Несие төлеу мәдениеті қалыптасуы керек

4511

0

Сурет ашық дереккөзден

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2024 жылдың 1 сәуіріндегі дерегіне сүйенсек, жалпы тұтынушылық қарыз сомасы 14,2 трлн теңгеге жетіп отыр. Елімізде 8,4 млн адам тұтынушылық несие алған. Ал 1,5 млн адам банк алдындағы борышын уақытылы төлей алмай жүр.

Рас, қазір екінің бірінің басында несие бар десек болады. Көбі оны төлей алмаған жағдайда неге әкеп соғарын ойлай бермейді. Мұны бір жағынан мәжбүрлік деуге келетін шығар. Әйтседе, қарыз мәселесінде төлем қабілетіне, зардабына басқатыра бермейміз. Заңгер Нұрсұлтан Байменовпен сұхбатымыз жауапкершілігі зілбатпан несиет өңірегінде өрбіді.

– Өткенде әлеуметтік желіде «банк ұсынатын келісім-шартты оқисыз ба?» деп сауал жолдаған едім. Жауап бергендердің тоқсан тоғыз пайызы оқымайтынын жазды. Осының заңдылығын айтып беріңізші. Оқыған күнде не нәрсеге мән беруіміз керек? Келісім-шартты бұздырып, қайта жасатуға бола ма?

– Адамдардың көбі бөлімшелерде шартпен мұқият танысуға құлықсыз. Бірақ бұл немқұрайлы қарайтын нәрсе емес. Ақша жүрген жерде жауапкершілік болуы керек. Келісім-шарт банктердің ресми сайттарында тұр. Сондықтан несие алу үшін бөлімшеге бармас бұрын шартты және басқа қажетті құжаттарды үйде асықпай зерттеп-зерделеу қажет. Оған қол қойғаннан кейін «сақтандыру сомасы көп сияқты, тұрақсыз айыппұл мөлшері төмен болғанымен, есесіне сыйақыны жоғары етіп көрсетіпті» деп сан соғатындар кездеседі. Болары болып, бояуы сіңгесін өкінгеннен пайда жоқ. Шартқа қол қойғасын ешкім міндеттемеден босатылмайды. Ақыл-есі кем, есірткіге тәуелді дегендей белгілі бір топтағылар болмаса, келісім-шартты бұзуы екіталай. Келісім-шартты ешкім ойдан шығармайды. Қазақстандағы коммерциялық банктер мемлекет тарапынан Ұлттық банк арқылы қатаң қадағаланады. Банктер өздерінің банк қарызының шарттарын Ұлттық банк шарттарына сәйкес құрастырады.

– Несие пайызы кейде банк белгілеген мөлшерден жоғары көрінеді, неге?

– Мысалы, банк 7 пайыз дегенмен, сыйақы мөлшерін арттырып көрсетуі мүмкін. Себебі осыған байланысты. Келісім-шарт талабы көңіліне жақпаған адам басқа банкке жүгіне алады.

– Сақтандыруға келісу міндетті ме? Ол не үшін керек? Сақтандыру сомасын екі апта ішінде қайтаруға болатыны рас па?

– Сақтандыру ерікті және міндетті нысандарда жүзеге асырылады. Міндетті түрі бойынша адам жазатайым жағдайға түскен немесе қайтыс болған кезде міндетті түрде сақтандыру сомасын қайтарып ала алады. Сақтандыру сомасы туабітті, созылмалы ауру салдарынан көз жұмған жағдайда қарастырылмайды. Шартта көрсетілген ақшаны құжат өткізсе болды, аты-жөні жоқ, қайтарып бере салмайды. Адамның қайтыс болу себебін жан-жақты зерттеп-зерделейді. Тәжірибемде сақтандыру компаниясы жазатайым оқиға кезінде көз жұмған тұрғынның несиесінің өтелмеген бөлігін төлеп берген жағдай болды. Ерікті сақтандыру шартына банк клиенті қол қоймаса да болады. Несие алушы сақтандыру сомасының белгілі бір бөлігін келісім-шартта көрсетілген мерзімде қайтарып ала алады. Бірақ көбі оны оқымайды немесе ұмытып кетеді.

– Жақын-жуығына өз атынан несие әперіп, ақыр соңында өзі сорлап жүргендер бар. Оларға қандай кеңес берер едіңіз?

– Үшжақты шарт болмаған соң несие алдырған адам міндеттемеден босатылады. Адамгершілікпен кінәсін мойындап, өзара келісіп, қарызын жауып жатса, құба-құп. Ал адамгершілшіктен айнып, төлемей қойса, соттасудан басқа амал жоқ. Ол үшін мессенджер арқылы сөйлескен аудио, мәтіндік хабарламаларды нотариалды түрде куәландырып, айғақ ретінде ұсыну керек. Баяғыдай қолхат жаздырып алу міндетті емес. Дауасы – ешкімге несие әпермеу.

Сонымен қатар көпшілікке сенімді адамына ғана кепілгер (гарант) болуға, лажы келсе, ешкімге кепілгер болмауға кеңес берер едім. Несие алушы өзі төлей алмаса, кепілгер төлейді. Одан отбасының тыныштығы, жұмыстың пәтуасы кетеді. Осы жағын жақсылап ойлану керек.

– Банктен «Пәленше деген туысыңыз сіздің нөміріңізді тіркеткен» деп мазалайды. Ондайда не істеуге болады?

– Расымен танысаңыз, «иә, танимын, ескертемін» деп жауап берген жөн. Банк қызметкерлері еріккеннен хабарласпайды. Әйтпесе, солар ескертусіз сот актісін шығартып алып, алты ай оның орындалуын күтіп, нәтиже шықпаған жағдайда борышкерді әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тарта алады. Бірақ банктер ондайға барып жатқан жоқ. Несиені төлеуден қашып құтылам деген – бос әурешілік. Несие төлеу мәдениеті қалыптасуы керек. Банктен мазалағанын қаламасаңыз, колл орталығына хабарласып, өзіңізді тізімнен алдырып тастай аласыз.

– Ал коллекторлардың «үйіңізді тартып аламыз, пәлен-түген» деп қорқытуына негіз бар ма?

– Коллектор – банктің несиесін сатып алушы заңды тұлға. Оған клиенттер туралы бүкіл дерек ұсынылады. Сотқа дейін ескерту жұмысын жүргізеді. Одан кейін сотқа беріп, қарызды өндіруге жұмыс істейді. Қазақстанда екінші деңгейлі 17 банк, 201 шағын несие ұйымы тіркелген. Облыста 17 банктің бес-алтауы ғана жұмыс істеп тұр. Оларға борышкердің соңында өздері жүргенше бұл істі коллекторға тапсырған ыңғайлы.

Коллектор хабарласқанда қорқып-үркудің қажеті жоқ. Конституцияға сәйкес адамды дүние-мүлкінен тек төтенше жағдай, соғыс жағдайы кезінде және сот шешімі негізінде ғана айыра алады. Одан бөлек біреудің үйіне баса-көктеп кіруге, мүлкінен айыруға ешкімнің құқығы жоқ. Коллектор алдымен ескертуі керек. Сот шешімі шыққасын оны сот орындаушыға өткізеді. Белгіленген мерзімде орындалмаса, сот актісінің тәртібін өзгерту туралы шешім шығарта алады.

– Онлайн-несие шыққалы алаяқтардың араны одан сайын ашыла түскен сияқты. Күмәнді қоңырау кезінде адам өзін қалай ұстауы керек? Онлайн несиенің қаупі неде?

– Үйленгендеріне екі ай да өтпеген келіншек күйеуін қарызға батырған оқиға болды. Жолдасы жолсерік екен. Күйеуі жұмысқа кетерде «менікі жұмыс істемей қалды» деп телефонын алып қалған. Мұның ойында ештеңе жоқ, алаңсыз жолға шыққан. Банк карточкасын да үйде қалдырып кеткен. Сөйтсе, әйелі банк арқылы күйеуінің атынан 2 млн теңге рәсімдеп, карточка арқылы банкоматтан ақшаны қолма-қол алған. Үйге келгесін енесімен ұрысып, соны сылтау етіп затын жинап, үйден кетіп қалған. Жолдан келген күйеуі мойнында несиесі барын арада бір ай өткенде банктен қоңырау соққанда бір-ақ білген. Әйелдің банкоматтан ақша алған сәті түскен видеодан басқа айғақ болған жоқ. Барлық жерде күйеуінің электронды цифрлы қолтаңбасын пайдаланған. Сондықтан телефонды да ешкімге беруге болмайды.

Алаяқтарға көбіне егде жастағы кісілер ұрынып қалады. Қол қоймаған, өзі рәсімдемеген, өзі алмаған несиеге байланысты сот арқылы дауласа алады. Онлайн несиені өз басым құптамаймын. Оның тиімсіз жағы – қандай пайыз, қандай сыйақы белгіленгені несие берушіге ғана белгілі. Өсімпұл төлеу мерзіміне де көп адам мән бермейді. Қарызымнан толық құтылдым деген адамның 500 теңгесі үш айда 20 мың теңгеге жеткені бар.

– «Несие тарихын түзетіп беремін» дейтіндерге сенуге бола ма? Банктің «қара тізіміне» адамдар қалай ілінеді? Одан қалай шығады?

– Несие тарихын өзгертіп беремін дегенге өз басым сенбеймін. Ол дұрыс болуы үшін айлық тұрақты, кемінде алты ай бойы зейнетақы жарнасы түсіп тұрған болуы керек. Банктің «қара тізімі» деген ұғым еш жерде жоқ. Несие беру-бермеу мәселесін әр банк өзінің ішкі тәрбіне қарай бекітеді. Адамдар өзін «қара тізімнен» шықтым деп ойлайды. Бірақ ондай тіркесті еш жерден таппадым. Бұл – жұрт арасындағы жәй сөз.

– Несиені өтей алмағанда банк қандай заңға сәйкес шотты бұғаттайды? Оны клиентке алдын ала ескертуге міндетті емес пе?

– Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер өзара меморандум жасасқан. Меморандумның бір-біріне жәрдемдесу туралы тұсы бар. Мысалы, несиені бір банктен, айлықты екінші банктен аласыз. Несиеңіз төленбесе, меморандум тәртібіне сәйкес жалақы беретін банк жалақыңыздың белгілі бір бөлігін ғана бұғаттайды, қалғаны қолыңызға тиеді.

– Ерлі-зайыптының бірі қарызға батса, ортақ мүлік қалай есептеледі?

– Ендігі жерде несие сомасы 3,7 млн теңгеден артық болған жағдайда ерлі-зайыптылардың өзара келісімі болуы міндеттеліп отыр. Ортақ мүлік болса, соның есебінен төленеді. Ерлі-зайыптылардың бірінің келісімі болса, соның жалақысынан ұсталады. Ал келісімінсіз алғаны үшін, төлеп беруге міндетті емес.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<