Мемлекет басшысының Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыретіне берілген еді. Қайта ұйымдастырылған бұл саланың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, құқықбұзушылықтарды азайту және сыбайлас жемқорлық мәдениетін қалыптастыру функцияларын Мемлекеттік қызмет істері агенттігі атқарады. Біз осы орайда агенттіктің облыстағы департамент басшысы Ерлеген Мендалиевпен әңгімелескен едік.
– Ерлеген Жәрдемұлы, бұрынғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кейбір функциялары мемлекеттік қызмет істеріне берілді. Осы өзгеріске сәйкес ойыңызбен бөліссеңіз…
– Өзіңізге белгілі, Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 30 маусымдағы №927 Жарлығына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүктелді. Бұл өте өзекті әрі орынды шешім деп санаймын. Агенттік жылдар бойы этика, тәртіп, мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен жауапкершілігі, қызметтік тәртіпті бақылау, мемлекеттік аппараттағы ашықтық пен меритократияны дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, яғни жемқорлықтың алдын алуға негіз болатын факторларды жақсы біледі, нақты тәжірибесі бар. Сонымен қатар, бұл қадам құзыреттерді тиімді бөлуді, қайталанатын функцияларды жоюды және ресурстарды оңтайландыруды көздейді. Бір орган шеңберінде алдын алу жұмыстары жүйеленіп, біртұтас саясат қалыптасады. Бұл мемлекеттік қызмет сапасын арттырып қана қоймай, қоғамның сенімін нығайтуға да оң әсер етеді деп санаймын.
– Бұл мемлекеттік басқарудың тиімділігіне қалай әсер етеді?
– Бұл жалпы мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі нығайтуға бағытталған. Профилактика бағытының агенттікке және аумақтық департаменттерге берілуі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жергілікті деңгейде дер кезінде анықтап, шешуге мүмкіндік береді. Біз облыстағы барлық мемлекеттік органдармен тікелей жұмыс жасаймыз, сондықтан алдын алу тетіктері нақты әрі жедел іске асатын болады, яғни бұған дейінгі жұмыстар одан әрі өз жалғасын табады деген сенімдемін.
– Қоғам үшін ең маңызды қандай өзгерістер болады?
– Осы өзгерістердің қоғам үшін ең үлкен тиімділігі – ашықтық пен жауапкершіліктің артуы. Азаматтардың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін нығайту – біздің басты мақсатымыздың бірі. Бұрын сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен мемлекеттік қызмет сапасын бақылау әртүрлі құрылымдардың құзырында болса, енді бұл функциялар бір орталыққа біріктіріліп, үйлесімді, жүйелі түрде іске асырылады. Бұл не береді? Ең алдымен, қоғамда әділеттілікке деген сенім нығаяды. Мемлекеттік қызметке келетін азаматтар арасында іріктеу талаптары күшейіп, кәсіби әрі адал кадрлар қатары артады. Сонымен қатар, декларациялау жүйесінің ашық жүргізілуі арқылы халық шенеуніктердің мүлкі мен табыстары туралы нақты әрі шынайы ақпаратқа қол жеткізе алады.
– Агенттікке берілген сыбайлас жемқорлықтың алдын алу функциялары нақты нені қамтиды?
– Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне және аумақтық департаменттеріне берілген бұл функциялар тек қадағалау емес, жемқорлықтың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстарды жүйелеуді көздейді.
– Қызметкерлер құрамын күшейту немесе қайта даярлау жоспары бар ма?
– Қазіргі таңда аумақтық департаментте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасы құрылып, мемлекеттік қызметкерлер өз жұмысын жасауда. Алдағы уақытта мекеменің штаттық саны аталған бағытта жетекшілік ететін департамент басшысының орынбасары мен басқарма басшысы лауазымдарымен толығады.
Онымен қоса, департаменттегі барлық қызметкерлердің өз салалары бойынша белгіленген мерзімінде оқытулары жалғасын табатын болады.
Биыл 2 қызметкер біліктілігін арттыру курсынан өтті. Бұл олардың кәсіби дағдыларын жетілдіріп, жұмыстағы тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
– Жаңа өкілеттіктер агенттіктің бұрынғы қызметіне ауыртпалық түсірмей ме?
– Бұл өте орынды сұрақ. Бірақ айта кету керек, жаңа өкілеттіктер агенттікке қосымша жүктеме ғана емес, сонымен қатар қызметімізді кешенді түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тетік. Себебі мемлекеттік қызметті бақылау, әдеп нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – бір-бірімен өзара тығыз байланысты бағыттар. Өзгерістер бізге жаңа жауапкершілік жүктегенімен, тиімділік пен нәтижелілікті арттыруға жол ашты деп сенімді түрде айта аламыз.
Әңгімелескен
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»






