Халық әкімдік пен «Аmanat» партиясының қабылдауларына асығады. Себебі өздерінің түйткілді мәселелері шешімін табатынына сенеді. Әсіресе партияның мобильді қабылдауларына келушілер көп. Олар қандай мәселесін айтты? Шешім табуына партия тарапынан қандай жұмыстар жасалуда? Осы және басқа да сұрақтарды «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешоваға қойған едік.
− Ләйлә Бегалықызы, бүгінде партия жаңғыру жолында. Ол партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне қалай ықпал етіп жатыр? Қабылдау бөлмелерінің негізгі жұмысы қандай бағыттарға бұрылды?
− Аты айтып тұрғандай, қабылдау бөлмелерінің ең негізгі жұмысы − тұрғындардың өтініштерін қарау, олардың оңтайлы шешілуіне қолдау көрсету. Партия Төрағасы алға қойған негізгі міндеттер мен ел игілігіне бағытталған жобаларды түсіндіру, насихаттау. Қазір жан-жақты жаңғырту жұмыстары халықпен кері байланыс жасаудың тиімді құралы – қоғамдық қабылдау бөлмелері қызметін де қамтып отыр. Мемлекет басшысы партияның кезектен тыс ХХІІ съезінде өңірлерде мобильді топтар құрып, шалғай елді мекендерде көшпелі қабылдаулар өткізуді тапсырған болатын. Осы тапсырмаларды жүзеге асыру үшін өңірде арнайы мобильді топтар құрылып, шалғай елді мекендерде қабылдаулар өтті. Жыл басынан бері партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 2 мыңнан астам өтініш түсті. Одан бөлек, арнайы тақырыптар бойынша ашық есік күндері ұйымдастырылып, түрлі сала басшыларының қатысуымен тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі түсіндіріліп, үнпарақтар таратылды.
− Көбіне қандай өтініштер келіп түседі?
− Біз әрбір өтініштерді талдап, саралаймыз. Ең көбі − тұрғын үй, тұрақты жұмысқа орналасу, денсаулық сақтау, әлеуметтік мәселелер, жер дауына қатысты. Ауыл тұрғындарынан түскен өтініштердің басым бөлігі мектеп, медициналық амбулаторияларды, клубтарды күрделі жөндеуден өткізу, ескірген ғимараттар құрылысын жаңадан салу, спорттық сауықтыру алаңдарын салу, көшелерге түнгі жарық орнату, аяқсу мәселесін шешу, көшеаралық жолдарды салу, жөндеу, газдандыру мәселесін шешу төңірегінде.
− Мобильді топ құрамында кімдер бар?
− Мобильді топ қоғамдық қабылдау бөлмесінің жауапты қызметкерлері, партияның облыстық филиалының саяси кеңесі мен облыстық, аудандық мәслихаттарындағы партия фракциясының мүшелері, аудан әкімдері, облыстағы тиісті салалық басқармалардың басшылары мен өкілдері және «Түркістан-Қызылорда» өңіраралық заңгерлер палатасының заңгерлерінен құралған. Алғашқы мобильді топ құрамында республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов та болып, Жалағаш ауданының Аламесек және Сырдария ауданының Іңкәрдария, Қазалы ауданының Бекарыстан би, Шиелі ауданының Жөлек және Жаңақорған ауданында Қандөз елді мекендерінде халықпен кездесіп, өтініштерін тыңдады.
− Қабылдаулардың ауыл тұрғындарына шапағаты тиіп жатыр ма?
− Мобильді қабылдауды ұйымдастырудағы басты мақсат қала, аудан орталықтарын ғана емес, облыстың әрбір тұрғынын қамту. Ол жердегі өзекті мәселелерімен танысу және оларды шешуге жұмыс жасау. Сондай-ақ, тұрғындарға Мемлекет басшысының жаңа бастамаларын, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тұстарын кеңінен түсіндіру. Мысалы наурыз, мамыр айларында мобильдік топтар облыстағы шалғай 25 елді мекенде қабылдаулар өткізді. Кейбір ауыл тұрғындарының мәселелерін алдын ала зерделегендіктен, «Водхоз» мекемесінің, «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалының мамандары қабылдауларға қатысты. Салаға қатысты мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мобильді топтардың қабылдауына 500-ге жуық азамат өтініш білдіріп, олардың 40 проценті оң шешілді. 181 азаматқа кеңес берілді. Мәселен, Жалағаш ауданы Есет батыр ауылы тұрғындарынан түскен өтінішке сәйкес, мамыр айында мемлекеттік сатып алу конкурсымен «Игілік стройпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 4 млн теңге қаражатына Т.Бисенбаев, Өмірбай шешен, Бөлебай би, Сарман батыр көшелерінің 5,4 шақырымына ЖСҚ әзірлеу жұмыстарын бастады. Келісім-шарт бойынша ЖСҚ осы маусым айында аяқталады деп жоспарланған. Ауылдың Өмірбай шешен, Көкпая, Ақжарма, К.Әбішев, Т.Бисенбаев, Сарман батыр, Н.Әпрезов, Жаңажарма, Жаңақоныс, Алтынқорған көшелеріне «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында К.Әбішев көшесіне 9 дана, Өмірбай шешен көшесіне 9 дана жарық шамдарын (ұзындығы 604 метр) орнату бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесімен «Рененстрой» ЖК жұмыстарды тамыз айында аяқтауды межелеген. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Қара бура» шаруа қожалығы Ақарық көшесі бойына 25 дана бағана орналастырып беретін болды.
− Партияның сайлаушыларға берген уәдесі орындалып жатыр дейсіз ғой?
− Иә, әрине. Сырдария ауданы Іңкәрдария ауылында өткен қабылдау барысында осы ауылға жақын орналасқан Шаған ауылының өкілдері қабылдауға келіп, ауылды газдандыру мәселесін көтерді. Мәселе партиялық бақылауға алынып, бірінші кезекте шешілуі тиіс түйткіл ретінде республика деңгейінде жұмыс жасалуда. Атап айтсақ, 4506 халқы бар Шаған ауылын газдандыру мәселесі «Аmanat» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған Жол картасына енгізілген. Бүгінгі күні аудандағы басқа да 3 ауылмен бірге жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жобасы жасалды. Мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Қазалы ауданының Бозкөл ауылы тұрғындарының табиғи апат салдарынан шатыры қираған №96 мектептің жайын қалпына келтіру өтініші бойынша да нақты жұмыстар жүргізілді. Бүгінде облыстық білім басқармасы тарапынан зақымданған аумақ бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қажетті қаржы жақында облыстық бюджеттің нақтылауына ұсынылады. Мобильді қабылдаулар екінші жартылдықта жалғасын тауып, 13 шілдеден бастап жыл аяғына дейін өңірдегі тағы 30 елді мекенде өткізуді жоспарлап отырмыз. Азаматтардан келіп түскен барлық өтініштер партиялық бақылауға алынған. Ешбір өтініш қараусыз қалмай, кезең-кезеңімен шешімін табады.
− Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлбану МАҚАЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<