Мадияр Наркешбаев, ардагер жолшы: Жол-көлік министрлігін құратын кез келді

2242

0

Жалпы елімізде автожолдардың сапасына қатысты айтылатын сын аз емес. Салынған жолдардың көбі көптің көңілінен шыға бермейді. Тіпті, қыстыгүні қардың үстіне асфальт төсеп, халықтың ашу-ызасын тудырған жайттарды талай көріп жүрміз. Бұл салаға қатысты айта берсе даулы мәселе көп, бірақ әлі де оң өзгерістер байқалмайды. Міне, осы саланың кем-кетігі мен ондағы проблемалардың төркінін ардагер жолшы Мадияр Наркешбаевтан сұрауды жөн көрдік.

Мадияр аға, өзіңіз жол саласының жілігін шағып, майын ішкен білікті маманысыз. Жол саласының мәселесін, оның ішінде қандай кедергілер бар екенін жақсы білесіз. Айтыңызшы, бізде шет елдегідей тақтайдай тегіс жол салуға не кедергі?

– Жол саласында 40 жылдан аса еңбек етіп, қос дәуірдің жол салу технологиясын көрген адаммын. Жасыратыны жоқ, Кеңес заманында жол салатын озық техникалар болмады. Біз асфальтты күрекпен төсеп жүргенде, еуропалықтар цифрлық технологияларды өндіріске енгізген еді. Рас, солай болды. Ал еліміз егемендік алған жылдары жолға қарамақ түгіл халықтың жағдайы мәз болмады. Жалпы, біздің елде жол инфрақұрылымына жаңшылдықтардың енгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Сондықтан, Еуропа мен біздің жолдарды салыстыру қисынсыз деп ойлаймын. Біз енді-енді халықаралық стандарттарға бет-бұрып келеміз.

Мадияр Наркешбаев, ардагер жолшы: Жол-көлік министрлігін құратын кез келді

Иә,шет елден үйренеріміз көп. Бірақ, қазірдің өзінде сапалы жол салуға мүмкіндік бар ғой. Оған жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінеді. Ал кейбір жаңа жолдарды көрсең бір жылға жетпей үгтіліп, асфальты желге ұшып кетеді. Бұған не дейсіз?

– Өкінішке орай, жол құрылысы жемқорлықтың жем сауыты секілді кім көрінген айналысатын бизнеске айналып барады. Бәріне бірдей топырақ шашпаймын. Бірақ, бір техникасы, я бір маманы жоқ мердігерлер жол құрылысын тендерден жеңіп алады. Әрі қарай не істейді? Ол әлгі қомақты қаржыдан белгілі бір үлесін жырып, қосымша компанияны жалдайды. Оны алған кәсіпкер де пайда көргісі келеді ғой. Сөйтіп, жолға деп бөлінген қаржыны әрқайсысы жұлмалаған соң қайбір сапалы жол салынады. Сондықтан, жол құрылысы бойынша мемлекеттік тапсырыстың заңдылығын қайта қарап, жол салушыларға қойылатын талаптарды мейлінше күшейту қажет. Сонда барып, осы салада тәжірибесі, заманауи техникасы мен білікті мамандары бар компания жол құрылысынан шет қалмайды. Қолында дымы жоқ біреулер арзан бағаны көрсетіп тендерді жеңіп ала берсе, жағдай оңалмайтыны анық. Сосын қыстыгүні асфальт төсеуге мүлдем болмайды. Бұл жерде біріншіден мердігердің жауапсыздығы, екіншіден, тапсырыс беруші жергілікті әкімдіктердің де кінәсі бар. Олар жол құрылысына мемлекеттік тапсырысты кеш жариялап, асфальт төсеу жұмыстары қара күзге қалып жататыны да содан. Ең әуелі сапалы жол талап ету үшін көктемде жол салатын мердігерлер белгілі болуы керек. Мұндай тәртіп болмайынша бәрі бекер.

Мадияр Наркешбаев, ардагер жолшы: Жол-көлік министрлігін құратын кез келді

-Жалпы жол құрылыс материалдары біздің өңірімізде қаншалықты қол жетімді? Мердігерлер кейде ақшасы аз деп жобадан бас тартып жатады. Бұл тойынғандық па, әлде шынымен жол салудың машақаты көп пе?

–  Жол салу оңай емес. Жөндеу жұмыстарының талабына қарай машақаты көбейе береді. Сосын өңірде сапалы асфальт өндіретін зауыттар саусақпен санарлық. Тіпті, маусымдық кезеңде баға көтеріліп, битум тапшылығы туындайды. Бұл көбіне қолдан жасалатын жағдайлар. Амал жоқ, міндеттеме алған мердігер біраз шығындалып, шырылдап жүріп жол салуына тура келеді. Ал шалғайдағы ауылдың жолы болса, онда тасымалдаудың өзі қып-қызыл шығын. Міне, осындай қолдан жасалған қымбатшылықтан кейде мердігер жобадан бас тартады. Шығыны бөлінген қаржыдан асып кетсе қайтеді енді. Оны да түсінуге болады. Сондықтан, елімізде жол құрылыс материалдарына тұрақты баға қойылуы керек.

– Яғни, оны ешкім қадағалап, бақылау жүргізбейді ме?

– Ешкім қадағаламайды. Нарық реттейді деген ұғым бар ғой біздің елде. Жалпы жол инфрақұрылымы өте маңызды, әрі күрделі сала. Кез келген мемлекеттің даму деңгейін жолдардың сапасымен бағалайды. Өзге елдерде жол саласына жауапты жеке дара тұтастай министрліктер бар. Олар тікелей Президентіне немесе Үкімет басшысына қарайды және өз міндетіне тікелей жауап береді. Ал бізде жол саласы 30 жылдан бері біресе анда, біресе мында әр министрліктің құзыретіне беріліп келеді. Мұндай көзқараспен біз қашан дамимыз? Жол-көлік министрлігі болмаса да агенттік немесе комитет құрып, еншісін бөлек шығаратын кез әлдеқашан келді деп ойлаймын. Дәл қазір Қазақстанның жол-көлік саласында басшы көп, дұрыс жүйе жоқ.

– «Қызылорда-Жезқазған» автожолының жаңғыруын жұртшылық көптен күтіп жүр. Елордаға төтесінен баратын күн де алыс емес. Бірақ, құрылыс жұмыстары әзірден кешеуілдеп жатыр дейді. Мерзімінде біте ме деген уайым бар?

Осыған дейінгі бір сұхбатымда «Қызылорда-Жезқазған» автожолы Сыр өңіріне ғана емес Орталық Азия елдеріне Елорда мен Ресейге даңғыл жол ашады дегенмін. Құрылысы сол баға қымбатшылығына байланысты баяу жүріп жатыр. Өйткені, ол бірнеше жыл бұрынғы жоба. Ол кездегі құрылыс материалдарының бағасы қазір екі-үш есе қымбаттап кетті. Соған мердігер компаниялар жобаның құнын қайта қарауды сұрап, біраз уақыт өткізіп алды. Жалпы 2025 жылға дейін жолдың құрылысы белгіленген мерзімінде аяқталады деп ойлаймын. Бұл жерде тағы бір мәселе. «Қызылорда-Жезқазған» трассасын салуға қиыршық тас Жаңақорғаннан тасымалданады. Яғни, күндіз-түні жүк көліктері екі ортада ағылады деген сөз. Тас артқан жүк көліктер бір жолды салып, екінші жолды құртпасына кім кепіл? «Батыс-Еуропа-БатысҚытай» күрежолының асфальты мұндай жүктемені көтере ме? Күздің ортасына дейін күннің қызуы қайтпайтын аймақ. Ондайда асфальт тез езіліп кетеді. Сондықтан, қиыршық тасты асыра тиеп, белгіленген салмақтан асырмауын құзырлы орган ұдайы бақылауы қажет.

– Сүбелі сұхбатыңызға рақмет.

СҰХБАТТАСҚАН Әділбек Жақанов

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<