Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың «Эксклюзив» бағдарламасына сұхбаты

2193

0

Мұнда аймақ басшысы әйел адам, бұл бірден көрініп тұр деп ойласаңыз, мүлдем қателесесіз. Себебі, бұл жылтырлақтардың барлығы Гүлшара Әбдіқалықова аймақ басшысы болып тағайындалғанға дейін де көп бұрын болған.


Дегенмен, Қазақстан тарихындағы алғашқы әйел облыс әкімінің мұнда әйелдік мәселелермен айналысуға тіпті уақыты жоқ. Газдандыру, сумен жабдықтау, интернетке қол жеткізу деген сияқты проблемалар жетерлік. Өкінішке қарай, пандемия басталғаннан бері олар көбеймесе, азаймады. Қазақстан тарихындағы тұңғыш әйел облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға өз сұрақтарымызды қою үшін бүгін біз Қызылордаға ұшып келдік.

Руслан Идрисов: – Гүлшара Наушақызы, Сізді Қызылорда облы­сының басшысы етіп тағайындағанын білгеніңізде қандай күйде бол­ғаныңызды бірден түсініп алсам деймін. Өйткені, бұл Сіздің туған облы­сыңыз, туған жеріңіз. Аймақты бас­қаруға, оның проблемаларымен айна­лысуға келгенде қандай сезімде болдыңыз?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Біз енді мемлекеттік қызметкерлерміз, әрқашан дайын болуымыз керек. Мемлекет басшысы қайда бар десе, сол жерге баруымыз және өзімізде бар тәжірибені қолдануымыз қажет. Сезім қандай болды дейсіз бе? Біріншіден, бұл өте жауапты сәт еді. Дәл сол кез елімізде төтенше жағдай жарияланды.

Руслан Идрисов: – Сіз тағайын­далғаныңыз туралы төтенше жағдай жарияланғанға дейін білдіңіз бе?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Төтенше жағдай кезінде. Сондықтан, мен мұның қандай үлкен жауапкершілік екенін түсіндім. Мұнда коронавирус өрши бастағанда келдім. Бір жағынан, менің туған жерім. Бұл жерде көбін білемін. 90-шы жылдары осы өңірде еңбек жолын бастадым. Әлеуметтік салада жұмыс істегендіктен, көптеген ақсақалдарды білуші едім. Мен сол кезде бірге еңбек еткен адамдар бүгінгі күні де еңбек етуде не зейнетке шықса да, қоғамдық жұмысқа қандай да бір үлесін қосуда. Сол себепті, екінші жағынан, қолайлы еңбек етем деп ойладым, қолдау сезіледі. Туған жеріңнің топырағы да ыстық дейді ғой.

Руслан Идрисов: – Дегенмен, біз Сіздің тарихымызға облыстың тұңғыш әйел басшысы ретінде кіргеніңізді әрдайым түсінеміз. Және қандай аймақ? Еліміздің солтүстігінде емес, оңтүстігінде. Дәстүрге берік өңірде. Қоғам тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде патриархалды екенін түсінеміз. Қазіргі таңда батыста саясаттағы әйелдерге оңай емес екенін көріп отырмыз. Ал, мұнда – тұтас өңірге басшылық ету. Бұл тұрғыда қандай да бір проб­лемалар туындаған жоқ па? Жалпы, Қазақстан саясатындағы әйелдердің гендерлік жағдайы туралы не ойлайсыз?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Бұл тұрғыда біздің елде гендерлік саясат жақсы дамуда. Менің соңғы жылдары комиссияны басқарғанымды білесіз. Парламентте де әйелдер саны артты. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде әйел министрлер де көп болды. Бірақ, әрине, облыс әкімі, аймақ басшысы ретінде бұл – бірінші рет. Мен үшін бұл өте жауапты. Екінші жағынан, менің бұрынғы айналысқан салама қарағанда бұл – кең ауқымдағы мәселелер. Бұрын әлеуметтік сала, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, білім беру болды. Енді мұнда экономика, шаруашылық мәселелері бар. Бұл ретте әріптестеріммен, орынбасарларыммен бірлесе еңбек етудеміз.

Руслан Идрисов: – Менің ойымша, адам жаңа лауазымға келгенде, жаңа қызметке ие болғанда, ол әр­қа­шан алдына маңызды мақсат қояды. Яғни, күнделікті өмірден басқа, Сіз­дің араласуыңызды қажет ететін алдын ала жоспарланбаған проблемалар, түйткілдер туындауы мүмкін. Гүлшара Әбдіқалықованың Қызылорда облы­сының басшысы ретіндегі негізгі мақ­саты қандай? Сіз не үшін осындасыз?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Мен бұл жайында ұзақ ойландым. Сұхбат барысында бізге шағын және орта бизнесті дамыту керектігін айттым. Қайта өңдеумен, жеке өндіріспен, жеке қолөнермен немесе кез-келген іспен айналысуды мүмкіндігінше дамыту. Міне, осыған көбірек назар аудару керек сияқты. Сонымен қатар, біз әрқашан қандай да бір қорға, мұнайға және басқаларына үміт арта беруге болмайды деп келеміз. Нақты сектормен көбірек айналысу қажет.
Бірінші­ден, біз мұнайлы аймақпыз. Қазіргі таңда мұнай өндіру төмендеп жатқаны белгілі. Егер 2011 жылы біз шамамен 11 млн тонна мұнай өндірсек, өткен жылы бар болғаны 5,6 млн тонна. Ал, биыл 4,2 млн тонна. Сіз құлдыраудың қалай жүріп жатқанын көріп отырсыз. Сол себепті, біз бұл тұрғыда әлі де төмендеуді күтеміз. Бұл – объективті себептер. Мұнайдың сарқылуы, азаюы байқалады. Десек те, бұдан басқа, әрине, экономикалық факторлар да бар. Мұнай бағасының төмендеуі. Егер 2011 жылы баға 120 болса, қазір 40-45 доллар.

Руслан Идрисов: – Міне, қызық, бұл мәселені әріптестеріңізбен қалай шешіп отырсыз? Яғни, экономиканың басқа салаларына көшуге қатысты. Бүгінде қарапайым заттар экономикасы туралы көп айтамыз. Қазіргі таңда Қызылорда облысында қандай дүниелер енгізіліп жатыр?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Бүгін ашығын айтсам деймін, биыл бізде мұнай өндіру ғана емес, жалпы инвестициялар бойынша да төмендеу болады. Өткен жылы, мысалы, республикалық маңызы бар ірі жобалар болды. Бұл Сарыарқа газ құбыры, бірнеше газ компрессорлық станциялар салынды. Күн электр станциялары – үлкен жоба еді. 140 миллиардтан астам құрады. Биыл мұндай жобалар жоспарланбаған. Осыған байланысты бізде инвес­тиция­ның төмендеуі байқалады. Биыл 230 млрд теңге көлемінде инвес­тиция салуды жоспарлап отырмыз. Сәйкесінше, егер инвестиция аз болса, онда құрылыс деңгейі төмен болады. Сондықтан, қарап отыруға болмайды. Әсіресе, мынадай уақытта.
Пандемия кезінде, алыс шетелдерді айтпағанда, басқа облыстармен қарым-қатынас жасау қиынға соқты. Біз көптеген өнімдердің жетіспейтіндігін түсіндік. Ал, кейбір аймақтарда, керісінше, бізде жоқ өнімдер артығымен бар. Осыны ескере отырып, зерттеу жүргіздік, жергілікті университет ғалымдарын, экономистерді тарттық. Біздің өңірге ең қажетті 70 азық-түлік тауары басқа аймақтардан әкелінетіні белгілі болды, олардың арасында импорттық өнімдер де бар.
Әрбір отбасындағы күнделікті тұтынылатын өнімдердің барлығын зерттедік. Мысалы, сары май. Бұл бәрінің дастарханында болуы керек. Жылына бір тұтынушыға 4,7 кг сары май қажет. Жергілікті жерде оның тек 0,9% өндіріледі, қалған 99,1% сырттан әкелінеді. Келесі, бір адамға жылына 0,5 кг маргарин қажет. Біздің өңірде оны өндіруші мүлдем жоқ. Макарон өнімдері енді өндірілді. Цех жуырда ғана жұмысын бастады. Оның өзі жеткіліксіз, небәрі 3,8% құрайды. Бұл – өте аз. Тапшылық 96,2% құрайды. Осы 70 түрлі аса күнделікті өмірге аса қажетті азық-түлік тауарларының барлығы дерлік сырттан тасымалданады. Сондықтан, арнайы жол картасын әзірлеп, түрлі бағдарламалар арқылы қолымыздан келгенше өзіміздің өндірістерді арттыруды қолға алудамыз. Бизнестің жол картасы, қарапайым заттар экономикасы арқылы бизнеске қайтарымды негізде қолдау көрсете алатын аймақтық инвестициялық қордың жұмысын кеңейттік. Мысалы, картопты Қостанай облысынан әкелеміз. Пандемия кезінде картоптың жетіспеуінен баға көтеріліп кетті. Сондықтан, картоп егісін кеңейтсек дейміз. Халық саны өскен сайын, қажеттілік те артады. Сондықтан, бұл алдымен тапшылықты қалай жоюға болатыны жайлы эконо­микалық қорытынды жасадық. Инвес­тиция тарту арқылы шағын шеберханалар, фабрикалар, түрлі жобалар құру қажет. Осы мақсатта ірі кәсіпкерлерді тарта отырып, 265 жоба жасадық.

Руслан Идрисов: – Мұның барлығы 2023 жылға дейін орындалады деп жоспарланған ғой. Қазірдің өзінде айтарлықтай нәтиже бар ма?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Бұлар­дың ішінде келесі жылы басталатын жобалар бар. Әлі де толықтырамыз, осы жобалармен шектеліп қалмаймыз. Бұдан бөлек тағы 500-ден аса жобаны қарастырып жатырмыз. Қазіргі уақытта мұның барлығына 271 млрд теңгені құрайтын инвестиция тарту қажет. Бұл жобалар жоба күйінде қалмайды деп сенеміз. Орындалуын қамтамасыз етеміз. Жергілікті билік тарапынан көмек көрсетеміз. Ешқандай кедергі болмауы керек. Қазір сол бо­йынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл дәл шағын және орта бизнесті дамытуға және экономиканы әртараптандыруға бағытталған.

Руслан Идрисов: – Пандемияның ал­ғашқы толқынынан кейін аймақтағы бизнестің ахуалы қандай? Қазір тұра­лаған кәсіпкерлер қалпына келіп жатыр ма? Сіз жергілікті бизнес элитасымен сөйлесіп тұрасыз ба? Олар не дейді?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Айма­ғымызда өндірістік құрылымдар тоқ­таған жоқ. Мұнай саласында қиын кезеңге қарамастан жұмысшылар жұ­мыстан босатылмады, жалақылары сақтал­ды. Мұнай секторында 5 мың­нан астам адам жұмыс істейді. Ша­ғын және орта бизнеске келетін болсақ, басқа жердегідей белгілі бір қиын­дықтар бар. Мысалы, облыста 128 мейрамхана, кафе, пандемияға дейін жақсы ақша тапқан, кейін оларда қиын­дық туындады. Сондықтан, қазір олармен жұмыс істеп жатырмыз. Бизнес бағыттарын өзгертуге күш салу­дамыз. Қазірдің өзінде 10 мейрам­хана өз бағыттарын өзгертті. Олардың барлығы жеке медициналық орта­лықтарға айналды. Осының арқа­сында жазда емдеу мекемелерінде төсек-орындар жеткілікті деңгейде бол­ды. Науқастанған азаматтар осы жеке медициналық орталықтарға барып, уколдарын алып, дәрігерлердің кеңе­сіне жүгінді. Қазір бизнес құры­лым­дары бағыттарын өзгерту керек екенін түсінді. Біз оларға барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Атап айтар болсам, облыстағы 51 мың кәсіптік нысан салық жеңілдіктерімен қамтамасыз етілді. 4 мың кәсіпкер медициналық және әлеуметтік сақтандыру жарналарынан босатылды. Сонымен бірге, 9 мыңға жуық сауда орындары 70000 теңге көлеміндегі жалға алу ақысынан бо­сатылды. Сондай-ақ, банктер де қо­сым­­ша қолдау көрсетті. Барлығы 136 млрд теңгеге жуық 366 жоба қолдау тапты.

Руслан Идрисов: – Қиын жағдайда кәсіпкерлер сіздерге көмек қолын созды. Қаржылай, заттай қолдау көрсетті. Ал, қазір өздері қиындыққа душар болғаны жасырын емес. Тіпті кейбіреулері жабылып та қалды. Бұл кәсіпкерлер қайда барады? Кім оларға көмектеседі?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Бізде бір терезе қағидасымен қызметтер көрсететін сервистік орталық бар. Кәсіпкерлікті қолдау басқармасы бар. Қиындыққа душар болған кәсіпкерлерді осында жібереміз. Олар әрқашан көмектесуге дайын. Менің экономика жөніндегі орынбасарым Тілешов Нұрлан Шаймерденұлы қазір «Атамекенмен» және басқа да бизнес құрылымдармен бірлесіп кәсіпкерлікті қолдау мәселелерімен айналысуда.

Руслан Идрисов: – Демек, оларды далада қалдырмайсыздар ғой?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Жоғарыда сөз еткен 265 жобаны бірінші рет сайтта, БАҚ-та жарияладық. Егер идеялар болса, бізге келсін, олардың ұсыныстарымен жобалар санын қатарын арттыруға дайынбыз. Келген әрбір кәсіпкерге қолдау көрсетеміз, бағыт-бағдар береміз. Егер біреу қызығушылық танытып, белгілі бір жобамен айналысқысы келсе, көмектесеміз. Мүмкін, тәжірибелі бизнесмендер жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп қалар. Қазіргі таңда біздің өңірден барған Ресейдің техникалық жоғары оқу орындарында 300-ге жуық түлек бар. «Болашақты» бітіріп келген азаматтар бар. Оларға да айтарым, бізге келіңіздер, жобаларыңызды ұсы­ныңыздар. Бірге жұмыс істейік деймін.
Сонымен қатар, жаңа модульдік аурухана салынуда. Озық технологиямен, қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген аурухана құрылысы қараша айында аяқталады. Өңіріміздегі ауруханаларды медициналық қондыр­ғылармен қамтамасыз етуді ұдайы назарда ұстап отырмыз. Мысалы, наурыз айында өкпеге оттегі беретін небәрі 64 аппарат болды. Қазіргі саны – 244. Сонымен қатар, ол кезеңде бізде оттегі концентраторлары болған жоқ. Қазір резервте 655 концентратор бар. Екі ауруханада бір орталықтан оттегі жеткізу жүйесін орнатып жатырмыз.

Руслан Идрисов: – Аймақ өзін-өзі қамтамасыз етуі керек деп айтамыз. Сізде бірнеше жылға арналған нақты бағдарлама бар. Бұл ретте ауыл­шаруашылық саласындағы жағдай қалай екенін түсінгім келеді? Біз Қызылорда облысы күріш аймағы екенін білеміз. Бірақ, ауыл шаруашылығында көптеген проблемалар бар екені белгілі. Осыған қатысты қандай жоспарларыңыз бар?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Иә, бізде негізгі егіс – күріш. Биыл өнім көлемі мол. Жалпы, 89,4 мың гектар жерге егін егілді, алайда, 300 гектар өнім күйіп кетті. Сондықтан, ауыл шаруашылығын одан әрі әртараптандыруды ойлауымыз керек. Егісті жылына 80-85 мың гектар деңгейде ұстап, басқа да дақылдарды егу керек. Мысалы, егер күріштің 1 гектарына 30-33 мың текше метр су кетсе, дәл осы су көлемі 10 мың гектар қызанаққа кетеді. Бұл ретте 1 гектардан 630 мың теңге, ал, 10 мың гектар қызанақ алқабынан 26 млн теңге кіріс кіреді. Бұл салыстырмалы айтқанда.

Руслан Идрисов: – Адамдар үйренген. Олар жылдар бойы күріш өсіріп келеді. Қазіргі қиын жағдайда басқа егін түрін өсіруге көшу қиындық тудырмай ма?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Әрине, бұл жағдайды түсінуге болады. Бір жағынан, бұл егін түріне үйреніп қалғанбыз. Екінші жағынан, сұраныс бар. Біз республиканы күрішпен толық қам­тамасыз етіп отырмыз. Сондай-ақ, өндірілетін күріштің жартысы экс­портқа шығады. Сұраныс болған кезде одан әрі жұмыс істеуге ниет де болады.

Руслан Идрисов: – Терезеңіздегі көрініс көз қуантады. Қазан айының соңы болса да, ауа райы да жылы болып тұр.

Гүлшара Әбдіқалықова: – Сырдарияда қазір су көлемі ұлғайған. Жазғы уақытта су көлемі азайған еді. Дарияның бетінде шағын, ашық, құрғақ жерлер көрініп тұр. Қазір Сырдария арнасы тазартылуда. Биыл жұмысты бастадық. Бұл жұмыс бірнеше жылға созылады. Келесі жылы – негізгі жұмыс. Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасы жүзеге асырылды. Бұл жоба өте сәтті болды. Белгілі бір нәтижелер бар. Мысалы, осы жобаға дейін Арал теңізінде экологиялық жағдай нашарлап, балық аулау деңгейі төмен болды. Жылына бар болғаны 400 тонна. Қазір балық аулау жылына 8 мың тоннаны құрайды. Арал маңында 9 зауыт салынды. Қазір балық өңделеді, жартысынан астамы экспортталады. Жұмыс жақсы жүруде. Сондықтан, Сырдарияны реттеудің екінші кезеңін іске асыру және Арал теңізінің солтүстік бөлігін ұлғайту міндеті тұр.

Руслан Идрисов: – Өзіңіз де көрген болуыңыз керек, басында бір аймақтың балалары интернетке қосылу үшін темір жол бойында планшетпен отырды. Біреуі үйдің төбесіне көтеріліп, интернетке қосылуға тырысты. Менің ойымша, егер біз қазір ауылдарға баратын болсақ, интернетке қосылуға мәжбүр болып отырған осындай оқиғаны көретін боламыз. Интернетке қолжетімділік мәселесін қалай шешуге тырысып жатырсыз, әсіресе, онлайн оқу кезінде.

Гүлшара Әбдіқалықова: – Барлық аймақтағыдай бізде де проблемалар бар. Қазір статистика көрсетіп отырғандай, жергілікті жердің 69%-ы интернетпен қамтамасыз етілген. Дегенмен, интернеттің сапасы барлық жерде бірдей емес. Бұл елді мекендердің 31% интернет жоқ деген сөз. Сондықтан, Цифрландыру министрлігімен бірге жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл шамамен 23 ауылға интернет тартылады деп жоспарлануда. Қазір өздеріңіз білетіндей, балалар онлайн білім алуда. 300 мектептің 225-і онлайнда. Алыс ауылдардағы 75 мектепте дәстүрлі түрде сабақ берілуде. Сондықтан, бірінші кезекте интернетті қамтамасыз ету бойынша жұмыс істейтін боламыз. Өздеріңіз білесіздер, министрліктің бүкіл республика бойынша өз жоспары бар. Бұл жұмыс біздің облыста басталды. Жыл соңына дейін елді мекендердің 80%-ы интернетпен қамтылады. Келесі жылдарда да осы бағыт бойынша жұмыс істейтін боламыз.

Руслан Идрисов: – Шыныңызды айтыңызшы, кітап оқуға уақыт табасыз ба? Жұмыс кестеңізге сәйкес келе ме? Қай жанрды ұнатасыз? Классикалық, заманауи әдебиет, тарихи?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Мен үйде көбірек оқимын. Әртүрлі жанрды ұнатамын. Жақында «Бақытты қала» кітабы қолыма тиді. Қазақстанда аударылған танымал автордың кітабы. Онда қаланың проблемаларына назар аударылған. Қандай проблемалар болса да, барлық жерде бірдей. Бұл проблемаларды қалай шешуге болады. Мен оқып жүрген соңғы кітап осы. Жақында әріптестеріңіз Бейсен Құранбек туралы кітапты табыс етті. Менің Бейсенмен сөйлескенімді біледі. Мазмұнды сұхбаттар да болған еді. Онымен жұмыс жасау әрқашан жеңіл болатын, адамның ойын толық жеткізуге мүмкіндік беретін. Қызық авторлық бағдарламалары да болды. Әлеуметтік мәселеге көп назар аударатын.

Руслан Идрисов: – Наурыз айына қайта оралайық. Сіз қызметке келген уақыт. Менің білуімше, Сіз облыс әкімі болып тағайындалғаннан кейін аз уақытта аймақта коронавируспен ауырған бірінші адам тіркелді. Қиын болды ма?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Әрине, оңай болған жоқ. Коронавирус – көзге көрінбейтін жау. Бірінші науқас наурыз айының соңында тіркелді. Содан кейін бірден 100-ге дейін өсті. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген бір-екі азамат ауылдастарына жұқтырды. Қазір бізде 3249 жағдай тіркелген. Олардың 96% жазылып шықты. Бүгінгі күні ауруханада жүктеме 8%.
Алайда, біз екінші толқынға дайын­дық үстіндеміз. Қорда 3200 төсек-орын бар. Амбулаториялық мекемелер мен стационарда 2 айға дәрі-дәрмек резерві қалыптастырылды. Дәріханалар да бақылауда.

Руслан Идрисов: – Пандемия кезінде кімдер үшін алаңдадыңыз? Мен ол кездері жұмыстың тәулік бойы жүргізілгенін түсінемін. Тұрақты байланыста болуыңыз керек болды. Бірақ, кім де болса ондай кезеңде жеке басының, жақындарының қауіпсіздігін ойлайды ғой. Кімді айрықша уайымдадыңыз? Туған-туыстарыңыздың ішінде денсау­лығы Сізді алаңдатқандары болды ма?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Әрине, бірінші кезекте қарт кісілер үшін, 80 жастағы өзімнің анам үшін және жасы ұлғайған туған-туыстарымыз үшін алаңдадым. Ал, жалпы алғанда, әрине, әкімнен демеу күтетін халықтың барлығының жағдайына алаңдадым. Мен ол күндері ауруханаларды араладым, аудандарға да бардым.

Руслан Идрисов: – Осы тұста, дәл Сіз секілді ешкімде орасан зор жауапкершілік болмағанын түсінемін. Әр адамды әрі кеткенде отбасының 2,3 мүшесі үшін алаңдады. Ал, сіздің жауапкершілігіңізде тұтастай бір өңірдің халқы тұрды. Сол күндері анаңызға қоңырау шалдыңыз ба? Үйден шықпаңыз деп айттыңыз ба?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Ия, мен әлі күнге дейін анама үйден тысқары шықпаңыз деп айтамын. Үлкен кісілер жанашырлықпен айтқаныңды түсінеді. Тыңдағаны сол – ешқайда бармайды.

Руслан Идрисов: – Дегенмен, қызы облыс әкімі болып тұрса, қалайша тыңдамасқа, қанша дегенмен келелі пікіріңізбен келісетін болар?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Түсін­діруге тырысамыз. Күні бойы сыртқа шықпай, үйде отыру қиын екенін түсінеміз. Бірақ, белгілі бір уақытқа шыдамдылық танытуымыз керек. Мен бірнеше рет халыққа сабыр сақтап, төзімділік көрсету керек деп айттым. Қазір көрші елдерде вирустың тағы да өршу қаупі бар екенін көріп отырмыз. Сақтық шараларын ұстануды жалғастыру қажет. Бір жыл мерзімді алыс жерге бармай-ақ өткізуге болады ғой. Осы тұста, тағы да айтамын, халыққа сабырлық керек. Коронавирус індетіне қарсы егілетін вакцина мәселесі біздің елімізде жақын арада шешіледі деп ойлаймын. Күте білсек, оған да жетеміз. Пандемия басталғалы бері мен туыстарыммен мүлде жүзбе-жүз кездеспеймін десем де болады.

Руслан Идрисов: – Әдетте жақын адамдар болған жағдайды бүкпесіз, тіке айтады дейді. Олар қандай да бір кемшін тұстарды Сіздің қаперіңізге салып, осыған шара қолдансаңшы деп айтады ма?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Иә, маған сіңлім өзі оқыған ақпараттарды мені хабардар ету үшін және сәйкесінше, қандай да бір шаралар қабылдауды қолға алуым үшін ватсап желісі арқылы әрдайым жолдап отырады.

Руслан Идрисов: – Сіздердің қалаңыз Елорданы еске салады. Мұнда да сол жағалау және оң жағалау. Сіз өзіңізді Нұр-Сұлтан қаласындағы үйіңізде өмір сүріп жатқандай сезінетін шығарсыз. Қанша дегенмен Сіз көп жыл Елордада жұмыс істедіңіз ғой. Мұндағы сол жағалауды қалай ілгерілетіп жатырсыздар? Құрылыстың қарқыны қалай?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Қаланың бас жоспары бойынша дарияның сол жағалауына түсетін құрылыс нысандарына арнап 1500 гектар жер бөлінген. Қазір мұнда тұрғын үй массиві бар, яғни тұтас бір шағын аудан. Дегенмен, құрылыс әлі де жалғасатын болады. Екі мектеп болады. Жоспарда театр, саябақ салу бар. Келесі жылы тұрғындардың серуендеуіне арналған аллея салуды жоспарлап отырмыз. Көзделген уақыттан бастап тұрғындар аллеяда демалатын болады деп үміттенемін. Гүл, ағаш және т. б. отырғызылатын болады.
Ауыл шаруашылығына, туризмге көбірек көңіл бөлуіміз керек. Біздің өңірімізге Түркістан қаласы жақын орналасқан. Онда туризмді дамыту қолға алынып жатыр және осы саланы біздің облыста да дамытуға болады. Түркістан біздің Жаңақорған ауданының орталығынан қашық емес, екі ара небәрі 100 ша­қы­рым. Жаңақорғанда балшықпен емдеу са­на­торийі, түрлі санаторийлер кешені бар.
Әңгімемізді Қызылорда қаласына бұрайық. Қызылорда өткен ғасырдың басында Қазақ КСР-ның астанасы болған. Қаламызда мұражайлар бар, біраз жинақталған жәдігерлер бар. Сонымен бірге, өңіріміздегі ескі қалалардың орындарында қазба жұ­мыстары жүріп жатыр. Осының алдында сөз болған Жаңақорғанның жанында ескі Сығанақ қаласының орны жатыр. Қазалы ауданы аумағында да архе­о­логиялық қазба жұмыстары жүруде. Қазалы – ежелгі Жібек жолы бойын­да орналасқан елді мекендердің бірі.
Облысымызда туризмді дамытуға үлес қосатын аймақтардың бірі – Байқоңыр қаласы. Жақында Байқоңыр ғарыш айлағынан Союз МК-17 кемесі ғарышқа ұшырылған күні мен жұмыс сапарымен сол қалада болып, ұшырылым сәтіне куә болдым.
Сонымен бірге, ғарыш кемесінің көкке көтерілуін байқауға арнайы Ресей ғарыш агенттігінің төрағасы Дмит­рий Рогозин келді. Ғарыш кемесінің ұшырылуын көруге келген көптеген туристерді көрдім, өңірімізге туристік сапармен келуге ынталы адамдардың көп екеніне көз жеткіздім.
Ауқымды жоспарларымыздың бірі – әуежай кешенін қайта салу. Театр киім ілгіштен басталса, қала әуежайдан бас­талады. Қазіргі әуежай – шағын. Мен осында келгесін әуежайдың жаңа жобасын көріп танысып шықтым. Жобалық құны 18 млрд теңге, өте қымбат. Менің ойымша, бұл дәл қазір бізге тиімсіз. Түркістанда халықаралық әуежай салынуда. Сондықтан, бізге мұндай қымбат әуежай қажет емес. Бірақ, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, кешен аумағын ұлғайтып, барлық халықаралық стандарттарды енгізе аламыз. Бұл жұмыс жоспарымызда бар, келесі жылы жүзеге асыруымыз мүмкін.

Руслан Идрисов: – Сіз Жаңақорған туралы айттыңыз. Егер мен дұрыс тү­сінсем, Сіз ол жақта демалдыңыз, солай ма? Бір кездері ол жақта болдыңыз ба? Әлде жолыңыз түсіп, аялдадыңыз ба?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Мен өзім ол жақта демалған емеспін. Бірақ, бар­­дым, көрдім. Пандемия кезінде онда­ғы кейбір ғимараттарды карантин шараларын қолдануға, адамдарға меди­­циналық көмек көрсету үшін қолдандық.

Руслан Идрисов: – Мен сұхба­тымыздың соңында қазақстандық­тарды Қызылорда облысына келуге шақырамын. Мұнда көруге болатын дүниелер, саяхаттайтын орындар бар.

Гүлшара Әбдіқалықова: – Біз облы­сымызға келетін қонақтарды қай кезде де қонақжайлықпен қарсы алуға әзірміз. Қызылорда облысына келіңіздер. Туризм де дамитын болады. Бірақ, қазір санитарлық нормаларды, карантин талаптарын сақтау керек. Пандемия жақын арада аяқталады деп үміттенемін.

Руслан Идрисов: – Біз бүгін еліміздің танымал саяси қайраткері, Қы­зылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен сұхбаттастық.

Сұхбаттасқан Руслан Идрисов,
Atamеken Business телеарнасының редакторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<