Наурызды мерекеге айналдырған халықтық дәстүрлер

422

0

Наурыздың этимологиясына үңілсек, түбіне жетпейсіз. Қашан, қайдан, қалай шыққанын сан-саққа жүгіртуге болады. Ұлыс күні қарсаңында өлкетанушы Жұмабай Байзақпен сұхбатымызда соның кейбіріне тоқталып, Наурыздың бұрын және қазір тойлануы жөнінде де әңгіме өрбіттік.

Наурыздың тарихы туралы түрлі сарында дерек, мыңдаған аңыз-әпсана бар. Соның қайсысы көңіліңізге қонады?

– Алматы облысының солтүстік баты­сындағы Аңырақай тауында осыдан бес мың жыл бұрын таңбалы тасқа қашалып салынған бейне бар. Таңбалы тастан күн мен түннің теңелуін, күн құдайын, жылдың төрт мезгілін бейнелейтін төрт жануарды көруге болады. Оның айналасын жыл он екі ай сипатындағы адамдар қоршап тұр. Бұл – түркі жұрты жаңа жылды осыдан бес мың жыл бұрын күн мен түн теңелер тұста тойлай бастады деген сөз.

Наурыз мерекесінің шығу тарихы туралы мына аңыз шындыққа жанасатын секілді. Ибраһим пайғамбардан Ысқақ, Смағұл деген екі ер бала тарайды. Қазіргі арабтар – осы Смағұлдың ұрпағы, ал Ысқақтан тараған ұрпақ – бүкіл түркі тектес халықтардың арғы тегі. Осы түрік тұқымынан Табиғи деген ғұлама шыққан. Одан өрбіген ұрпақтар Махалла, Массагет, Кассах, Сах тайпаларына бөлінген. Сах тайпасынан шыққан елге беделді билеуші Аңсары деген кісі болыпты. Оның Халит деген ұлынан Аннас, Укас есімді екі ұл туады. Укас өркен жайып, одан парсы, тәжік және ирандықтар мен кав­каздықтар тарайды. Ал Аннас­тан Мадат, Оқас, Ғажат, Сыбай деген төрт бала қалады. Мадаттан Өзбек, Ұйғыр, Ғағауыз, Қашқар, ал Оқастан Түркімен, Балқар, Қарашай, Құмық туады. Ғажаттан Ноғай, Татар, Башқұрт халықтары тараған көрінеді. Ал ең кенжесі Сыбайдан Алаш деген жалғыз бала болған. Алаштан Жайылхан, Сейілхан деген екі бала туады. Сейіл­ханнан Қыпшақтардың арғы атасы, Жайылханнан Қазақ, Қырғыз, Қарақалпақ (Разақ) ұлттары бөлініп шығады. Енді бір деректе Жайылханнан Майқы би, Майқыдан Құмиян, Тұмиян тарайтыны келтірілген. Құмияннан Өзбек, Тұмияннан Алаш, Нау­рыз туады. Алаштан жоғары­да айтқан ұрпақ тарайды да, бірақ Наурыз ұрпақсыз өтеді. Бауырлары Нау­рыздың атын ұмытпау үшін күн мен түн теңесіп, дүние жаңаратын көктем мезгілінде оның құрметіне көже пісіруді дәстүрге айналдырған. Бұл үрдіс кейін барша түркі халықтарына ортақ мерекеге айналып, Наурыз бабамызды, өзіміздің арғы тегімізді еске алатын күн ретінде ел жадында жаңғырып келеді. Әр аңыздың түбінде ақиқат бар. Демек, бұл – қазақ халқы, көрші-қолаң, ағайын-туыстың ғана емес, барша түбі бір түркі жұ­тының туыстығы беки түсетін күн, та­тулық пен мейірбандықтың мерекесі.

– Наурыз – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы деп жүрміз. Сонда Нұх пайғамбары туралы аңызды қайда қоямыз?

– Мерекені діннен бөлек қарастыруға қарсымын. Мемлекет қанша жерден зайырлы болса да адам дінсіз өмір сүре алмайды. Бала дүниеге келгенде оған Азан шақырып, ат қою – діни шара. Жас жұбайларға шариғат заңымен неке суын ішкізсе, оның несі айып?

Көнеден жеткен риуаяттарда Наурыз мейрамын тойлау Нұх пайғамбар қауымының топан судан аман шыққан кезінен бастау алатыны келтірілген. Қазығұртқа Нұх пайғамбар кемесі күн мен түн теңескен кезде тоқтапты. Бұл наурыз айының 21-нен 22-не қараған түн екен. Пайғамбар топан су апатынан аман қалғанына шүкіршілік етіп, Құдайы тамақ бермек болады. Кемедегі азық-түлікті қараса, қап түбінде алақандай ет, бір-екі құрт, бір уыс бидай мен жүгері, тары, су, бір шөкім тұз қалыпты. Нұх пайғамбар тәуекел етіп, барлығын қазанға салып пісіреді. Тағамды былғаған сайын Алланың есімін айтып ұлықтайды. Алла Тағала періштелерге: «Көрдіңдер ме? Мен үшін қолдағы барын салып, ас беріп жатыр. Барып, қазанына Кәусар бұлағынан су тамызыңдар, берекемді шашыңдар» дейді. Пəруəрдігердің пəрменімен періштелер жиналып, қазанға Кəусардан су тамызып, береке шашады. Осылайша жеті түрлі дәмнен жасалған тағам берекелі асқа айналады. Жан-жануар, аң-құс жиналып, Пайғамбар қазанынан дәм татады. Содан бері Нұхтың бұл тағамы «Тілеу көже» немесе «Наурыз көже» деп аталыпты. Наурыз күні адам­дар мен жануарларды тойдыру Нұх пайғамбардан мирас болып қалған деседі.

– Наурыз бала күніңізде, жас кезіңізде қалай тойланатын еді?

– Қазақ – көшпенді халық. Өзім – қойшының баласымын. Мектепті қалада оқығаныммен каникул бас­талысымен әкемнің қасына, ауылға барып, наурыздың ортасынан бастап көшке мал дайындаймыз. Үлкен­дер жағы жылқыны ауылға жақын­датып, түйеге жүк артатын. Ол кезде шопандардың жағдайы тәуір. Мың­ғырған малды көшіру олар үшін үлкен науқан болатын. Ойын баласы болсақ та біз үшін де бұл мереке еді. Тәуір киімімізді сайлап дайындалатынбыз. Аналарымыз әуелі наурызкөже істейді. Кеңес одағы кезінде осылай атап өтетінбіз. «Ақпан ақырып келеді» дейді ел. Бұл ай мал шаруашылығы үшін тіпті ауыр өтеді. Сонда да табиғат тіріліп, ақпанның ортасынан бастап жиденің, жыңғылдың түбінде қой су ішерлік көлемде мұз ериді. Бұл Жер-Ананың бусанып, күннің жылына бастағанын білдіреді. 12 наурыздан бастап амал кіреді. «Тоқсан шыққанша әр күннен қауіп» деп, 18 наурызды күтеміз. 12 көкекте сәуір кіреді. Қазақ «сәуір болмай, тәуір бол­майды» деп, барлық тіршілікті мал шаруашылығымен байланыс­тыр­ған. Кеңес заманында шопан­дар қырға қарай мал айдауға асығатын. Наурыз айының аяғына қарай төлдің төгілімі басталады. Мал жаппай төлдемей тұрып қой төлдететін ықтырма қоралар соғып, соған жетіп алуға тырысатын. Қырға аман-есен бет түзегеніміз мереке еді. Қазақ жайлауға қоныс аударғасын сонда қыстан бері сақтаған сүр етті асып жеп, бір-біріне қонақ болып, той тойлаған.

Күн мен түн теңелетін 21 наурызды қазақ Ұлыс күні дейді. Қариялар бұл күні:

«Ұлыс күні кәрі-жас,

Құшақтасып, көріскен.

Шалдар бата беріскен,

Сақтай гөр деп терістен», деп бата береді.

– Араға 62 жыл салып Наурызбен қайта қауышқан сәт есі­ңізде шығар?

– Иә, ол жылы Ұлыстың ұлы күнін ауылда дүркіретіп атап өттік. Ұйымдастыру жұмысының басы-қасында жүрдік. Ол кезде Сырдария ауданына қарасты «Бесарық» ауылында небәрі 5 көше бар-тұғын. Қыстаудан екі түйе алдырып, оған қоршау жасаттық. 5 көше әрқайсысы 5 киіз үйден тігіп, сәбиді бесікке салу рәсімінен бастап қыз ұзату, келін түсіру сияқты салт-дәстүрлер сахналанды. Құттықтау үлгісіндегі лозунгілерді араб әрпіндегі төте жазумен жазып, төл жазуымызды насихаттауды жөн көрдік. Ол кезде қазіргідей он күн тойлау деген жоқ. Наурыз бір күнмен шектелсе де сол күні халық сенбілікке шығып, көшет егіп, бәріне үлгеретін. Ауылдағы жалғыз қорымды тазалап, жан-жағын қоршауды да ұмытпайтын. Шамасы жететіндер мұқтаж кісілердің отын-суын түсіріп беретін. Қазір «Наурызнама» он­күндігі бар. Ол бос дүрмекпен өтпейді. Бір күн қайырымдылық, бір күн шежіре, бір күн тарихқа оралумен ерекшеленеді. Әр адамның әке-шешесі болатыны сияқты әр ұлттың атасы мен анасы болады. Ұлттың атасы тарих болса, анасы – тілі. Салт-дәстүр, тарих жаңғыратын онкүндіктің халық өмірінде маңызы ерекше.

– «Наурызнама» онкүндігінде не нәрсеге көбірек мән берген дұрыс, қалай ойлайсыз?

– ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының бірі Міржақып Дулатов: «Мұсылман жұртшылығы­на ортақ, жылына екі рет келетін ораза, құрбан айттарын есепке ал­мағанда бізде жалғыз мейрам бар, ол – Наурыз» деген екен. Осы үш мереке халық санасында ежелден келе жатыр. Бес мың жылдан бері тойланып келе жатқан бұл мереке өркениеттердің араласуына байланысты түрленіп отырған. Күн құдайына табынған арғы бабаларымыздан бас тарта алмаймыз. Кейін ислам діні келген соң да айт мейрамдарымен бірге тойлауды тоқтатқан жоқпыз. Сананы қай заманда да тұрмыс билейді. Наурызды мерекеге айналдырған біздің өмір салтымызға байланысты «мал-жаның аман ба?» деп амандасатын жағдайда ауа райының құбылуына байланысты көнекөз қарияларымыз есепші болып «үт келді, жұт келді», «амал кірді, ақ мол болсын!» деп қазан көтеріп, қырықтың бірі – Қыдыр деп, аузы дуалы қарттардан бата алу рәсімдері сияқты халықтық дәстүр болар, сірә.

«Ұлыс күні қазан толса,

Ол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алса,

Сонда олжалы жыл болар» деген тәмсілді басшылыққа алып, Қыдыр атаның батасын алуды ұйымдастыруға көбірек көңіл бөлу керек. Сахналық қойылымдағы са­қал жапсырған орыстың Аяз ата­сынан емес, ақ сақалды қарияларымыздан бата алуға мән берсек, нұр үстіне нұр болар еді.

– Әңгімеңізге рахмет! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<