Құрбан айт – қастерлі мейрам

994

0

Биыл Құрбан айт мерекесі 31 шілде және 1-2 тамыз күндері аталып өтеді. Осылайша айт күндері карантин мерзімімен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлық мерекені атап өтудің ерекшеліктері, оның мән-маңызы жөнінде ҚМДБ-ның облыс бо­йынша бас имамы ­Болатбек Әбуовпен сұхбат барысында білдік.

– Күллі мұсылман қауымы үшін қастерлі мейрамның бірі – Құрбан айт. Әуелі осы мерекені дұрыс атап өтудің жөн-жоралғысына тоқталып кетсеңіз.

– Құрбан айт – рухани тазалықты, ізгілікті, адалдық пен терең сенімді дәріптейтін, бізді жақындарымызға қайырымдылық пен қамқорлық танытуға шақыратын мереке. Мерекенің ұлық болатын себебі, үш күн айтта адам баласы Жаратушысына барынша жақындау­ға мүмкіндік алады. Өйткені «құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда «жақын болу», «жақындау» дегенді білдіреді. Құран Кәрiмде: «Раббың үшiн (айт намазын) оқы, құрбандық шал» («Кәусар» сүресi, 2-аят), – деп бұйырған. Шариғатымыз­да құлшылық-ғибадаттардың тәнмен де, малмен де атқарылатыны бар. Құрбандық шалу мұсылмандардың тапқан табысымен, яғни, малымен ғибадат етуі болып саналады. Бұл да – Аллаға жақындау амалдарының бірі.

– Құрбандық шалу талаптарынан көпшілік хабардар. Бірақ оны қалай шалу керек екенін біле бермеуі мүмкін…

– Құрбандық шалмас бұрын ниет етіп, бір орын дайындап, пышақты қайрап қою керек. Пышақты малдың көз алдында қайрауға болмайды, бұл – мәкрух. Құрбандыққа шалынатын малды қырынан жатқызып, басын құбылаға қаратады. Содан соң дұға ретінде мына аятты оқыған абзал (міндетті емес): «Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрикә ләһ» («Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ» де). Содан соң тәкбір айтқан абзал: «Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар, лә иләха илләаллаху, Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар, уа лилләхил-хамд». Содан соң «Бисмилляхи, Аллаһу Акбар» деп мал бауыздалады. Малдың жаны шыққаннан кейін ғана оның терісін алып, етін бөлшектеуге болады.

– Карантин кезінде Құрбан айт қандай өзгерістермен өтеді?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биыл Құрбан айт мерекесін атап өтуде біршама өзгеріс барын жариялады. Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты мешіттерде Айт намазы оқылмайды. Әдетте құрбандық шалу рәсімі Құрбан айт намазы оқылғаннан кейін жүзеге асырылатыны белгілі. Биылғы ерекшелікке орай аталған рәсімді жергілікті уақытпен күн шыққаннан кейін арада бір сағат өткенде бастай беруге болады. Бас мүфти үндегендей, отандастарымыз құрбандық шалу рәсімін үйде өткізгені абзал. Оған мүмкіндігі жоқ тұрғындардың құрбандық шалуға ниетін жүзеге асыруы үшін www.qurban2020.kz сайты іске қосылды. Құрбандық шалуға ниетті жандар шамасына қарай осы сайт арқылы онлайн түрде тапсырыс бере алады. Етке мұқтаж жандар да құрбандық малының етін алуға өтініш берсе болады. Тапсырыс түскен уақыттан бастап құрбандық малының сатып алынуы, қасапханаға жеткізіліп, шариғат талаптарына сәйкес құрбандыққа шалынуы, онлайн өтініш берген мұқтаж отбасылардың үйіне де­йін тегін жеткізілуі секілді барлық жұмысты өкілдік жанынан құрылған штаб жүзеге асырады. Штаб құрамында имамдар мен молдалар, қасапшылар, техникалық қызметкерлер, тілші мен оператор, статистикаға жауапты мамандар және мешіт жамағаттарынан жасақталған еріктілер тобы бар.

– Онлайн тапсырыс беруде қызылордалықтардың белсенділігі қай деңгейде? Жалпы, қайырымдылық шараларына жергілікті жамағат қаншалықты үлес қосып келеді?

– Облыс тұрғындарының көбінде құрбандық шалу рәсімін үйде өткізу мүмкіндігі бар деу­ге болады. Оған шамасы жоқ жандардың сайт арқылы жіберген онлайн тапсырыстары күннен-күнге артып келеді. Арнайы бекітілген мамандарымыз күнделікті статис­тикалық шолу жасап отыр. Құрбан айт мерекесі аяқталып, сайт арқылы өтініш қабылдау тоқтаған кезде сандық көрсеткіштермен есеп жүргіземіз.

Жалпы, қайырымдылық – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басты бағыттарының бірі. Осы бағытта мешіт имамдарының ұйытқы болуымен түрлі қайырымдылық шаралары өткізіліп келеді. Мысалы, 2018-2020 жылдар аралығында «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 24 отбасыға баспана, «Мектепке жол» акциясы аясында 3000-нан астам мектеп сөмкесі мен форма, 8 мыңнан астам отбасыға 154 тоннаға жуық азық-түлік, 11 мыңнан астам отбасыға 51 тоннаға жуық ет, мыңға жуық жанға киім-кешек, 142 отбасыға 42 тонна көмір көлемінде көмек көрсетілді. 8 мекемеге басшылығының өтініші бойынша қажетті заттары алып берілді. Ал жақында ғана бас мүфтидің бастамасымен бастау алған республикалық «Өмірге үміт сыйла!» акциясы аясында аймақтағы ауруханаларға 14 оттегі концентраторы сыйға берілді. Облыстық көпбейінді ауруханаға күнделікті 90-120 оттегі шары толтырылып, тасымалдануда. Мұның барлығы – мешіт имамдары мен ерікті жамағаттарымыздың, дінге жанашыр азаматтарымыздың бірлігі мен белсенділігінің арқасында жүзеге асырылып жатқан игі жобалар.

– Мешіттер жабық уақытта діни уағыз айту, дәріс беру сияқ­ты шаралар тоқтап қалған жоқ па?

– Елімізде Covid-19 жұқпалы індетінің таралуының алдын алу мақсатында карантин режимі енгізілгендіктен, облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің Instagram желісіндегі @aqmeshit.kz ресми парақшасы арқылы онлайн сабақтар, уағыз-дәрістер тұрақты жүргізілуде. Білікті имам-ұстаздарымыз Facebook, Instagram әлеу­меттік желілерінде ғибратты жазбалар жариялауды, Whats’App, Telegram мессенджерлеріндегі ортақ чаттарда насихат жүргізіп, жамағатпен арадағы байланысты нығайтуды жолға қойған.

– ҚМДБ жаназа намазы мен құдайы асқа байланысты арнайы ережелерді жариялады. Шариғатта марқұмның жетісі, қырқы, жүзі сияқты рәсімдер жөнінде не айтылған?

– Шариғатымызда марқұмның жетісі, қырқы, жүзі секілді міндеттелген рәсімдер жоқ. Бұл арнайы күндер қазақ халқында үрдіс болып қалыптасқан. «Көптің дұғасы қабыл» дегендей, арнайы күндерге көпшілікті шақырып, оларға дастархан жа­йып, көптің дұғасын алудан қалыптасса керек. Бір жағынан құптарлық. Алайда ысырапшылдыққа бой алдырмаған абзал. Сонымен қатар, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланыс­ты ҚМДБ мәлімдегендей, індет толығымен жойылмайынша ас-жиын, той өткізуді доғара тұрғанымыз жөн. Яғни өзіміздің де, өзгенің де өміріне қатер төндірмеу – басты міндетіміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<