Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толмақ. 22 мың қазақ қатысқан онжылдық майданның ашуға тұрарлық сыры көп. Қазір елімізде 10 мыңға жуық Ауған соғысының ардагері бар. Соның бірі – майдан даласына 1987 жылы аттанған Нұрсұлтан Ибадуллаев. Атаулы датаның тұсында біз ардагермен сұхбат құрып, өткен өмірінің парақтарын ақтарған едік.
– Сұрапыл соғысты көзбен көргендердің бірісіз. Бәрін басынан бастасақ, майдан даласына аттанған кезіңізді баяндап берсеңіз?
– 1986 жылы 10 сыныпты аяқтап, Томск қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түстім. 1-курсты бітірген кезде аяқасты әскерге шақыртылдым. Шынын айтқанда, бізге «Ауған жеріне барасыңдар» деп ешкім айтпады. Сапқа тұрғызып, 50 жігітті таңдап алды. Елуінші мен болдым, алдында таңдалған 49 жігіттің бәрі орыс ұлтынан. Одан жан-жақтан іріктеліп алынған жігіттерді Жаңасібірге жинады. Ол жерде тағы 50 жігітті іріктеп алды, оның қатарына да жалғыз қазақ болып мен алындым. Бұдан кейін Ферғана қаласындағы үлкен әскери оқу орталығына алып кетті. Әуе десанты күштеріне алынып, 1 ай бойы жаттығудан өттік. Ізін ала Түркіменстанның бұрынғы Красноводск қаласына әкелді. Осындай жаттығулар бітпейтіндей көрінген. Себебі Красноводсктан кейін Грузияға, Арменияға бардық. Соңында Каспий теңізі арқылы қайтадан Ферғанаға табан тіредік. Бір күні генералымыз келді де сапқа тұрғызып, «Ауғанстанға бармайтындарың бір қадам алға» деді. Міне, осы кезде ғана не үшін тоқтаусыз дайындықтан өтіп жатқанымызды білдік. Орнымызда 12 адам қалдық, қалғанының бәрі бір қадам алға шықты. Сөйтсек, қайдан естігенін білмейміз, алға шыққандардың ата-аналары Ресейдің түкпір-түкпірінен іздеп келіп тұр екен. Қалғанымызды ұшаққа отырғызды да, Ауғанстанға бір-ақ түсірді. Алғашында 1-2 апта жүрдік, көп ұзамай Магистрал әскери операциясына алып кетті. 3234 метр биіктікте орналасқан Хост провинциясына жөнелтті. Барлық оқ-дәріні артып, БТР-80 көлігімен екі күндік жолға шықтық. Біздің қызметіміз – тауда жатқан әскерге керек-жарағын жеткізіп отыру. 1988 жылы Кеңес әскерін Ауғанстаннан шығарады деген хабар жетті. Сол жұмыстардың бәрін бізге сеніп тапсырды.
Жоғалған естелік
– Майдан даласында есте қалар сәттер көп болғаны анық. Бірнеше оқиғаны айтып бере аласыз ба?
– Қарауындағы аймақтарды тастап шығып жатқан сарбаздар тізбектеліп, үлкен колонна құрады. Бізді жол бойында 15 жігіттен бөліп, әр жерге қалдырады. Колоннаға ешкім оқ жаудырмай, аман-есен шығуын күзетеміз. Сөйтіп бір күні колоннаны шығарып келе жатқанда алдағы машиналардың өртеніп жатқанын көрдік, гранатомет тиген екен. Оны жау жағы көрінбейтін қалыңның арасынан атқан. Алдағы көліктер өртеніп жатқанда колонна жылжи алмайтыны түсінікті. Содан жан-жағымыздан оқ жаудыра бастады, 1,5 сағат бойы тұралап қалдық. Мен тек автомат қолданатын сарбазбын, миномет ататын сарбаздар артта қалып қойған, бері жақындай алмайды, оның үстіне қарулары бізде қалған. Амал жоқ, қолымызға минометті алып, жау жақты жобалап ата бердік. Бір кезде минометті оқтау үшін жәшікті ашып, минасын салып бұрыла бергенімде оң жақ иығымнан біреу қатты ұрғандай болды. Құладым, қайта тұрайын десем қолым көтертпейді. Осы кезде колонна тоқтап қалмас үшін танкілер алға шығып, жолда өртенген көліктерді шетке аударып тастап, жол ашқан еді. Әскери бөлімге әрең жеттік, енді қолым шыдатпай ауыра береді, бірақ оқ тиген ештеңе жоқ. Бір кезде командиріміз шақыртты, мен білмеймін, бронды кеудешемді келгенде шеше салғанмын, ол кісі майдан кезінде оқ тигенін байқап, бөлімге келгенде кеудешені ашып қараған екен. Арасына оқ тұрып қалыпты. Бір қызығы, оқ біз қарсыласып жатқан жақтан емес, арттан келіп тиген, мерген қаруының оғы екен. Командирім қолыма ұстатып, «сақтап жүр» деді. Бір әттеген-айы, елге келгенде көшіп-қонып жүріп сол құнды естелікті жоғалтып алдым.
Әлі есімде, 1988 жылдың 25 мамырында Кандагардан шығып келе жатқан кезіміз. Жолда тоқтап, тыныққан сәт. БТР-дың үстінде отырсам, оншақты жергілікті тұрғын қаптап келіп, шөпті жұлып жүр, бірақ жинамайды. Дүрбімен қарасам, орады, алайда жинамайды. Бізді білмейді деп ойласа керек, шөп орған адам жинап алады емес пе, олар тастап кетіп жүр. Ақыры бұлаққа қарай кетті, бірақ қайтадан кері қайтқанында байқасам, бір адамы кем. Аңдып барсам, жалғыз адам дәрет алған ұқсап аяғын жуып отыр, жан-жағына көз жүгіртіп қарай береді. Командирге барып, бәрін айтып ескерттім, түнде келуі мүмкін екенін болжадым. Командирім олардың жай жергілікті тұрғындар екенін, тыныш жүруімді бұйырып, тыйып тастады. Ақыры айтқанымдай болып түнгі үштерде жау шабуыл жасады. Әбден зерттеген екен, қарулы көліктер жағынан емес, азық-түлік артылған машиналар жақтан ұрыс бастады. Олар бұлақ жақтан келген, ойпаңдау жерден атып тұр, оқтары біз жаққа тиеді, ал біз атсақ төбелерінен өтіп кетеді. Ал танкімен атайын десек екі ортада азық-түлік артылған өзіміздің машиналар тұр. Қырғын майдан болып, таңғы 5-ке дейін арпалыстық. Еліне енді қайтқалы отырған 3 сарбаз жарақат алды. Таңда жатырмын, ештеңе естімеймін, тек машиналардың өртеніп жатқанын білемін. Тікұшақтар келіп әскери госпитальға апарып, оншақты күн ем алдым.
Бейбіт күннің баяны
– Кеңес әскері Ауған жерінен шығатынын естігенде қандай күйде болдыңыз? Қарсы тараптың кері қайтатынын естіген жау жағы да тынбай шабуылдаған болар?
– 1989 жылдың 4 қаңтарында Кабулдан шықтық. Барлық әскердің бәрін алдымызға салып келе жатырмыз, артымызда бірде-бір Кеңес әскері жоқ. 15 ақпанда 2 мың әскер Термизге жеттік. Енді қару-жарақтың бәрін тапсырғалы отырғанда біздің взводты тағы алып қалды. «Неге?» десек, Белоруссияға әскери техникаларды жеткізуіміз керек екен. Ұзын эшелонға БТР, танкі, қару, бәрін артқан. Содан «бізден басқа сарбаз жоқ па, оның үстіне біз ең соңғы шықтық» дедік. Үйге қайтатын уақытымыз таяған, бірақ тыңдаған жоқ, амалсыз 9 күн бойы эшелонды қарауылдап Белоруссияға бардық. Бәрін басы бүтін өткізіп, әскери бөлімге кірейін десек, «Ауған жерінен барлық сарбаз 1988 жылы шығып қойған» деп кіргізбейді. «Біз енді келе жатырмыз» десем, сенбейді. Ақыры күтіп отырдық, әйтеуір ішінде бір Ауғанға қатысқан офицер бар екен, сол бізді көре сала құшақтап, кіргізді. Қаруымызды ешкім қабылдамайды, өйткені сақтайтын қойма жоқ, амалсыз автомат пен минаны арқалап жүреміз, солай асханаға барамыз. Бізді көріп сарбаздар таңғалып қарайды. Сарбаздар асханада тамағын кезекпен алады екен, біз далада жүріп ондайды көрмеген, түсінбейміз. Бірінші, екінші тағамын, шырынын, алмасын береді. Соғыстан келген бізге сол жер жұмақ секілді көрінді. Ал іштегі сарбаздар қаруымызға таңырқап қарайды, ұстап көреді, «шын қару ма?» деп сұрайды. Менің қаруым АК-74, 862624 нөмірлі автомат болатын, әлі күнге ұмытпаймын, себебі 2 жыл бойы ол қару қолымда болды, бір мезет те тастауға болмайтын. Өзінде 30 оқ ғана бар, атыс кезінде лезде таусылады, қайта оқтау уақыт алады, біз оған пулеметтің екі магазинін қатарластыра байлап салып, 90 оқ қылып қоямыз. Не керек, әйтеуір 1 аптадан кейін қаруымызды жинап алды. Тағы екі ай болып, содан соң армандаған елге оралдым.
– Қазір әскерден оралған жастардың өзі азғантай уақыт қоғамды жатырқайтындарын айтады. Ал сіздер соғыстан келгенде күнделікті тіршілікке тез бейімделе алдыңыздар ма?
– Айтып отырғаның рас дүние. Ауғанстанда бір ізбен жүруге үйреткен болатын, барлық сарбаз бірінің артынан бірі жүреді. Жарты метр ауытқып кетсең, жолдың шеті түгел мина. Сосын жерде жылтырап жатқан кез келген затты алуға болмайды. Астына сым байлап қойған, көтердің бе, бірден жарылады. Талай жігіт қолынан, саусақтарынан айырылды. Елге оралған соң қауіпсіз жерде жүргенімді білетінмін, бірақ майданда қалыптасқан дағдыларды көпке дейін ұмыта алмадым. Жазда аулада алма піседі, бірақ барып ала алмаймын. Ойға сіңіп кеткені сонша, алманы барып алайын десем жарылып кететін сынды. Үйдегілер бұл қылығым үшін ұрысты. Қай жерде жүрсем де тек жолмен жүрем, шетке шығып кету деген атымен жоқ. Қораға кірген малды айдап шығара алмаймын. Осылай бір жыл әуреге түскенім бар.
– Елге келгеннен кейін бірнеше қызмет атқарған екенсіз?
– 1991 жылы қалалық полиция басқармасының патрульдік қызметіне қатардағы милиция болып жұмысқа алындым. Одан соң инспектор болдық, майорға дейін көтерілдік. 21 жыл бойы қызмет атқарып, 2012 жылы зейнетке шықтым.
– Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс тұсында «жоғалған ұрпақ» деген түсінік қалыптасты. Ал сіз Ауған жеріне барғандарды да бұл санатқа қосар ма едіңіз, не дегенмен олардың да жастық шағы ұрланды емес пе?
– Ауғанстанға барғандардың көбі 18-20 жас арасындағы бозбалалар еді. Басымнан өткесін айтамын, соғыс адамды тым ерте есейтеді. Өмірінің бастапқы кезеңдері қорқынышпен өтеді. Қай жерде оқ тиеді, қай жерде өлемін деген ойлар маза бермейді. Майданда жастар бір-бірінің бетіне күліп қарай алмайтын, ұйқы деген жаратылыстың сыйлаған рахатын толық сезінбейтін. Ешкім олардың тамағы тоқ па, ұйқысы қанық па, сұраған жоқ. Сарбаздар минаға түсіп қайтыс болып жатады. Басшылар тек «осындай оқиға болды, сарбаз өлді, байқаңдар» дейді де қояды. Ешкім ол үшін қайғырып, солай болыпты-ау деп жатпайды. Әр күн үрей еді, таң атады, қашан кеш батады екен дейміз, қараңғы түссе қашан таң атады деп жатамыз. Әркім өз өмірі үшін ғана қайғырады, не жасырары бар, ұзын колоннаға шабуыл жасалып, аласапыран болып, алға жылжи алмай жатқанда «қашан жылжимыз» деп жылаған кездер де болды. Бұрынғылардан көп көрдік демейміз, бірақ талайдың жастығы бүлінгені анық.
– Майданда бірге жүрген достарыңызбен қазір араласып тұрасыз ба?
– Әскер қатарында жолдас болған көптеген таныс жігіт болды. Әуелде хат алмасып тұрғанымызбен, Кеңес одағы тарқаған соң хабарсыз қалдық. Менің жанымда қазақ жігіттері болмады, бәрі орыстар еді. Ал қазір олардың қайда екенін, қандай өмір сүріп жатқанынан бейхабармын.
– 20-30 шақты медаль мен ордендеріңіз бар екен. Сіз үшін ішіндегі бағалысы қайсы?
– Мен үшін ең бағалы медальдардың бірі – Кеңес одағы тұсында берілген «Ерлігі үшін» медалі. Екі рет алдым, біріншісін 1988 жылы берді. Екіншісі менің атыма 1989 жылы жазылған екен, бірақ 20 жылдан кейін қолыма тиді. Неге десем, мені кезінде тұрғылықты жерім бойынша Томск жерінен барған сарбаз деп көрсетіпті. Алайда ол жерден мені таппаған. Медаль ұзақ жатып қалған соң ұлтым арқылы іздеген екен. «Қазақ» деп көрсетілген соң Астанаға қарай жөнелткен. Астанадағылар мені тауып, 2009 жылы табыстады.
– Талай адам майданда арпалысты, ал түйінінде соғыста кім жеңді, кім не ұтты деп ойлайсыз?
– Ол майданда расымен жеңген де, жеңілген де тарап жоқ. Ауғанстан сол орнында қалды, ешкім әкеткен жоқ. Кеңес одағына дейін де талай державалар ол жерді ала алмаған. Бізді бар болғаны қара халықты қорғайсыңдар деп аттандырды. Алайда провинциясы өте көп, өз басым өзбектерді көп ұшыраттым. Балалар білім алмаған, оның үстінде ес білмей жатып үйіңді қорға деп қару ұстатып өсіреді. Сондықтан қолында қаруы бар 5 жастағы баласының не істейтінін білмей, сескенесің. Олар сенің бөтен екеніңді, жеріне кіріп тұрғаныңды сезеді. Әйтеуір, сол күндерді бастан кештік, өтті-кетті.
Қазір Құдай бұйыртқан жарым, 1 қызым мен 3 ұлым, 2 немерем бар. Әйелім педагогика ғылымының докторы. Барымызды салып, қолдан келгенше бала-шағамызды осы күнге жеткізіп отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Мадияр Төлеу,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<