Сыр диқандары тағы бір жауапты маусымды ойдағыдай аяқтады. Ала жаздай бейнеттен бел жазбаған ауылдағы ағайын астықты ысырапсыз қамбаға құйды. Төрт түлікті түгел өргізген шаруалардың да мерейі тасыды. Осылайша аймақтың аграрлық саласында ауқымды жобалар жүзеге асып, ауыл шаруашылығында серпінді істерге жол ашылды. Осы орайда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевпен атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жайында ой бөліскен едік.
– Талғат Тұрсынұлы, биыл облыста егін шаруашылығында қандай жұмыстар атқарылды? Жиналған өнім деңгейі қалай болды?
– Сыр өңірінде биыл 193,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Негізгі дақыл күрiштің көлемі – 89 мың гектар. Егін көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,8 мың гектарға ұлғайды. Сондай-ақ, әртараптандыру бағытында дән жүгері 1,2, сүрлем жүгері 1,4, күнбағыс 179, соя 64, қант құмайы 195, қант қызылшасы 5 гектарға себілді.
Облыста ерте егілген астық тұқымдас дақылдарды жинау жұмыстары толық аяқталды. Нәтижесінде 4,3 мың гектар күздік бидайдан 7 мың, 4,4 мың гектар жаздық бидайдан 3,5 мың тонна өнім алынды. Сондай-ақ, арпа, дән жүгері, сүрлем жүгері өнімі берекелі болды. Оған қоса майлы дақылдар толық жиналды. Оның ішінде мақсарыдан 4,5 мың, соядан 112, күнбағыстан 205,5 тонна өнім алынды. Бүгінгі күнге облыс бойынша барлығы 289,9 мың тонна жоңышқа орылды. Мал азығын дайындау жалғасуда.
– Биыл аграрлық салаға қанша инвестиция салынды? Бұрынғы жылдармен салыстырғанда өсім байқала ма?
– Бұл жөнінен ілкімді істер бар. Атап айтқанда, тоғыз айдың ішінде ауыл шаруашылығында 157 030,1 млн теңгенің өнімі өндірілді. Ол өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама артық. Осының нәтижесінде нақты көлем индексі 101,6%-ды құрады. Мұндай оңды өзгеріс өсімдік және мал шаруашылықтары бойынша байқалып отыр.
Ауыл шаруашылығы негізгі қорына қаңтар-тамыз айларында 4998,1 млн теңге инвестиция құйылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ол 8,3%-ға артқанын айта кеткеніміз артық емес. Сондай-ақ, мұндай жағымды жаңалық тамақ өнімдерін өндіру бағытында да қолға алынып отыр.
– Төрт түлікті түлеткен шаруалар жыл сайын мал басын арттыруға күш салып келеді. Осы орайда ет және сүт өндірісінде не жаңалық бар?
– Аймақтың мал шаруашылығы саласында өсім қалыптасып отыр. Төрт түлік басы тұрақты өсіп, өндірілген өнім көлемі артуда. Мәселен, 1 қазанға дейінгі мәлімет бойынша 424,8 мың бас ірі қара, 872 мың қой мен ешкі, 221,7 мың жылқы, 63,7 мың түйе және 124,1 мың бас құс тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірі қара 3,4, қой мен ешкі 2,8, жылқы 8,2, түйе 3,5, құс 0,2 пайызға көбейген.
Жыл басынан бері 28,1 мың тонна ет (тірі салмақта), 68,5 мың тонна сүт және 5,6 млн дана жұмыртқа өндірілді. 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ет өндірісі 2,3, сүт өндірісі 1,6 пайызға артты.
– Облыста машина-трактор паркін жаңалау жағдайы қалай? Елдегі ағайын егін-терім барысында техникаға байланысты қиындық көріп жүрген жоқ па?
– Маңызды науқан алдында жергілікті диқандар дайындық жұмыстарын жүргізді. Қолдағы 4239 (1816 трактор, 842 комбайн, 453 жатка, 333 жүк көлігі және 795 трактор тіркемесі) ауыл шаруашылығы техникасы толығымен жөнделіп, күзгі егін жинау және дала жұмыстарына қатысты. Сондай-ақ шаруашылық құрылымдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 2,7 млрд теңгеге 70 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның ішінде 20 трактор, 6 комбайн, 44 басқа да техника бар. Жауапты кезеңде диқандар дизель және басқа жанармай түрлерімен қамтамасыз етілді.
– Кейінгі жылдары облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару дұрыс жолға қойылып отырғанын байқаймыз. Сол үрдіс биыл да жалғасын тапқан болар…
– Биылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, облыстан 20,1 млн долларды құрайтын 36,2 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылды. Олардың қатарында күріш, балық өнімдері, күріш қалдығы, қамыс, күнбағыс тұқымы, көкөніс, ірі қара, тұқымдар мен жемістер, қызанақ, қарбыз, қауын бар. Бұл өнімдер әлемнің 21 мемлекетіне жіберілді.
Экспортқа шыққан өнімнің 83,4 пайызын күріш құрайды. Оған сұраныс танытқандар қатарында Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Түркменстан, Грузия, Моңғолия және Ирак мемлекеттері бар. Есепті кезеңге 30216,9 тонна күріш экспортталды.
Сондай-ақ облыстан Ресей, Польша, Литва, Германия, Франция, Грузия, Әзербайжан, Австрия, Нидерланд, Қытай және Румыния мемлекеттеріне балық өнімдері шығарылса, Өзбекстанға 102 ірі қара жөнелтілді. Ал Германия, Дания, Нидерланд, Польша және Францияға 1918,1 тонна қамыс, Ресей және Өзбекстанға 210 тонна күріш қалдығы жол тартты. Қытайға 198 тонна күнбағыс тұқымы, 325,7 тонна көкөніс және 178,5 тонна мақсары тұқымы, Ресейге 320 тонна қызанақ, 1436 тонна қарбыз, 115 тонна қауын экспортталды.
– Ауыл халқының табысын арттыру бағытында, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруда қандай жұмыстар жасалуда?
– Айта кетсек, биыл аталған жоба бойынша облысқа 3 млрд теңге бөлінген. Жоба бойынша қаржыландыру бағыттары анықталды. Барлық ауылдарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы, 5 бағыт (өңдеу, егін, кооперативтерді жабдықтау, мал және басқа да бағыттағы бизнес жобалар) бойынша кредит беру жоспарланған. Алдағы уақытта талапқа сай келетін 600 жоба іріктеліп, 636 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.
Сенім білдірілген өкіл «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-на бөлінген қаражат толығымен маусым айында аударылды. Бүгінге дейін 356 жобаның құжаты тапсырылды. Оның ішінде 1026,5 млн теңгеге 130 жоба мақұлданып, 52 жоба бойынша 415,2 млн теңге несие берілді.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Әділжан ҮМБЕТ
*сурет ашық дереккөзден
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<