Олжас Ысқақов: «Шынайы ізгі-ниет мақсат жолын жеңілдетеді»

76

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

– Олжас Ермекұлы, жаңа қыз­мет құтты болсын!

– Рахмет.

– Біз бұған дейін медицина­ның кейбір түйткілді мәселе­лері бойынша сұхбат құруға уағ­даласқан едік. Әйтсе де, бү­гін (26 ақпан) сол пікір ал­масуға дейін облыс активі өтіп, өзіңізді жаңа қызметке шы­ғарып салды. Сондықтан сұх­бат мазмұны өзгелеу арнаға ойы­сып отыр.

Ұмытпасам облыстық ден­саулық сақтау басқармасы бас­шысы қызметіне осыдан тура үш жыл бұрын, яғни санаулы күн­дері ғана кем наурыз айын­да келдіңіз. Сол үш жылды елек­ке салып көріңізші.

– Расында осыдан тура үш жыл бұрын наурыз айының 27-сі күні келдім. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы сенім артып, бас­қар­ма басшысы қызметіне таға­йындады. Үш жылда қолдан кел­­генінше, шамамыздың жет­кенінше қызмет жасадық. Бұл салаға төтеннен келгенім жоқ. Оқу-тәжірибеміз, емханада ай­мақтық дәрігерден бастап бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің ем­деу ісі жөніндегі орынбасары, бас­қармада, министрлікте жұмыс жасағанымыз ескерілді білем. Басқармада орынбасар болып жүргенде және министрлікте қыз­мет еткенде саладағы тү­йт­кілді мәселенің барлығын көр­дік. Осының бәрі басқарма бас­шы­сы болғанда көп пайдасын тигізді. Мен, шын мәнінде, өзім­ді осындай талапшыл, табан­ды бас­шылықпен жұмыс жасаға­ным­ды мәртебе санаймын.

Президентіміз денсаулық сақ­тау саласына айрықша мән берді. Ұлттық жоба қабылданды. Әсіресе ауыл-аймақтағы медици­налық мүмкіндікті күшейту қолға алынды. Қосымша құрылыстар, келіп жатқан құрал-жабдықтар, бәрі-бәрі осы елдің игілігі үшін жасалуда. Осындай істің басы-қасында болу әркез жігерлендіріп отырды. Осы үш жылда ұлттық жоба аясы, үш жылдық бюджетті бекіту кезеңі сәйкес келуі өңір­дегі қызметімнің өзегіне  айналды.

Сәл шегініс жасайын, осында орынбасар болып жүргенде елді-мекендердегі амбулаториялардың жағдайы қатты алаңдататын. Жы­лына асып кетсе үш-төрт амбу­латория жаңартылатын. Бұл, шын мәнінде, нашар көрсеткіш еді. 200-дің үстінде елді мекенде ден­саулық сақтау нысаны бар десек, оның жылына үш-төртеуі ғана жаңарып отыруы төмен нәтиже еді. Ұлттық жоба қабылданды, біз­ге қажетті 28 нысан жобаға енді. Осылайша Президент пәр­ме­німен өмірге келген «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы дүр сілкініс әкелді.

Ауыл – алтын тамырымыз. Сол ауылды сақтау үшін инфра­құрылым ішінде медици­налық қызметтің орны бөлек. Мектеп­тердің, амбулатория­лардың салы­нуы, аудандық аурухана­лардың жақсаруы, сапалы ауызсудың бе­рілуі, бәрі-бәрі Президент бас­тамасының шапағы. Осы ара­да айта кетейін, облыс әкімі Нұр­лыбек Машбекұлының табан­ды­лығы нәтижесінде Қызылорда об­лысы осы ұлттық жобаны өз мақсатында, тиісті деңгейде қо­рытындылаған бірінші облыс атанды. Мұны өз саламызға қа­тысты еңсені тік ұстап айта ала­мын және қуанамын. Ұлттық жо­ба қолға алынған кезде ми­нистр­лікте қызметте едім. Жоба­ның дайындалу, қабылдану саты­сына атсалыстық. Ал жүзеге асы­­рылуы осында басқармаға бас­шылық жасағанда өзімізге бұ­йырды.

Кешегі іргетасы қаланған пе­ри­наталдық орталық, бірі біл­се, бірі білмес республикада осын­дай 8 нысан салынуы тиіс еді. Ол кейін 7-еу болды. 8-ші тұр­ған Қы­зылорда тізімнен тү­сіп қал­ды. Осыны облыс әкімі тиіс­ті министрлікке шы­­ғып, қай­та қос­тырды. Бізде ана мен бала орталығы бар, бірақ оның құры­лыс сапасы, мүмкін­діктері кейінгі талапқа жауап бере ала ма? Осын­дағы бар мәсе­ле түгелдей сүзгіден өтті. Заман өзгерді, та­лап қатайды, ана мен балаға сол орталықта көрсетілетін медици­налық қызмет тіпті жаңа­рып кетті. Енді сәтін салса, көз­деген мүмкіндіктер жаңа пери­на­талдық орталықта жүзеге асады. 

– «Қазақстан халқына» қо­ры өңір медицинасына не әкел­ді?

– Осы арада бір мәселені ай­тайын. Медицина бойынша әуел­гіде осындай қор арқылы бұл­шықет жетіспеушілігі дерті­не шал­дыққан балалардың ұмыт­пасам ата-аналары бастама кө­терді. Ондай қатерлі дертке шал­дыққан елімізде 100-дің үстін­де бала болды. Оның емі өте қымбат. Америкалық пре­парат 1 млрд теңге тұрады. Ол кезде алып беретін қаржы шек­теулі, әрі ол дәрі Қазақстанда тір­кел­меген. Содан шет елдер­дің тәжірибесін іздендік. Сөй­тіп Ресейде «Круг добра» деген қор барын білдік. Ол қор тіркел­меген дәрі-дәрмекті алуға, ауыр науқастарға көмектесуге арнал­ған. Әлгі қорға ресейлік ірі ком­паниялар, олигархтар, бай-дәу­леттілер жылына бір мәрте қа­йырымдылық есебінде қаржы са­лып тұрады. Солай науқас ба­лаларды емдейді.

Қаңтар оқиғасынан кейін «Қа­зақстан халқына» қоры құрылды. Осы қордың көмегімен бізде Арал, Жаңақорғандағы оңалту орталықтары, жылжымалы меди­циналық кешен, қаншама дәрі-дәрмек алынды. Қазірге дейін қордан өңірдегі тек медицина саласына 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл – үлкен қол­дау. Енді қор арқылы 4 млрд теңгеге онкологиялық ауруханаға өте маңызды жабдық алуға ке­лісім-шарт жасалды.

Өздеріңіз білетіндей, жуырда ғана Қызылордада ашылған «Ор­хун медикал» медициналық орталығы елімізде Маңғыстаудан кейін Қызылордада іске кірісті. Бұл орталық есепте тұратын он­кологиялық науқастардың бір­қа­тарына Астана, Алматыға са­­былмай осында ем алуына қыз­мет көрсетеді. Жалпы осы ор­та­лықтың негізі өзіміз ми­нистр­­лікте жүргенде қаланып еді. Тізім­ге енді, ал тізімге алынған дүниені біздің басшы жүзеге асыр­май қоймайды.

– Енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жү­йесіне келсек. Біздің бастапқы сұхбатымызға түрткі болған осы тақырып еді. Ел ішінде түр­лі пікір бар. Ақ-қарасын қалай айырсақ болады?

– Жалпы Қазақстанда 20 мил­лионнан астам халық болса, соның ішінде МӘМС-ке қаржы төлейтіндері 4 миллионға жуық. МӘМС жүйесі енгізілгелі бірін­ші кезекте денсаулық сақтау са­ласының бюджеті едәуір көбейді. Облыста 2019 жылы МӘМС жү­йесі іске қосылғанға дейін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне шамамен 45,9 млрд теңге бөлінген болса, 2026 жылға медициналық көмекті қар­жыландыруға 130,9 млрд тең­ге көзделген. Оның ішінде ТМККК бойынша – 64,8 млрд теңге, МӘМС бойынша – 66,1 млрд тең­ге. Жүйені енгізудің арқа­сын­да денсаулық сақтау сала­сын қар­жыландыру көлемі 285 па­йызға өсті. Қаржыландыру көлемінің ар­туы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық база­сын нығайтуға, қызмет көрсету са­пасын жақсартуға және тұр­ғын­дарға медициналық көмекке қолжетімділікті кеңейтуге мүм­кіндік берді.

Енді қараңыз, 2019 жылы бір тұрғынға арналған шығын көр­сеткіші орташа есеппен 60041 теңгені құраса, жүйені іс­ке асы­рудың арқасында бұл көр­сеткіш 266 пайызға артып, 2026 жылы 159 990 теңгеге жетті. Демек, әрбір тұрғынға көрсе­тілетін ме­дициналық көмек көлемінің едә­уір артқанын және жүйенің тиім­ділігін көруге болады.

МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін медициналық көмектің қол­жетімділігі мен көлемі айтар­лықтай кеңейді. Атап айтқан­да, жоғары технологиялық медици­налық көмек көлемі кейінгі 5 жыл ішінде 206 млн теңгеден 1 046 млн теңгеге, яғни 5 есеге артып отыр. Бұл қаржы қымбат әрі күрделі медициналық қызметтерді, оның ішінде нейрохирургиялық, кар­диохирургиялық, онкологиялық оталар, сондай-ақ трансплантация сияқты өмірлік маңызды опера­цияларды қамтамасыз етуге ба­ғытталған. Қаржыландырудың ар­туына байланысты жыл сайын қызметтердің саны көбе­йіп, күр­делі оталарды жасау мүмкін­дігі кеңейіп келеді.

Медициналық оңалту қызмет­терін қаржыландыру көлемі 60 млн теңгеден 4140 млн теңгеге арт­қан. Қазіргі таңда МӘМС жүйе­сінде сақтандырылған тұрғындар стационарлық, амбулаториялық және үй жағдайында оңалту қыз­меттерін пайдалана алады. Сонымен қатар, консультативтік-диагностикалық қызметтерді қар­жыландыру көлемі 909 млн теңгеден 19 487 млн теңгеге арт­ты. Бұл дегеніңіз тұрғындарды қажетті мамандардан кеңес алып, диагностикалық тексерулерден өткізуді қатамасыз етуге, ауру­ларды ерте анықтауға және ас­қынулардың алдын алуға мүм­кіндік беріп отыр. Сондық­тан бұл денсаулық сақтау саласын тұ­рақтандыруға, халыққа медици­налық қызметтің қолжетімділігін арттыруға және жалпы елдің денсаулық деңгейін көтеруге ба­ғытталған маңызды жүйе сана­лады.

Мысалы, Германияда міндет­ті медициналық сақтандыру 100 жылдан астам уақыттан бері жұ­мыс істейді. Ел тұрғын­дары­ның басым бөлігі сақтан­дыру қор­ларына міндетті түрде жарна төлейді, ал мемлекет әлеуметтік осал топтар үшін жарналарды өз мойнына алады. Сақтандырылған азаматтар дәрігерді және меди­циналық ұйымды еркін таңдау құқығына ие.

Францияда медициналық сақ­тандыру жүйесі аралас модельге негізделген. Мемлекеттік сақтан­дыру негізгі медициналық қыз­меттердің көп бөлігін қамти­ды, ал қосымша ерікті сақтан­дыру аза­маттардың жеке қажетті­лік­терін өтеуге мүмкіндік береді. Бұл модель медициналық көмек­тің жоғары қолжетімділігін қам­та­масыз етеді.

Ұлыбританияда денсаулық сақтау жүйесі салық есебінен қар­жыландырылады. Азаматтар медициналық көмекті тегін ала­ды, ал міндетті сақтандыру қа­ғидаттары әлеуметтік теңдік пен жалпыға бірдей қолжетімділікке негізделген. Ал Оңтүстік Ко­рея мен Жапонияда міндетті меди­циналық сақтандыру жүйесі мем­лекет, жұмыс беруші және аза­маттардың ортақ жауапкер­шілігіне сүйенеді. Бұл елдерде сақтандыру арқылы халықтың 95-100%-ы медициналық қызмет­пен қамтылған. Көршілес Ресей Федерациясында міндетті меди­циналық сақтандыру жүйесі 1993 жылы, Эстонияда 1992 жылы, Латвияда 1990 жылдары, Литвада 1997 жылы, Түркияда 2012 жылы қолданысқа енгізілген.

Олжас Ысқақов: «Шынайы ізгі-ниет мақсат жолын жеңілдетеді»

Жалпы біздегі МӘМС әлеу­меттік жүйеге негізделген. Тура­сын айтқанда, дені сау, табыс тауып отырған адам сол МӘМС-ті пайдаланушыларға қолдау көр­сетіп отыр. Бұл арада өзіміздің ұлттық болмысымыздың, әдет-ғұрып, таным-түйсігіміздің өл­ше­мі айқындалатынын да ескер­мей болмайды. Жоғарыда келтірген цифрлар МӘМС-тің қажеттігіне дәлел болса керек. Ал онсыз әлгі айтқан 45,9 млрд теңгеге қайта ке­леміз. Мұны неге қайталап отыр­мын?

МӘМС болмаған кезде, яғни 2019 жылы өңірдегі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 45,9 млрд теңге ғана болды. Бә­ріміз білеміз, сырттан келген жоқ­пыз. Сол кездері бір ғана об­лыстық медициналық орталықта жыл аяғына қарай қаражат тап­шылығынан тек шұғыл жағ­дай­дағы науқастарға көмек көрсе­тілгені болмаса, жоспарлы ем, енгізу, күрделі ота жасау қызмет­тері шектелетін. Науқас амал жоқ келесі жылды күтетін. Айталық, 2019 жылы облыста 763 мың халық болса, әлгі 45,9 млрд жан басына шаққанда 60 мың теңге жобасында келеді. Ал қазір 818 мың халыққа 160 мың теңгеден қаражат келіп тұр. Демек, сақтан­дыру жүйесінің пайдасы бар. 

– Мына дәлелдемелеріңізге қарап үлкен қолжетімділікті бай­қауға болады. Ал енді сала­дағы ірі жобалар туралы не айтасыз?

– Өздеріңіз білесіздер, Прези­дент пен Үкіметтің қолдауы, об­лыс әкімінің іскерлігі нәтиже­сін­де өңір медицинасы жақсы даму қалыптастырды. Аймақ басшысы бірде-бір көтерген бастамамызға қолдау білдірмей қалған емес. Үш жылда медицина саласы осы­ны сезінді.

2022-2025 жылдары аймағы­мызда 26 млрд 400 млн теңгеге 40 медицина нысаны салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде об­лыс орталығында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 ке­лушіге арналған емханасы жә­не онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді ауру­хананың құрылысы қарқынды жүруде. Жыл соңына дейін пай­далануға беріледі. Әлгінде айт­қандай, жақында құны 45 млрд 800 млн теңгеге 200 төсек-орынға арналған жаңа перинаталдық орталықтың, 14 млрд 700 млн теңгеге 500 келушіге арналған емхананың және 9 млрд 800 млн теңгеге Титов қыстағынан ауы­сымына 400 келушіге арналған №5 қалалық емхана құрылыстары басталды. Қысқасы, осының бәрі ел саулығы жолында жасалып жатқан игілік.

Әрине, кем-кетіксіз тіршілік жоқ. Дамыған мемлекеттердің өзі МӘМС жүйесін жөндеп, бі­рін алып, бірін салып, тәжірибе жүзінен өткізіп жатыр. Ал біздің бастамамызға бес-алты жылдың айналасы болды. 

Ойға алып, уақыты кел­мей қалған жоба бар ма?

– Ойда, ойда емес бастама ретінде балалар оңалту орталы­ғын ашуды қолға алдық. Арал, Жаңақорған және қаладағы ор­талықтарды біріктіріп, облыстық оңалту жүйесін құру межесі тұр. Енді санаулы уақытта оның да кезегі келеді. Бұл біздің бала­ла­рымыз үшін, өзге өңір­лерге са­былмай ем алу үшін жасалатын мүмкіндік.

Есептеулер бойынша, халық­тың медициналық көмекке қана­ғаттану деңгейі облыста – 61 па­йыз, республика көрсеткіші – 38 па­йыз. Бұл өлшемді біз жүргіз­бейміз, арнайы ғылыми-зерттеу институттары сараптама жасайды. Ал олардың қай кез­де келіп, кімнен, қалай тал­дау жасағаны бізге де беймә­лім. Сон­дықтан осындай жетістік­тердің артында күні-түні жауапкершілік арқалап, адам өмірі үшін күресіп жүрген әріптестерімнің еңбегі тұр.

Осында қызмет еткен үш жылда басшылар қолдады, қажет жерінде қорғады. Қанаттаса бірге жүрген әріптестер қарсы келген жоқ, әркез демеу, көңілге медеу болды. Шынайы ізгі-ниет мақсат жолын жеңілдетеді екен. Өңірде 3 мың дәрігер, 12 мың орта буын, 5 мыңға жуық өзге де медицина қызметкері, барлығы 20 мыңға тарта адам осы салада еңбек ету­де. Осы үлкен саланың өте жа­уапты қызметін адал атқарып жүр­ген әріптестеріме шын көңіл­ден ризалығымды жеткізгім келе­ді.

– Жаңа қызметіңізге сәтті­лік тілейміз.

Сұхбаттасқан

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

«Сыр бойы»