– Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауы тек елдің ішкі жағдайына арналды. Сыртқы саясат туралы мүлдем сөз болған жоқ. Жолдаудан біз әбден қордаланып қалған көптеген сұраққа жауап таптық. Соның ішінде Президенттің экономика мен әлеуметтік салаға қатысты ойлары қатты ұнады. Шағын бизнесті қолдау бойынша нақты тапсырма берді. Мәселен, шағын бизнес өкілдерінен үш жылға дейін табыс салығы ұсталмайтын болды. Бұл – бір. Қазақстан Парламенті көппартиялы саналғанымен, соның біреуі ғана монополистік сипатқа ие. Қоғамның түрлі топтары мемлекет ісіне араласа алса, өзара түсінісе алса, одан ешбір ел ұтылмайды. Көппартиялы жүйе бәсекелі орта қалыптастырып, билік тармағын негативті сұрыптаудан сақтайды. Жолдаудың көңілімнен шыққан екінші тұсы – осы. Тоқаевтың ендігі пікірі «реформаны реформа үшін жасамау керек» дегенге саяды. Өйткені оның нәтижесін, игілігін қарапайым халық көруі тиіс. Білім саласындағы мәселелерді үнемі жоғары мінберлерде көтеріп жүрмін. Мысалы, жоғары оқу орнын бітіргендердің көбі нарық талабына жауап бермейді. Мемлекет басшысының осы бағытта талапты күшейту және жоғары оқу орындарының санын қысқарту туралы тапсырмасы салаға серпін беретініне сенемін.
– Тағы қандай мәселелер көтерілгенін қалап едіңіз?
– Санамалап берейін. Біріншіден, халықтың ауылдан қалаға көшу процесі еш тоқтаған емес. Сондықтан ауылда жұмыс істеуге ынта білдіргендерге, көпбалалы отбасыларға үй алу, кәсіп бастау үшін қайтарымсыз немесе ұзақмерзімді несие беру мүмкіндіктері қарастырылса, игі еді. Көпшілігі мал алғысы, бақша еккісі келеді. Бірақ қолы қысқа, кепілдікке қоятын мүлкі жоқ. Екіншіден, Жолдауда «мемлекеттік тіл ұлтаралық тілге айналуы тиіс» делінді. Конституцияда талай жыл бұрын мәртебесі бекітілсе де, қазақ тілі әлі күнге күш ала алмай келе жатыр. Үшіншіден, білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы өсетін болды. Алайда, инфляция деген бар. Жуырда Қызылордаға жол түскенде базар аралап, саудагерлермен сөйлестім. Сонда көзім жеткені, халық жиі тұтынатын азық-түлік құны бір жылда 15-25 процентке қымбаттаған. Өйткені өндірушіден тұтынушыға жеткенше ол бірнеше қолдан өтеді. Бір мысал айтайын, қызанақтың келісі Қызылордада 150-200 теңге болса, Астанада – 600 теңге. Ал өсіп-піскен жерінде одан арзан. Ет бағасының 2 мыңға шарықтап кеткені де содан. Делдалдардың әрекетінен маңдайы терлеп еңбектенетін диқандар мен шаруалар да, қарапайым халық та зиян шегіп отыр. Бір орында тұрмайтын базар бағасы, инфляция дегеніңіз көбейетін жалақыны жұтып қоймай ма – мені осы сауал мазалайды. Жолдауда әлеуметтік-саяси сипатқа ие газдандыру мәселесінің кеңінен қамтылғаны жөн еді. Тек келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында және Қарағанды, содан соң Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында тарату желілерін салу жұмысы басталатыны айтылды. Көгілдір отын аудан орталықтары мен қалаларға ғана емес, ауылдарға да жетуі тиіс. Сол кезде халықтың даладан қалаға көшу процесі бәсеңдеуі мүмкін.
– «Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады», – деді Мемлекет басшысы. Білім саласын бір кісідей білесіз, айтыңызшы, мұның себебі неде?
– Мен мектептердегі үштілділікке түбегейлі қарсымын. Өйткені бұл – абсурд. Әлемнің ең мықты 30 елінің бастауыш сыныптарында қанша тіл оқылатынын зерттеп қарасақ, екі тіл 1-сыныпта – 4, 2 сыныпта – 5, 4-сыныпта 12 елде ғана оқытылады. Бірде-бір мемлекетте біздегідей үш тіл оқытылмайды. Бастауыш сыныптарда барлық пән тек ана тілінде оқытылуы керек екенін министрлікке үнемі айтып жүрміз. Қазақстандағы 6 мыңға жуық орта мектепте 7-сыныптан бастап математика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту да миға сыймайды. Министрлік соған қарамастан 6 айлық курстарда мұғалімдерге ағылшын тілін үйретуді бастап кеп жіберді. Ауылдық жерде басқа пәндерді ағылшын тілінде оқытпақ түгілі, ағылшын және орыс тілдерінен сабақ беретін адам табу қиын. Оның үстіне, ауыл мектептерінде материалдық-техникалық база әлі де сын көтермейтін күйде. Президенттің білім сапасын теңестіру туралы ұсынысы құптарлық. Ол үшін ауыл мұғалімдерінде тиісті коэффициент, материалдық стимул, мектептерінде керек-жарақ жеткілікті болуы тиіс.
– Оқу бітіргендердің жұмыс таппауына не себеп?
– Мемлекет жыл сайын 21 мың түлектің тегін кәсіптік және техникалық білім алуы үшін қомақты қаржы бөліп отыр. Алайда, колледж бітіргендердің көбі мамандығын кәдеге жаратпайды. Бұл жұмыстың жоқтығы емес, жастардың қара жұмысқа құлықсыздығын көрсетсе керек. Қызылордадағы құрылыс фирмалары жұмысшылардың 70-80 процентін Өзбекстаннан тартуға мәжбүр екен. «Өзіміздің жастар шақырғанға келмейді. Сонда мемлекет оларды не үшін оқытып жатыр?» деген уәж естідім. Қыруар қаржы бөлінген шаруаның шикілігі сол, бізде кәсіптік және техникалық білім алғандардың қаншасы жұмысқа орналасқанын зерттеп-зерделеп жатқан ешкім жоқ. Мониторинг жасалмайды. Осыны біріздендіретін уақыт жетті.
– Тұрмысы төмен отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешу бағытындағы бастамалардан не күтесіз?
– Қоғамда қазір бай мен кедейдің арасындағы алшақтық тым үлкейіп кетті. Осы орайда табысы көп адамдар көбірек салық төлеп, тұрмыс жағдайы мәз емес отбасылар одан босатылуы керек деп есептеймін. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтағыларға талдау жасамаса болмайды. Өйткені халық масылдық пиғылдан әлі арыла алмай келеді. Жұмыс барысымен Батыс Қазақстан облысына барғанымда түйе ұстайтын фермаға жол түсті. Шаруашылық қожайыны сонда: «Атаулы әлеуметтік көмек көбейтілгелі түйе сауатын 10 әйелдің бәрі жұмысты тастап кетті» деді. Сөйтсе, олар таңертеңнен кешке дейін жұмыс істегенше мемлекеттің бергенін алып, үйде тыныш жатқанды жөн көрген екен. Міне, кейбіреулер осылай жанын қинамай ақша тапқысы келеді.
– «Өкімет өлтірмейді» дейтін психология ғой бұл…
– Аспирант болып жүргенімде мен бір емес, үш жерде жұмыс істедім. Сол кезде қолыма 120 сом стипендия тиеді. Ол ештеңеге жетпейтін. Қарауыл да болдым. Аула сыпырушы да болдым. «Ешкім көрмесін» деген оймен аула сыпыруға таңғы сағат төртте кететінмін. Ал бүгінде көптеген отбасы баланы еңбекке баулу ісіне немқұрайды қарайды. Қит етсе, билікті кінәлауға бейім. Халық мемлекет қолдауынан қағажу көріп отыр дей алмаймыз. Алайда, атаулы әлеуметтік көмек жұмыс істеуге қабілетсіз, мүмкіндігі шектеулі, шиеттей бала-шағасын асыра алмай отырған отбасыларға ғана берілуі қажет. Бұл бұқаралық сипат алып кетпеуі үшін критерийді күшейткен жөн.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Назерке САНИЯЗОВА.
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<