«Құпия қойманың» сырына үңілсек…

3592

0

Ұлт тарихындағы азалы кезең – ашаршылық зұлматының зардабын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мемлекет басшысы өз мақаласында ғалымдар тарапынан осы тақырыптың әлі күнге дейін шынайы бағасы берілмей отырғанына назар аударды.

Сол бір қасіретті кезеңнің сұпсуық көрінісін көз алдыңа келтіріпқазақ халқының көрген қияметқайымын қазқалпында қағазға түсірген қазақтың белгілі жазушысы, «Алаш» сыйлығының иегері Адам Мекебаевтың «Құпия қойма» романын қолға алып, мазмұнына бойлап көрейік. Қазақ ұлтының тарихындағы ауыр да ащы қасірет еді бұл. Иә, біз үшін ең маңыздысыромандағы тарихи шындық. Бүгінгі және болашақ ұрпақ бұл шығарманы оқи отырыпөткеннің ащы сабағын ұғынуы тиіс. Осы тұрғыда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаевамен «Құпия қойма» романының идеясы мен көркемдік мазмұны тақырыбында ой бөліскен едік.

Сіздің ойыңызша, яғни, қоғамдықсаяси тұрғы­дан қарағанда, «Құпия қойма­ның» тақырыбы мен идеясы  қандай?

– Роман 1979 жылы «Жалын» баспасынан шықты. Ол уақытта қазақ әдебиетінде ашаршылық тақырыбы мүлдем жабық тақырып болатын. А.Мекебаевтың азаматтығы сол, тоталитарлық билік үс­темдік құрып, қылышынан қан тамып тұрған кездің өзін­де адамзатты қынадай қыр­ған ашаршылық жайлы ақи­қатты боямасыз, бүкпесіз шы­­­найы жаза білгендігінде еді. Оқырманын еріксіз алға же­те­лейтін романның «Ол бү­гіннен қалмай баласы мен әйелінің, сонан соң өзінің аштан өле­тінін білді» деп басталуы бол­са, сонымен бірге, бейшара халге түскен адамдар тағдыры.

Тарихи салмағы басым көркем шығарманың негізгі идеясы – сол бір сұрапыл ке­зеңдегі қазақ халқының тақ­сыретті тағдыры. Жұмыр жер­дің төрт құбыласына тарыдай шашылған қандастарымыздан айдың күннің аманында айы­рылсақ та, шаңырағымыз сан рет шайқалып, өмір мен өлім белдескен, тұтастай ұлттың тағдыры қыл үстінде тұрған қиын-қыстау кезеңдерде де келер күннен үміт үзбеген қайсар халқымыздың бітім-болмысын көрсету. Аласа­пы­ран заманда аштан өлсе де, ардан безбейтін текті хал­қымыздың қадір-қасиетін ро­мандағы күрделі қайшы­лықтар арқылы айқындау.

Романдағы оқиға кейіп­кер­лері біздің Сырдың бойы, Қармақшы жерінің тұрғын­дары екенін жақсы білеміз. Шығарманың басты кейіпкері – Түктібайдың болмысы ар­қылы шытырман оқиғалы туын­дының мазмұны ащы шын­дықтың жүгін көтеріп тұр. Адами  мінез-құлықтың, ниет, пиғылдың өзгерісін терең  са­раптай келіп,  автор қоры­тынды жасауды оқырманның өз еркіне қалдырады.  Оқыр­манның да ойы сан-саққа ша­­шырап, әуелгіде тажал ор­та­сынан тірі қалу үшін арпа­лысқан басты кейіпкерді қия­натқа қия алмай дал болады. Алайда оның жеке басының қамы үшін қаншама жазықсыз жандарды құрбан етуін қалай құптармыз?.. Иә, шығарманың соңына жеткен оқырман ақыл-есі түзу, сана-сезімі қалыпты, ой-өресі орнықты адам бала­сының қандай жағдайда бол­масын, адалдықтан, ардан ат­тамайтынын  аңғарады. Оған ашкөз кейіпкердің қолы­нан қаза болған бірнеше адам­дар­дың өмірі дәлел. Сол арқылы автор ащы шын­дықты әйгілеп, дәйекті оқиғалар желісіндегі адами келбеттің айқын сипат­тамасы оқырманды  ауыр ойға жетелейді.

Оқиға желісі бас кейіпкер Түктібай бейнесі арқылы су­реттеліп, зұлмат қасіреті ай­қындала түседі. Аштықтан әбден қалжыраған, қайрат-жігерден айырыла бастаған Түктібай әйелі Сырғалыға өзін өлтіріп, баласымен екеуіне өз етін қорек етіп, аман қалуды ұсынады. Демек, аштық зар­дабы әбден бойын жеңіп, одан соң ақыл-есін, адамдық қасиетін де жеңе бастағаны еді. Осы жерде Сырғалының: «Ата-анасының етін жеген бала ұрпақ болып жарытпайды» деген бір ауыз сөзі адамзат баласына үлкен ой салатындай. Жазушы бұл арқылы өлім мен өмір тайталасып тұрған шақта адамдық қасиетін жоғалтпай, ар-ожданын биік қойған, бү­гінін емес, ертеңін ойлаған қазақ әйелінің болмысын та­нытады. Сол сияқты, адал ниет­ті Мәдина да ақыр аяғында алаяқтың құрығына түсіп, тағдыры тәлкекке ұшырады. Түпкі мақсатына жеткен соң Түктібай оны бала-шағасымен тастап, қашып кетеді. Ал ана байғұс жетімектерін жетелеп жүріп жеткізеді.

Айта кетейік, жыл ба­сында Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері, «Алаш» сыйлығының иегері Адам Ме­кебаевтың за­мана сырын шертетін көркем туынды­ла­рын ұлықтау мақса­тын­да «Бола­шақ» уни­вер­си­тетінде Адам Мекебаев шы­­ғар­ма­ларын­дағы Ұлы да­ла құпиясы» тақырыбында рес­­пуб­ликалық ғылыми-та­ным­дық кон­фе­рен­ция өткен болатын. Онда елі­мізге бел­гілі ғалымдар ой бөлісіп, жа­зушының талантын жан-жақты қырынан аша білді. Осылайша Сыр бойының зия­лы қауымы туған жердің талантты пер­зентіне құрметін білдірді.

– Шығарманың басты ке­йіпкері Түктібайдың жан­­кеш­тілігінде шек жоқ. Алай­да қанша қарманса да, ажал ара­нынан құтыла алмады…

– Романдағы Түктібай бей­несі – адам жаратылысының мың қатпарлы екеніне дәлел. Ондай адамдар қырық жыл қырғын болса да өлмеудің қамын табады. Дегенмен, аш­тықтың тырнағынан құтылам деп қанша тырбанса да, Ал­ланың құрығынан құтыла ал­мады. Өлер шағында оның өз жазасын өз аузымен айтқызды. Талшық іздеп барып, жат елдің итіне таланып жатқан Түктібай ажыратуға ұмтылған қазақтарға: «Тимеңдер, төбет­ке!.. Таласын, таласын! Біз де бір кездерде өз халқымызды  ит болып талағанбыз!» деп өліп кетуі қандай әсерлі?! Міне, шеберлік!

Иә, ашыққан адамның пси­­хологиясы өте қатты өз­ге­реді. Десек те, романда қан­ша қиналса да, ең соңғы мүм­­кіндікке дейін баласын жеуді ойлаған кейіпкермен кездеспейміз. Тек бір ғана жерде Түктібайдың өліп жат­­қан адамның сан етінен ке­сіп жеуді ойлағаны адам жа­нын түршіктіреді… Мил­лиондаған адамнан айыры­лып қана қой­май, сана өзгеріп, адам­шы­лықтан айырыла жаз­дадық. Қаншама ауыр да ащы, қай­ғылы да қараңғы күндер болған са­йын жарыққа ұмтылу керек. Сүрініп жығылмаңыз, қана­тыңызды талдырмаңыз деген пассионарлық қасиетті, ерек­ше ұлттық мінез-құлық ерек­шілігімізді жазушы Қабыш пен Мәдинаның образына жи­нақтау  арқылы береді.

– Иә, оқиға кейіпкері Қа­быш та көппен бірдей тау­қымет тартты. Ұрпағының зұлматтан аман қалуы оны да ойландырды ғой. Әйтсе де қиянатқа бармады. Соңында қара ниетті Түктібайдың қолы­нан құрбан болды…

– Қабыш қазақ ортасындағы халық өкіліне тән шынайы болмысымен бейнеленген. Түк­тібайдың кезекті құрба­нына айналған ол – сол кез­дегі дәрменсіз қазақтың өзі секілді. Аштықтың азабын тарта жүріп, ардан аттамайды. Айналасына қиянат қылмайды. Тіпті Сатыпалдының құпия қоймасының қайда екенін біл­се де, аманатқа адалдық та­нытып, қойманы іздемейді. Күнделікті аулаған азын-аулақ балығымен бала-шағасын аш қалдырмайды. Алайда кө­кейін қазынаны табуға деген құмарлық жайлаған ашкөз Түктібайдың құрбанына ай­налды. Бір ғана көңіл медеті – артында ұрпақ қалды. Солар тірі қалар, солар тіршілігін жалғастырар… Жазушы бар жоғы үш-төрт кейіпкер ар­қы­лы: Сатыбалды,  Қабыш, Мәдина, Түктібай, Сырға, Жиенқұл өткерген тақсыретті халді суреттей отырып, тұ­тастай қазақ халқы басынан кешкен қасірет сырының құ­пиясына оқырманын еріксіз үңілдіреді. Оны жалпыұлттық деңгейге дейін көтереді. Тағ­дырдың ауыр сынағы тура келгенде адамдардың әр-алуан мінез-құлық қасиеттеріне сәй­кес әрекеттерімен таны­латыны реалистікпен сараланған.

– Қабыштың жары Мәди­наның бейнесі қандай?

– Мәдина – қазақ әйелінің рухани әлемін танытатын бей­не. Роман соңында Мәди­наның оң жағында адам атаулыға жақсылық жасауға жаны құ­мар азамат, жан жарынан қал­ған тұяқ – Серғазысы, сол жағында сөз еткендер өкпесіз, ренішсіз еске түсірмейтін қаражүрек кісінің қанынан жаралған ұрпақ – Тоқшылық тұр. Ана байғұс солардың бо­лашағын ойланбай тұра алар емес. Болашақтың иесін дұрыс тәрбиелеу – ұлттық иммунитетті егу, бұл  – адами парыз. Осы жауапкершілігі мол міндетті жазушы әйел-анаға сеніп тапсырғандай. Ро­манның көркемдік шешімі де шынайы. Жазушы өзінің әрбір шығармасы арқылы «жаным арымның садағасы» деген халық даналығын еске салып, түйінді ой тастайды, тәрбиелейді, толғандырады.

Романның үш бөлігіндегі сюжеттерде Мәдинаның жары Қабышпен бірге тамақ іздеп сабылған сәттерінде қаншама рет қауіп-қатермен бетпе-бет келгені, күйеуі қаза тапқан кездегі жан күйзелісі, бәрінен қиыны, күйеуін Түктібайдың өлтіргенін білмей, өзін және балаларын аштықтан құтқару үшін алаяққа алданып, оған әйелдікке амалсыз көніп қор болғаны, осының бәрі – өте ауыр болса да, өмір шындығы. Ең соңында жасырылған қой­ма кілтін Түктібайға беріп, өзі оның арбауына түсіп, «құр­баны» болғанын білмей де қалады. Бұл бір ғана Мәди­наның кешкен тағдыры емес, бүтін ұлттың қасіреті еді…

«Құпия қойма» романы – өмір қозғалысындағы адам жанының алуан түрлі құ­бы­лыстарын жан-жақты қам­туымен ерекшеленетін шы­ғарма. Эпикалық туындыдағы психологиялық талдаулармен бейнеленген кейіпкерлер жан әлеміне тән қарама-қай­­шы­лықты қасиеттер, құ­бы­лыстар негіз­делген қарым-қаты­настар да, көңіл-күй қобалжулары, тебіре­ністері де суреткерлік таным­мен қамтылған. Роман­­ның тұтас желісінде пси­хологиялық егіздеулер үнемі өріле қолданылған. Кейіп­кер­лердің ішкі сезімдері мен қоршаған әлеуметтік-тұр­мыс­тық ортаның табиғат құбы­лыстарымен, көріністерімен қатарлас бейнеленуі шығарма­ның көркемдік сипа­тындағы әсерлілікті дамыта, күшейе түскендей сабақтасып отыра­ды. Өкіметтің қуғын-сүр­гіні, ес жиғызбай сыпырып-сиырған алым-салығы, ішіп-жеуге еш­теңесі қалмай аш­­тықтан бұ­ралып далада да, үйін­де де өліп жатқандар, жүрек жал­ғарлық тамақ іздеп сабыл­ғандар, т.б. бар­лығының да табиғат келбетімен қосар­лана бей­неленуі романның психо­логиялық тал­­даумен өріл­ген компо­зи­ция­сындағы шы­найы эсте­ти­калық сым­бат­ты таны­тады.

– Оқиғаның соңында құ­пия қойманы тауып, өліп-талып жеткен  жеткен дү­­ниесі Түктібайға опа бер­меді…

– Иә, оқиғаның басты ке­йіпкері Түктібай бұл қой­маны табу үшін қалай жанталасты десеңізші? Ә дегеннен-ақ әйе­лінен, баласынан айы­рыл­­ды. Ашу-ыза бойын кер­неп, жо­лында кез­дескеннің бәріне жауыға қарады. Өзі секілді аш-арық, әбден жұ­таған жан­дардың бала-шағасы үшін әзер деп тапқан тал­шығын тартып алып, қиянат жасады. Мойнына қаншама жазықсыз жанның қанын жүк­теді. Қабышты өлтіре тұрып, оның жары Мәдинаға қам­қорлық танытқан болып, ақыры құпия қойманың кілтін қолына түсірді. Бірақ көлденең келген дүние опа бермеді. Жанын аман алып қаламын деп жат елге жеткенде итке таланып, жарық дүниемен қош айтысты… Бірақ Мәдинаның құрсағында оның ұрпағы қалды. Ары таза, адал Қабыш пен арам ниетті Түктібайдың ұрпағы бір отбасында қатар өседі. Бұл да жақсылық пен жамандықтың қашан да қатар жүретінінің көрінісі секілді…

Адамзат өміріндегі, оның ішінде қазақ халқының басы­нан өткен қасірет – аштық зұлматы тақырыбында ашық жазған Адам Мекебаевтың еңбектерінен кейін, жерлесіміз, режиссер-драматург Әмір Мә­­житовтың «Бір үзім нан» пьесасы да – оқырман көңі­лінен жоғары орын алған шығарма. Бұл жерде Сыр бойы жазушыларының кеңестік сая­­саттың қысымынан қай­мықпай, жабық тақырыпқа қалам тартқаны бізді бейжай қалдырмауы тиіс…

«Адам Мекебаев  – мына жарық дүниенің сыры мен жұмбағын сөз дейтін киелі әлем арқылы қабылдап, та­нуға бар саналы өмірін ар­наған жазушы» дейді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың ие­гері Н.Оразалин. Расында, жа­зушы сол бір құпия қойманың сырын ашу арқылы өмір үшін арпалыстағы адам жанының да мың қатпарлы құпиясын терең толғап, қаз-қалпында алға тартады. Осы орайда көр­некті жазушы Адам Меке­баевтың «Құпия қойма» ро­маны Тәуелсіз Қазақ елінің тарихында өшпестей орны бар  көркем туынды екенін тағы бір мәрте айтқымыз келеді.

Әңгімелескен

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<