Қазақ пен түрік сәулетінде сәйкестік көп

2620

0

Қазір шетелде білім алам деген жастарға жол ашық. Бүгінгі кейіпкеріміз Айсәуле Қаржаубай Түркияның Нийде Омер Халисдемир университетінде білім алуда. Таңдаған мамандығы – архитектор. Жер жаһандағы ең байырғы және құрметті мамандықтың бірі саналатын саланы игеруге  талпыныс неден туындады? Ескі Стамбұл сәулетінің негізін салған Мимар Синан елінен не үйренуге болады? Осы сауалдарды Айсәулеге қойған едік.

– Сізбен сұхбаттасудың сәті түскеніне қуаныштымын. Жалпы, Түркияда білім алып жатқан отандастарымыз туралы жиі естиміз. Бұл елге жолыңыз қалай түсті?

– Қазалы ауданында туып- өскенмін. 2020 жылы сондағы №266 мектеп-лицейді бітірдім. Сол жылы ешқандай бағдарламаға қатыспай, ақылы негізде Нийде Омер Халисдемир университетіне оқуға түстім. Қазір архитектор мамандығы бойынша білім алудамын. Негізі мұнда келу бала күнгі арманым еді. 8- сыныптан бастап Түркияға оқуға түсемін деп шешім қабылдадым. Өйткені бұл жақтың мәдениеті мен табиғатына және архитектурасына қатты қызықтым. Мен үшін атақты архитектор Мимар Синанның отанында аталған мамандық бойынша білім алу – үлкен бақыт. Жаңа дизайн ойлап тауып, ішкі жүйесін ойластырып, қолданысқа сай ғимарат жасау – өте қызық жұмыс. Бір жағынан бұл құнын ешқашан жоғалтпайтын мамандық. Алдағы уақытта осы жақтан жинаған біліммен Қазақстанда жаңа туындылар жасау ойда бар.

Ал университеттің оқу жүйесіне келсек, Қазақстанға қарағанда қиын. Оның үстіне өзің жетік білмейтін түрік тілінде білім алу шамалы ауыртпалық салады. Мұндағы бағалау жүйесі де біздің елден өзгерек. Олай дейтінім, бәрі бір факультетте оқитын студенттердің орта балына қарай бағаланады. Барлық студент жоғары баға ала алмауы мүмкін. Сондықтан бәсекелестік өте жоғары.

– Өзіңізге мәлім, түріктің халықтық архитектурасы Тұран даласының танымы мен ислам өркениетінің тоғысынан туған. Бұл ерекшелік бүгін де байқалатын секілді. Ал түрік бауырлар өз сәулет мәдениетін атажұртпен байланыстыра ма?

– Орынды сауал. Қазір сәулет өнеріндегі тенденция өзгерді. Сыртқы сипаттағы өзгеріс әрқилы, бірақ ішкі құрылым ортақ. Осы тұжырымды ескерсек, түріктер соңғы жылдары ғана классикалық, яғни, еуропалық сәулет өнеріне жақындай түскендей. Мұны айтудағы себебім, түрік бауырлар сан ғасырлық тарихында архитектуралық бағытын Орталық Азиядағы өркениетпен мәндес түзді. Оны мешіт, сарай, мазар құрылысынан байқауға болады.

Осы орайда қазақ пен түрік даласындағы монша архитектурасы туралы сөз қозғағым келеді. Қызығы сол, екі өркениеттің сәулетіндегі сәйкестік осы монша құрылымынан сезілетіндей. Мысалы, монша архитектурасының ең керемет үлгісі Осман кезеңінде бой көтерген. Құрылым мен идея тұрғысынан бұл нысандар Орталық Азия елдеріндегі моншаларға ұқсас. Екі елдің сәулет сәйкестігі туралы танымды осыдан-ақ аңғару қиын емес.

– Енді мамандыққа ойыссақ. Архитектура саласы Түркияда қаншалықты дамыған? Бізден нендей ерекшелігі бар?

– Тарихқа жүгінетін болсақ, Түркия – дизайн, архитектураның отаны. Әрине, бұл қатарда Италия, Испания мен Франция да бар. Алайда шығыстық мәдениетпен алсақ, алғашқысының көші ілгері дер едім. Себебі мықты деген архитекторлар мен дизайнерлердің көбі осы жерден шыққан. Жалпы, Түркиядағы кез келген қалаға барып, жай ғана далада жүрсеңіз болды, дизайн мен архитектураның жарқын көріністері жан-жағыңызда тұрады. Мысалға, мұндағы дүкендер, ғимараттар, сауда үйлерінің ерекшелігі стилінде, әрқайсысы бір-бірінен дараланады. Көшелерінде төселген тастар ежелгі қалаларды көз алдыңызға әкеледі. Тарихи орындары тіптен керемет. Далаға шығып, серуендегеннің өзінде архитектура мен дизайннан бойыңыз мотивацияға толады. Жыл сайын қазақтардың Түркияға ағылуының бір себебі осы деп ойлаймын. Төрт жылда тағы бір байқағаным, мұнда мамандықпен жұмыс бойынша да жақсы дамыған, мамандар жоғары айлық алады. Олардағы ерекшелік – құжаттың көптігінде. Мәселен, үйге қатысты құжаттар өте көп. Бір үйдің дизайн, архитектурасын жасаған кезде де, бір үйді бұзып, жаңасын сала алмайсыз. Оған мемлекеттің рұқсаты керек, себебі, ол – тарихи жер. Тіпті, өзіңіз сатып алған үйіңізге өзгеріс жасағыңыз келсе, қағаз жүзінде мемлекеттен рұқсат сұрауға міндеттісіз. Түсінгенім, Түркияда қағазбен жұмыста мәселелер өте көп. Бұл, әрине, ерекшелігі емес, жалпы, біздің елмен салыстырғанда айырмашылығы осы жерде болып тұр.

– Қазақстандықтар онда көп баратыны белгілі. Түркия туристерге қолайлы ел ғой…

– Иә. Түркия – нағыз туристерге арналған ел. Себебі, туристер бір елге ол жақтың тарихын, елін-жерін, мәдениетін көргісі келгендіктен барады. Ал түрік ағайынның тарихы да, мәдениеті де, тамағы да қызық. Мұнда 4 жылға жуық жүрсем де, көп жерін көріп үлгере алмадым, себебі әдемі жерлері тым көп. Санамалап айтсам,  Стамбұл, Анкара, Анталья, Невшехир (Каппадокия), Кайсери деген қалаларына саяхат жасадым. Әсіресе, Стамбұлдағы Долмабахче мен Топкапы сарайы, Айя-Софья, Сұлтанахмет мешіті, Таксим алаңы, Истиклял көшесі және Галата мұнарасы тарихтан сыр шертеді. Ал Стамбұл бірнеше архитектураның қосындысы іспетті. Орталығы – тек заманауи жерлер, бір жағында ескі архитектура, түрлі дизайнмен жасалған ғимараттар, үйлер тұрады. Бұл жерді сән қаласы дейді, әрбір тұрғыны талғамға сай киінеді. Мен таңдаған салаға осының бәрі шабыт пен түрлі идея сыйлады. Сәтін салса, ойымдағының бәрін елге барғанда жүзеге асыратын боламын.

– Шетелде оқығысы келетін студенттерге қандай кеңес бересіз?

– Басқасын қайдам, бірақ Түркияда студенттерге, әсіресе, бакалавр студенттеріне жұмыс істеуге қатаң тыйым салынған. Сондықтан мұнда өз қаражатыңызбен немесе белгілі бір мемлекеттік бағдарламалардың шәкіртақысын ұтып алып қана келе аласыз.

Тағы бір ескеретін жайт, шетелде тіл білу маңызды. Қазіргі уақытта тіл білмесеңіз, ешнәрсе істей алмайсыз. Қазақстанның өзінде кей жұмыс орындары орыс, ағылшын тілін білуді талап етеді. Болашағым жарқын болсын десеңіз, әлемге шығам десеңіз, онда міндетті түрде ағылшын тілін білуіңіз керек. Түрік тілі де көп жерде қолданыста. Қазақ тілін ғана емес, жалпы көп тіл білгеніңіз, өзіңізге пайдалы болмақ. Соңғысы, шетелде оқудан қорықпау қажет. Уақыт өте келе айналаңызбен тіл табысып кетесіз. Оның үстіне тарихы бай елдің мәдениеті мен танысып, өмір сүру салтын көру таным көкжиегіңізді кеңейтеді. Өміріңізге азық болатын көп нәрсе түйіп қайтасыз.

– Ашық әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<