Қолдау шаралары күшейтіледі

2212

0

Мүмкіндігі шектеулі жан­дардың құқығын қорғау, тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жаңа бастамалар жүзеге асуда. Соның айқын дәлелі Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі Парламент Мәжілісінің қарауына «Қа­зақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санат­тарын әлеуметтік қор­ғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын енгізді.


Заңнамалық базадағы жаңалықтар туралы облыс­тық жұмыспен қамтуды үй­лестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраевамен сұх­баттастық.


Айгүл Болатқызы, әлеу­­­­меттік заңнамадағы өз­ге­­ріс­тер қандай өзекті мә­се­лелерді шешуге бағыт­талған?


– Заң жобасы мүгедек­тердің құқықтарын қамта­масыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау шең­берінде әзірленген. 75 заң­намалық актіге, оның ішінде 10 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу көз­делген. Сон­дай-ақ, жоба БҰҰ Мүгедек­тердің құқықтары туралы Конвенциясының заң­­­­намадағы кемсітушілік тер­­­миндерді жою жөніндегі нор­­маларын имплемента­ция­лау, атап айтқанда, «мүгедек» ұғы­­мын «мүге­дектігі бар адам­ға» ауыстыру мақсатында да­йындалды. Бұл мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қор­ғауға қатысты шараны арт­тыруға, аз қамтылған отба­сыларды кепілді әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуге, арнаулы әлеуметтік қызмет­терді, «Инватакси» қызметін алуға құжаттарды Әлеуметтік қыз­меттер порталы арқылы рәсім­деуге бағытталған. Сон­дай-ақ, еңбек ардагер­лері­нің қатарына жасы немесе еңбек еткен жылдары бойынша зей­нет­ақы төлем­дерін алушы­ларды, КСРО немесе ҚР орден-медальдарымен ма­ра­­патталған, құрметті атақ­­­тарына ие болған, ҚР Құр­мет грамотасымен, ве­домс­­тволық наг­радаларымен марапатталған азаматтарды енгізу ұсы­нылды. Жаңа нормалардың қа­был­дануы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған міндет­терді шешудегі қадам екенін атап өткен жөн.


Заңнамадағы жаңашыл­дық­тарға жеке тоқталып өтсеңіз?


– Біріншіден, жаңа жоба аясында мүгедектіктің себе­біне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға мем­лекеттік жәрдемақы ен­­­гі­­зі­­леді. Елімізде күтім жәр­­­­дем­­­ақы­сымен де, жеке көмек­­­­шінің қызметтерімен де қам­тыл­маған, бірақ тұ­рақты күтімді қажет ететін І топ­тағы мүгедектер бар. Олар­­ға көбінесе жұмыс іс­теу­ге мүм­кіндігі жоқ жақын туыс­тары күтім жасайды.

Енді осы жәр­демақы­мен рес­публика бойынша күтім жасай­тын 24 мыңнан астам адам қамтылатын болады. Оның мөлшері 48 мың теңгені құрай­ды.
Сондай-ақ, медици­налық-әлеу­меттік көрсеті­лімдер не­­­гі­зінде қажет­тілік дәре­же­­сін ескере отырып, жеке кө­­мек­шінің қызмет­терін көр­сету тетігі өзгеретін болады.


Мүгедек балалар мен осындай ерекше балалары бар отбасылар үшін қандай әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған?


– Алдағы уақытта 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды өмір сүру мен денсаулығына байланысты мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Осы уақытқа дейін мүгедектігі бар балаларға функ­цио­налдық бұзушылық­тар­дың дәрежесін және бөгде адамның күтіміне мұқ­­таждықты есепке алмай «мү­гедек бала» санаты бел­гіленді.

Ал, мүгедектікті топтарға бөлу 16 жастан 18 жасқа дейін еді. 16 жасқа дейінгі балаларға бірдей жәрдемақы та­ғайындалды. Өйт­кені, ден­­сау­­лығында орташа дең­­гей­дегі өзгерістері бар ба­лалар қоғаммен араласып жүр және күтімді қажет етпейді. Сонымен қатар, елеу­лі және айқын бұзы­лу­лары бар мү­гедек балалар тұ­рақты күтімді талап етеді және көбінесе ата-аналардың бірі жұмыс істемейді.


Бұл шара балалар сырқа­тының ауырлық дәрежесіне бай­ланысты жәрдемақы мөл­­­­­­шерін сара­ланған түрде бел­­­­­­гі­леу­ге мүмкіндік береді. Жәр­­­­­дем­ақы мөлшері 16,7%-тен 37%-ке дейін ұлғай­тылады.
Бұл шара республика бо­йынша 30 мыңға жуық мү­гедектігі бар баланы қам­тиды. Нәтижесінде, олар үшін жәрдемақы І топтағы­ларға 48023 теңгеден 65860 теңгеге дейін, ІІ топтағыларға 48023 теңгеден 54541 теңгеге дейін, ІІІ топтағыларға 41163 теңгеден 48023 теңгеге дейін ұлғаяды.
Бұл норма Байқоңырда тұратын мүгедек балаларға берілетін арнаулы мем­ле­кеттік жәрдемақы мөлше­ріне де оң әсерін тигізеді. Атап айтқанда, Ресей Федера­циясының заңнамасы бойынша зейнетақы, ал Қазақстан заңнамасы бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақы та­ғайындалады.


Сонымен қатар, мүгедек балаға күтім жасау мерзімі 16 жастан 18 жасқа дейін ұзартылды. Бұл норма жас топтарының өзгеруіне байланысты енгізілді. Бұдан басқа, жасына байланыс­ты зейнетақы төлемдері мен базалық зей­нетақы тағайындау кезінде оң әсерін тигізеді.
Кәмелеттік жасқа толған­нан кейін мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отба­сылардың тұрғын үй алу кезегі сақталады. Бүгінде тұрғын үй алмаған мұндай отбасылар «І немесе ІІ топтағы мүгедектер» санаты бойынша кезекке қайта тұруға мәжбүр. Республикада шамамен 94 мың мүгедек бала бар және әрбір бесінші отбасы баспанаға мұқтаж.
Сондай-ақ, мүгедектігі және асыраушысынан айы­рылу жағдайы бойынша Мем­лекеттік әлеуметтік жәр­демақыларды бір мезгілде алу құқығы берілді. Қазіргі уақытта мұндай балаларға таңдау бойынша жәрдемақының бір ғана түрі тағайындалады. Жаңа шара асыраушысынан айы­­рылған және ерекше балалары бар отбасылардың табыс дең­гейін арттыруға мүмкіндік береді.

Республикада екі мың­нан астам бала мүгедектігі бо­йынша жәрдемақымен тең жағ­дайда асы­раушысынан айы­­рылу жағ­дайы бойынша жәр­дем­­ақы ала алады.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, жаңа жоба аясында 2023 жылдан бастап мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру жөніндегі квотаны орындамайтын жұмыс берушілердің өтемақы жар­наларын төлеуді енгізу ұсы­нылды. Бүгінде еліміздегі барлық мүгедектердің 60,4 проценті еңбекке жарамды, оның 20 проценті ғана жұмыс істейді. Оң нәтиже болған жағдайда 2025 жылға қарай мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылғандар үле­сін 30 процентке дейін арт­тыру жоспарлануда.


Жалпы, Заң жобасында баяндалған нормалар мүге­дектерді әлеуметтік қол­дау, атаулы әлеуметтік көмек және зейнетақымен қамсыз­дандыру мәселелерін қоса алғанда, базалық әлеуметтік кепіл­діктерді қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін көр­сетеді. Заң жобасын қабыл­дау бюджет қаражатын қо­сымша бөлуді талап ет­пейді. Шығын нормалары 2021-2023 жылдарға бөлін­ген қаражат – 55,4 млрд теңге шеңберінде іске асырылатын болады.

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<