«Қазақ күйлерінің тарихында ақиқат жатыр»

545

0

Ұлттық домбыра күні – қазақ мәдениеті мен болмысының ең маңызды нышандарының біріне арналған мереке. Қазақ халқы үшін домбыра – ұлттық аспап қана емес, оның жаны мен қаны, ары мен бары, қасиеті мен киесі. Ұрпақтан-ұрпаққа бабалардың үнін жеткізіп, Ұлы даланың сазды сарынын жырлаған да домбыра. Атаулы күнге орай газет тілшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Ерболат Мұстафамен сұхбаттасқан еді.

– Ерболат Жұмашұлы, Ұлт­тық домбыра күні құтты болсын! «Қазақ – на­ғыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр Мырза-әлінің сөзін ұран еткен халқымыздың көңіл төрінде домбыраның орны ерекше. Тамыры мен тарихы тасқа таңбаланған, қазақ елінің болмысы мен өркениетінің куәгері саналатын домбырашылардың өркениетке қосқан үлесі зор. Кешегі батыр бабаларымыз бен ақындардың серігі болған бұл аспапты ұлықтау – бүгінгі ұрпақ міндеті. Дегенмен қазір әр үйдің төрінен домбыра табыла бермейтін секілді. Ұлттық аспапты тек Ұлттық домбыра күні ғана еске алатындай көрінеді?

– Расымен де тек атаулы күні домбыраға мән береміз. Өйткені бұл аспапта көбіне күй тартылады. Ал оны кез келген адам түсіне бермейді. Қай күйдің тарихына, тақырыбына үңілсек, онда халықтың қуанышы мен тауқыметін, бүкіл тағдырын көреміз. Кейінгі жылдары үлкен сахнаға шығып күй тартатындар да сиреді. Ол да бізге сын дер едім. Тек мереке күні ғана ұлттық аспапты еске алған дұрыс емес. Бізде мереке көп. Соның қатарына Ұлттық домбыра күні қосылып, арнайы бір күнді арнағанына қуанамыз. Алдағы уақытта күйдің мағынасын жастарға ұғындырып, домбыраның мәртебесін көтереміз деп ойлаймын.

– Өзіңізді күй өнерінің шы­найы жанашыры, халық мұрасын дәріптеп жүрген аға буын ретінде білеміз. Сіз үшін күйдің мәні қандай?

– Атақты жырау Алмас Алматов ағамыздың «Сөз айта алмай­тын заманда күйшінің ойы дом­быраның көмейіне барып тығылған» деген керемет сөзі бар. Біз осыны түсінуіміз керек. Күйдің мәнін ұғыну үшін оның шығу тарихын, автордың қандай аманат жүктегенін білуіміз керек. Егер қазақта 10 мың күй бар десек, әрбірінің терең тарихын, күйшінің айтқысы келген ойын зерделесек, оның мәні де ашылар еді.

– Домбыра – қазақ халқының асыл қазынасы. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры, терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар. Қазақ ежелден қуаныш пен қайғыны, жақ­сылық пен жамандықты қара домбыраның үнімен жеткізген. Ал «домбыра» атауының шығу төр­кініне қатысты талас-тартыс көп. Сіз не айтасыз?

– Домбыра сөзінің этимо­логиясына мән берген ғалымдар аз болған жоқ. Қолына домбыра ұстаған, тіпті тарта алмаса да соны зерттегендер көп. Барлығының айтатыны, түркі тілдес халықтарының аспаптары да, атауы да, бір-біріне ұқсайды. Тіпті керек болса, украина халқында бан­дура деген аспап бар. Бандура, там­бур, домбур, домбыра барлық сөздер бір-біріне жақын. Көп елде домбыраға ұқсас аспаптар бар.

Мысалы, Ресейдің Алтай қазақ­та­рында сондай аспап бар. Ол біздікіне қарағанда техни­калық жағынан төмен.

– Ұлттық өнерді ұлықтаумен қатар, шәкірт тәрбиелеу ісінде де елеулі еңбек етіп жүрген жансыз. Жастар күй өнеріне қаншалықты қызығады?

– Осыдан 35-40 жыл бұрын өнер зерттеушісі, ғалым Абдулхамит Райымбергенов деген ағай маған мы­надай керемет сөз айтқан.

«Ерболат, біз күйімізді тартып жүре береміз-ау. Сахнаға шығамыз, жаз­балар жазып, теледидарға шығамыз. Бірақ сол күйді тыңдайтын ұрпақ бола ма, болмай ма? Біз осы бастан сол ұрпақты тәрбиелеуіміз керек» деген болатын. Қазір домбыраға қызығатын жастар көп. Бір өкініштісі, олардың көбі жұмыс таба алмай жүр. Мен Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетте «Музыкалық білім» деген кафедрада жұмыс істеймін.

Оқу орнының өзге­лерден айырмашылығы орта мектепке мұғалім дайындайды. Мысалы, кон­сер­ваторияны бітір­гендер күй тар­тады, бірақ олар орта мектепте сабақ бере алмайды. Біз күй тыңдайтын, өнерді түсінетін жастарды тәрбие­леуіміз керек.

Оны қайда тәрбие­лейміз? Әрине, мектеп қабыр­ғасынан бастау керек. Демек, осы тұста біздің университет ұжымының атқарып жатқан жұмысы орасан деуге болады.

– Репертуарыңызда қандай күйлер бар? Авторлық туын­ды­ларыңыз жайлы айтсаңыз…

– Менің репертуарымда 500-ден астам күй бар. Кезінде консер­ваторияда оқығанда бізді жан-жақты тәрбиеледі. Өзім Құбыш Мұхитов деген кісіден білім алдым.

Ол батыстың адамы-тұғын. Білмейтін күйлерін айтатын.

Мәселен, «Мен, мына шертпе күйді білмеймін, сен оны Нұрахмет Жорабековтен, Қазан­ғаптың күйін Сәдуақас Балмаған­бетовтен үйрен» деп бағыттап жіберетін.

Сондықтан болар, сол кезде оқыған өнерпаздар барлық өңірдің күйлерін тарта алатын. Мен Арқаның да, Қаратаудың да, Батыстың да, Шығыстың да, Сыр бойының да күйлерін тарта беремін. Түркіменнің халық күйлерін де Ашхабадта үйренген едім. Кон­серваторияның ІІІ курсында жүргенде «Анама» деген туындымды орындап ІІ орын алған болатынмын. Қазір «Анама», «Ер Түлкібай», «Сыр-тол­ғау» және оркестрге арнап жазған «Қорқыт кесенесі» деген күй-поэмам бар.

– «Қазақ күйлерінің тарихында айқайлаған ақиқат жатыр. Сол ақиқаттан қорыққан адамдар ғана домбыраны, күйді сахнаға шы­ғарудан қашады. Бұл – орыс­құл­дар­дың тірлігі…» депсіз жеке парақ­шаңызда. Бұлай айтуыңызға не себеп?

– Бұлай айтуыма негіз бар. Себебі, күйлердің көбі ХVІІІ-ХІХ ғасырда пайда болған. Ал біз ол уақытта Ресей империясының боданында болдық. Күйлердің тақырыбына мән беріп қарайтын болсақ, айталық, «Пәбескі», «Түрмеден қашқан», «Көбік шашқан», «Аман бол, шешем», «Қайран шешем», «Ертең кетем», «Кісен аш­қан», «Заман-ай» деген сияқты зарлы күйлер бар. Ол күйлерді сахнаға шығып тартайын десең тартқызбайды. Оның өзіндік тарихы бар. Мысалы, «Адай» күйін осы кезге дейін үлкен оркестрде орындап келеді. Ол орыс империясына қарсы адайлардың кө­терілісіне арналған. Кейбір кезде ұятты нәрселерді естіп, қынжылып қа­ламыз. Өткенде бір үлкен тойда ет тамақты әкелерде «Түрмеден қашқан» күйін қосқанын естіп өзіміз ұялдық. Жаңа бір сөзімде қазақта 10 мың күй бар дедім. Соның жартысынан көбі Ре­сей­дің боданы кезінде пайда болған.

– «Күй өнерінің тағылымы» атты монографияңызға тоқ­тал­саңыз… Оның кейінгі ұрпақ үшін маңызы қандай?

– Осыдан екі жыл бұрын 60 жасқа толғанымда «Күй өнерінің та­ғылымы» деген оқулық жазған болатынмын. Онда 42 күй және «Қорқыт кесенесі» деген күй-поэмам­ның партитурасы бар.

Алғысөзді Шәміл Әбілтаев жазған. Кітаптың тұсаукесері Қызылордада А.Тоқ­ма­ғанбетов атындағы мәдениет үйінде, кейін Алматыда да өтті. Енді биыл өнертану профессоры деген атаққа құжат тапсыру қажеттігі туындап, соған сәйкес мен монография жазуым керек болды. Бұл кітаптың мазмұнында күйші ата-бабаларымыз бізге не айтып кетті?

Әр күй арқылы біз қазақтың тарихын қалай түсінеміз? Күйді тыңдай отырып қандай сезімде боламыз? Бізге олар қандай аманат жүктеді? Соны өзімнің ой-тол­ғамдарым арқылы оқырманға жет­кіздім. Ұлттық кітапханада отырып екі ай зерттегенімде, ешқандай мәлімет таба алмадым. Сондықтан осы тақырыпты алғаныма бір жағынан қуандым.

Монографияның аты айтып тұрғандай, күй өнері бізге қандай тағылым береді? Әсіресе, жастарға түсіндіргім келеді. Күй деген сөздің этимологиясы қандай? Осы кезге дейін «күй» деген сөздің төркінін «көк» деген сөзден шығарып келді.

Құдайберген Жұбанов, Ақселеу Сейдімбек секілді ғалымдардың ай­туынша, «көк» деген сөз «аспан», яғни аспаннан бір дыбыс естіледі.

Ол миға келіп саусаққа, саусақтан күй болып төгіледі деді. Мен моно­графиямда ол пікірлерге қосылмадым. Өзімнің көзқарасымды білдірдім. Күй деген сөз қазақтың күйін білдіреді.

Мысалы, үлкен ақсақалға аман­дасқанда «Ата, күйлі-қуатты барсыз ба?» деп сұраймыз. Немесе көңіл күйі жоқ адамға «Көңіл күйің нашар ғой» деп айтамыз. «Мал жаныңыз күйлі ме?» дейміз. Сонда күй деген сөз қазақтың жағдайын білдіреді. Қай күйді алып қарасаңыз да, сол дәуірдің үнін, жағдайын көрсетеді. Жалпы болашақта жастарға күй дегенді түсіндіргім келеді. Осы бағыттағы жұмы­сымды одан әрі жетілдіріп, зерттей беремін. «Күй тартқан адам күйші емес, күйді тыңдай білетін адам күйші» дейді.

Сондықтан бала­ларымыз өнерлі болсын. Бізде үлкен той, жиын, түрлі іс-шараларда домбыра тартатын адамды босағаға, лауазымды кісілерді төрге отырғызып қояды. Егер домбыраны қастерлесек, онда домбырашыны да құрмет­тегеніміз дұрыс. Ұлттық домбыра күні құтты болсын!

– Тағылымды әңгімеңіз үшін рақмет!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ