Сыр өңірінде агроөнеркәсіп саласын дамыту қашанда өзектілігін жойған емес. Әсіресе, аймақтың басты дақылы – күріш шаруашылығында көптеген проблема кездеседі. Олардың қатарында сорт жаңарту, су тапшылығы, жер құнарын сақтау және өзге де өзекті мәселелер бар. Ал ғылымның күші қандай? Техника ғылымдарының докторы, АШҒА академигі Серікбай Өмірзақовпен осы тұрғыда әңгіме өрбіген еді.
– Өзіңіз білетіндей, қазір аймақта егіліп жүрген күріш сорттарының басым бөлігі шетелден жеткізілген. Жергілікті ғалымдар тың ізденіс жасап, жаңа сорттарды шығарғанын да білеміз. Алайда олардың өндіріске енгізілуі неге кемшін? Жергілікті сорттарды көбейтуге не кедергі болып жүр?
– Қай кезде де қызылордалық ғалымдар жаңа сорттар шығару мәселесін ұмыт қалдырған жоқ. Ауылдағы егіншілер ұзақ жылдар бойы «Маржан» сортынан мол өнімге негіз қалады. Рас, қазір ол түрлі себеппен егілмейді. Ендігі кезекте халықтың сұранысын толық қанағаттандыра алатын сорт шығару мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр.
Алдымен күріш шаруашылығын таза тұқыммен қамтамасыз ету мәселесіне тоқтала кетелік. Бүгінде күріш тұқымында қызыл дәннің көп болуы байқалады. Оған қоса сорттар бойынша жоғары репродукциялы тұқымның жетіспеушілігі өзекті проблемаға айналды. Бұл жағдай қалай қалыптасты? Оны қалай жолға қоюға болады? 2006 жылға дейін өңірде күріштің небәрі 2-3 сорты егілді. Жаңа өзім айтқан «Маржан» сорты жалпы көлемнің 90 пайызына жуығын иеленді. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты мен «Түгіскен» тәжірибе шаруашылығы бірегей және элиталық деңгейдегі түрлерін дайындап келсе, «Таң», «ІІІ Интернационал», «Ақсу» ауылдары мамандандырылған тұқым шаруашылығы ретінде қызмет атқарды. Нәтижесінде мол өнімге негіз қаланып, диқанның шаруасы оңалды.
Дегенмен, салғырттық салдарынан көп жылдан бері қалыптасқан жүйені бұзып алғанымыз жасырын емес. Кейбір азаматтар Ресейдің Краснодар өлкесінен жеткізілген «Янтарь», «Лидер», «Новатор» секілді сорттарды өндіріске енгізіп жіберді. Кейінгі жылдары олардың қатарына «Анант», «Фишт», «Диамант» сорттары қосылды.
Ашығын айта кетейік, алғашқы жылдары интродукциялық сорттар жаңа аймақта потенциалды мүмкіндігін жақсы көрсетеді. Сол себепті елдегілер оған ерекше ден қоя бастады. Алайда бұл сорттар Ресейдің өзінде көп егілмегенін білеміз. Салдарынан жоғары репродукциялы тұқымы аз дайындалған. Осыған байланысты біздің шаруашылықтарда қызыл дәні өте көп төменгі репродукциялы тұқымды егуге жол берілді. Ол күріштікті қызыл дәнмен ластап қана қоймай, пирикуляриоздың бұрын болмаған түрлерінің кеңінен таралуына әкелді. Сол кезеңде күріш институтының материалдық-техникалық базасы өте төмен болғанын жасыра алмаймыз. Сондай-ақ Қарауылтөбе тәжірибе шаруашылығы институттан бөлек жұмыс істеді. Осындай себептермен «Маржан» сортының да тұқымы нашарлап кетті. Бұл ресейлік селекцияның өңірдің аграрлық саласына дендей енуіне жол ашты.
– Мұндай жағдай қазіргі күні де көптеп кездеседі…
– Мына бір дерекке көз жүгірте кеткеніміздің артықтығы болмас. 2014 жылы облыста күріштің оннан астам сорты егілді. Осының салдарынан сапалы тұқым өндіру мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. 2003 жылы 8 ақпанда шыққан еліміздің «Тұқым шаруашылығы туралы» заңына сәйкес бұл жұмыстар төмендегі талаптар бойынша жүргізілуі тиіс. Атап айтқанда, көбейту питомнигі суперэлита, элита, репродукциялы (І, ІІ, ІІІ), тауарлы болуына назар аударады. Оны дайындаумен оригинатор тұқым өндіруші, элиталық және мамандандырылған тұқым шаруашылықтары айналысады. Оригинатор мекеме ретінде күріш институтына 3-4 сорттың бірегей тұқымымен бірге элиталық және жоғары репродукциялы тұқымын өндіруге рұқсат берілген. Кейінгі жылдары өңірде сапалы тұқыммен қамтамасыз ету үшін нәтижелі істер жүзеге асып келеді.
Айта кетсек, ол үшін бірқатар жағдайды ескеруіміз қажет. Жалпы қызыл дән күріштен өзге дақылдарда кездеспейді. Ол ІІІ репродукциялы тұқымды пайдаланғанда нормадан тыс көбейіп кетеді. Сондықтан жоғары немесе кем дегенде ІІ репродукциялы тұқымды пайдаланған дұрыс. Сондай-ақ күріш егісі мен тұқымдық күріш егісінің көлемі бөлек есептелгені жөн.
– Қызылордалық диқандар үшін кейінгі жылдары су тапшылығы оңай болып тұрған жоқ. Бұл мәселеде қандай амал маңызды деп ойлайсыз?
– Бұл тек біздің өңірге тән жағдай емес. Дүние жүзінде жаһандық жылыну салдарынан климат өзгерісі көрініс беріп отыр. Ол су қорларының азаюына алып келеді. Дәл осындай су тапшылығы Орта Азия елдерінде байқалады. Қазір ғалымдар болжамына сүйенсек, ол 2040-2050 жылдарға дейін 25-30 пайызға дейін өседі. Сырдария өзенінің төменгі бөлігінде орналасқан Қызылорда облысы үшін бұл жағдай әрдайым өзектілігін жойған емес. Күріш суды өте көп қажет етеді, сондықтан біз бұл үшін іс-шара жоспарын жасағанымыз орынды. Оған суармалы егіншілікті бейімдеу – өте маңызды шаруа. Біз алдымен барлық ресурсты үнемді және тиімді пайдалану арқылы жоғары өнімге қол жеткізуге мән бергеніміз жөн.
Шаруашылықтар әрдайым ғылыми негізделген және нақты тәжірибе негізінде дәлелденген егіншілік қағидатын қатаң сақтауы қажет. Мәселен, топырақ құнарлығы, суару жүйелерінің мелиоративтік-экологиялық жағдайын жақсарту арқылы барынша мол өнімге қол жеткізуге болады. Өкінішке қарай, кейде диқандар егістік көлемін болжанған су көлеміне қарай жоспарлай бермейді. Сондай-ақ біз ендігі кезекте күріштің ерте пісетін сортын егуге мән бергеніміз дұрыс. Оған қоса агротехникалық шараларды уақытылы, сапалы, нормативті көрсеткішіне сай орындау, егін шаруашылығы мәселелерін техникалық талаптарға сай жүргізу – басты міндетіміз. Ал әртараптандыру үшін аймақтың табиғи, топырақ, климаттық жағдайына бейімділігі бар, экономикалық тиімді, күріш өндірісіндегі машина-трактор паркін қолдануға болатын, су тапшылығына шыдамды дақылдарды жан-жақты зерттеп, өндіріске енгізуіміз керек. Тағы бір ескеретін нәрсе – су үнемдеу технологиясын, есепке алу, басқаруды автоматтандыру, цифрландыру мәселелерін ғылыми және мемлекеттік деңгейде шешкеніміз орынды болады. Бұл орайда кадр даярлау, біліктілігін арттыру, жас мамандарды ауыл шаруашылығына тарту үшін жағдай жасау және қызығушылығын арттыруды ескергеніміз дұрыс.
– Кейінгі жылдары күріш алқабын азайту мәселесі жиі көтеріліп келеді. Ол экологиялық тепе-теңдікті сақтауға қалай әсер етеді?
– Өте маңызды сұрақ. Арал теңізінің ахуалына байланысты бұл мәселе біздің өңір үшін өзектілігін жойған емес. Өйткені, біздің өңірде топырақтың тұздылығы, минерализация, жерасты суына қатысты проблема бар. Аралдың кеуіп қалған табанынан ұшқан тұз бен шаңның қоршаған ортаға кері әсері аз емес. Ал Сырдария өзенінде су көлемінің азаюы, сапасының нашарлауы өңірдің экологиялық жағдайына біршама қиындық алып келеді.
Жалпы күріш – аймақтың әлеуметтік-экономикалық маңызды дақылы. Сондай-ақ оның маргиналды топырақты игеруде маңызы зор екенін жоққа шығара алмаймыз. Су мәселесіне байланысты күріш көлемін ғылыми түрде дәлелденген 65 мың гектардан төмендетуге болмайды. Мұндай олқылыққа жол берсек, суармалы және егіншілік жерлерге экологиялық тұрғыдан қауіп туындайды. Айта кетсек, магистральды және барлық деңгейдегі каналдар желісі күрішке қажетті су мөлшерін өткізуге есептелген. Сондықтан аз суды пайдаланатын дақылдарды еккен жағдайда да каналдарды бірнеше мәрте суға толтырамыз. Себебі, онда деңгейлік басқару соған лайықталған. Демек бұл функционалды-технологиялық тұрғыдан мүмкін емес.
Күріш Жаңақорған мен Қазалы аудандарының арасындағы үлкен аймаққа орналасқан. Сондықтан оның экологиялық-мелиоративтік миссиясының маңызын ескеруіміз тиіс. Осының нәтижесінде күріштің аймақтың флора, фауна, тіршілік иелерінің қалыптасуына ықпалы зор екенін ұмытпау қажет. Қысқасы, ол – экологиялық тепе-теңдікті сақтаудағы бірден-бір фактор.
– Күріштің суды аз қажет ететін сорттарын шығару мүмкіндіктері не тәжірибе жұмыстары бар ма?
– Әлгінде айтқандай, жергілікті ғалымдар тың ізденіс жасап келеді. Судың жетіспеушілігі – күріш өндірісінде шешуші фактор. Өнімділікті көтеру бағытында кешенді іс-шараларды жүзеге асыруымыз керек. Күріш сорттарын шығару бір-екі жылдың бедерінде жүзеге аса бермейді. Ол классикалық селекция арқылы 12-15 жылға дейін созылады. Десе де оны биотехнология жетістіктерін қолдану арқылы 6-7 жылға дейін қысқартуға мүмкіндік бар. Сыр өңірінің табиғи-климаттық жағдайында ерте және орташа ерте пісетін сорттарды егуге, кейбір жағдайда вегетациялық кезеңі 125-130 күнге созылатын сорттарын кәдеге жаратуға болады. Сондықтан дұрыс таңдау – өте маңызды.
Қазір нарық сұранысына сәйкес күріштің жаңа сорттарының моделі өзгеруде. Атап айтқанда, жоғары өнімді, ұзын дәнді, шынылығы жоғары, бүтін дән жармасы 70-75 пайызды құрайтын, дәмді, ору-жинау барысында дәні шашылмайтын түрлеріне көңіл бөліне бастады. Оған қоса қоршаған орта әсеріне және ауруларға төзімді, экспорттық әлеуеті жоғары болуы тиіс. Күріш институтының ғалымдары көп жылдан бері соған сай келетін сорттарды шығарумен айналысып келеді. Әрине, қазірге дейін біздің тарапымыздан оннан астам сорт дайындалды. Дегенмен объективті және субъективті себептерге байланысты олардың көбісі өндіріске кеңінен тарай қойған жоқ. Ал кейінгі жылдары «Сыр сұлуы», «Айсара», «Ай-Керім» секілді сорттарға қызығушылық артуда. Алдағы уақытта өзге де жаңа сорттар өндіріске енгізіледі деген ойдамын. Сондай-ақ отандық және шетелдік сорттарды экологиялық сынау арқылы өндіріске ұсыну бағытында да ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынған.
– Әртараптандыру мәселесіне қосар пікіріңіз қандай?
– Сыр диқандары ұзақ жылдан бері күріштен өзге де дақылдарға байланысты тәжірибе жинақтады. Олар негізінен бидай, арпа, жоңышқа, асқабақ, қауын-қарбыз егу ісіне тән. Мәселен, жергілікті ғалымдар бірнеше жылдан бері қауынның «Жиеншар», «Балшекер», арпаның «Іңкәр», «Қайсар», «Сыр аруы», түйежоңышқаның «Алаула» секілді сорттарының тиімділігіне көз жеткізіп үлгерді. Сондай-ақ олардың кейбірі еліміздің бірқатар өңіріне де кеңінен тарала бастады. Мұның өзі ғалымдарымыздың еңбегі деп айта аламын.
Сұхбаттасқан
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»






