Көпшіліктің мұң-мұқтажын тыңдап, оны атқарушы органдарға жеткізіп, мәселенің оң шешілуіне ықпал етіп жүрген жергілікті депутаттар баршылық. Соның бірі облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, экология, өндіріс шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшесі Нұрлан Имандосовпен аз-кем әңгімелескен едік.
– Қай заманда да адамды адам еткен еңбек десек, сол еңбектің арқасында өз кәсібін жолға қойған жандар жетерлік. Ал енді, кәсіпті жаңадан бастаймын дегендерге мемлекеттен беріліп жатқан мүмкіндіктер көбейіп келеді. Өзіңіз өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту мен өндіріс саласына қатысты комиссия мүшесісіз. Бұл бағытта қандай жұмыс жасалуда?
– Бүгінде кәсіпкерлік – өңір экономикасының қозғаушы күші. Кейінгі жылдары аймағымызда бизнеске қолдау айтарлықтай артып, мемлекет тарапынан түрлі жеңілдетілген несие мен гранттар қарастырылған. Сондай-ақ жаңа өндіріс орындары ашылуда. Басты міндет – осы бағдарламалардың тиімді орындалуын бақылап, жергілікті кәсіпкерлердің нақты проблемаларын билікке жеткізу. Кейде мәселе қаржыландыруда болса, кейде инфрақұрылым, жер немесе рұқсат құжаттарына тірелетіні анық. Мұндай кедергілерді азайту – комиссия жұмысының маңызды бөлігі.
– Депутаттың міндеті мен мақсаты сайлаушының мүддесінен туындайды. Халықпен қаншалықты жиі кездесесіз? Көбіне қандай мәселелер айтылады?
– Тұрғындармен жиі кездесуге тырысамын. Бастауыш партия ұйымдарында, партия алаңында кездесулер мен жеке қоғамдық қабылдаулар өткізіп тұрамын. Азаматтар көбіне жұмыссыздық, әлеуметтік көмек және кәсіпкерлікпен айналысу төңірегіндегі мәселелермен жүгінеді. Соның ішінде кәсіпкерлер көтеретін мәселе – қаржыландыру мен инфрақұрылым. Көптеген шағын кәсіп иелері бизнесін кеңейткісі келеді, алайда бастапқы капитал немесе өндірістік орынның тапшылығы қолбайлау болады. Сондықтан партия бастамасымен «Жер аманаты», «Ауыл аманаты» жобалары іске қосылып, жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл жобалар кәсіпкерлердің мәселесін жергілікті деңгейде тез арада шешуге бағытталған. Мысалы, рұқсат құжаттарын алу, инженерлік желіге қосылу немесе жер телімін рәсімдеу кезінде туындайтын қиындықтар арнайы жұмыс топтарының көмегімен шешіліп келеді. Мен үшін кәсіпкерлердің ұсынысы маңызды, себебі олардың табысы – өңірдің табысы.
– Кәсіп бастаймын деген жастар қатары көп пе?
– Қазіргі жастар кәсіп бастауға қорықпайды. Бұл – жақсы үрдіс. Мемлекеттік бағдарламалар, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жастарға ұсынылған гранттар мен жеңілдетілген несиелер нәтижесін беруде. Басым көпшілігі шағын наубайхана, тігін және жиһаз цехтарын ашып, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруда. Қуантарлық жайт – жастардың өз ісіне сенуі. Біз өз тарапымыздан оларға бағыт беріп, кеңес айтып, мүмкіндігінше қолдау көрсетуге тырысамыз.
– Экология тақырыбына да тоқталып өтсек. Бұл бағыттағы негізгі жұмыстар қандай?
– Экология – біздің өңір үшін өте маңызды. Сырдария мен Арал маңының экологиялық жағдайы баршамыздың назарымызда. Комиссия отырыстарында су үнемдеу, жасыл белдеулерді көбейту, экологиялық мәдениетті арттыру жөніндегі бастамалар қаралады. Бүгінде облыс көлемінде ағаш отырғызу, қалдықтарды сұрыптау, өндірістік экологиялық мониторинг жобалары жүзеге асуда. Табиғатты қорғау экономикалық дамумен қатар жүруі керек. Бұл – менің жеке ұстанымым.
– Депутат – халық пен билік арасын байланыстырушы. Осы ретте өзіңіздің жасаған жұмысыңызды қаншалықты ақпараттандырып тұрасыз?
– Қоғамда халықтың ақпаратқа деген сұранысы артты. Сондықтан депутат ретінде тұрғындарға ашық есеп беріп, әрбір атқарылған істі дер кезінде жеткізіп отыру – менің негізгі ұстанымымның бірі. Біз үнемі кездесу өткізіп, әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұмыс нәтижесін жариялап тұрамыз. Есеп беру – жай формалдық емес, тұрғындармен тұрақты байланыс құралы. Себебі елдің үні естілген жерде ғана нақты нәтиже болады. – Алдағы жоспарыңызды бөліссеңіз. – Мақсат – кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмысты одан әрі күшейту. Әсіресе ауыл кәсіпкерлеріне жағдай жасау – басты басымдық. Оларға өнімін өңдеп, нарыққа шығару жолында қолдау көрсету қажет. Сонымен қатар, экологиялық талаптарды қатаң сақтау, өндіріс саласында жаңа технологияларды енгізу мәселесін көтере береміз. Халыққа жақын болу, елмен бірге даму – мен үшін ең маңызды қағида.
– Әңгімеңізге рахмет!
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





