім.  Сол жылы Қармақшы ауданы №3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл  бастығы лауазымына тағайындалып, алғашқы жұмыс жолымды бастадым. Қызметтің әр сатысынан өтіп, бөлім бастығының орынбасары және бөлім бастығы лауазымына дейін жеттім. Осылай қиындығы мен қызығы қатар жүретін және жауапкершілігі мол жұмысқа тез үйренісіп кеттім. Үйренісіп кеттім дегенім артық-ау, осы саланы жетік меңгеру үшін білімімді үнемі жетілдіріп жүремін. Себебі төтенше жағдай кезінде адам өмірін аман алып қалу және әр қызметкерге дұрыс тапсырма бере отырып, төтенше жағдайды тез арада жою күнделікті біліміңді шыңдауды қажет етеді.

– Ең алғаш өртпен арпалысқан кезіңіз есіңізде ме?

– Иә, есімде. 2012 жылдың 21 сәуірі оқуымды аяқтап, қызметтік шенімді алуға келген кезім болатын. Ол кезде Тасбөгет кентіндегі №8 өрт сөндіру бөлімінде тәжірибиеден өтіп жатқанмын. «Талдыарал» ауылындағы өрт жөнінде хабарлама келіп түсті. Дереу кезекшіліктегі әріптестеріммен сонда аттандық. Барған кезде көлемі шамамен 3 гектар жердегі сол ауылдың 38 мал қорасы отқа оранып, жақын орналасқан екіқабатты тұрғын үйлерге өту қаупі бар екені анықталды. Дереу қосымша күш құралдарды шақыртып, өзіміз тұрғын үйлерді аман алып қалуға кірістік. Бірінші мән-жаймен толық таныстық. Үш күн, үш түн оқиға орнында болдық. Сол оқиғадан бастап жұмыстың жауапкершілігін толық сезіндім. Тағы да айта кетерім, қызметті бастағанда тәлімгер болған, өрт сөндіру тәсілдерін үйретіп, бағыт-бағдар берген әріптес ағаларым, қазіргі уақытта төтенше жағдайлар саласының зейнеткерлері, азаматтық қорғау подполковниктері Жандос Қайнарбекұлына, Айдос Сұлтанұлына, Жалғас Есенғалиұлына алғысымды білдіремін.

– Оқыс жағдай кезінде көзсіз батылдыққа барған сәтіңіз туралы айтыңызшы…

– Кез келген өрт сөндіруші әр сәт сайын сақтықпен қимылдайды, бірақ алдыңда адам өмірі, жарылыс қаупі тұрғанда кәсіби міндетімізді бірінші орынға қойып, төтенше жағдайды шығынсыз жоюға кірісіп кететініміз бар. Көзсіз батылдық жоғарыда айтып өткен «Талдыарал» елді мекенінде болды және күнделікті кезекшілікте кездесіп жатады. Дегенмен жұмыста сақтықпен қимылдауды уақыт өте меңгеріп және жеке құрамға үйретіп келеміз. 

– Мамандық таңдауда қателестім деп ойлайтын кез бола ма?

– Мен мамандық таңдаудан қателескен жоқпын. Біздің қызметтің мақсат-міндеті – тәуліктің кез келген сәтінде сақадай сай тұру. Уақытпен санаспай жұмыс істеу. Тағы айта кететінім, әр азамат өз жұмысына жауапкершілікпен қараса, ол – мамандығынан бақыт тапқан адам. Өзімді солардың қатарынан көремін. Қайтадан таңдау түссе, тағы да осы мамандықты таңдар едім. Мектепте оқып жүрген кезімде мұғалімдер «өскенде кім боласың?» дегенде мен ойланбастан өрт сөндіруші боламын дейтінмін. Мектеп бітіргенімізге он бес жылдық басқосуда да сыныптастар мамандықтары жайлы жарыса айтып жатты. Мен өз мамандығымды мақтан ететінімді жеткіздім.

– Кейбір өрт сөндірушілер еңбегі тасада қалып қойып жатады. Жалпы сондай сәтте іштей реніш болмай ма? Өрт сөндірушінің бойында қандай қасиеттер болуы тиіс?

–  Ерлік көрсеткен әрбір қызметкер назардан тыс қалмай, лайықты марпатталады. Ерлік көрсетіп марапат алмай қалған қызметкерлер болған емес. Ал қасиеттерге келсек, кез келген сәтте дұрыс шешім қабылдайтын, қайсар, ержүрек болуы керек.

– Өртті ауыздықтау барысында жазатайым оқиға болған жағдайда сақтандыру шаралары қолданыла ма?

– Күнделікті еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша қол қоямыз. Тікелей міндетім – жеке құрамның қауіпсіздігін қатаң сақтау. Өзімізді қорғап жүруге, жағдайды одан сайын қиындатпауға міндеттіміз. Сондықтан аса сақтықпен жұмыс жасаймыз. Ант қабылдағасын адамды құтқару бұлжымас міндетіміз болып саналады. Жағдай күрделеніп жатса, азаматтардың қимыл-қозғалысын есептеп, жұмыс тобын соған жұмылдырамыз.

– Осы мамандықты таңдаған жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Адал қызмет ету, жұмыс уақытын тиімді және орынды қолдану. Бауыржан Момышұлы атамыздың «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзін, әдепті және тәртіпті үнемі есте сақтау. 

– Су тасқыны болған өңірлерге көмекке бардыңыздар. Сол жайлы айтып берсеңіз?

– Жағдайдың күрделенуіне байланысты авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды жедел атқаруға жұмылдық. Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында бас-аяғы жетпіс күн іссапарда болдық. Су тасқынының зардаптарын жою бойынша жұмыстар атқардық. Бұл – осы салада жұмыс істейтін әрбір маманның міндеті.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<