«Науқасқа донор табу – ең өзекті проблемалардың бірі»

253

0

Фото: Сұхбат берушінің жеке мұрағатынан

Бір адамның ағзасы 6-7 адамның өмірін сақтап қалуға қауқарлы. Бұл – бүгінгі медицинаның ғылыми дәлелдеген жетістігі. Бір мәйіттен алынған ағза бірнеше адамды өлімнен арашалап, әрі қарайғы өмір сүруіне мүмкіндік сыйлайды. Дегенмен меди­цинаның осы саласына халықтың көзқарасы қандай? Трансплантациялау әдісін кім қалай түсініп жүр? Осы тұрғыда біз көпбейінді облыстық аурухананың нефро­логия бөлімшесінің меңгерушісі, облыс бойынша транс­плант үйлестіруші, жоғары дәрежелі нефролог Лиза Нариманқызы Нұрсұлтановамен сұхбаттасқан едік.

– Созылмалы бүйрек жетіспеу­шілігінің алғашқы белгілері қандай?

– Созылмалы бүйрек жетіс­пеу­шілігінің бес сатысы бар. Үшінші сатысынан бастап, яғни бүйректің 60% істен шыққан кезде оның алғашқы белгілері пайда болады. Адамның тілі кеуіп, аузы құрғайды, көп шөлдейді, басы ауырады және әлсіздікті сезінеді. Солай бола тұра аурудың бұл клини­калық белгілеріне көптеген науқастар аса назар аудармайды. Көбіне шар­шағандықтың себебінен екен деп, қазақшылыққа салынып шай ішеді, демалады, ар­тынша өзін жақсы сезін­гендей болады. Ал негізіне келгенде, бұл бүйрек жетіспеушілігінің бас­тапқы белгі­леріне жатады. Сол себепті әрбір адам осындай белгілерді бай­қаған кезінен оны жай қалдырмай, өзінің емханасына барып, міндетті түрде тексерілуі керек. Кейбір нау­қастар дәрігерге кө­рінбей ауыр ке­зеңіне жеткізіп келеді. Ал бұл науқастарды бесінші саты­сында, яғни бүйрек тек он пайыз ғана жұмыс жасаған кезде біз гемодиализге ала­мыз, яғни ағзаны артық шлактардан арылтып, қанды жасанды бүйрек аппаратымен тазартамыз.

– Бүгінде облыс бойынша гемо­диализде жүрген науқастардың саны қанша?

– Қазіргі күні біздің аймақта 361 адам диализ алып жүр. Қызылорда облысы бойынша екі диализ орталығы бар. Донор арқылы ағза алмастыр­ғандардың қатарында 95 бүйрек са­лынған адам бар, оның ішінде 3-еуіне мәйіттен алынған (2007ж), қалған 92 адамға өзінің бауырлары, туыстары не жақындары бір бүйрегін берген. 12 адамға бауыр салынған, соның ішінде 1-еуі мәйіттен алынған. Барлығы им­му­носу­прессивтік дәрілерін уа­қыты­лы ішіп, емдерін кешіктірмей қабылдап отырады.

– Мәйіттен алынған ағза туралы айтып қалдыңыз. Осы жөнінде толыққанды тоқталып өтсеңіз.

– Қазіргі кезде әлем бойынша мәйіттен ағза алып салу тәжірибесі жасалған, яғни адамның ағзасындағы бүйрек, жүрек, өкпе, ұйқы безі, бауыр және көздің қасан қабығын келесі адамға ауыстырып салуға болады. Мысалы, жол-көлік апаты болды делік, ал науқас сол аурухана төсегінде жатып есін жимай кетті. Оған жасалған барлық ем көмектеспегеннен кейін мидың өлімі деген диагноз тіркеліп, оның өзге ағзалары арнайы аппарат­тың көмегі арқылы жұмыс жасайды. Мұнан соң арнайы мамандардан құралған комиссия мәйіттің ағзаларын алуға байланысты шешім шығарады. Мұның барлығы да бізде заңда көрсетілгендей, келісім презумциясы бойынша жасалады. Егер мәйіттің туыстары табылмай жатса не туысы жоқ болса, егер ми өлімі дерегі тір­кел­ген адам тірі кезінде емханаға барып өзінің келісетін немесе келіспейтіндігін білдірмеген болса, заң жүзінде ол адам келісімін берген болып саналып, донор есебіне жатқызылады. Деген­мен, заң қанша жерден рұқсат етіп тұрса да, біз оның туыстарын тауып, келісімін алуға тырысамыз. Ал мем­лекеттегі кез кел­ген адам тірі кезінде емханаға барып, өзінің арызында дүниеден өткеннен кейін ағзасын алуға келіспейтіндігін білдіріп, арыз жазып қойған болса, заң бойынша біз оның ешбір ағзасын ала алмаймыз. Біздің Сыр өңірінде адамдардың 90 пайызы науқастардың жағдайына түсініс­тікпен қарағанымен, келісім бере қоймайды.

– Келісім берудің мұншалықты қиын болуының себебі неде деп ойлайсыз?

– Насихаттың аздығынан деп есептеймін. Негізі біздің ислам ді­ні­мізде шариғатта, православие дінінде де ағзаларды алуға рұқсат етілген, яғни, бір науқасқа көмектесу арқылы сол адам сауапты іс жасайды. Бір адамның өмірін аман сақтап қал­ғаның бүкіл елге көмек бергеніңмен тең саналады екен. Мұндай жағдай кез келген адамның басына түсіп, оған донор қажет болуы мүмкін. Меди­цинаның бұл саласы кейінгі 3 жылдан бері Қазақстанда енді ғана күшіне еніп, дамып келе жатыр. Бұл жағынан солтүстік өңірлер белсендірек, яғни мәйіттердің ағзасын донорлыққа беру­­ге оның жақындары, туыстары рұқ­­саттарын береді. Ал оңтүстік ай­мақ­­тарда, атап айтқанда, Қызыл­орда, Шымкент, Тараз өңір­лерінде транс­плантация тура­сындағы насихат ха­лық­тың санасына толық сіңбей жатыр. Көпшілік «ағзасын беруге бол­майды» деп ойлайды. Бірақ мен оны дұрыс емес деп есептеймін. Сіз өзіңіз адам­ның жаны қай жерде деп ойлайсыз?

– Адамның жаны… менің ойымша санасында…

– Дұрыс айтасыз, санасында. Ал сана дегеніміз ол – бастағы ми. Тіпті қасиетті дінімізде де адамның санасы қызмет етуін тоқтатқан кезде, оның жаны да ұшып кететіндігі туралы айтылады. О дүниелік болған адамның ағзалары оған бұл өмірде көмек­тескенімен, қайтыс болғаннан кейін іске аспайды. Мұны кинофильмдердің өзінен көрсетіп те жатыр. Ми өлімі тіркеліп қайтыс болған адам өзінің жүрегін не басқа ағзасын бір науқас жанға беріп көмектесетін болса, оның бір бөлшегі мына өмірге әлі де қызмет етіп жатыр деген сөз. Ағзасы басқа адамға ауыстырылса, сол адам оған жақынындай болып кетуі де мүмкін.

– Естуімізше, донорлыққа өз еркімен келісім берген адам мүгедектік жәрдемақысын алмайды екен. Қарап отырсақ, донор бола отырып, ол қоғамдағы бір адамның өмірін аман сақтап және донор болғандығы үшін де ешқандай ақы алмайды. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Негізі қалыпты адамда екі бүйрек жұмыс жасайтынын көбіміз білеміз. Бірақ жаратылысынан бір ғана бүйрекпен туатын адамдар да бар. Өмірге келген сәтінен оның бір бүйрегі екі бүйректің қызметін ат­қарады және ол адам ешқандай мүге­дектікке шықпайды. Егер ол кісінің денсау­лығына қатысты қосымша қиын­дықтар туындап, бүйрек жетіс­пеушілігі белгілері білініп жатса, тек сол кезде біз науқасты мүгедектік топқа дайындаймыз. Ал ағза берген адамдар мүгедектікке жіберілмейді. Олар тек донор ретінде есепке алынады. Диспансерлік есепте тұрған кісілермен қатар, донорлар да жылдың көктем және күз мезгілінде келіп тексеруден өтіп, ем қабылдап тұрады. Маған науқастар «Бір бүйрекпен жүрген адам ұзақ өмір сүреді ме, әлде екеуімен бе?» деп сұрақ қояды. Мен оларға «бір бүйрекпен жүрген адам ұзақ өмір сүреді» деп жауап беремін. Себебі, екі бүйрекпен жүрген адам ауырып-сырқамайынша ешқашан өз­ді­гінен тексерілмейді. Ал бір бүй­рек­пен жүрген жандар өз денсау­лық­та­рына алаңдаушылық танытып, үне­мі тексерулерден өтіп, қажетті емін алып отырады. Бүйрек берген адам да, бүйрек салған адам да тең дәрежеде дәрігердің қадағалауында болады.

– «Адам ағзасын сатып алуға немесе сатуға заң тыйым салады» де­лінген. Дегенмен бүгінгі таңда әлеу­меттік желілерде белгілі бір ағзасын сатылымға шығарып, жар­на­ма­­лайтындар бар. Бұған заң жүзінде ешқандай шара қолданыл­май ма?

– Тек Қазақстанда ғана емес, әлем­нің барлық елдерінде ағзасын сатуға тыйым салатын заң бар. Ал жарнама берген кісілер не ағзасын сата да алмайды және сатып ала да алмайды. Оған тек заң ғана емес, шариғат бо­йынша да тыйым салынады. Бізде көбіне донорлыққа науқастың жақын­дары келісім береді. Қандас донор (туысы, туған бауыры) немесе эмо­цио­налды донор (жұбайы (зайыбы), жолдасы, көршісі, т.б.), міне осы кісі­лер өзінің ағзасын беремін деп келісіп тұрса, онда ол сатпай, тегін беруі қажет. Екі ортада алыс-беріс деген болмауы керек. Ағзасын сатуға жеке адамның ешқандай құқы жоқ және ол қылмысқа жатады.

– Қазақстанның қай өңірлерінде трансплантация орталығы бар?

– Астанада, Алматыда, Ақтөбе және Шымкентте трансплантация ор­та­лықтары бар. 2014 жылы Қызыл­ордада жас жігітке өзінің туған қа­рындасы бір бүйрегін берді. Сол кезде Сызғанов атындағы институттан хирургтар арнайы келіп, ота жасады. 2024 жылы Қызылорда қаласында 6 науқасқа туыстарынан бүйрек, 1 науқасқа бауыр салынды. Бізде донор мен реципиенттің отаға дайындық жұмыстары жүргізіледі. Ал қай өңірге барып ота жасататынын науқас өзі таңдайды. Қызылорда облысы бо­йынша біздің мамандар ТМД ел­дерінде және басқа шет елдерде өтетін халықаралық семинарларға қатысып, біліктілігін арттырып отырады. Сондықтан білім мен біліктілік деңгейі Қазақстанның басқа аймақтарынан да, шет ел мамандарынан да артта қалып жатқан жоқ. Өкінішке орай, әлі күнге отандық дәрілер шығарылмады. Шет­елдік дәрілер өте қымбат, сол себептен жергілікті бюджеттің қаржы­лан­ды­руымен аламыз. Емделушілер жүз па­йыз онымен қамтамасыз етіліп тұрады. Өйткені оны күнде ішіп отыру қажет.

– Бүгінгі күні өңірде донорға мұқтаж қанша адам бар?

– Бізде «Күтім кезегі» деген бар. Ол ай сайын жаңартылып, қадағаланып тұрады. Бүгінгі күні 361 адам диализде тіркеуде тұр және олар ауруханаға келіп тексеріліп, жатып диализін алып емделіп жүреді. Донорға мұқтаж бүйрекпен 144 адам күту парағында тұр. Ал оларға донор табу, мәйіттен ағза алу біздің өңірде – ең өзекті проблемалардың бірі.

– Мұның шешудің жолын қалай түсіндіру қажет деп есептейсіз?

– Бұл туралы ақпараттар көпшілікке ұғынықты болу үшін насихатты кеңінен түсін­діргенді дұрыс деп есептеймін. Бірнеше рет студенттермен кездесулер ұйымдастырып, лекциялар оқыған болатынмын. Жастар қазіргі күннен бастап дұрыс жолмен жүріп, спортты сенімді серіктеріне айналдыра білсе, мұның барлығы денсаулықтың кепілі, яғни олар мұндай аурудың алдын алар еді. Бір жағынан ағза донорлығына байланысты жастардың пікірін білгім келді. Алғашқы лекцияларда олар 100 пайызға қарсы болды. Ал соңғы лекциямен алдарына шыққанымда, олардың елу пайызы донор болуға дайын екендерін жеткізді. Емделу­шілермен үнемі сұхбат жүргізіп, олардың ойын біліп отыру – біздің күнделікті жұмысымыз. Сондықтан донорлыққа байланысты халықтың көзін ашып, осы жөніндегі сауаттылық деңгейін арттырсақ деген ойдамыз. Насихат жұмысын жүргізу үшін алда жоспарлар көп және ерікті жастарды жұмылдырсақ дейміз. Мұндай оқиға кез келген жанның басына түсуі мүмкін. Сондықтан адамдар бұл өмірде бір-біріне көмектесіп, қол ұшын созулары қажет.

Сұхбаттасқан

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»