Көктем лебі ескенде табиғаттың ең нәзік жаратылысы – аналарға, қыз-келіншектерге құрмет көрсетуге асығамыз. Олардың құшағын гүлге толтырып, ақ тілекті жаудырып, әдемі кештер ұйымдастырамыз.
Бұл – мереке қарсаңындағы қарбалас, ал облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жыл көлемінде ауқымды жұмыс атқарады. 8 наурыз қарсаңында аталған комиссия хатшысы Қаламқас Кәрімовамен сұхбаттасып, негізгі жұмыс бағыттары туралы білген едік.
– Қаламқас Арыстанқызы, мереке құтты болсын! Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның әр бағыт бойынша жұмысшы топтары бекітілгенінен хабардармыз. Жұмысшы топтардың атқарған істері туралы тарқатып айтсаңыз…
– Иә, комиссияның 8 бағытта жұмыс жасайтын топтары бар. Негізгілерін атап өтсем, отбасы институтын нығайту, рухани және мәдени қолдау, отбасындағы және жұмыс орнындағы зорлық-зомбылықты жою, әйелдер мен балалар трафигіне қарсы күрес жүргізу және құқықтық көмек көрсету. Әкелер институтын дамыту, әйелдер көшбасшылығын қалыптастыру, оларды бизнеске тарту, отбасылық бизнесті дамыту, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету, ана мен бала денсаулығын қорғау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды және мүгедек балаларды асырап отырған отбасыларды қолдау, ғылыми-сараптамалық бағыттарды да назардан тыс қалдырмаймыз. ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің отбасы және әйелдер саясаты мәселелері жөніндегі уәкілі тағайындалды. Әйелдер және отбасы мәселелерімен 25 үкіметтік емес ұйым айналысады.
Қызылордада жақында ғана «Анаға тағзым» республикалық Аналар форумы өткенінен хабардарсыздар. Форум Ұлттық комиссиямен бірлесіп ұйымдастырылды. Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева, Парламент депутаттары мен аталған комиссияның мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері, өңірлерден келген делегациялар, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, көпбалалы аналар, ұстаздар, облыстың зиялы қауымы, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өз сөзінде қоғамдағы аналардың рөлін ерекше атап өтті. Форумның мақсаты – үйдегі берекені сақтаушы, қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысушы әйел-ананы ардақтау, ерекше мәртебесін құрметтеу сияқты мызғымас дәстүрлі құндылықтардың төңірегіне қоғамды топтастыру. Ұлы Даланың ұлы аналарының ізгі жолын дәріптеп, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру. Өткеннің тағылымын жаңа дәуірдің талабымен сабақтастырып, бүгінгі қазақ әйелінің үлгілі бейнесін қалыптастыру.
– Статистикалық деректерден біраз мәліметке қанығуға болады. Соңғы көрсеткіштерден қандай ақпаратты атап айтар едіңіз…
– Облыс халқының 49,8%-ы – әйелдер, олардың 52%-ы ауылдық жерде тұрады. Өңірдегі 141 мыңнан аса отбасының 48 мыңнан астамы – көпбалалы, 17 мыңға жуығы – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері.
Мемлекеттік қызметшілердің 38%-ы, басшылардың 9,4, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 17,1, медицина қызметкерлерінің 87, педагогтердің 78,3 пайызы – әйелдер. Жалпы бюджет саласындағы қызметкерлердің 62 пайызы – қыз-келіншектер. Облыста тіркелген кәсіпкерлердің 45%-ын, жұмыспен қамтылғандардың 47,7 пайызын әйелдер құрайды.
– Мереке қарсаңы болса да, қоғамда қызу талқыланып жатқан отбасылық жанжал, әйелдерге зорлық көрсету сияқты тақырыптарды айналып өте алмаймыз. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтсеңіз…
– Отбасын қолдау, отбасылық жанжалдарды шешу және балалары бар әйелдерге уақытша мекен ұсыну үшін 9 орталық ашу жоспарланып, былтыр шілде айынан бері «Бақытты отбасы» бөлімдері 6 аудан (Арал, Қазалы, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы) мен Байқоңыр және Қызылорда қаласында ашылып, жұмыс жасауда. Тағы 1 ауданда (Сырдария) биыл ашылады. Бұл орталықтар отбасыларға заңгерлік және психологиялық көмек көрсетуден бастап кәсіпкерлік негіздеріне оқытады, бизнес-жоспар құруға, грант немесе шағын несие алуға құжат рәсімдеуге көмек көрсетіп, жұмысқа орналастыруды кезең-кезеңімен жүргізуде.
«Бақытты отбасы» жобасын іске асыру шеңберінде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға дер кезінде нақты адрестік көмек көрсететін жедел әрекет ету топтары құрылған. Құрамына ішкі істер органдарының, білім беру (психолог), денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, ауылдық округ әкімдіктерінің өкілдері мен белсенділер енгізілген. Жедел әрекет ету топтары көмекке мұқтаж отбасылардың қиын жағдайда қалу себептерін зерттеп, мұқтаждықтарына сараптама жасайды, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, анықтауға көмек көрсетеді.
Қазан айында Қызылорда қаласында «Анаға тағзым» орталығы пайдалануға беріліп, қазір қыздардың, әйел-аналардың рухани орталығына айналды. Онда қыздардың ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген бойжеткен болып қалыптасуына мән беріледі.
Одан бөлек, жаңадан ашылған «Отбасы орталығында» жастардың неке қию рәсімімен қатар, тұрғын үй алуына, жұмысқа орналасуына және басқа да мемлекеттік бағдарламалар туралы толық ақпарат алуына мүмкіндік жасалған.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына Сыр өңірінен 304 отбасы өтінім білдіріп, қатысушылар саны бойынша республикада екінші орынға шықтық.
Байқау аясында арнайы бекітілген іс-шаралардан бөлек, қала және аудандардағы үлгілі отбасылармен мектеп, колледждерде танымдық кездесулер өткізілді.
– Кейінгі жылдары «Отбасы күні», «Аналар күні», «Әкелер күні» сияқты атаулы күндер күнтізбеге енді. Барлығының түпкі мақсатына үңілсек, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтап қалуға ұмтылысты байқаймыз. Комиссия бұл күндерді атап өтуде қандай жұмыстар атқарды?
– «Отбасы күні» қарсаңында квест ұйымдастырылып, көпбалалы отбасылар қатыстырылды. Былтыр алғаш рет аталған «Әкелер күні» қарсаңында облыстық Әкелер одағы құрылды. Табиғат аясында әкелер мен балалардың қатысуымен ұлттық ойындар сайысы ұйымдастырылды.
Қазір облыстағы 316 мектепте «Әкелер кеңестері» жұмыс жасайды. Жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарында ер балаларға арналған тәрбие сағаттары, кездесулер, дөңгелек үстелдер тұрақты түрде өткізіледі. Жоғары сынып оқушылары мен студенттерге белгілі тұлғалармен, үлгілі отбасылардың әкелерімен кездесу ұйымдастырылуда.
Қыркүйек айында облыстық Әкелер форумы өткізіліп, барлық аудандар мен Қызылорда қаласы мектептерінің Әкелер кеңесі төрағалары және белсенділер қатысты. Онда ер балаларға ұлттық ойын түрлерінен, садақ ату, ат ерттеу, құмыра, зергерлік бұйымдар жасаудан мастер-кластар өткізілді.
Қазан айынан бастап барлық аудандарда «Еңбекші әйелдер» форумы ұйымдастырылып, қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, үлгі ретінде насихатталуда.
Бұдан бөлек, комиссия мүшелері барлық ауданды аралап қоғамдық қабылдаулар, комиссия мүшелерімен кездесулер, қиын жағдайда қалған отбасыларға психолог қабылдауларын ұйымдастырды. Көтерілген мәселелер бойынша нақты шаралар қабылданды.
Бір мысал келтірейін, 7 баланың анасы 30 жастағы Динара Досова өз кәсібін бастағысы келетінін айтып, көмек сұраған. Комиссия мүшелері құжат дайындауға көмектесіп, ол 1 380 мың теңге гранттың иегері атанды. Құрал-жабдықтарын алып, қосымша құралдар демеушілер тарапынан берілді. Қазір Д.Досова балалардың қол моторикасын дамытуға арналған құралдар дайындап, сатылымға шығарып отыр. Өз өңірімізбен қатар, еліміздің басқа аймақтарынан да тапсырыс алған. Жалпы осы бағыттағы шараларды ақпараттандыру кеңінен жүргізіліп келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<