«Не үшін сотталғанын білмегендер де бар»

1775

0

Қарт тарихтың қатпарына қарасақ, қаралы қазақ түрлі басқыншылықты бастан өткеріп, небір тауқыметті артта қалдырған. Соның бірі – ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін.


Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері, отставкадағы полковник Әмірхан Бәкірұлымен солақай саясат құрбандарын еске алу күні қарсаңында әңгімелесіп, ақтаңдақтар ақиқатын зерделеудегі еңбегіне тоқталдық.

Қызмет бабымен сіздің репрессияға ұшырағандарды жаппай ақтау ісіне ара­ласқаныңызды білеміз. Ол қалай жүрді?


– Репрессия құрбандарын ақтау науқаны Горбачев би­лікке келгеннен кейін бас­талды. Ол кезде ұлттық қауіп­сіздік комитетінің об­лыс­тық басқармасында аға тергеушімін, комиссия төр­ағасы болып бекітілдім. Архив құжаттарымен танысу кезінде мені қуғын-сүргінге ұшырағандардың көптігі таң­ғалдырды. Зиялы қауым өкіл­дерінен бөлек, жауапқа тар­тылғандардың шамамен 40 проценті – жазу-сызудан хабары жоқ шаруалар. Басым бөлігі атылған немесе Сібірге жер аударылған.

Бір-бірінің үстінен арыз-шағымды қар­ша боратқаны байқалады. «Социалистік Қазақстан» газетін басқарған жерлесіміз Жүсіпбек Арыстанов: «Редак­тор болған кезімде арыз-шағым көп келетін. Іріктеп бірен-саранын жариялаймыз, қалғанын жасырып қаламыз» деп жазыпты.


Біз материалды жинақтап, прокуратураға жіберуіміз керек. Содан репрессияның ауқым­дылығын білдіртпес үшін қолға түскен құжаттарды рет­тілігін бұзып өткізуге тура келді. Комитет халықтың нара­зылығын туғызбау, ты­ныш­тыққа іріткі түсірмеу жағына мән берді. Қуғын-сүр­гін көргендерді ақтау ісі туралы халықты ұдайы ақ­параттандырып отырдық.


Сонымен, статистика қалай түзілді?


– Ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдары Кеңес ода­ғы бойынша «контр­рево­люциялық қылмысы» үшін 3778254 адам қамалып, оның 786098-і ату жазасына кесілді. «Отанына опасыздық жасағандарға» арналған ла­герь­лерде 1317195 адам бол­­ды. Олар­­дың 830491-і – орыс, 181905-і – украин, 44785-і – беларусь, 17121-і – қазақ. Тек 1937-1938 жыл­дары Қазақстанда 103 мың адам қамауға алынып, оның 25 мыңы атылды.

Біздің өңірден де талай адам солақай саясаттан жапа шекті. Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің мұражайында 2543 қылмыстық іс сақталып келді. Кейін ішкі істер де­партаментінің мұражайына өткізілді. Олар бойынша 4234 адам жауапқа тартылып, 526 адамға ауыр үкім шы­ға­рылды. Бұл тізімде 2043 қазақ, 1620 орыс, 260 кәріс, сонымен қатар неміс, поляк, еврейлер бар.

Ақтаңдақтарды ақтау басталғанда зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың ағайын-туыстары марқұм­дардың жерленген орындарын тауып беруді талап етті.


Таба алдыңыздар ма?


– Аласапыран уақытта ең ауыр үкімді орындағандарды іздестіріп көрдік. Алдымен 1930-1940 жылдары облыс­тық басқармада жұ­мыс істеген ОГПУ-НКВД қыз­меткерлерінің тізімі алынды. Ату жазасын жүзеге асырған «А» бөліміндегі 16 адамның жеке істері тергелді. Құжатта фамилия мен қауіпсіздік органдарынан шығарылған уақыты ғана көрсетілгендіктен мекен-жайды анықтау мүм­кін болған жоқ. Жалғыз Гончарова деген әйелді тауып, жауап алдық. Ол «А» бөлімінде хатшылық қызмет ат­қарғанын растады. Бірақ ату шараларына қатыспаған.

1960-1961 жылдары Қазақ ССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің өкілдері тек­серіліп, тергеу кезіндегі заң­сыздықтары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс болған. Алайда, рақымшылық жасау туралы заңға байланысты істер қысқартылып, барлығы дерлік Ресейге қоныс аударған.


Жендеттер үкімді қалай орындаған?


– Тәртіпке сәйкес жазалау мен жерлеу туралы бұйрық құпия түрде жүргізілген. Оған дәлел боларлық құжаттардың бірін сөзбе-сөз келтірейін: «Подписка. 1941 год, август, 1. Я, нижеподписавшийся шофер УНКГБ по Кзыл-Ординской области Безноско В.А. вы­дал настоящую подписку началь­нику 2 отделения УНКГБ сержанту г.б. Хранину в том, что об известном мне факте исполнения приговора в отно­шении осужденного к расстрелу Колмыкова никому и не при каких обстаятельствах не разглашу. Я предупрежден, что в случае нарушения нас­тоящей подписки несу ответ­ственность в уголовном поряд­ке. К сему (қолы). 1.08.41 г»


Қауіпсіздік органдарынан табылған кейбір құжаттан ату жазасы қалай жүзеге асы­рылғанын байқауға болады. Соның бірінде: «Акт 1930 года, мая 15-го дня, гор. Кзыл-Орда. Мы, нижеподписавшиеся – старший уполномоченный 3-го отделения Набатов, упол­номоченный 1-го отде­ления Ришт и о/упол­номоченный того же отде­ления Маркениц, в при­сутствии прокурора по Кзыл-Ординскому округу Бахтыбергенова, составили настоящий акт в том, что на основании выписки из протокола заседания Тройки при ПП ОГПУ по Казахстану от 24 апреля 1930 года, по делу №258 – Максина Р.К., Павлычева И.Е., Овчинникова М.М., Павлычева Ф.М. и Ильчева П.М., о применени к ним высшей меры социальной защиты – расстрела. Приговор сего 13 мая в 3 часа ночи местного времени привели в исполонение посредством расстрела в 6 километрах юго-восточнее гор. Кзыл-Орда, трупы закрыты в общей могиле, на глубину 2х2 метра. Приговор привели в исполнение…» Әрі қарай актіге қол қойған ОГПУ қызметкерлерінің аты-жөні жазылған.


Марқұмдар облыс орта­лығының «Арай» шағын ау­данындағы мемориалды кешен маңында жерленген кө­рінеді. Бұл қалай анықталды?


– Облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») га­зе­тінің тілшісі, журналист Мырқы Исаев тарихи әділет­тілікті қалпына келтіру, то­талитаризм құрбандарын ес­те қалдыруға айтарлықтай үлес қосты. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған екітомдық «Аза» ес­телік кітабына жазықсыз жа­заланғандар туралы мақа­лалары енді. 1941-1945 жыл­дары соғыста қаза тап­қан, хабарсыз кеткен жауын­гер­лерді дәріптеген төрт­том­дық «Боздақтар» кіта­бы­­ның бас редакторы бол­­ды.

Тоқсаныншы жыл­дары ағамыздың баста­масы­­­мен ату жазасына ке­сіл­­­ген­­дердің жерленген ор­нын із­дестіру басталды. Қауіп­­сіздік органдарының қыз­мет­­кер­леріне ауыр жаза Қарауылтөбе қыстағы, қала­дағы Куйбышев көшесінің бойы, МАИ және Тасбөгет кентінің маңайындағы аумақта орындалғанын жеткізді. Дә­лел ретінде Сырдария ау­дандық «Жаңадария» га­зе­тіндегі «Қырық молдаға түскен құрық», Тереңөзек ау­дан­дық «Еңбек туы» газе­­тіндегі «Алтын тіс ар­қылы танылған өлік» ма­қа­­ла­­ларын ұсынды. 1995 жылы 9 қарашада жергілікті «Сейхун» телеарнасынан қала шетіндегі сусымалы шеге­құмның арасынан бірнеше адам сүйегі табылғаны туралы бейнесюжет көрсетілді. Бұл жерді жұрт «Сабалаққұм» атап кеткен екен.


Жылда 31 мамырда митинг өтетін орын ғой?


– Иә, сол. Ертеңіне қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінде осы тақырыпта көлемді ма­териал жарияланды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бас­қарма бастығы, полковник Нұрахмет Ералиев облыс прокурорына аталған дерекке байланысты қылмыстық іс қозғау жөнінде хат жолдады. Іс қозғалып, сот-медицина сараптамасы жүргізілді. Нәтижесінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының жаппай жерленген орны айқындалды. «Сабалаққұмда» ескерткіш орнатылып, жыл сайын еске алу шарасы өткізілетін болды.


Енді ашаршылық тақырыбына ауыссақ. Ға­сырлар бойы мал бағып, даланы еркін жайлаған қазақ оған қалай тап болды?


– Кеңес өкіметінің билігі қазақтың байларын ғана малынан айырып қоймай, статистиканы толтыру үшін кедейлерге де тиіскен. Екі-үш қойы бар адамнан оны қырқып, жүнін өткізуді талап еткен. Ал қыс болса қыр астында. Сталиндік саясаттың сыры – малынан айыру арқылы қазақты қыру. Бірақ әлі күнге дейін мұның голодомор геноциді екені туралы ғылыми һәм тарихи тұжырым жасалған жоқ.


Ұлттың көзін құртудың түрлі амалы бар. Сталиннің тұсында кеңес өкіметі экономиканы әлсірету арқылы әдейі осындай қадамға барды. Ауыр өнеркәсіпті дамыту үшін колхоз ұйымдастыру керек болды. Большевиктер кеңес өкіметін күшейтуді мақсат тұтқанмен адам шығынына бас ауыртқан жоқ.


Әңгімеміздің әлқисса­сында сіз жауапқа тар­тылғандардың 40 проценті шаруалар екенін айттыңыз. Олардың қарсылық әрекеті қандай сипатта еді?


– Өткен ғасырдың 30-шы жылдары негізінен шаруалар жауапқа тартылған. Жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп үйреніп қалған қазақты ресми Мәскеу отырықшы ұлтқа айналдырғысы келді. Үш жылға жос­парланған ұжым­­дастыру жоспарын Қа­зақ­стан бір жылда аяқтау үшін жанталасты. Ресей 10 про­центке орындағанда, бізде ол 64 процентке жетті. Бірақ шаруалар талапқа бағын­ғысы келген жоқ. Қар­сылық танытты. Өз басым мұны көтеріліс деп есеп­те­меймін. Шаруалар небәрі қа­лыпты өмірді жал­ғастыру үшін қорғанды. Сөйте тұра, олар «банда» қатарына жат­қызылып, Қылмыстық кодекс аясында аяусыз жазаланды.


1929-1931 жылдары қа­зақ жерінде 2 мыңға жуық халық толқуы өткен. Бір­қатары асқына келе Кеңес өкіметіне қарсы қарулы кө­теріліске ұласқан. Мұның негізгі себептері – ауыл шаруа­шылығын күштеп ұжым­дастыру, орташаларды, кейде тіпті кедейлерді де кулактар қатарына қосып, мал-мүлкінен айыру, дінге тыйым салу. Әсіресе, Қы­зылорда, Маңғыстау, Ақ­төбе өңірлерінде халық ұжымдастыруды құпта­май­тынын білдіріп, көптеп бас көтерді. Біздегі Қарақұм, Қызылқұм, Асандар көтері­лістері кеңес өкіметінің аван­тюристік шараларына қар­сылық түрінде өрбіді. Бірақ бұлар «антикеңестік» деп бағаланған жоқ.


Шаруалар сонда нақақ­тан-нақақ сотталды ғой…


– Кеңестік әміршілдік жүйеге қарсы қарулы қақ­тығыстардың бірі – Қарақұм көтерілісі. Құрамында Қазақ орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары Әліби Жангелдин, жазушылар Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов, тағы басқалар бар мемлекеттік комиссия Қара­құмға келген. Ақса­қал­дарды жинап, келіссөздер жүргізген. Қару-жарақты тап­сыруға көндірген. Сөйтіп, біртіндеп бейбіт өмірге орала бастағанда ОГПУ үкіметтік комиссияның шешімін күтпей, көптеген адамды «жиналыс өткіземіз» деген желеумен Аралға жинаған. Сорақысы сол, олардың арасында қақтығысқа қатыспағандар да бар. Кейін бір вагонға тиеп, Алматыға апарып, жайратып салған.


Аралдың Бөген ауылында бір ақсақалды «халық жауы» деп ату жазасына кескен. Айыптау үкімдерінде бірнеше адамның өліміне қатысы бары келтірілген. Бірақ ол әлгілердің кім екенін де білмеген. Не үшін сотталғанын өзі түсінбеген. Жауап түгел орыс тілінде алынған, аудармашы болмаған. Малдың соңында жүрген қазақ оны қайдан ұқсын?! Ендігі бір қылмыстық істе айыпталушы соңына қол қойып, тұсына араб тілінде жазба қалдырыпты. Тіл білетін маманға көрсетсем, бұл оның «менің кінәм жоқ» дегені екен.


– Сталиндік саясаттың дәл қазақтай азабын тарт­қан ұлт жоқ сияқты…


– Қазақтан бөлек, украиндар да репрессия зардабын көп тартты. Кеңес өкіметіне Украинаның еті, біздің егініміз керек болды.
Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен


Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<