Таяудағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында су тақырыбы басты мәселе ретінде қаралғанын білеміз. Ізін ала Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Бұның себепсіз емесін, түпкі мәнін Сыр өңірінің жұрты жақсы ұғынады. Өйткені облыста су тапшылығы жылдан жылға сезіліп келеді және маңыздылығы арта бермек. Осы орайда біз ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Хасый Жамантіковпен сөйлесіп, тақырыпқа қатысты проблемаларды талқылаған едік.
– Хасый аға, ғалым әрі өңірдің жайын жақсы білетін азамат ретінде сізден ең әуелі Аралдың жайын сұрамай кетуге болмас. Қаншама рет мінберлерден айтылған мәселе болса да, не себепті шешімі табылар емес?
– Расын айтайық, бізде ғылым мен өндірістің арасы алшақ болып кетті. Елімізде ғана емес, бүкіл дүниежүзінде су тапшылығы бар. Арал жеріндегі құрғақшылықпен, құм көшкінімен күрескен адамның бірімін. 15 жыл бойы сексеуіл ектім. Теңіз кепкеннен кейін немістің Зигмар Брекле және израилдік Арон Айер есімді профессорлар Біріккен ұлттар ұйымына барып, табиғаттың жайын қозғады. Кейін Дүниежүзілік даму банкінен ақша бөлдіріп, ең алғаш рет Арал қаупін ауыздықтау үшін экспедиция құрды. Соның құрамында мен жүрдім. Бір қынжылатыным, бізде топырақтану ғылымына мән бермейді. Кез келген өсімдік топырақта өседі, қажет десеңіз қазақ «топырақтан жаралдық» деп текке айтпайды. Экспедиция тобын профессор Зигмар Брекле басқарды. Профессор Арон Айер оның ғылыми ұйытқысы болды. Арал теңізі тұйық болғандықтан Сырдария өзені ағынымен тау, жар мүжінділері шөгінді сумен келіп, теңіз түбіне шөгіп, кедір-бұдырын тегістеп ұлтан қабатын құрайды. Ол кезде Сырдариядан мол су ағып жатқан. Оның суы азайған соң теңіздің шөгінді табан қабаты судан құрғатылып, шөгінділерден түрлі механикалық құрамды топырақ түрлері қалыптаса бастайды. Биыл Үкімет ресми түрде өзеннің мәселесін қозғады, тіпті күріш көлемін азайту жайлы айтылып жатқаны бекер емес. Бірақ облыс сонда да егіс көлемін азайтпады.
Енді ғылыми тұрғыдан оралайық, біздегі жерасты топырағы – шөгінді топырақ. Сырдария секілді арыны қатты өзен дүниеде аз еді. Жолдағы небір кедергінің бәрі таяз суға айналдырды. Оның суы келмей жатқан соң Аралдың хәлі не болмақ? Алғашқы кезде борпылдақ, әлі бірікпеген топырақ құрамы пестицид, гербицид сияқты улы заттар сумен келіп, шаңмен бірігіп, желмен ұшып айналаны ластауға бейім болады. Ол шаң қоспалары космостық кеңістікке көтеріліп, жер бетінің кездейсоқ жеріне жетіп, шөгіп, сол жерді ластайды. Сондықтан бірінші мәселе шаңды қозғалысқа келтірмейтін ic-шара жасау болды. Теңіз ұлтанының бетiндегі әртүрлі қоспалы өте зиянды борпылдақ шаңды бекітетін бірден-бір жол – өсімдік жамылғысымен ұлтан бетін бүркеу әдiсi. Ғалымдармен бірге Арал өсімдіктерін зерттеу арқылы, бүркемелі өсімдікке қара сексеуіл таңдалды. Оны егу жолдары іріктелді. Басты мақсат – қазір жаһанда белең алып бара жатқан қуаңшылық пен шөлейттену өзгерістерін өрістетпеу еді. Ол егіншілік шаруасының өнімін кемітіп, азық-түлік қауіпсіздігін нашарлатып, аштыққа әкеледі. Ол қауіп қазір жер жүзі елдерін алаңдатып отыр. Азық-түлікпен қоса экология апаты Сырдария суының Арал теңiзi жұрнағы – Кiшi Аралға жетпеуі қасіретті үдетері сөзсіз. Сондықтан Кіші Аралға су жіберуді әсте ұмытпаған жөн.
Сонымен 1998-2012 жылдары эрозиялық процестерді тоқтату, қуаңшылық пен шөлейттенуге бетбұрысты әлсірету, өсімдік жамылғысын дамыту бағыттарында нәтижесі сенімді ғылыми-зерттеулер жүргізілді. Нәтижесінде егілген сексеуіл өскіні тұздан қорғалып, жерсінуі ұлғайды. Бұл үлкен ғылыми жетістікке жатады.
Арал теңізінің географиялық құрылым ретінде жер картасынан, теңіз атынан түciп қалуына адами фактор себеп болғанын қынжылып айтамын. Мысалы, өткен ғасырдың 70-жылдарының соңында кітап сататын дүкеннен Арал тағдыры жайлы жақсы еңбекті кезіктірдім. Ақшамды әкеліп, сатып алмақшы болсам белгісіз бір адамдар келіп Аралға қатысты барлық кітапты жинап алып кетіп жатыр. КГБ-ның адамдары екенін анық білдік, яғни, Арал адамдардың қолымен қасақана құртылды. Талай орыс ғалымдарының «бізді Құдай кешсін, құртып қойдық» деген сөздерін естідік.
– Сөзіңізден аңғарсам, Арал мәселесі суға ғана емес, топыраққа да байланысты болып тұрған сыңайлы?
– Топырақ кескіні деген болады. Дәл осы Арал жерінің топырақ кескінін жасап шығардым. Шөгінділерді 0,5 см, 5 см-ден басталатын жолақтар арқылы көрсетіп бердім. Сонда шетелдік ғалымдар 10 сантиметрден бастап алу керегін айтты. Сонымен, сол жерде жас жігіттерге 2 метрге дейін жер қаздырып, барлық сынамаларын лабораторияға жібердік. Менің сызбам нақты сәйкесті. Кейін ғалымдар кетерінде риза болып, «Аралға қолыңнан келген жақсылықты жаса» деп те айтып кеткені есімде.
Арал тағдыры жердің басқа аймақтарынан көрініс тапса, шұғыл алдын алу керек. Құрғақшылық зардабынан және адами факторлардан Балқаш, Каспий сулары азаюда, Дунай өзені ортаюда. Қар жаумаса тау басы ағармайды. Ол қар мұзға айналып, бұлақтар көзі боларын білеміз. Толассыз аққан бұлақ суы өзенге ұласады. Өзен арнасын тауып құяр қазанын табатыны cөзсіз. Осылай Сырдария суы арқылы Арал теңізі құралғанына мыңдаған жылдар өтіпті. Енді мiне, Арал теңізінің көлге айналғанына куә болдық. Осы айтылғаннан табиғат жаратылыстарының бip-бipiмен байланыста екенін көріп отырмыз. Жаралған су есеппен жұмсалса сарқылмайды. Табиғат заңымен тағы да су көзі ашылып, мөлшері кемімейді. Адамзат тірлігі мен табиғат құрылымы үйлесімдік тапса, азық-түлік қаупі жойылады. Аштыққа жол берілмейді.
– Теңіздің тағдыры мәселе ретінде көтерілгеніне әлдеқашан жарты ғасырдан асты. Әйтсе де оң өзгерістер көре алмадық. Жалпы шынын айтайықшы, Аралдың болашағы қандай болмақ?
– Сіз маған бұндай сұрақ қоймаңыз! Аралдың болашағын ойлағанда, қорқыныш бар. «Аралқұм» деген құмды білеміз, Қарақалпақстанға дейін ұзыннан ұзақ созылып жатыр. Бір қызық айтайын, оның құрамы кварц. Алтынмен тең саналады. Енді қанша байлық жатқанын болжай берейік. Бірақ климат өзгеріп жатыр, егер «Аралқұмды» жел көтерер болса, бүкіл Қазақстанды құм басып кетеді. Тұзы дүниежүзіне жайылып жатыр. Ертең айқай болмасына кепіл жоқ.
– Ендігі жайт, су тапшылығына күріш егудің де әсер етіп отырғаны айтылады. Біз үшін күріш егу көлемін біршама қысқартқан жөн деп санайсыз ба?
– Бұл мәселенің көтерілгеніне 20 жылдан асты. Кезінде шетелдік ғалымдар Қазақстанға келіп, «ойланыңыздар, күрішті мынадай белшесінен суға батырып алатын жағдай ертең тумайды» деп ескертті. Сонда біздегі кей академиктер «не деп тұрсың?» деп қарсыласты. Сол сәтте мен оларға басу айтқанмын. Өйткені Алматыда отырып алып адам Қызылордадағы күріштің жағдайын қайдан біледі? Жаһандық климаттың өзгерісін ешкім тоқтата алмайды. Дүниежүзі қауымдасып, мәмілеге келу қажет. Бірақ қараңыз, Париж келісімінде әлем елдеріне «көмір жақпаңдар» делінді. Кім тыңдап жатыр? Көмірсіз өмір жоқ. Қытай міндетті түрде жағады, смолаға айналдырып, қайта отын қылады. Көңнен газ өндіріп жатқан елдер бар. Міне, ғылым деген – осы.
Күрішті тоқтатам деген күннің өзінде 15-20 жыл керек. Менің қорқатыным, бізде күрішті бел ортасынан шорт кеседі. Бізде көң жоқ, өйткені мал айтарлықтай көп емес. Қазір көңнің бағасы тыңайтықшпен қатар тұрады. Күріштің қауызын да солай пайдаға жарата аламыз. Ол үшін күріштің қауызын әбден шірітіп алып, нығыздап, компост шығаруға болатынын көрсеттім. Оның бактериясы күшті өз ашытқысы болады. Аустралияда әр үйдің ауласында бетоннан жасалған, беті жабық шұңқырлар болады. Шөпті сонда шірітіп, қыста үйін жылытады. Жаңағы айтқан күріштің қауызынан компост жасау жобам қолдау тауып, патент те алған болатынмын. Бұны неге айтып отырмын? Қазір жер жүзінде қоқыс көп. Ал компост қоқыстарды шіріте алады.
Енді күріш егуді доғардық дейік. Жеріміз шөгіндіден құралған, тоқтатсақ бірден тұзданып шыға келеді. Сол үшін әзірге су қаншаға жетеді, сонша күріш егіп, қалған жерлерге компост төгу керек. Дегенмен оған бірталай тонна компост қажет. Оны жасау үшін де қаражат пен еңбек күші керек болады. Құнарлы жердің бір гектарында 30 тонна органикалық шірінді бар. Жоңышқа егіп жатамыз, одан кейін 10-15 тонна шегінде болады екен. Кейбір тұзданған жердегі көрсеткіш 5-6 тонна ғана, яғни, біздің ауыспалы егісіміз жерді тұзданудан әлі толық сақтай алмайды. Тұз деген жер астынан көтерілерде кедергісіз жол іздейді, сөйтіп оны каналдардың бойынан табады. Біз қашыртқы атап кеткен, қайта қолдануға жарамайды деп есептейтін су. Дегенмен 15 жыл бұрын Дания елінен ғалымдар келіп, қашыртқының суын да толық сүзгіден өткізіп, тұрмыста қолдануға болатынын айтып берген. Тек аяқсыз қалды. Израил еліне барғанымда тіпті қаланың канализация желісінің қалдығын сүзгіден өткізіп, ауызсуға айналдырып отырғанын көрдім. Оның қалай іске асатынын, барлық процестерін есімде сақтадым.
– Демек, біз күріш егуді тоқтату арқылы проблемалардың шешімін таба алмаймыз. Одан кейінгі жерді құнарландыру ісіне дайындығымыз қалай?
– Ең бірінші мақсатымыз жерді құнарландыру болуы тиіс. Органикалық зат беріліп, шөптердің шіріндісі болмаған соң қанша күріш ексеңіз де топырақтың құнары болмайды. Қазір күріштің өзі тыңайтқышты көтере алмайтын болған. Жалпы айтқанда, топырақта органикалық процестер үздіксіз жүріп, тұзды ысырғанда ғана құнарлы жерге қол жеткіземіз. Әйтпесе қазіргі беталысымызбен тұздануға жол аша береміз.
Органикалық егіншіліктің негізін қалағанмын. Күріш егуді ойлану керек. Мына бетімен Сырдария оңала алмаса, қалай егеміз? Дұрысы, жерді құнарландырып алған соң көкөніс, бау-бақшаға көшсек болады. Менің ұсынар бағытым – осы. Мойынұсынғымыз келмесе де, көнуіміз керек.
– Сіз елде атом-электр стансасын салуды қолдайсыз. Неліктен?
– Бастысы – маман даярлау. Полифосфат өнімінің өндірісі электр энергиясын өте көп жұмсайтын болғанынан бізде кенже қалып отыр. Дегенмен қазіргі экология жағдайы адам тіршілігі ортасының жақсаруына бағыт алғандықтан және азық-түлік қауіпсіздігі күн тәртібінде бірінші тұрғандықтан, адамзат назарын топырақ экологиясына еріксіз аударуға мәжбүр етеді. Оған фактор көп. Геосаяси жағдай да ушығып тұр. Жаһандық климат өзгерісі жер шарының біраз елін апатқа ұшыратып жатыр. Орман өрті, су басу, жаңбыр жаумай, қуаңшылық белең алды. Климаттың өзгеруіне адамзаттың табиғатпен санаспай, өлшеусіз мөлшерде көмірқышқыл газымен ластап, балансты бұзуы себеп болып отыр.
Иә, мен қауіпсіздігі қамтамасыз етілген атом-электр стансасын салуды құптаймын. Дегенмен саяси пиғылдарын араластыратын елдің көмегі қажет емес. Қуатқа тәуелсіздікті жою мәселесі терең сарапталып жатыр. Қуат көзі атом-электр стансасында екені белгілі жайт. Қазақстанда АЭС шикізаты, уран қоры жеткілікті. Қуат стансасының қауіпсіз технологиясы мен керекті өнім өндіру мемлекет деңгейінде тиянақты қолға алынуда. Қуат көзі іске асса, Қаратау фосфоритінен полифосфат өндірілетін күн алыс емес. Полифосфатты зерттеу авторы ретінде осы экологиялық таза өнімнің Қазақстан егіншілігін фосформен байытарына сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Мадияр Төлеу
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<