Химиялық жолмен өндірілген өнімнен табиғи өнімнің артықшылығы айтпаса да түсінікті. Демек, табиғи өнімге деген сұраныс кемімейді. Келешекте де елімізде органикалық егіншілік басымдылыққа ие бола бермек. Осы орайда Сыр өңірінде қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымы, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Хасый Жамантіковпен әңгімелескен болатынбыз.
– Хасый Жамантікұлы, ең бірінші органикалық егіншілікке қатысты түсінік беріп өтсеңіз…
– Органикалық егіншілік дегеніміз – топырақ құнарлылығының сапасы мен мөлшерінің жергілікті климаттың небір құбылысына шынығып, тұрақты қалыптасуы арқылы оны түрлі өзгерістерге қарсылық жасайтын жағдайға жеткізетін жаңа жүйе. Топырақ құнарының құралуына себепші жақсы жағдайда өскен өсімдік қалдықтары мен оның жер астындағы тамырлар жүйесі екенін түсінсек, осы органикалық заттардан топырақ шіріндісі құралатынын, оларды микроағзалар (бактериялар) тіршілік қорына айналдыратынын біліп-түсіну қиын емес. Бактериялар қорегінен өткен шірінділер бұзылмайтын тіршілік тірегі – гумус болатынын ғылым дәлелдеген ұғымды диқан қауымы саналы қабылдаған жөн.
Құнарлылық қоры – гумус күрделі қосылысты, тіршіліктің бар болмысына энергия беретін тұрақты толық зарядталған аккумулятор десек, жаңыла қоймаспыз. Гумус энергия көзі ретінде жылда толықтырып тұрғаны дұрыс. Құнарлылық құрылымы органикалық және минералды заттар қосылысынан тұрады. Осы қосылыстардың байланысын нығайтатын және толықтыратын топырақтағы пайдалы әрі белсенді зат – бактериялар. Бактериялардың белсенді тіршілігінен кешенді органикалық-минералдық өнімдер туындайды. Осыдан құнарлылықтың сапасы мен мөлшерін құрауда микроағзалардың үлесі зор екенін білеміз. Микроағзалар тіршілігінің белсенділігі мен өміршеңдігі топырақ құрамындағы минералдық және органикалық заттардың қорына байланысты. Қазіргі топырақта органикалық заттар керекті мөлшерден аз екендігін оның құрамындағы гумустық заттардың мөлшерінен білуге болады. Біздің батпақты-шалғынды топырақта гумустық заттар бастапқы 1,5-2% мөлшерінен 0,5-1%-ке төмендеген. Ал, Ресей топырағында гумус мөлшері 8-10% деңгейінде.
Сонымен, органикалық егіншілік дегеніміз – егіншіліктің табиғи құрылым жолына бағытталған жаңа жүйе. Ал, топырақтың табиғи жолы ұзақ уақытты қамтиды. Қазіргі біздің тіршілік өте жылдам екені белгілі. Жетіспеген органикалық зат болса, оны компост (органикалық тыңайтқыш) түрімен толықтыруға болады. Себебі, көбінесе ауыспалы егіс дақылдарының қалдығы топырақ құрамын жеткілікті мөлшерде толықтыра алмай отыр. Органикалық заттар қоры (жоңышқа тамырлары) бактериялар арқылы тез қорытылатындықтан, топырақты гумустық заттармен қанағаттандыра алмайды. Ол кемістікті компостпен жабуға болатынын Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғылыми жұмыстарымен, патентті жетістіктерімен кезінде дәлелдеді.
– Дәстүрлі егіншілік жүйесі өзгертілмей қала берсе, топырақтың батпақтану кезіне тірелетіні рас па?
– Органикалық егіншілік жүйесі біртіндеп табиғи жолмен жасалады. Ол үшін біраз жұмыс атқарылуы керек. Тіршілігі мол топырақ деп топырақтың үдемелі белсенділігін айтады. Белсенділікті бактериялар жасайды. Топырақта да кір жуғыш мәшиненің басты элементтерін қақ басып, істен шығатындай жағдай туындайды. Қақ басу, иістену – борсу топырақта да болады. Бұл – топырақтың батпақтану кезінде болатын процесс. Ол жағдайды қалпына келтіру топырақ болмысында тез жүрмейді. Оған уақыт керек. Оны өтпелі кезеңде қалпына келтіреді.
Біз 40 жылдан астам егіске сапасыз тыңайтқыш бердік. Неге сапасыз? Себебі, оның құрамында ауыр металдар қоспасы көп орын алды. Ауыр металдар қоры топырақ құрамында өте көп жиналса, олар өсімдікті улайды. Микроорганизмдер бұндай ортада тіршілігін мүлдем тоқтатады. Микроорганизмдер топырақта көп болса, ауыр металдарды қорытып, пайдалы элементтерге ыдыратар еді.
Ал, екінші зиянды фактор – тұздылық. Күріш егілген топырақта тұз қатар түзілетіні заңдылық. Оның мөлшері шамадан асса, зияндылығы да артады. Ауыр металдар топырақты белсенді тіршілігінен айырады. Тұздар өсімдікті өндірмейді, сиретеді, өсірмейді. Себебі, ол өсімдіктер тамырына қоректік элементтерді дер кезінде бергізбейді, өсу ортасын сілтілендіріп улайды. Ауыр металдар мен тұздарды бейтараптасақ, жер жағдайы жақсарады. Топырақ қайтадан тірі денеге айналады, өсімдіктің өсуіне оңтайлы жағдай жасалады.
Өтпелі кезеңде өңделетін топырақ қабатын ауыр металдар мен тұздылықтан тазартамыз не бейтараптандырамыз. Сонда топырақ жоспарлы өнім алуға бетбұрыс жасайды. Жоспарлы тұрақты өнім органикалық егіншілік талабы орындалғанда және топырақ белсенділігі қалпына келгенде, яғни органикалық егіншілікке көшкен кезде болатынын және ол жаңа жүйеге көшкеннен кейін туындайтынын санаға терең сіңірген дұрыс.
– Ал өтпелі кезең қалай орындалады?
– Диқан қауымына белгілі мәліметтерге сүйенсек, топырақта өсімдік қалың өсіп, жылда топырақ қабатында мол тамыр жиынтығын және өсімдік қалдығын қалдырса, олар біртіндеп шіріп, қара шіріндіге айналады. Ал, органикалық заттар аз болса, топырақ шіріндіге кедейленеді. Шіріндінің аздығы топырақтың құралу заңдылығына қайшылық туғызады. Яғни, топырақ тіршілігі нашарлайды. Біз қазір осындай топырақ жағдайына куә болып жүрміз. Топырақ құрамында органикалық заттар мөлшері кемісе, оны компостпен толықтырсақ, топырақ белсенділігі қайтадан артады. Компосты жасау әдісі туралы бірнеше патентіміз бар. Компостпен ғылыми жұмыс 2001-2017 жылдары орындалды. Топырақтың құнарлылығын және белсенділігін тұрақты деңгейде ұстау үшін гектарына 15-30 тонна компост керек екені дәлелденді. Компост биологиялық технология жолымен жасалады. Күріш сабаны мен қауызын бактериялық ашытқылар арқылы белгілі деңгейде шірітеміз.
Өтпелі кезең 5-7-10 жылға созылады және шаруашылыққа ауыртпалығы жоқ және шығыны өзімен өтелетін технологиямен орындалады. Себебі, жылда жерге компосты 2,5-5 тонна мөлшермен бергенде шыққан өнім шығынды жауып, гектарына 18000 теңгеден астам пайда келтіретіні дәлелденген. Өтпелі кезең жылы кеміген сайын, пайда өсіп ауылдың әлеуеттік жағдайы жақсарып, арта түседі. Органикалық жүйенің ерекшілігі осы.
Өтпелі кезеңдегі жұмыстар негізінде ауыспалы егіс топырағы құнарлылығының сапасы да жақсарады. Топыраққа сіңіп, оның құрамын жақсартушы органикалық заттар суды, тыңайтқыш ерітінділерін бойына көптеп ұстайды. Суды үнемдейді және тыңайтқыштың тиімділігін арттырады. Міне, осылай күріштің жоғары өнімі гектарына 65-70 центнер деңгейінде, тек органикалық егіншілік жүйесінде ғана тұрақталады. Ресейге жетерміз, жетпеспіз. Ол әзірге мақсат емес! Себебі, біздің топырақ өңірі басқа жағдайда қалыптасады. Біз шөлейт белдеуіндеміз, Ресей қоңыржай климат белдеуінде. Дегенмен, өнім гектарына 65-70 центнерден тұрақты болып, сапасы жоғары болса, бізге осының өзі үлкен меже! Өнімді алдымен осы деңгейге жеткізіп алайық, басқасын содан кейін көрерміз. Сонымен, органикалық егіншілікке көшкен кездегі басты көздеген мақсат, ол топырақ құрамындағы органикалық заттардың мөлшері жергілікті климатқа сәйкес жылма-жыл жиналып, жалпы оның құнарлылығының мөлшері тұрақты қалыптасуында. Сонда егіс топырағының жаратылысы толыққанды болмысына толық жетеді.
– Басты дақылымыз – күріш өсірудегі ерекшеліктер қандай?
– Қандай топырақ түрі де күріш өсіргеннен кейін, табиғи болмысын күрт өзгертеді. Себебі, топырақтың химиялық, физикалық, биологиялық қасиеттері деградация құбылысына ұшырайды. Топырақтың қай түрі болмасын олар күріштік топыраққа айналады. Топырақтандырудың қасиеттерін өзгертетін күш күріш өсіру технологиясындағы су факторы және оның режимі, тағы басқалар.
Су күшті реагент ретінде, табиғи топырақтағы бұрын-соңды қалыптастырылған құнарлылық қасиеттерін кемітетінін күнделікті тіршілікте көріп, біліп, сезініп жүрміз. Оны түзейтін жол – тек органикалық егіншілік жүйесі. Органикалық егіншілік кезінде топырақ жаратылысының қалыптасуы табиғи бағыттағы жолға түсетіндіктен, құнарлықтың, өнімнің, оның сапасының көрсеткіштері жоғары деңгейде құралып тұрақталады. Топырақ болмысына жетік тұрақтанбайынша деградация (ыдырау) белсенділігі кемімейді және ол реттеуге көнбейді. Өнімнің дәстүрлі егіншілікте де тұрақталмайтыны сондықтан деп түсінген дұрыс.
Жерді ғылыми жетістіктер арқылы игере білсек, оны табиғи болмысына жеткізсек, Жер-Ана нарықтық экономиканың құйтырқы жағдайына да төтеп беріп, соны табыс әкелетіні сөзсіз. Оның дара жолын қазақстандық «Жасыл экономика» стратегиясы дәлелдеп отыр. Таза биологиялық әдістің химиялық әдіспен салыстырғанда қоршаған орта мен адам денсаулығына зияны өте аз болатынын түсінгеніміз абзал.
– Рахмет!
Әңгімелескен
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<