Өмір ағымына сай өзгерістер  қажет

3535

0

Мемлекетке қызмет ету жолында әрбір азаматтың өз міндетіне деген берік ұстанымы және биік жауапкершілігі болуы тиіс. Өйткені оған халық, яғни қоғам сенім артып отыр. Айта кетейік, бүгінде тәжірибеге енгізілген жергілікті биліктегі әкімдерді халықтың сайлауы да осының бір көрінісі болса керек. Бұл орайда «Аmаnаt» партиясы атынан ел сенімін арқалаған жергілікті мәслихат депутаттарының да аманат жүгі жеңіл емес.

Қоғаммен, әлеуметпен тұрақты байланыса отырып, көптің көкейінде жүрген күрделі мәселелерді салмақтап, саралап, өз деңгейінде шешілуіне барынша үлес қосып жүрген облыстық мәслихат депутаты, облыстық мәслихаттың экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Балжан Шәменовамен әңгімелескен едік.

– Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму бағытын жетік білетін тәжірибелі маманның бірісіз. Сіздің ойыңызша, өңірде шешімін таппай тұрған қандай өзекті мәселе бар?

– Халықтың аманатын арқалағаннан кейін бүгінгі күні елдің тұрмыстық әлеуеті қандай, егін егіп, мал бағуға мүмкіндігі бар ма? Осы жағдайды барынша назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Өйткені қазір ауылдық жердегі тұрғындардың басым бөлігі егінмен айналысатын шаруашылықтарда еңбек етеді. Одан өзгесі өз алдына бау-бақша салып, мал өсіргісі келеді. Ал осы ретте ең өзекті болып отырған мәселе – аяқсу. Мысалы, аяқсу болмаса, егіннің өнімділігі күрт азаяды. Сондай-ақ, жайылым, шабындықтардың жайы да қиындай түседі.

Бұрын, судың мол кезінде бос жердің бәрі көк шалғын болатын. Қазір сол шалғын жерлеріміздің шаңы бұрқырап жатыр. Осы жағдайда ауыл тұрғынына мал өсір деп қалай талап қоямыз? Бау-бақшаның жайы да осыған саяды. Сондықтан бірінші кезекте, Сырдария өзенінің арнасын толтырып, аяқсудың мәселесін шешуіміз керек. Бұған байланысты облыс әкімі, облыстық мәслихат депутаттарының тарапынан Үкіметке, тиісті министрлікке ұсыныстар жолданды.

Тағы бір айта кетерлік жайт, заман талабына сай қазір ауылдық жерде де адамның өмір сүру дағдысы, тіршілік қалауы көп өзгерген. Қалай десеңіз, қазір ата-ана баласының сапалы білім алғанын, өнерін, шығармашылық қабілетін шыңдайтын үйірмелерге қатысқанын қалайды. Сол сияқты, күнделікті тірлікте заманауи тұрмыстық техникаларды пайдаланады. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі ауылдың қала өмірінен аса көп айырмашылығы жоқ. Дегенмен, ауыл – алтын бесік, сан жылдардан бері сабағы үзілмеген ауыл тіршілігін жоғалтып алмауымыз керек. Жас отбасыларды ауылда тұрақтандыру үшін оларды мамандығына сай жұмыспен қамтып, тұрмыстық мәселелеріне қолдау көрсете білгеніміз жөн.

Өңірдегі азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында облыс әкімінің бастамасымен, ауыл тұрғындарына бақшалық жер беру жұмыстары жүргізілгенін өздеріңіз білесіздер. Міне, осы бастаманың әрі қарай жалғасын табуына, аяқсудың мәселесін шешуге ауыл, аудан әкімдері жауапкершілікпен қарауы қажет.

– Осы сөзіңізге қарай сауал туындап отыр. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай ауыл мектептеріне қала мектебіндегідей жағдай жасау қажеттігін, яғни барлық балаға бірдей білім берілуі керек екенін айтты. Ал ауыл мектептері материалдық тұрғыдан  осыған дайын ба?

– Бүгінде облыс бюджетінің 60 пайызы білім саласына бағытталады. Осыған қарап, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын білуге болады. Ауыл мектептері де интернет желісіне қосылған, пән кабинеттері жабдықталып жатыр. Одан бөлек, мұғалімдердің жалақысы төрт жылда кезең-кезеңімен 100 пайызға көбейді. Ендігі кезекте әрбір ата-ана баласының сапалы білім алуын талап етсе, орынды деп есептеймін. Мысалы, мектеп бітірушілердің ҰБТ сынағы қорытындысында қала мен ауыл мектептері арасында аса көп айырмашылық болмауы керек. Бұл орайда ауыл мектептерінде білім беретін мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтеру қажет деп санаймын. Халқы білімді болса, мемлекет алға дамиды. Осыған байланысты біз білім сапасын көтеруге барынша жұмыс жүргізуіміз керек.

– Аудандарда қоғамдық қабылдау өткізіп жүрсіз. Тұрғындар тарапынан қандай сауалдар туындайды? Әдетте сауалдардың көбі коммуналдық салаға бағытталатын. Қазір қалай?

– Қоғамдық қабылдаулар кезінде мені қуантқаны, қазір тұрғындар жеке басының мәселесін емес, баршаға ортақ әлеуметтік мәселелерді айтады. Оның ішінде мектептің, дәрігерлік емхананың жайы, көшені жөндеуге, жарықтандыруға байланысты бірқатар ұсыныстарды бақылауыма алдым.

Мысалы, Қалжан ахун ауылдық мектебіне қосымша құрылыс салу мәселесі көтерілді. Осы ұсынысты әкімшілікке жеткізіп, қазіргі таңда мектептің қосымша құрылысына қаржы бөлінді.

Ал коммуналдық салаға келетін болсақ, қазір бұл салада бұрынғы айтылып жүрген мәселенің біразының шешімін табуына жұмыс жасалып жатыр. Келесі жылғы облыстық бюджет жобасында 47 ауылға газ кіргізу мәселесі жоспарланған, электрмен жабдықтау бойынша  36 жоба іске асырылады. Бір сөзбен айтқанда, ауызсу, электр жарығы, газдандыру жұмыстары жоспарға сай жүзеге асырылып келеді.

Өзіңіз білесіз, қазір көп мәселе әлеуметтік желі бетінде талқыланып жатады. Сіз бұған қалай қарайсыз? Елді толғандырған сауалдар, ұсыныстар құзырлы орынға ресми жолдауы міндетті ме әлде әлеуметтік желінің де ықпалы бар ма?

– Әлеуметтік желі – бүгінгі қоғамның бет-бейнесі десек, қателесе қоймаспыз. Өйткені онда әлемдік деңгейдегі жаңалықтардан бастап, ауылдың тыныс-тіршілігіне дейін түгел жарияланып отыр. Қоғамда қабылданғалы  жатқан жаңа заңдар, әлеуметтік саланың мың-сан мәселесі әлеуметтік желі бетінде көпшіліктің талқысынан өтеді. Әрине, онда айтылып жатқан пікірлердің барлығын дұп-дұрыс деуге келмейді. Кейде жүйесіз ұсыныс, жөнсіз талаптар да кездесіп жатады. Мысалы, бір үйдің жарығы өшіп қалғаны үшін бүкіл қоғамды жазғыру ақылға қонбайды. Алдымен, мәселе неден туындағанын анықтап, содан кейін ғана жауапты адамнан талап еткен дұрыс деп ойлаймын. Ал бірақ кейбір жағдайда өз жұмысына салғырт қарап, халыққа лайықты қызмет көрсете алмай отырған мекемелерге сын айтылып жатқанын көреміз. Бұл орынды. Өйткені қазір өмірдің ағымы өте жылдам. Кей мәселенің шұғыл шешілуі қажет.

Негізі, қайбір салада болсын, атқарылатын жұмыс ең алдымен, адам өмірін жақсартуға бағытталуы тиіс. Қандай бір жұмысты жоспарлағанда осы мәселені бірінші кезекте ойлауымыз керек. Егер бюджеттен бөлінген қаражат өз мақсатына сай жұмсалса, ел ішінде ешқандай қиындық туындамас еді. Ашықтық, жариялылық – бүгінгі қоғамның басты талабы. Сондықтан өмір ағымына қарай өзгеріс  қажет.

– Елдің аманатын арқалаған депутат ретінде көптеген күрмеулі мәселемен бетпе-бет келіп жүрсіз.  Осы орайда депутат үшін азаматтық жауапкершіліктің салмағы қандай?

– Әрбір депутат үшін азаматтық жауапкершіліктің салмағы өте жоғары. Өйткені ол халықтың сенімін арқалап, мойнына жауапкершілік алды. Ендігі кезекте елді толғандырған мәселелерді зерттеп, зерделеп, нақты шешімін табуына қолдау көрсетуі керек. Оның ішінде облыс деңгейінде немесе республикалық деңгейде, яғни, министрліктің араласуымен шешілетін мәселелер де болады. Осындай жағдайда тұрғындардың әрбір ұсынысын назардан тыс қалдырмауымыз керек.

Менің ойымша, әрбір депутат, әрбір мемлекеттік қызметкер халық алдындағы өз жауапкершілігін терең сезінуі тиіс. Сонда ғана әділдік салтанат құрып, өзіміз күткен жарқын келешекке жол ашылады.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<