Медицинада дұрыс диагноз қоюмен қатар ауруды ерте анықтау маңызды. Бұл – емханадағы медицина мамандарының маңызды міндеті. Қазір еліміз бойынша емханаларда вакциналау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.
Сондықтан вакцинаның тиімділігі, жалпы тұрғындардағы аурушаңдық көрсеткіші бойынша №5 қалалық емхананың бас дәрігері Жақсылық Абдусаметовпен әңгімелестік.
– Вакцина туралы пікір алғашқыда әртүрлі болғанымен, қазір сенім нығайып келе жатқан секілді. Тұрғындарды вакциналау жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Әлем бойынша екпенің тарихы тереңде. Қазір коронавирус вакцинасына қатысты сенімсіздіктің пайда болуы жалпы егу жұмысына байланысты емес. Былтыр пандемия жарияланғанда да көп адам бұл аурудың барына, қауіпті екеніне сенбеді. Өйткені алдын ала негізсіз ақпарат әлеуметтік желіде кең тарады. Халық соған сеніп қалды. Дертке салғырт қараудың салдарынан вирус жұқтырғандар қатары жазда бірден көбейді. Былтыр жалған ақпаратқа сеніп жіберген кемшілік биыл егу жұмыстары басталғанда тағы қайталануда.
Ғылыми түрде негізделген алғашқы вакцина осыдан 100 жылдан астам уақыт бұрын анықталып, тәжірибеге енгізілген. Одан бері барлық өркениетті ел егу жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізеді. Елімізде 20-ға жуық ауру түріне байланысты екпе салынады. Қазақстанда ұлттық егу күнтізбесі бар. Балалар туғаннан бастап екпе алады. Сондай-ақ, дифтерия сияқты ауруларға қарсы ересектер 10 жыл сайын егіліп тұрады. Бұл кезде артық әңгіме айтылмайды. Ал коронавирус пайда болғанда теріс ақпараттардың ағынына ілесу арқылы екпеге қарсылық пайда болып жатыр. Дегенмен, медицина саласының тарихына қарасақ, аса қауіпті, жұқпалы ауруларды жоюдың ең тиімді, ең төте жолы – вакцина. Коронавирустан сақтану үшін пайдаланылатын жеке қорғаныс құралдары – маска, қорғаныш костюмдері 100 процент вирустан сақтайды деп айта алмаймыз. Өйткені біз 24 сағат, 365 күн бойы сақтану құралдарымен жүрмейміз. Ал егу арқылы ағзада иммунитет қалыптасқан жағдайда 365 күн бойы бізді қорғайды. Вакцина – ағзаның қалқаны. Біз осыны әлі дұрыс түсінбей жатырмыз. Осы мәселеге байланысты халықтың саулығына мүдделі топтар – әкімдік, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Емханада тұрғындарға вакцинаның «Спутник V», «QAZVAC» және «Hayat-vax» атты үш түрі салынды. Соған байланысты вакцинаның өндірушісіне қарап, алдын ала ақпараттармен танысып, екпе алуға келіп жатқандар да бар.
– Бұрын жүрек-қан тамырлары және қатерлі ісік аурулары алдыңғы орында тұратын. Бұл көрсеткіш өзгерді ме?
– Бұл ретте бірден айта кету керек, аурушаңдықтың статистикасы – тұрғындар мен медицина қызметкерінің кездескен жағдайында, яғни профилактикалық жолмен ауруды біз белсенді анықтағанда немесе науқас дертіне байланысты шағыммен келгенде ғана нақтыланатын көрсеткіш. Осы тұрғыдан қарағанда былтырғы және биылғы қалыптасқан статистика бұрынғыдан өзгеше. Өйткені, осы уақыт аралығында екі тараптың кездесуіне шектеулер қойдық. «Азаматтар көп жағдайда үйінде болсын, оқшаулансын» дедік. Медицина қызметкерлеріне ауруды таратпас үшін үйлерге бармай, дистанциялық тұрғыда байланыс құралдары арқылы кеңес беруді, телемедицинаны жолға қойдық. Осыған байланысты емханада 2019-ға қарағанда 2020 жылғы арушаңдық көрсеткіші төмендеу. Бұған тұрғындар арасында теріс ақпараттың тарауы да әсер етті. Емханаға келмей, үйде өз бетінше емделгендері де болды. Сондықтан қазіргі статистика мен бұрынғы қалыптасқан статистикада айырмашылық бар.
Жалпы аурушаңдық бойынша алдыңғы үштікте тыныс алу жолдарының, одан кейін жүрек-қан тамырлары және асқорыту жүйесінің аурулары тұр. Бірақ кейбір ауру түрлерінде өткен жылдармен салыстырғанда өсу тенденциясы байқалады. Мысалы, сүйек-тірек аппаратының және жүйке жүйесінің ауруларында. Сүйек-тірек аппараты ауруларының нақты себебін көріп тұрғанымыз жоқ. Ал жүйке жүйесінің ауруларына келетін болсақ, әзіл-шыны аралас ақпарат құралдарында да жазылды, карантин бүкіл отбасы мүшесіне сын болды. Өйткені отбасы мүшелерінің түгелдей үйде отыруының қиындығы байқалды, балаға білім берудегі мұғалімдердің еңбегін ата-аналар түсінді деген секілді. Коронавирусқа байланысты қалыптасқан өмір салтының өзгерісі адамдардың жүйке жүйесіне салмақ түсірді деген болжам бар.
– Негізгі мамандығыңыз – дәрігер педиатр. Соңғы уақытта толық балалар саны артып, карантинге байланысты көз аурулары мен сколиоз көбейді деген болжам бар. Қауіптенуге негіз бар ма?
– Балалар арасында жүрек-қан тамырлары аурулары төмендеу болады. Бірақ бірінші кезекте тыныс алу жолдары мен асқорыту жүйесінің аурулары тұр. Сондай-ақ эндокриндік жүйе мен зат алмасу жүйесінің аурулары деген топ бар. Осы дерт негізінен жиі кездеседі. Бұл – жалпы дүниежүзілік тенденция. Өркениеттің бізге әкелген ауруының бірі. Оқушылар арасында кейінгі кезде артық салмақ қосу мен көз аурулары да жиі кездеседі. Өркениетке байланысты дейтініміз, тәтті сусын, тез дайындалатын өнімдер өндірістің дамуына байланысты келді. Калориясы жоғары полуфабрикаттарды көп пайдаланудан зат алмасу бұзылады. Көз ауруларына шалдығу компьютер мен смартфонды пайдаланғанда гигиена, ережені сақтамағандықтан. Артық салмақ қосудың тағы бір себебі – гиподинамия, яғни қозғалыстың аздығында болып тұр.
– Мемлекет басшысы Жолдауында пандемияға орай эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты сирек мамандық иеленетін дәрігерлерді даярлау мәселесі өткір қойылып отырғанын атап өткен еді. Емханада мұндай мамандар жеткілікті ме?
– Жалпы кадр тапшылығы – республика бойынша толық шешімін таппаған мәселе. Біздің облыста да бұл мәселе кездеседі. Денсаулық сақтау басқармасы, әкімшілік өз тарапынан мүмкіндігінің шегінде шаралар қолданып жатыр. Ал біздің емханаға келетін болсақ, жетіспейтін мамандар бар. Айта кету керек, барлық емхана деңгейінде инфекционист, эпидемиолог деген мамандар біреуден болады. Артық қажет емес. Эпидемиолог маманымыз – зейнетке шыққан маман. Бірақ өте тәжірибелі. Халықтың санына байланысты емханада бір кардиолог маман қарастырылған. Бұрын болмаған екен, былтыр алғашқы дайындықтан өтіп, жұмыс істеуде. Реаниматолог емхана емес, аурухана деңгейінде болады. Сондықтан бізде ондай маман жоқ. Жетіспейтіні – аймақтық дәрігерлер, рентгенолог, УЗИ маманы. Бізде 23 аймақ болатын болса, соның жетеуінде аймақтық дәрігер жоқ. Соңғы кездері жоғары оқу орындарындағы бітіруші түлектердің алдағы уақытта қайда жұмыс істейтіні алдын ала жоспарланады. Сондықтан бітіруші түлектермен келісімге келдік. Олардың жазда оқуын аяқтап, еңбекке кірісуін күтіп отырмыз.
– Жас мамандарды жұмысқа қабылдау қалай жүзеге асады?
– Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медицина мекемелерін маманмен қамту жұмыстарын үйлестіреді. Жұмысқа келген мамандардың барлығы облыстық денсаулық сақтау басқармасына тіркеледі. Біріншіден, қандай мамандар қажет екенін басқармаға бергенбіз. Екіншіден, соңғы жылдары Enbek.kz деген бағдарлама шықты. Порталға біз өзіміздегі бос жұмыс орындарын салып отырамыз. Бұл – республика бойынша ашық портал, кез келген жас маман қай жерде жұмыс бар екенін көре алады.
– Дәрігерлердің еңбекақысы туралы не айтасыз?
– Дәрігерлердің еңбекақысы биылғы 1 қаңтардан бастап 30 процентке, орта буын қызметкерлерінікі 20 процентке өсті. Айлық деңгейі жаман емес.
– Емханада цифрландыру бағытындағы жұмыстар қалай жүргізілуде? Алдын ала дәрігерге жазылуға орын болмай, талон алу қиындық тудыратыны бар…
– Цифрландыруға көшу облыста 2015-2016 жылдары стационар деңгейінде басталды. Одан кейін емхана деңгейіне енгізілді. Қазір медицина ұйымдарының бәрі қағазсыз технологияға көшкен. Баланың даму тарихынан бастап барлық мәлімет медициналық жүйеде тұр. Талон негізінен ішкі жұмыстарды реттеу үшін, кезек көп болатын флюраға, зертхана бөлмелерінің алдындағы кезекті реттеуге қолданылады. Біздің емханаға келсек, қиындық тудыратындай кезек жоқ. Пациент дәрігерге алдын ала жазылу арқылы кіре алады. Екіншіден, кезек күтетін адам дәрігер бөлмесінің алдында тұрады. Егер адам қатты ауырып тұрса, ештеңеге қарамастан жедел көмек көрсетіледі.
– Емхананың соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы қай деңгейде?
– Емхана болғандықтан құрал-жабдықтар емге емес, диагностикаға негізделген. Зертханамыз гематологиялық, биохимиялық анализаторлармен қамтамасыз етілген. Былтыр 59 млн теңгеге цифрлық рентген аппараты алынды. Дер кезінде алынған құрылғы болды. Өйткені коронавирус жағдайында өкпені рентгенге түсіру өте маңызды болып отыр. Сонымен қатар, окулист маманымыз енді рефрактометр және стационарлық контактісіз тонометр секілді құрылғылармен диагностика жүргізе алады. Емханада СМАД және Холтер жабдықтары бар. СМАД – артериялдық қан қысымының өзгеруін ұзақ уақыт бағалауға, гипертония диагнозын растауға немесе алып тастауға мүмкіндік беретін зерттеу. Ең алдымен, бұл әдіс гипертониямен күресуге, күні бойы тұрақты қан қысымына қол жеткізуге және ауыр асқынулардың алдын алуға көмектеседі. Холтер немесе Холтер мониторингі – тәулік ішінде жүректің жұмысын бақылауға мүмкіндік береді. Осы арқылы ырғақтың, өткізгіштіктің, миокард ишемиясының әртүрлі бұзылыстарын анықтай аламыз. Бұл кейде адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, биыл аламыз деп жоспарлап отырған үш ірі құрал-жабдық бар. Олар – флюро аппараты, эксперт класты УЗИ аппараты және лор-комбайн. Лор-комбайн бұрын бізде болмаған. Онымен құлақ, тамақ, мұрын ауруларын зерттеп қарауға, екіншіден, кішігірім манипуляциялар атқаруға болады. Келесі жылға велоэргометр, жүгіртпе жолын (беговая дорожка), отоакустикалық эмиссия аппаратын алу жоспарда бар. Бұл құрылғылар арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалауға және туабітті құлағы нашар еститін балалардың есту қабілетін зерттеуге скрининг жүргізуге болады.
Жалпы емдеу ұйымдарының медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуінің минимальды нормативі болады. Сол бойынша айтсақ, біздің емхана 92 процент керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
– Емхананың ескілігі, дәліздердің тар екені байқалды. Жаңа емхана қашан салынады?
– Бұл – біздің ең өзекті мәселеміз. Ғимарат 1966 жылы салынған. Типтік жобадағы емес, бейімделген нысан. Осы ғимараттан бөлек, тағы бір бөліміміз бар. Ол жақта маманданған дәрігерлеріміз бен күндізгі емдеу бөлімі орналасқан. Бірақ ол біздің қызмет көрсету аймағымыздан бөлек болғандықтан, тұрғындардың қатынауына қиындық тудырады. Осыған байланысты денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп жаңа емхана салу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жаңа нысанның құжаттарын дайындау негізінен 2022 жылға, емхана құрылысын бастау 2023 жылға жоспарланған. Алайда, мүмкіндігінше жоспарланған мерзімді алға жылжытуға жұмыс жасаудамыз.
Әңгімелескен
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<