ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Қылышбай Бисеновпен сұхбат.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен наурыз айындағы халыққа арнаған жолдауында Ұлттық құрылтай құру керектігі жөнінде алғаш рет мәлімдеген болатын.
Қылышбай Алдабергенұлы, алдымен әңгімені Құрылтайдың атауы мен қызметінен бастайықшы. Ұлттық құрылтай бұрынғы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ізімен жұмыс жасай ма?
– Ұлттық құрылтай – Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган.
Егер құрылтай көне ізбен ғана жұмыс жасайтын болса, бұл онда ұйымның жай атын өзгерту болып қалар еді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде қаралатын мәселелер саяси реформалау, әлеуметтік-экономикалық проблемалар төңірегінде болса, Ұлттық құрылтайда жалпыұлттық құндылықтар негізінде қоғамдық бірлікті, «төртеу түгел болуды» одан әрі кеңейтіп, дамытуға қатысты ұзақмерзімді сипаттағы мәселелер талқыланады деп танып отырмыз.
Ұлттық құрылтай құру жөніндегі жарлыққа Президенттің өзі қол қойып, оған өзінің төраға болуы бұл ұйымның терең мәнін сездіреді.
– Ұлттық құрылтайдың Қызылорда облысынан ұсынылған мүшесі – өзіңіз. Кеше ғана Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтай жиынына қатысып қайттыңыз. Әсеріңізді, ойыңызды ортаға салсаңыз дейміз…
– Ұлтымыздың рухын көтеріп тұрған Ұлытау өңіріндегі Ұлттық құрылтай жиынына ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген құрам мүшесі ретінде қатыстым.
Алты Алаштың анттасып, таңбасын тасқа басқан тағдырлы мекені, киелі жерінен үлкен рухани серпіліспен оралғанымды айтқым келеді.
Ұлы десе, Ұлытау! Көкаспан біздің шаңырағымыз болса, атына заты әр берген, тарихымен нәр берген Ұлытау Ұлы даланың алтын уығы секілді.
– Қазақ тарихында алпыстан астам құрылтай өткен дейді. «Жаңа Қазақстан» жағдайындағы бұл Құрылтай бұрынғылардан өзгерек секілді. Оның Ұлытауда өтуінде де символикалық мән жатқаны анық. Осыларға тереңірек бойлап, түсіндіре кетсеңіз…
– Алаша мен Жошының кесенесі Ұлытауда тұр. Бұл осы жердің оты сөнбеген ошақ екенін көрсетеді. Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» да құрылтайда қабылданған дейді деректер. Халықтың жадында Тәуке ханның билік құрған уақыты «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт, мамыражай кезең есебінде сақталған.
Шәкәрім Тәуке ханға «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде: «Есім ханның ескі жолы» деген жолдан кем қалған бітім жолдарды түзеткен осы еді. «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген жол бітім сол еді», – деп баға береді.
Ұлытауда ұлы хандар таққа отырған. Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жанпида болған жолбарыс жүректі Кенесарыны халқымыз Ұлытауда ақ киізге салып, хан көтерген.
Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясының құрылғаны, екінші құрылтайда Алаш автономиясының жарияланғаны мәлім.
Кешегі тоқсаныншы жылдары тәуелсіздіктің алғашқы белестерінде тұрып, Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайы шақырылды. Осы кезеңде шет жерге шығандап кеткен талай қандасымыз атақонысқа бет бұрды. Бұл Құрылтайдың елдің ес жиып, еңсе тіктеуіне елеулі орны бар. Бірақ, бұл Құрылтайлар істен гөрі, ой алаңы болып қалды, бес-алты жылда бір шақырылатын жиынға айналды.
Сондықтан, «сенім», «бірлік», «әділдік» – үштұғырын қазық қылған бүгінгі Құрылтай жұмысының Ұлытауда шақырылуы тарихи жадымызды жаңғырта отырып, жаңа Қазақстанның іргетасын қалаудың бірегей бастамасы деп санаймын.
Билік пен халықтың арасындағы сенімді нығайту, барлық заңдардың әділетті орындалуы, жаңа қоғамдық сана қалыптастыру арқылы бірлігімізді арттыру – Құрылтайдың басты қағидалары болды.
– Атап айтқанда қандай өзекті мәселелер көтерілді?
– Мемлекет басшысы бұл Құрылтайдың ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ұйыстыратын соны идеялар орталығы болатынына сенім білдірді.
«Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Президент Құрылтай жұмысы барысында басшылыққа алынуы тиіс үш негізгі мәселені атады.
«Бірінші – жалпыұлттық бірлікті нығайту. Ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар, қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Біз орнықты демократиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамытуымыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отаншылдық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экстремизмге тосқауыл қоямыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елдің ең басты құндылығы егемендік екеніне тоқталып, қаңтар оқиғасынан кейін елімізде саяси белсенділіктің артқанын атап өтті.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде әртүрлі мәселелер көтеріп жүрген қоғам белсенділеріне назар аударды. Олардың кейде мүлде ақылға сыймайтын пайымдарға баратыны да айтылды. Мұндай жағдайлардың бірлік пен тұтастыққа сызат түсіретіні шын. Арамызда заңды белден басатын азаматтар да бар. «Біртіндеп демократия жолына түсу кезінде мұндай жағдайлардың болуы – түсінікті. Бірақ, Заң талабы мүлтіксіз орындалуға тиіс екенін әрдайым есте ұстау қажет. Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жүргізіліп жатқан реформалардың мән-маңызын халыққа дұрыс түсіндіруді екінші маңызды міндет, халықтың жаңа технологиялар арқылы ауқымды реформаларға қатысуын үшінші маңызды міндет деп атады.
«Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Біз Жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ. Мен Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады. Жұрт реформаның нақты пайдасын көруі қажет», – деді.
Президент осылармен бірге кейінгі жылдары атаусыз қалған Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданғанын бәріміз білеміз. Тәуелсіздігіміздің тұғыры қаланған дәл осы күн жады болуы тиіс. Бұған қатысты Президент: «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді.
– Сөз сөйлеушілер қандай мәселелерге мән берді? Құрылтайда сізге ерекше әсер еткен жағдайлар не?
– Құрылтайда он кісінің сөз сөйлеуі белгіленген екен. Ал, мінберге он төрт адам шықты. Бұл Құрылтайдың қалыпты ережеге қатып қалған жиын емес екендігін көрсетті. Сөйлеушілердің барлығы да халықтың көкейкесті мәселелерін айтты. Солардың ішінде Алматыдағы мемлекеттік орталық музей қызметкері Бибігүл Дәндіғараеваның сөзі жүректі қозғады. Қаңтар оқиғасы кезінде таяқпен, таспен қаруланған атпалдай жігіттер музейдің есігін сындырып ішке енген. Музейден қылыш, кездік секілді қарулар алғысы келген сыңайлы. Сол кезде Бибігүл өз амандығын ойламай, ұлт жәдігерлерін сақтап қалу үшін басып алушыларға жалғыз қарсы тұрған. Оларды ақылмен, жалынды сөзбен жасқап, ұлт қазынасына қол сұқпау керектігін айтып, райдан қайтарған. Бұл шапшыған толқынды шалғайымен жауып тоқтатқанмен бірдей еді. Сол Бибігүлдің сөзіне қатты әсерлендім.
Құрылтай отырысының соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күллі түркі дүниесіне мәшһүр ақын Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, «Отан» орденін тақты.
Ең бір әсерлі сәттің бірі осы болды, неге екенін өзің де түсінерсің. Кезінде мемлекеттік деңгейдегі марапатты алмай қойған ақиқатшыл ақынның сол сәтте өзі де толқып тұрды. Себебі, бұл жаңа Қазақстанның жасампаз идеяларына зор сенім артатын сезімін жасыра алмағаны болатын.
Құрылтайдың негізгі мақсатының бірі де – еліміздің алдына қойып отырған міндеттерін әрбір азаматтың сезінуі, соған тілек қосу, тірек болу.
Мемлекет басшысы сөзінде қазақ қоғамын толғандырған келелі мәселелердің бәрі – Ұлытауда, Ордабасыда, Мәртөбеде, Күлтөбеде өткен осындай кеңестерде шешілгенін айта келіп, Ұлттық құрылтайдың келесі жиынын Түркістанда өткізуді ұсынды.
– Құрылтай неше жылда шақырылады?
– Ұлттық құрылтай жиыны әр жыл сайын шақырылады. Қазіргі жағдайда еліміздегі шешілмей жатқан, шешімін күткен жалпыхалықтық мәселелер көп.
Құрылтай мүшесі болып табылатын қайраткерлерге халық үнін жеткізу, аймақтардың қордаланған мәселелері мен ұлт болашағына қатысты нақты ойларын, ұсыныстарын жолдап отыру жауапкершілігі жүктелген.
Келесі жылы Түркістанда өтетін Құрылтайда мен онан кейінгі Құрылтайды Қызылордада өткізу жайын ұсынатын боламын. Президенттің өзі төрағалық ететін келесі кеңес өткізілген өңірдің дамуына тың серпін беретіні анық.
Мен қасиетті Сыр өңірінің өкілі ретінде Ұлттық құрылтайда Қызылорда халқының көкейіндегі ойларды биік мінберден көтеруге барлық білімім мен тәжірибемді арнайтын боламын.
– Сізге сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<