Қазақ әйелі ар-намысын ардақ тұтқан

2849

0

Аймақтың ғылым саласында ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарып келе жатқан аяулы ана, ұлағатты ұстаз, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айман Ералықызы Айтбаева 60 жасқа толып отыр. Көктем самалымен келіп жеткен аналар мерекесі және ғалым ұстаздың мерейтойы қарсаңында арнайы барып, әңгімелескен едік.

– Айман Ералықызы, бойыңыздағы кеңпейілдік, көпшілдік, әсіресе, ойыңызды бүкпесіз ашық айтатын турашыл мінезіңіз сізді өзгелерден ерекшелеп тұрады. Ата-әже тәрбиесін алдым дейсіз, сірә, бұл қасиет сол кісілерден дарыған болар…

– Иә, сөзіңнің жаны бар. Атам Боранқұл, әкем Ералының берекелі шаңырағында өмірге келген жетінші перзентпін. Үш немересі енді мектепке барайын деп тұрғанда шетінеп, үш ұлдан кейін аймаңдайлы қыз дүниеге келгенде, атам мен әжемнің қуанышында шек болмайды. Есімімді белгілі қоғам қайраткері, журналист Нұрділда Уәлиев ағама қойғызыпты. Нұрділда ағам «Айман-Шолпан» жырындағы екі мұңлықтың Бағаналы – Балталы наймандармен еліне қайта аттанардағы қоштасуын айта келе, «немереңіз Аймандай ақылды, келесі қыз Маманның Шолпанындай сұлу болсын» деп менен кейін  дүниеге келетін сіңілім екеуміздің атымызды бірден қойыпты. Әкем Айтбай – әжемнің тұлабойы тұңғыш ұлы. Анамызбен бақытты ғұмыр кешіп, он бес баланы дүниеге әкеледі. Барлығымыз да ата-әжеміздің бауырында өстік. Ол кісілер тәрбиелеген бала өзгеше болады ғой.

Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында қыры мен сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол – бала тәрбиесі. Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Бала үшін олардан асқан тәрбиеші жоқ. Адамға ең алдымен білім емес, тәрбие керек. Тал бесігімізден бастап тәрбие берген атам мен әжеме барлық әулет қарыздармыз.

Әжем Суықбайқызы Раушан Тереңөзек ауданы, «Шаған» деген жерде дүниеге келген. Үш бауыры болады. Алайда сол заманда бүкіл елді қалжыратқан, қаңғыртқан, есінен адастырған ашаршылық, одан кейінгі соғыс тұтастай ұрпақты ерте есейткен емес пе? Әжемнің балалық шағы да сол зұлмат жылдарға тұспа-тұс келеді. Әкесі Суықбай бай-құлақ ретінде кәмпескеге ұшырап, айдалып кетеді. Аналары ертерек өмірден озады. Жоқшылық пен жетімдіктің зардабын көрсе де, марқұм әжем тағдырдың салған сынағына мойымай, тегеурінді мінезімен соңынан ерген үш бауырына пана болады. Тағдыр тауқыметі артқан сайын, қарағайға қарсы біткен бұтақтай өмірдің соққысы мен дауылына қарсы тұрады.

Атам Ералы күмістен түрлі бұйымдар жасап, саудалап нанпұл табады екен. Сөйтіп жүргенде әжемізді жолықтырып, осы күнгі  Ж.Маханбетов ауылы маңындағы «Қаратабан» деген жердегі шаңырағына келін етіп түсіреді. Қызының артынан әкесінің өзі қуып келіпті. Келін түсірген әулет  құданы кәде-салтымен күтіп, шығарып салады. Алайда көп ұзамай әкесі кәмпескеге ұшырап, айдалып кетеді. Ал әжем артына қарай-қарай кеткен әкесін содан кейін көрмейді. Жүрегін сағыныш кернеген сезімтал қыз әкесінің етігінің ізі қалған жерді ағашпен қоршап, көктемде он екі түп ағаш отырғызады. Ол үлкен баққа айналады. Сағынышын саялы баққа айналдырған, әкесін кие тұтқан қайран әжемнің әкеге деген махаббаты осылайша өрнек тапқан екен.

– Әйелдің жаратылысы нәзік, жан дүниесі аса сезімтал деп баға береміз. Алайда осы күні қоғамдағы кейбір әділетсіздіктер әйелдердің табиғатына ауыр соққы болған сияқты. Себебі, бүгінде әйелдердің бойында нәзіктіктен гөрі күрескерлік басымдау көрінеді…

– Негізінде әйелдің жаратылысы өте нәзік. Оны жаралап алуға әсте болмайды. Сонымен бірге, жер басып тірі жүрген соң тіршілік ережелеріне бағынасың, қоғам бағытына бейімделесің. Ал қажеттілік туғанда амалсыз оған көндігесің. Себебі, әлем жаратылғаннан бері бір арнаға түскен, бір ізбен жүрген бірқалыпты өмір ешқашан болмаған. Қоғамдағы хал-ахуал бәрімізге де ортақ. Әсіресе, әлеуметтік тұрғыда шешімін таппаған сауалдар жеткілікті. Құндылығымыздың бәрі бәсекеге түсті. Атам қазақ айтпақшы, «Аттыға еріп, жаяудың таңы айырылар» түрі бар… Дегенмен сабырлық таныта білген дұрыс деп ойлаймын. Жас шағымызда кез келген мәселеге бей-жай қарамай, білек сыбана кірісіп кетуші едік. Әйтсе де адам толысқан сайын өмір ырғағы өз арнасына түсіреді екен, қазір көп жағдайда сабырлық танытуға тырысамын. Жаратқан иеміз қандай бір жағдайда пендесін қараусыз қалдырмас…

Ең бастысы, ел іргесі аман болсын. Отанымыз тыныш, халқымыз сау, ұрпағымыз алаңсыз  өмір сүрсе екен. Осы жылдың басында ел ішінде орын алған оқыс жағдайдан кейін мәселенің мән-жайын саралаған Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан» идеясын алға тартты. Шындығында, қоғам бір орнында тұрмайды, өйткені уақыт оны күтпейді. Сондықтан жас ұрпағымыз сол әділетті де жасампаз қоғамды қалыптастырады деп сенемін.

– Ұстаз сөзінің астарында ұлағат пен құрмет тұнып тұрғандай сезіледі. Осынау мәртебелі мамандықты таңдауыңызға ұстаздарыңыз ықпал еткен сияқты…

– Мен қазіргі Ж.Махамбетов ауылындағы №143 орта мектепте оқыдым. Бүгінде қалай екенін білмеймін, ал біздің ұстазға деген махаббатымыз ерекше болды. Әліппені үйреткен алғашқы ұстазымның аяулы бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Мектеп қабырғасында білім берген Ұлған Әбілова, Балтабек Байсынов, Асан Шәтенов,  Батырхан Остаев, Күлзия Мәтиева, Өмірсерік Әбуов, Қарлығаш Иманбердиева сынды ұстаздарымның есімін ерекше құрметпен атап өтемін. Менің де осынау  мамандықты өмірлік мұратыма айналдыруыма осы кісілердің әсері болғаны анық.

Орта мектепті бітірген соң комсомолдық жолдамамен жастар бригадасында екі жыл еңбек еттім. 1982 жылы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, үздік дипломмен бітірдім. Одан соң сол кездегі Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында жоғары білім алып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқытушы мамандығын алдым. Иә, өзім армандағандай, ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеу бақыты бұйырды. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасына жұмысқа қабылдандым. Ол уақытта кафедраны университет профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Жанбершиева басқаратын. Ол кісі менің біліміме, қарым-қабілетіме сеніммен қарап, кандидаттық диссертациямның тақырыбын да бекітіп берді. Осылайша филология ғылымдарының докторы, профессор З.Бисенғалиевтің жетекшілігімен 2001 жылы «ХХ ғасыр басындағы қазақ лирикасы» тақырыбындағы кандидаттық диссертациямды сәтті қорғап шықтым.

Ғылым саласы – инемен құдық қазғандай деп бағалайды біздің халық. Себебі, бұл салада әрбір істің байыбына барып, әрбір сөздің астарына үңілу қажет. Зерттейтін құжатыңды, талдайтын тақырыбыңды тап басып, оның ғылыми сипатын ашуға еңбек етесің. Осы жолда ойыма ой қосып, қолға алған ісіме қолдау танытқан ұстаздарым Сәнімкүл Желдербаеваны, Әлима Жақыпқызын, Ұлжан Жанбершиеваны ерекше атар едім. Оның ішінде күні бүгінге дейін бір шаңырақта еңбек етіп келе жатқан Ұлжан апамыздың менің өмір соқпағымда өзіндік орны бар. Бүгінде апалы-сіңлілі жандардай туысқанбыз. Әттең, бір Бақытжанның дүниеден ертерек кетіп қалғаны болмаса…

Бүгінде Қорқыт ата атындағы жоғары оқу орнында шәкірт тәрбиелеп келе жатқаныма 30 жылдан аса уақыт өтіпті. Осы жылдардың еншісінде қаншама ғалымдармен, қоғамдағы танымал тұлғалармен, қарапайым тілмен айтқанда, жақсы-жайсаңдармен сыралғы сыйластықтың ізі жатыр. 

Бұл күнде білім ордасынан түлеп ұшқан мыңдаған шәкірттер қоғам, мемлекет мүддесі жолында жемісті еңбек етіп жүр. Олардың әрбір жетістігін көргенде көңіліміз марқайып қалады. Меніңше, ұстаз мәртебесінің түпкі мәні осында жатыр.

– Қазақ тарихында ар жағы Тұмар патшайымнан бастап аты аңызға айналған аналар жетерлік. Бұл нені білдіреді? Ақылы кемел қазақ әйелдерінің ұлттық болмысты қалыптастыруда айтарлықтай ықпалы болғанын айғақтайды емес пе?..

– Қыз баланың бойына асыл қасиеттерді дарыту тек ақыл айтумен не болмаса «қырық үйден тыюмен» шектелмейді, мәселе қай кезде, қандай жағдайда орынды ақыл ұсынып, үлгі-өнеге көрсетуде. Әйелі азған елдің ертеңі жоқ. Әйел ұлтжанды болмай, ұлтжанды ұрпақ өсуі де мүмкін емес.

Тарихтан бір-екі мысал келтірейік. Бопай ханым – Сәмеке сұлтанның жары. Ағасы Кенесары көтерілісін қолдай қоймаған Сәмекеге ашуланған ол бұл іске мойымай, қайта қайсарлана түседі. Алты баласын қасына алып, бүкіл мал-мүлкін қозғалыстың мүддесіне жұмсауға бел байлаған әйел үшін бұдан асқан ерлік бар ма? Елдік істе көшбасшылық жасау деген осы болар.

Бейбарыс сұлтанның әпкесі Айғаныс пен анасы Айтолқын ше? Екеуін құлдыққа алып кетейін деп жатқанда, Бейбарыс олардың орнына өзін алып кетуді өтінеді, күшінің молдығын ескертеді. Айғаныс арада біраз уақыт өткенде Бейбарыспен ұрыс даласында табысады. Бұл – Айғаныстың өз мақсатына жетудегі көзсіз ерлігі емес пе?! Інісін іздеуді армандап жүрген өжет қыз Шыңғысханның бір немересі Хұлағудың Шығысқа аттанып бара жатқанын естіп алады да, ерлерше киініп соғысқа аттанады. Хұлағу Голантау жотасында соққыға жығылады. Оны бастап келген Мысыр елінен Бейбарыс болады. Сол соғыста жараланып жатқан бір жасты көреді. Бетіне қарай қалса апасы Айғаныс екен. Міне, нағыз ерлік! Ұлттық болмысты кейіптеудегі қазақ әйелінің болмысы.

Әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясындағы әулетінің, ағайын-жұртының абыройын әріден ойлайтын Зере әженің тектілігі мен тәлім-тәрбиесі, Абайдай ұлды дүниеге әкелген Ұлжан ананың ақылдылығы мен байсалды болмысы, Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» шығармасындағы Ұлпанның образы да қазақ әйелінің кемеңгерлік келбетін танытады.

– Отбасы құндылығы дейміз. Бұл сөздің мағынасы қандай?

– Отбасы – aдaмның тaбиғи және әлеуметтік жaғынaн дaмуынa ықпал ететін ұлы қағанат. Оның әрбір мүшесі бір-біріне деген ыстық ықылас, зор құрметпен, асқан бауырмалдықпен осынау қағанаттың тұтастығын сақтайды. Адам бойындағы ар-ұят, ақыл-ой, адамгершілік мен сыйластық, әдептілік пен мәдениетті қалыптастыруда отбасы – алғашқы алтын баспалдақ.

Отбaсы мен қоғaм бір жүйенің екі түрлі: кіші және үлкен үлгісі деп айтар едім. Демек отбасы – қоғaмды біріктіретін күш. Хaлқымыз үйде тәрбие беруде ең aлдымен, баланы дене, aқыл-ой, aдaмгершілік негіздеріне баули отырып, имандылыққа жетелеген. Дені сау бала – табиғаттың ең тамаша жемісі. Сондықтан әрбір ана құрсақта жатқан шаранаға зор жауапкершілікпен қараған.

«Ұят болады» деген пайыммен үлкенге құрмет, кішіге ізет жасауды, өтірік, дөрекі сөйлемеуге баулып, бөтен үйден қарын тойдырмауды, бөтен жерге қондырмауды ыждағаттаған.

«Ата тұрып ұл сөйлегеннен, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деп әдепсіздіктің алдын алып отырған.  Ер жете келе ата-баба аруағын,  туған жерін, Отанын, ана тілін құрметтеуге,  ұлтының тарихы мен мәдениетін, өнерін, әдет-ғұрпын, жеті қазынасын, жеті атасын жетік білуге тәрбиелеген. Бар жақсысын ұрпағына арнаған.

Біздің халқымызда ата-ананы сыйлау – адамдық борыш деп танылған. Әке мен шешенің сөзін екі ету деген болған емес. Әкеміздің бетіне тура қарауды білмеппіз. Әкесін сыйлаған қыз азаматын сыйлайды, барған еліне құрмет етеді. Ер адамның отбасының тірегі екені ешкімге де құпия емес. Өз кезегінде оған өзі құрған шағын мемлекеттің аман-саулығы, игілігі үшін зор жауапкершілік жүктеледі. Балаларын тәрбиелеу, жан жарына қолайлы жағдай жасау – оның басты міндеті. Еркек – отбасының қорғаны ғана емес, елдің қорғаны.

Ертедегі үнді елінде: «Егер әйел жарқын болса, үй іші де жарқырап тұрады. Егер түнеріп жүрсе, үй ішін қараңғылық басады» деген нақыл бар екен. Сондықтан ер азамат та, әйел де отбасындағы өз жауапкершілігін терең ұғынса, ағайын-туысқа, қоғамға сыйлы болады. Ал ұрпағы саналы, салауатты болып өседі.

– Адамның бойында парасат-пайымның, даналықтың қалыптасуына көркем әдебиеттің пайдасы бар ма? Айталық, өзіңіз қандай да бір шығарманың кейіпкерін үлгі тұтқан кезіңіз болды ма?

– Жоғарыда біршама айтып өттік, көркем әдебиет, көркем фильм немесе театр өнері болсын, ең бірінші адамның бойында мәдениеттің қалыптасуына әсер етеді. Жан дүниені толқытады. Кейіпкермен бірге тыныстап, алаңдайсың, қуанасың, әрқилы күйге түсесің. Қажет жерінде жеке көзқарасың ортақ пікірге ойысады. Маңызды мәселені қоғамдық тұрғыда пайымдауға қалыптасасың.

Көркем шығарма кейіпкерлерінің өмірі кейде арман-қиялыңмен ұштасып, жақсылыққа жетелесе, енді бірде оқиғаларды ой елегінен өткізіп, сабақ алатын кезің болады.

Өзім көп оқимын. Өйткені менің қызметіме үздіксіз ізденіс қажет. Сол оқып-тоқып, ойға түйген дүниелерімді шәкірттердің бойына дарыта алсам,  мақсатымның орындалғаны деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<