– Ләйлә Бегалықызы, биыл Елбасы Төрағалық ететін еліміздегі жетекші партиясының құрылғанына – 22 жыл. Мереке құтты болсын! Жалпы бұл аз да, көп те уақыт емес. Алайда, саны мен сапасы жағынан өзгелерден озық тұратын партияның ішкі жұмысы оқырманды қызықтыратындығы анық. Бір сәт елекке салып өтіңізші…
– 1 наурыз «Nur Otan» партиясы үшін оның құрылған мерзімі ретінде үлкен тарихи күн және партияның қалыптасу мен даму тарихы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Партия елімізде жетекші саяси күшке айналды, ауқымды реформаларды жүзеге асыруға атсалысты. 1998 жылы «Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдау жөніндегі қоғамдық штаб» қоғамдық бірлестігі құрылды. Сайлау қорытындысымен бұл бірлестік «Отан» саяси партиясы болып қайта құрылып, 1999 жылдың 1 наурызында бірінші құрылтай съезі өтті.
Сонымен бірге партияның құрылу тарихында біздің облыстың да алар орны ерекше. Республикада партия құру жайында үлкен мәселе көтерілген кезде Сыр бойындағы Қазақстан Республикасының Президентін сайлау жөніндегі облыстық қоғамдық штабтың белсенді мүшелері елімізде бірінші болып облыс, қала, аудандар жұртынан 5000 адам қол қойған ұсыныспен «Отан» партиясының алғашқы мүшелерінің тіркелуіне себепкер болды. Бұл дегеніңіз өңір тұрғындары белсенділігінің жоғарылығын байқатумен қатар ел өміріндегі саяси мәселелерге дұрыс ден қоятынын аңғартады.
Осы жылдардың ішінде партия өзінің қалыптасуы мен дамуы үдерісінде жеңістерге жетелеген қиын жолдардан өтіп, соған қарамастан елдің жетекші саяси күшіне айналды. Халықтың партиясы мен елдің ең бұқаралық және ықпалды саяси күші ретінде қалыптасты.
Қазіргі таңда «Nur Otan» партиясы – біздің облыстың өзінде 1 аймақтық, 11 аумақтық филиалы, 44147 мүшесі, 239 бастауыш партия ұйымдары мен мәслихаттардағы 152 мандаттың 126-сын иеленіп отырған фракция мүшелері мен мыңдаған жақтастары бар үлкен саяси күш. Бұл тұрғыда партия қатарына азаматтарды тартуда санға емес, сапалық жағына үлкен мән беріледі. Бүгінде партия Жарғысы мен сайлауалды бағдарламасы партияның облыстық филиалының сан салалы жұмысының темірқазығына айналғаны уақыт шындығы. Оның ішінде, ішкіпартиялық жұмыс әрқашан да алдыңғы қатарда тұрады. Өйткені, ішкіпартиялық жұмыс – барлық партия құрылымдарының бет-бейнесін ашатын және іс-қимыл белсенділігін көрсететін айна.
Өңірде облыс, қала, аудандық мәслихаттарда партияның 9 фракциясы жұмыс істейді. Барлық мәслихаттардағы депутаттық фракция мүшелері халықтың әл-ауқатын жақсарту, экономиканың өсу қарқынын жеделдету, елді мекендердің инфрақұрылымын онан әрі қарай дамыту мақсатында өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешімін табуына жұмыс жасап келеді. Партия жанындағы консультативті кеңесші органдар жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Осы орайда партиялық бақылау комиссиясының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер мен партия жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің жұмысын ерекше атап өту керек.
– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бойынша қандай жұмыстар бар?
– Партия басшылығы алғашқы күннен өз алдына халықтың көкейіндегі проблемаларды шешудің тиімді жүйесін жасау және барлық жерде қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын күшейтуде зор міндеттер қойды. Осыған орай, тиісті іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл ретте тұрғындармен кері байланыс орнату олардың сеніммен бас тіреп келетін орны десек болады.
Қоғамдық қабылдау өткізетіндер қатарында облыс, қала, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары, басқармалар мен бөлім басшылары, облыстық, аудандық депутаттық фракция мүшелері, филиал төрағаларының орынбасарлары бар. Сонымен қатар облыс, қала, аудан прокурорлары, Әділет департаменті басшысы және т.б. құқық қорғау органдары жетекшілері де тұрақты түрде азаматтарды қабылдау жүргізеді.
2020 жылы партияның облыстық, қалалық және аудандық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 12510 жеке және заңды тұлғадан өтініштер түсіп, оның 9150-і яғни 73%-і оң шешімін тапса, 3333 өтінішке түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 22 өтініш қаралу үстінде.
Ал, осы жылдың 2 айында партияның облыстағы филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 401 азамат өтінішпен келіп, оның 181-і яғни, 45 проценті оң шешімін тапқан, 192 азаматқа құқықтық кеңес берілген. Сондай-ақ, 28 өтініш зерделеніп жатыр. Бұл дегеніміз – халықтың партияға деген үлкен сенімінің көрінісі. Алдағы уақытта қоғамдық қабылдау жұмыстарын бастауыш партия ұйымдарында да өткізу қолға алынатын болады. Ең бастысы, бірде-бір өтініш қараусыз қалмайды. Эпидемиологиялық жағдай ескеріле отырып, қабылдау онлайн форматта да өткізілуде.
– Әлеуметтік топтарға бағытталған жобалар туралы айтыңызшы…
– «Nur Otan» партиясы құрылған күннен бастап-ақ, барлық мәселелерге дер кезінде назар аударып, келеді.
Әлемді шарпыған пандемия кезінде Елбасы бастамасымен жүзеге асқан «BIZBIRGEMIZ» акциясы аясында өңірімізде 29 мыңнан астам азаматқа 50000 теңгеден қаржылай, ал 15 мыңнан астам азаматқа азық-түлік, басқа да заттай көмектер көрсетілді.
Партия еңбек заңдылықтарында орын алған түйткілдердің шешілуіне де ықпал етуде. Мәселен, партиялық бақылау комиссиясының араласуымен еңбек құқығы бұзылған «АГМ-Табыс» ЖШС-ның 328 қызметкері жұмысына қайта оралса, мекеме таратылып, 5 ай жалақысыз қалған Қызылорда облысының балалар мен жасөспірімдерге арналған туберкулезге қарсы санаторий қызметкерлерінің айлық жалақылары өтелді. 100 қызметкері тұрақты жұмысқа орналасты.
Жаңақорған ауданы, Байкенже ауылы бойынша тұрғындардың ақпарат құралдарында көтерген таза ауызсу жөніндегі мәселесі партиялық бақылауға алынып, ауыл халқына таза ауызсу жеткізілді.
Партияның тікелей қолдауымен өңірдің солтүстік аудандары Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен мамандандырылған кестеге енді. Нәтижесінде өңірде әртараптандыру жұмыстары қарқын алып, республикалық бюджеттен жыл сайын 13-14 миллиард теңгедей қолдау көрсетілуде. Соның ішінде, алма, жүзім өсірумен айналысатын шаруалар шығынының 25 проценті субсидияланады. Облыстың 51 шаруа қожалығы партияның араласуымен 160 млн теңге көлемінде субсидияға ие болды.
Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылдық округіндегі 40 жыл жөндеу көрмеген апатты жағдайдағы «Жиделі» су қоймасын күрделі жөндеуге де «Nur Otan» партиясы ықпал етті. Бүгінгі күні жалпы ұзындығы 830 метрді құрайтын стратегиялық нысанның қаупі сейіліп, Жайылма, Сүттіқұдық ауылдық округтері тұрғындарының игілігіне берілді.
Алғашында 9, кейін 22 жобамен жұмыс жасаған партия қазіргі таңда нақты әлеуметтік топтарға бағытталған 6 бастамашыл жоба аясында жұмыс атқаруда.
«Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» партиялық жобалары аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар және балалардың құқығын қорғау мәселелері күн тәртібінен түскен емес.
«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында аймақтың ардагерлерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіліп тұрады. Бұл шараларға белсенділер, бастауыш партия ұйымының төрағалары және «Jas Otan» мүшелері атсалысуда.
Партия бастамасымен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен «Евразия», «Мұз айдыны» және «Теннис орталығы» спорт кешендеріне әлеуметтік аз қамтылған 80 отбасының балаларына тегін спорттық секцияларға сертификаттар табысталды. Ал басқа санаттағы отбасы балаларына 50 проценттік жеңілдік көзделген.
– Биылғы сайлау ерекше сипатта өтті. Депутаттар құрамы жаңарды. Өзіңіз облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісісіз. Жалпы сайлауға дейінгі праймериз, фракцияның жаңа құрамы, алдағы міндеттер төңірегінде айта отырсаңыз…
– Елбасының «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» бағдарламасы аясында партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі негізінде праймериз өткізілді.
Бұл жаңа саяси мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, қоғам белсенділерімен қатар қарапайым азаматтардың саясатқа араласуына жол ашты. Облыстан праймеризге 501 үміткер қатысып, бақ сынасты. Халықаралық тәжірибеде мойындалған партияішілік ашық іріктеу тәсілі жалпы жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды.
Праймериз арқылы іріктелген 235 үміткер облыстағы 281 партияластар қатарында сайлауда бақтарын сынады. Осылай «Nur Otan»-ды «қайта жандандыру» бойынша алға қойылған міндеттер орындалды. Соның ішінде облыстық мәслихаттағы 33 мандаттың 27-сі «Nur Otan» партиясы еншісінде. Осыған орай «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының қаулысымен облыстық мәслихатта партияның фракциясын құру туралы шешім қабылданды.
Облыс бойынша мәслихаттардағы депутаттық фракциялар құрамы 67,5 процентке жаңарды. Жаңа құрамның 47,6%-і әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастардан тұрады.
– Ләйлә Бегалықызы, сырт көз сыншы демей ме? Шынында, өзіңіз айтып өткен биылғы сайлауға «Nur Otan» партиясы үлкен дайындықпен келген секілді…
– Дұрыс айтасыз. Бұл саяси додаға «Nur Otan» партиясы үлкен дайындықпен қатысып, жеңіске жетті. Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияны қайта жаңғырту бағытындағы тапсырмалары орындалып, жүйелі жұмыс атқарылды. Республика бойынша 216 сайлауалды бағдарлама әзірленді. Бірде-бір облыс, қала, аудан бағдарламадан шет қалған жоқ. Сайлауалды басымдықтарымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында халықпен, оның ішінде шалғай елді мекендер тұрғындарымен жан-жақты талқылау қорытындысы бойынша дайындалды. Праймериз кезінде үміткерлеріміз Сайлауалды бағдарламаны жан-жақты таныстырды. Сол кездің өзінде біз азаматтардан 1000-ға жуық ұсыныс жинадық. Біз әрбір аудан, қаланың өзекті проблемаларын сараптап, оны бағдарламаға енгіздік. Мұнан бөлек, үгіт-насихат кезеңінде облыс бойынша сайлауалды штабтарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне тұрғындардан 616 ұсыныс пен аманат келіп түсті. Барлық ұсыныстардың 85%-і аймақтық бағдарламаларды бекіту кезінде ескерілді. Сондықтан Мәжіліс пен мәслихаттардағы басым мандатты иеленуші партия ретінде сайлау алдындағы уәделерді орындау мақсатында арнайы Жол картасын бекітіп отырмыз.
– Осы Жол картасының көтеретін жүгі туралы тарқатып берсеңіз…
– Қалай дайындалды дегенге келсек, бұл – бір күндік немесе бір айлық жұмыс емес. Мұның арғы жағында терең талдау жұмыстары тұр. Аймақтың көзге көрініп тұрған проблемалары ғана емес, жоғарыда атап өткен тұрғындардың барлық ұсыныстары негізінде дайындалды. Негізгі міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру, өңірді дамыту.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын таныстырғанда бізге нақты міндеттер жүктеді.
Алдағы 5 жылды қамтыған облыстық Жол картасында барлығы 611 көрсеткіш және 1776 іс-шара бар. Аталған шаралар арасында жыл сайын 1000-ға жуық отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету, аз қамтылған отбасылардан шыққан 3,5 мың студентке қоғамдық көліктерде жол жүруге әлеуметтік көмек бөлу, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылуын 81%-ке дейін арттыру, балаларды инклюзивті біліммен қамтуды 100%-ке жеткізу, «Жас кәсіпкер» және «Бастау бизнес» жобасы бойынша 3 мың жасты жыл сайын оқыту, жастардың жұмыссыздығын 3,9%-ке төмендету, 9-дан астам инвестициялық экспортқа бағдарланған жобаларды жүзеге асыру, 5 жылда 67 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту, жыл сайын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында кем дегенде 40 кәсіпкерге жеңілдетілген несие беру, жергілікті маңызы бар 578,9 шақырым жолды күрделі және орташа жөндеу, 24 жаңа денсаулық сақтау нысаны мен 12 жаңа мектептің құрылысын жүргізу және аяқтау, өңір жұртшылығын сапалы жол, таза ауызсу, «көгілдір отынмен» қамту мәселесі бар.
Жол картасына енген әрбір іс-шараға нақты индикаторлар қойылған және олардың мерзімінде сапалы орындалуы үшін жауапты басқармалар мен депутаттық фракция мүшелері бекітілді.
Бүгінгі күні партияның депутаттық корпусы бұл жұмыстарды іске асыруға кірісіп кетті.
Әңгімелескен М.СНАДИН
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<