«Кім ақпаратқа ие болса, сол әлемді билейді» демекші, ақпараттық дәуірде оны басқару, пайдалану ісінің мән-маңызы айрықша. Өткен кезеңнің бай қазынасы мен бүгінгі күннің құнды деректерін келер ұрпаққа жеткізу, ғылыми айналымға қосу жаңашылдықты талап етеді. Бүгінгі күні архивтер – халық жадының сақтаушысы ғана емес, тарихи сананы қалыптастырудың, патриоттық, рухани тәрбие берудің маңызды бір құралы. Мемлекеттің кешегі және бүгінгі тарихының алтын қоры – архив жұмысының аяқалысы туралы газет тілшісі облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуовамен әңгімелескен еді.
– Мира Рахымжанқызы, еліміз туралы ауқымды әлеуметтік-экономикалық, саяси, ғылыми, мәдени ақпараттарды жинап, идеологиялық мәні жоғары деректердің алтын қорын жасақтап отырған мекеменің жуапкершілік жүгі ауыр. Облыста қанша архив мекемесі бар? Олардың қызметі қандай?
– Архив қызметіне қоғамның әлеуметтік, экономикалық, мәдени жадын сақтау жүктелгендіктен бұл салада соңғы уақытта көптеген ауқымды істер атқарылды. Онда сақталатын ақпарат мемлекеттің қоғамдық-саяси, экономикалық-мәдени дамуында ерекше орын алады. Облыста 11 архив мекемесі бар. Барлық архивтерде 800 мыңға жуық құжат сақталған.
– Кезінде аудан архивтерінің жағдайы мәз емес болатын. Бүгінде барлығы заман талабына сай қызмет жасайды. Қазір салада қандай мәселелер бар?
– Біз ескіліктен жыл сайын арылып келеміз. Бірінші кезекте аудандық архивтерді айтпай кетпеуге болмайды. Рас, осы уақытқа дейін кейбір аудандық архивтер ескі ғимараттарда орналасып, қоймаларымыз шамадан тыс толып, мекемелерден құжат жинақтау мүмкіндігінен айырылған болатынбыз. Аймақ басшысына мәселені ашық қойып, орын алған қиыншылықтарды айттық. Соңғы 5 жылда 6 аудандық архив ғимараты жаңартылып, кеңейтілді. Саланың аса маңыздылығын ескерген басшылар 2018 жылдың қаңтар айында облыстық мемлекеттік архивті заманауи үлгідегі жаңа ғимаратқа көшірді. Ғимарат құжаттарды эвакуациялайтын қоймалармен, заман талабына сай архивтік құрылғылармен, автоматты түрдегі өрт сөндіру қондырғыларымен, заманауи желдеткіш жүйелерімен, реставрациялық жұмыс бөлмелерімен, қор сақтау қоймалары мобильдік стеллаждармен қамтамасыз етілген. 2014 жылы Байқоңыр қаласынан қазақстандық мекемелердің құжаттарын жинақтау үшін архив мекемесі ашылды. Ұлттық архив қорының толықтыру көзі – мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің ведомстволық архивтеріндегі құжаттардың қалыпты жағдайда рәсімделіп, мемлекеттік сақтауға өтуі маңызды мәселелердің бірі. Қазіргі таңда сала мамандары жинақтау көзіне енген облыстағы 934 мекемемен тығыз жұмыс жасауда.
– Сыр өңірінің тарихына қатысты зерттелмеген құжаттар бар ма?
– Сыр өңірі тарихына қатысты зерттелмеген тың құжаттар Ресей Федерациясының Орынбор, Москва, Санкт-Петербург мемлекеттік архивтерінде, Татарстан, Өзбекстан Республикаларының Орталық мемлекеттік архивтерінде сақталған. Еліміздің біртуар азаматтары, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Т.Жүргеновке қатысты құжаттар Өзбекстан, Тәжікстан Республикаларында, М.Шоқай туралы деректер Франция, Германия,Түркия елдерінің архивтерінде сақталуда.
– Оларды елге қайтару мақсатында жұмыстар жасалып жатыр ма?
– Тарихи жәдігерлерді түгендеп, елге қайтару мақсатында осы жыл ішінде Ресей Федерациясының Орынбор, Москва мемлекеттік архивтеріне іссапар ұйымдастыру және олардан құжат көшірмелерін алу жоспарланып отыр. Осы сұхбатты пайдалана отырып, «Жастар жылы» аясында «Жас архившілер» конкурсының 24-25 қыркүйек күндері Қызылорда қаласында өтетінін айтқым келеді.
– Қазіргі цифрландыру дәуірінде барлық іс- қағаздармен көрсетілетін қызмет түрлері электрондық нұсқаға өтуде. Бұл бағытта басқарма қорындағы құжаттардың ақпараттық жүйесі қаншалықты талапқа сай?
– 2010 жылдан бері «Электронды архив» бағдарламасы енгізіліп, архивтік құжаттар цифрлық форматқа көшірілуде. Барлық архив мекемелері серверлермен және жоғары жылдамдықтағы сканерлермен толықтай жабдықталған. Осы уақытқа дейін құжаттардың 20 проценті сандық форматқа өтті. Сонымен қатар, арнайы ақпараттық жүйе архив құжаттарын электронды түрде пайдалануға толық қолжетімділікті қамтамасыз етіп келеді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша «Кітапхана қорларын цифрландыру» жобасы аясында 8146 кітап (1 798 320 парағы), «Электронды архив» ақпараттық жүйесі бойынша 11 5879 сақтау бірлігінің (істердің) 1670815 парағы сандық форматқа көшірілді.
Әңгімелескен
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<