Құрманбек Бәкірұлы: «Ғылымға қанша қолдау жасалса да, артық етпейді»

4597

0

Белгілі ғалым, республикамыздағы күріш шаруашылығы саласындағы жетекші селекционер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақ Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Құрманбек Бәкірұлы биыл мерейлі 80 жаста. Ол – Сыр салысының брендке айналуы үшін ұшан-теңіз еңбек сіңірген жандардың бірі. Бiрнеше күрiш сортының, соның iшiнде «Маржан» мен «Ару» түрлерінің авторы. 160-тан аса ғылыми еңбегi, бірнеше монографиясы жарық көрген. «Құрмет» орденiмен және бірнеше медальмен марапатталған.

Құрманбек Бәкірұлы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында білім алып, 1967 жылы оқуды бітірген соң бұрынғы күріш тәжірибесі станциясы, қазіргі Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа орналасады. Дала академигі Ыбырай Жақаевтың есімімен аталатын іргелі мекемеге қызметке орналасқан соң Құрманбек ағамыз ғылымға шындап ден қойған. Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының Химиялық физика институтына аспирантураға түседі. Тынымсыз ізденіс нәтижесінде ғылыми жұмысын Қызылордада тәжірибемен ұштастырып, Қазақстанда бірінші болып күріш мутагенезімен айналысты.

Құрманбек Бәкірұлы тек күріш өсірумен ғана айналысып қойған жоқ. Одан бөлек Алматының ғалымдарымен бірлесіп картоптың популяциялық тұқым шаруашылығымен де шұғылданды. Егін алқабына дән себіліп, дала диқандары қызу жұмысқа кіріскен шақта ғалым ағамызға арнайы барып, ғылым, аймағымыз үшін өзекті күріш саласындағы тұқым шаруашылығы тақырыбында сұхбаттастық.

– Құрманбек Бәкірұлы, өңір үшін су тапшылығы мәселесі өзекті болып отырғаны белгілі. Бірақ сала мамандары мәселені шешудің ұтымды жолы деп тек егістік алқаптарды қысқартумен шектеліп отырған жайы бар сияқты. Күріш алқаптарын азайту шынымен мәселені шеше ме?

– Кеңес одағы кезінде облыста күріш 100 мың гектарға дейін, тіпті одан да көп егілді. Ол кезде өнімділік көрсеткішін жоғары етіп көрсету үшін артығымен егетін. Ресми мәлімет бойынша 90-100 мың гектар болса, іс жүзінде 120 мың гектар деген сияқты. Менің институтта істегеніме 56 жыл болды. Кеңес одағы кезінен бергі тарихы көз алдымда. Осы жерде тәжірибеден өтіп, дипломдық жұмысымды да осында қорғадым. Содан бері еш жерге ауысқан емеспін. Жалпы бар өмірім осы күрішті зерттеуге арналды.

Бірақ біржақты пікір айтқым келмейді. Бұл дұрыс емес. Себебі, бәрі – өзгеріп жатқан дүние. Қазір жердің жағдайы да, ауа райы да басқа. Бұрын су тапшылығы мәселесі ондай өзекті болған жоқ. Қазір жаһандық жылыну процесі болып жатыр. Басқа да фактор көп. Оның барлығын жетік білмесең, әлдене туралы кесіп айту қиын. Проблеманың барлығын білемін деп айта алмаймын. Мысалы, бізде су саласының білікті мамандары бар. Ал менің мамандығым – селекция және тұқым шаруашылығы.

– Десек те, аймақтың экологиялық ахуалына күріш шаруашылығының әсері қандай?

– Облыс топырағы тұзданған. Мұндай жағдай өзге елдерде де көп кездеседі. Көрші Қытайда миллиондаған гектар осындай жерлер бар. Сондай дамыған елдің өзінде халық қанша көп болса да, сонша тұзданған жер игерілмей жатыр. Бізге шетелден делегация көп келеді. Өзім де көптеген шетелде болдым. Мысалы, Қытайдың Ұйғыр автономиясынан делегация келгенде, олар күрішті мелиорациялық мақсатта, жерді жақсарту үшін егеміз деген еді, яғни, олар күрішті жердің тұзын шайып, басқа дақылдар егуге жағдай туғызу үшін егеді. Себебі күріш суда өседі. Су топырақтың бетіндегі тұзды ерітеді. Ол су кәріз жүйесімен ағызып жіберіледі. Бізде Кеңес одағынан қалған күріш ауыспалы егісінің жүйесі де солай.

Жалпы біздегі суармалы жердің барлығы күрішке бейімделген. Соның ішінде күріш ауыспалы егісінің дақылдары болады. Негізінен жоңышқа. Кейіннен түйе жоңышқа, басқа да дақылдар шығып жатыр. Сондай-ақ тәжірибе ретінде әртараптандыру дақылдары егілуде. Кейінгі кезде сұранысқа ие болғанымен, олардың көлемі әзірге көп емес. Қалай дегенмен, күріштің орнын толық ауыстыра алмайды. Себебі, бірнеше жыл күріш егілмесе, жеріміз қайта тұздануы мүмкін.

Оған қоса, күріштің өзі – төзімділігі орташа болса да, суда өскендіктен, сенімді дақыл. Себебі, өнімділігін өзің бақылай аласың. Астықты өңірлердегідей жауын-шашынға тәуелді емес. Су жетіп тұрса, бізде күрішке жарық та, жылу да жетеді.

– Ал күріш алқаптары көлемінің аймақ үшін қалыпты нормасы бар ма?

– Бұрын 70-75 мың гектардан асырмау керек деп айтатынбыз. Біздің институттың ұстанымы бұрыннан солай болды. Бірақ кейін күріш егу стихиялы түрде болып кетті. Басшылықтың нұсқауына, оған қоса халықтың сұранысына байланысты көлемі артты. Сөйтіп кейбір жылдары 90 мың гектардан асты.

Біз айтып отырған ауыспалы егістік алты, жеті, сегіз танапты деген сияқты әртүрлі болады. Облыста сегіз танапты егістік жүйесі қабылданған болатын. Алғашқыда ондағы күріштің үлес салмағы 62,5 пайызға дейін барған. Ол кезде жердің тұздануы аздау болды. Біртіндеп жердің тұздануы көбейіп, құнары төмендей бастады. Сөйтіп, күріштің үлес салмағы 37,5 пайызға дейін азайып, қалғанына жерді қалпына келтіретін жоңышқа сияқты дақылдар егілді.

Дегенмен Кеңес одағынан кейін басқа көп жүйе сияқты бұл да бұзылды. Суармалы жерлерді игеріп жатқан жекеменшік иелері күрішті көбірек егіп, тезірек пайда тапқысы келді. Сол үшін жердің құнарлылығын сақтамай екті. Бұрынғы ірі шаруашылықтар тарап кеткен соң игерілмей, айналымнан шығып қалған жерлер болды.

– Күріш аймағымыз үшін негізгі дақыл екені белгілі. Бірақ ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ақпараты бойынша, былтыр егілген күріштің 70 пайыздан астамы ресейлік сорттар. Ал іс жүзінде отандық сорттардың үлесі 11 пайыздан аспайды екен.

– Күріш – негізі субтропикалық дақыл. Шығу тегі – Оңтүстік шығыс Азия аймағы. Әрі қысқа күннің дақылы саналады. Бұл жерде қысқа күн дегеніміз – күн мен түннің ара қатынасы. Мысалы, күн 12 сағат, түн 12 сағат болса, бұл – қысқа күн. Бірақ бізде жазда күннің ұзақтығы 16-17 сағатқа дейін созылады. Сондықтан субтропикалық аймақтардан әкелген сорттар бізде піспей қалады. Қытай, Вьетнамнан гибридтік сорттар әкелініп жатыр ғой. Биылдың өзінде Вьетнамның 10 сорты келді. Өнімділігі жоғары, мықты сорттар. Бірақ біздің жерде сынақтан өткізгенде піспей қалады. Бізде күн ұзақ болған соң пісу мерзімі ұзарып кетеді.

Бұдан бөлек, біздің облыстың ауыл шаруашылығы ауыспалы егіске бейімделген. Ал Қиыр Шығыс сияқты аймақтарда монокультура. Олар бір жерге жылдар бойы еге береді. Жүздеген жыл тек күріш егіп жатқан жерлер бар. Бірақ олар тыңайтқыш қолданады. Арасында соя сияқты дақылдар егіп тұрады. Тіпті ауа райы соған келетіндіктен, бір жылда үш рет өнім алатын жерлер де бар. Мысалы, Филипинде күріштен жылына екі рет өнім алады. Болмаса, күріштен бір рет өнім алып, екінші рет басқа дақыл егіп одан да өнім алып үлгереді. Себебі, оларда қыс болмайды.

Ал өзіміздің сорттар немесе ауа райы бізге келіңкірейтін Жапония, Түркия, көрші Ресейдің сорттарының шығымы олардан әлдеқайда жақсы. Себебі өзімізде немесе климаты бізге ұқсас жерден шыққан.

– Шетелден әкелінген тұқымдарды өндіріске енгізу көрсеткіші жоғары екені жиі айтылып жүр ғой. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Сорт алмастыру, сорт жаңарту деген бар. Негізі шетелдерде бұрынғы сорттарды 7-8 жылда жаңасымен ауыстырып тұрады. Олар жаңа сорттарды көп шығарады. Себебі ғылымға көп көңіл бөлінгендіктен, нәтиже де көп. Жалпы әрбір жаңа сорт бұрынғы сорттан бір қасиеті жағынан, өнімділігі, сапасы немесе төзімділігі жағынан артықшылығы 15 пайыздан кем болмауы керек. Өкінішке қарай, бізде олай емес. Шетелдің неше түрлі сорттары келуде. Қазір әкелмейтін жері жоқ. Тіпті көпшілігі заңсыз жолмен, өздері әкеледі. Әйтпесе, Тұқым шаруашылығы жөніндегі заң бар. Оған сәйкес жаңа тұқым әкеліп егуге тыйым салынбағанымен, оны көбейтуге олардың құзыреті жоқ.

– Күріш шаруашылығында отандық сорттардың үлесі жоқтың қасы болуына, өзімізден шыққан жаңа сорттардың өндіріске енгізілмеуіне не себеп?

– Басты себеп – ғылымға жеткілікті көңіл бөлінбеуінде. Мысалы, бүгінде біз – бірегей тұқым өндіретін жалғыз ғылыми-зерттеу институтымыз. Оған мекеменің өзінің ерекше рұқсаты бар. Бірегей тұқым өндіретін мекеме кім болса сол бола алмайды. Білікті мамандар болуы керек.

– Оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін осы бірегей тұқым қалай дайындалатынына тоқтала кетсеңіз…

– Негізі тұқым шаруашылығы жүйесі Кеңес одағы кезінде жақсы қалыптасты. Айталық, күріш – өздігінен ұрықтанатын дақыл. Аталығы да, аналығы да бір гүлдің ішінде болады. Сондықтан басқа сорттармен шағылысуы өте аз болады. Қолдан будандастырылады. Бірегей тұқым алу үшін әуелі өсімдік таңдап алынады. Сосын оған қыс бойы анализ жасалады. Күріштің бір проблемасы оның ішінде қызыл дәнді күріш болады. Ол араласып кетсе, сапасына әсер етеді. Тамаққа жеуге жарағанымен, түрі де ала-құла болып шығады. Соны болдырмау үшін қызыл дәнді күріш, басқа сорттар алынып тасталады.

Осылай іріктелген күріштің әрбір талы жеке егіледі. Солай бір өсімдік бір із болады. Орысша семя дейді ғой. Мұны ұрпақты сынау питомнигі дейді. Онда таза бір ғана сорт болады. Бізде аудандастырылған неше сорт бар, соның барлығы осылай жеке-жеке егіледі. Бір-біріне қосылмауы керек. Сумен ағып қосылып кетуі мүмкін. Сондықтан әрбір сортты әр атызға бөлек егеміз.

Мұнан соң егілген өнімді жинап алып, келесі жылы тағы егеміз. Оны көбейту питомнигі дейді. Оның өзін жаз бойы қадағалап, бас шығарған кезде сосын пісер алдында екі рет отаймыз. Басқа сорт болса түбімен жұлып, далаға шығарып тастаймыз. Оны ажырата білетін білгір мамандар үнемі сонда болуы керек. Олар да су кешіп жүреді солай. Кешеге дейін бұл жұмыстарға өзім де қатысып жүрдім.

Көбейту питомнигінен шыққан тұқым да көп болмайды. Әрі кетсе бір гектарға егіледі. Соны келер жылы тағы еккенде ол суперэлита болады. Осылай бірнеше жыл іріктеуден өткен суперэлитаны бірегей тұқым дейді. Біз сол бірегей тұқымды өндіруші мекемеміз.

– Мұнан соң бірегей тұқым өндіріске жіберіледі ғой?

– Әрі қарай осы бірегей тұқымды біз элиталық шаруашылықтарға береміз. Ол статусты да кім көрінген ала бермейді. Мысалы, аймағымызда мұндай статус бірнеше ірі шаруашылықтарда ғана бар. Біз 100 пайыз таза тұқымды соларға береміз. Олар әрі қарай оны барлық талабын сақтай отырып егіп, көбейтіп, аудандардағы жаппай тұқым шаруашылықтарына береді. Өз кезегінде жаппай тұқым шаруашылықтары оны бірінші, екінші, үшінші репродукцияға дейін көбейтіп егеді. Ал тауарлы күріш егетін шаруашылықтар солардан алып егуі керек.

Бұрыннан қалыптасқан жүйе осылай. Бірақ бұл – қол еңбегін қажет ететін, өте ауыр жұмыс. Бірнеше жылға созылатын үздіксіз процесс. Тоқтаусыз жүре береді осылай. Егер процесс тоқтап, бір тізбекті буын үзіліп қалса, зияны тиеді.

– Демек, бұл жүйе сақталуы үшін ең алдымен қаржыландыру мәселесі өзекті ғой?

– Әрине, қаржыландырмаса, біз бір-екі тізбекті буынды үзіп аламыз. Кейінгі кезде осы қаржыландыру мәселесі қиын болып кетті. Бөлінетін азғантай қаржы үшін институт үш жылдық жоба жасайды. Оны қорғап, ұтып алуы керек. Егер қаржыландыру тоқтаса, үш жылға дейін біз айтып отырған жұмыстар тоқтап қалады. Түрлі мәселелермен жүйе мүлде бұзылды. Институт басшылығы жиі ауысып, салаға қатысы жоқ адамдар басқарған кездер болды. Қазір біртіндеп бұрынғы жүйемізге қайта келдік. Бірақ кемшілік әлі де көп. Қаржыландырудан басқа да мәселелер жетерлік. Айталық, бұрын кадр саны 150 адамға дейін баратын іргелі институтта қазіргі таңда нағыз ғылыммен айналысып отырған он шақты адам ғана қалды. Институттың қазіргі жағдайын осыдан-ақ білуге болады.

Дамыған елдер жалпы ішкі өнімінің 2-4 пайызына дейін ғылымды қаржыландыруға жұмсайды. Ал бізде ғылымның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 0,13 пайыз. Ол қаржының басым бөлігі министрліктің өзіне жұмсалады. Бұл ретте жалақы мәселесі бір бөлек. Одан бөлек, тікелей ғылымның өзіне де қаржы бөлінуі керек. Мысалы, Кеңес үкіметі кезінде ғалымдардың жалақысы көп болған жоқ. Бірақ керекті құрал-жабдық, қондырғының барлығы болды. Менің өзім мутагенезбен айналыстым. Сонда қымбат, сирек деген құрылғылардың, қажетті техниканың барлығы институтқа беріліп тұрды. Қазір айтсаң ертегі сияқты.

– «Маржан» күріші – әлемге аты шыққан сорт. Одан соңғы кезде біздің тауарөндірушілер бас тартып жатқанымен, ұзақ жылдар халық игілігіне жарап келеді. Оның сыры неде?

– Сорттың мықтылығы оның өміршеңдігінен көрінеді. Мысалы, Ресейдің «Саратовская 29» деген бидай сорты бір ғасырға жуық уақыттан бері егіліп келе жатыр. Демек өміршең деген сөз. Басқа сорттар пайда болып жатса да, әлі күнге дейін өндірістен шыққан жоқ. Мұндай мысал көп. «Маржан» сорты өндірістен алынып тасталса, мен ренжімеймін. Өйткені білемін, сорт ауысуы керек. Бірақ оған үйреніп қалғандар әлі бар екен. Дәмдік, басқа да көрсеткіштері жақсы сорт. Кейбір жақтың адамдары әлі күнге дейін бізге «Ақмаржан» керек дейді. «Маржанның» бір жақсы жері, бізде күріштің жағдайы әбден нашарлаған кезде де өнім берді. Сондай қиын кезде көп жігіттер «Маржан» бізді аман алып шықты дейді. «Маржан» тұзға да, біздің ауа райына да төзімді болып шықты. Өнімділігі де жаман емес.

Бірақ қазір өндірістік мақсатта күріш егетіндер күріштің шыны түстілігі, өнімділігі деген сияқты қасиеттеріне мән береді ғой. Бұл жағынан кез келген сорт ескіреді. Әрқайсысының өзінің заманы бар.

– Сондықтан біз үнемі жаңа сорттар шығарып тұруымыз керек қой?

– Шығарып жатырмыз да. Бірақ жоғарыда айтқанымдай жағдай болғаннан кейін оған кадр да тапшы. Білікті мамандардың көбі кетіп қалды. Бәрін кадр шешеді ғой. Селекционер болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Білімің жетіп тұрса да, жүз жыл жұмыс істеп, бір сорт та шығара алмауың мүмкін. Себебі оған өзіңнің табиғи бейімің, интуицияң болуы қажет. Оған қоса көлемі де көп болуы керек. Саннан сапа шығады. Азғантай тәжірибеден сапалы нәтиже шығару қиын. Оны бізде түсіне бермейді. Жоқтан бар жаса, азғантай нәрседен бірдеңе шығар дейді. Мысалы, Қытайда күрішті тамшылатып суаруға тәжірибе жасап көрген ғой. Сол кезде олар бірден 2 мың сортты сынақтан өткізген. Бір қарағанда ақшаны далаға жұмсағандай көрінуі мүмкін. Бірақ оның нәтижесі кейін өзін жүз есе ақтайды. Бір кездері мен гибридтік күріш сортын жасап шығарған адаммен дәмдес болғанмын. Бүгінде өмірден өтіп кетті. Сол кісі 20 жыл уақытын сарп етіп, ақыры үлкен нәтижеге жетті. Қытайдың өнімін екі есе көбейтті. Оны бүгінде әлемнің басқа да елдері үйреніп, қазір бізге де үйрете бастады. Сол кісіге қытайлар алтыннан ескерткіш қойса да артық етпейді. Ойлап қарасаңыз, 32 миллион гектар жердің өнімін екі есеге көбейткенде қандай болады? Үндістанда да күріш көлемі 32 млн гектардай екен. Қытаймен шамалас. Біз 70-80 мың гектарды әңгіме қыламыз. Мен осы бойынша Пекинде өткен бүкіләлемдік конгресске бардым. «Қанша егесіңдер?» дейді. Айтайын десем, ұяламын. Себебі оларда миллионнан төмені жоқ.

Сондықтан ғылымға қанша қолдау жасалса да, артық етпейді. Жаңа сорттар шығару, сорт жаңарту, күріш шаруашылығын ғылыми тұрғыда одан әрі дамыту қашанда өзекті болып қала бермек. Бұл ретте қазіргі облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың, жалпы аймақ басшылығының қолдауын да айта кеткен жөн. Институтқа да арнайы келіп, жағдайымызды сұрады. Оң көзқарас танытып, кадр мәселесін шешу бойынша да шараларды қолға алуда. «Абзал және К», «Таң» секілді шаруашылықтар да өндіріс жағынан қаржылай, техникамен демеушілік көмек көрсетуде.

– Институт жұмысында қандай инновациялық жаңалықтар бар? Қазіргі ғылыми қызметіңіз қай бағытта?

– Институттың Қытай, Вьетнам, Ресей деген сияқты шетелдермен де байланысы бар. Мысалы, мен қазір Ресейдің ядролық зерттеулер институтымен бірлесіп мутагенез бағытында, күріштің тұзға, қуаңшылыққа төзімді формаларын алу бойынша жұмыс жасаудамын. Сосын бірнеше жылдан бері өзіміздің Курчатовтағы Ядролық технологиялар паркімен де байланыстамын. Тұқым шаруашылығы бойынша да ауқымды жобалар басталуда. Институт жалпы әртараптандыру дақылдарымен, мысалы жүгері, бақша, майлы және техникалық дақылдарымен де айналысуда.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<