Қазақстанның қаржылық жүйесінде қазынашылық құрылымдарының өз орны бар. Олар мемлекеттік органдардың алдына қойған міндеттерін орындау үшін кірістерді уақытылы есептеп, қаржылық ресурстармен жеткілікті қамтамасыз ете отырып, ақшалай ағынның ашықтығы мен шұғыл жүргізілуіне мүмкіндік береді. Түйіндеп айтқанда, қазынашылық – ақша қаражаттарын тиімді жұмсауды және сақталуына ықпал ететін, мемлекет байлығының мақсатты жұмсалуына жауап беретін қаржылық орган.
Облыс бойынша қазынашылық департаментінің басшысы Әуезбек Дүйсенбаевпен болған сұхбат барысында қазына қаржысын тиімді жұмсау бағытында атқарылған жұмыстар жайы сөз болды.
– Әуезбек Сейіткамалұлы, облыста республикалық және жергілікті бюджеттің атқарылуы жөніндегі негізгі мәліметтерді атап өтсеңіз…
– Жалпы республикалық және жергілікті бюджеттерді атқару, қолма-қол ақшаны басқару, алдын ала және ағымдағы бақылау мен мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің келісім-шарттарын тіркеу, құрылыс саласындағы қазынашылықты қолдау және бюджеттің IV деңгейін енгізу жұмыстарын және ҚР Қаржы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын орындау бойынша департамент біршама жұмыстар атқарды. Соның ішінде кірістер мен шығыстарды, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын атқару – басты міндеттеріміздің бірі.
Өткен жылы бюджет кірістеріне барлығы 706962988,8 мың теңге түсім түсті. Оның ішінде, 86164767,4 мың теңге республикалық бюджетке, 342664031,3 мың теңге облыстық бюджетке, 249276200,9 мың теңге қалалық, аудандық бюджеттерге және 28 857989,2 мың теңге жергілікті өзін-өзі басқару бюджетіне түсірілді.
Бұл қаржы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тиімді жұмсалуы керек. Біздің мамандар бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын қадағалап, олардың атқарылуы және кемшіліктері жөнінде облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктерге ай сайын қателіктерін көрсете отырып, тиісті ақпараттар жолдап отырды. Қаржы айналымын бақылау шеңберінде былтыр біздің департамент тарапынан 774 мемлекеттік мекемеге қызмет көрсетілді. Оның ішінде 59 республикалық бюджеттен және 526 жергілікті бюджеттен, 154 жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеме – 22 квазимемлекеттік сектор субъектісі. Осы орайда былтыр мемлекеттік мекеме саны 2019 жылғы көрсеткіштен 124-ке артық болғанын айта кеткім келеді.
– Қазынашылық саласында кейінгі жылдары қаржылық құжаттарды қабылдау және өңдеу жөніндегі функцияларды автоматтандыру жүйесі жұмыс істеп келе жатқаны белгілі. Бұл бағытта қандай жетістіктер бар?
– Қазынашылық жүйесінде 2013 жылдан бастап «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі жұмыс істеп келеді. Біріктірілген ақпараттық жүйеде мемлекеттік мекемелер «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі арқылы электрондық құжат алмасу қызметін толығымен іске асырып келеді.
«Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі мемлекеттік мекемелер, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, уәкілетті мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және қазынашылық органдарының электрондық құжат айналымының жүйесі, клиенттің қазынашылық органдарына ұсынатын құжаттарды қабылдау және өңдеу жөніндегі функцияларды автоматтандыруды қамтамасыз етеді. Біріктірілген ақпараттық жүйе пәрменді бақылау жүргізуге және негізделген қаржылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік мекемелердің бюджеттік қаржысының мақсатты жұмсалуын қадағалап, олардың атқарылуы жөніндегі операцияларын жүргізу барысында өткен жылы барлығы 571384 қаржылық құжаттар (анықтамалар, өтінімдер, төлем шоттар) қабылданып, оның 554676-сы өңделсе, 16708-і ресми хат арқылы орындаусыз кері қайтарылды. Ол жалпы қабылданған қаржылық құжаттардың 2,9%-ін құрайды.
Мемлекеттік мекемелердің жеткізушілерін қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесіне енгізуге және өзгеріс жасауға барлығы 21595 өтінім келіп түсіп, оның 21316 данасы орындалған. 279 өтінім орындаусыз кері қайтарылған, орындаусыз кері қайтарылған өтінімдер жалпы қабылданған өтінімдердің 1,2%-ін құрап отыр.
– Қаржылық құжаттардың кері қайтарудың негізгі себептерін атап өтсеңіз…
– Анықтамалар бойынша бірыңғай бюджеттік сыныптамаға, жиынтық анықтамаға сәйкес келмеуі көрініс беріп қалады. Ал төлем құжаттарының мазмұнында қате кетеді, сондай-ақ қаржыландыру жоспарларында қаржының жетпеуі, төлемді тағайындау кодындағы қатесі, шығыс ерекшелігі қатесі, растаушы құжаттардың дұрыс рәсімделмеуі секілді, тағы да басқа кемшіліктер кездеседі. Жоғарыда атап кеткенімдей, әкімдіктерге ай сайын арнайы хат түрінде барлық және жекелеген мемлекеттік мекемелер бойынша қателіктері көрсетіле отырып, тиісті ақпараттар жолданып отырады.
Мемлекеттік мекемелердің және квазимемлекеттік сектор есепшілеріне «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі бойынша әрдайым семинарлар, дөңгелек үстелдер, оқу орталығы арқылы дәріс беру, тәжірибелік көмектер көрсетіліп келеді. Осындай жұмыстар нәтижесінде қабылданған барлық қаржылық құжаттардың ішіндегі орындаусыз кері қайтарылған құжаттардың үлес салмағы өткен жыл қорытындысымен 1,9% құрап отыр. Ал республика бойынша орташа үлес салмағы – 3,9%.
– Кейінгі жылдары мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қаржыландыру, IV деңгейдегі бюджет қалыптастыру секілді қызметтер қосылғаны белгілі…
– «Бес институттық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының» 98 қадамын жүзеге асыру мақсатында облыс бойынша кент, ауыл, ауылдық округтердің саны барлығы 146 болса, 2019 жылы «Бірінші кезең» бойынша тұрғындары 2000 адамнан асқан жергілікті өзін-өзі басқарудың IV деңгейдегі 65 бюджет, ал қалған 81 бюджет былтыр жоспарға сәйкес енгізілді.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың IV деңгейі бойынша 146 дербес бюджет енгізілуіне байланысты, «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесінде мемлекеттік мекемелер бойынша 154 код ашылды. Егер 2017 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қаржыландыру мақсатында жасалған 3 келісім-шарт бойынша жүргізілген төлем сомасы 827284,9 мың теңге болса, одан бері бұл көрсеткіш өсіп келеді. Өткен жылы «Е-Минфин» ақпараттық жүйесінде облыстық қаржы басқармасынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша 3464 773,3 мың теңгеге 14 келісім-шарт қабылданып, тіркеліп, тіркеу туралы куәлігі берілді.
Мұнан бөлек, «Құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуды қазынашылық қызмет көрсету туралы» және «Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету» ережесіне сәйкес, құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуды қазынашылық қолдау туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда облыс бойынша құрылыс саласына кейінгі жылдары сметалық құны 2 млрд теңгеден асатын, жаңадан тұрғызылатын 6 нысанға қазынашылық сүйемелдеу жүргізілуде. Сонымен қатар, былтырғы қаңтар-қыркүйек айларында Үкімет қаулысымен бекітілген «Орталықтандырылған мемлекеттік сатып алу» пилоттық жобасын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес Қаржы министрлігінің бұйрығымен айқындалған орталық мемлекеттік органдардың пилоттық жобаға қатысушыларының (Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Әділет министрліктерінің) аумақтық бөлімшелерінің тапсырыстары бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жұмыстары ұйымдастырылды.
– Алда тұрған міндеттерге тоқталып кетсеңіз…
Былтырғы жылдың қорытындысымен рейтингтік бағалау көрсеткіштері бойынша республикада 5 орынға ие болдық. Бұл жақсы көрсеткіш саналады. Бұған салада еңбек етіп жатқан сауатты әрі білікті қызметкерлер жұмысы нәтижесінде қол жетті.
Алдымызда «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын іс-шараларды, 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарды орындау және жүзеге асыру міндеттері тұр. Осы мақсатта жоспарлы жұмыстарды сапалы және уақытылы орындап, биылғы жылдың рейтингтік бағалау көрсеткіштерін жақсарту, барлық көрсеткіштер бойынша жұмыс жүргізіле бермек. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, күнделікті бақылауда ұстау және кадрды басқару жұмыстарын оңтайландыру, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру басты назарда болады. Мемлекет басшысы «Қаржының жұмсалуы барлық мемлекеттік органдардың қатаң бақылауында болуы тиіс» деген талап қойып отыр. Ол – біздің тікелей міндетіміз.
Әңгімелескен
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<