«Қыр баласы қол созады аспанға»

4063

0

сурет ашық дереккөзден

Бір ауыз сөздің жан тетігін табатыны рас. Музыканың құдіреті де одан кем емес. Ал ән мен сөздің үйлесімінен жүректерді қозғай алатын жанды дүние туындайды. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, айналасы теп-тегіс, жұмыр келген» туындылар қазір аз. Кейде әдемі әуен жүректің қылын шерте алмай жатады. Осындайда ұлы Абайдың әнге қатысты сөзін «әншінің де естісі бар, есері бар» деп өзгертсек жарасатындай. Сырбойылық Нұртас Омаров – өнердің өз баласы. Эстрада номинациясы бойынша «Дарын» сыйлығының иегері, қазақ вокал өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін Күләш Байсейітова атындағы төсбелгімен марапатталған әншімен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Осыдан екі жыл бұрын «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері атандыңыз. «Дарын» өміріңізге, өнеріңізге әсер етті ме?

– Иә, 2022 жылы сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі шешімімен ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атандым. Қазір 35 жасқа дейін деп ұзартылған сыйлық ол кезде 29 жасқа дейінгі әр саланың үздіктеріне берілетін. Үш жыл қатарынан конкурсқа қатысып, бақ сынадым. Соңғысында бұйырды.

Аталған сыйлық – еліміздегі саф өнердің саңлақтары арқалап жүрген атақ. Өнерге әркімнің таласы болғанымен, бұл марапат бәріне тегіс бұйырып жатқан жоқ. Сол себепті лайық деп танылып, марапатталған сәтте қуанышқа кенелдім. Шығармашылық саласындағылар көңіл-күй мен сезімнің адамы болғандықтан жылы сөз бен алғыс естігенде бір жасайтынымыз рас.

– Туған жерге оралу ойда жоқ па?

– Иә, менің туған топырағым – Арал ауданына қарасты «Жаңақұрылыс» елді мекені. Осы топырақтың құдіретімен бойымызға өнер дарып, бала арманның жетегімен кәсіби өнер иесі атандық. Арман қуып арнайы орта білімді Ақтөбе қаласынан, жоғары білімді Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінен алдым. Ақтөбе қаласына шақыртумен келіп қызмет етіп жүргеніме 7 жылға жуықтаған екен. Ұстазым, ақылшым – Қызылорданың тумасы, қазір әлем таныған Димаш бауырымыздың ұстазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов. Ақтөбеге келіп облыс мәдениетіне, біліміне үлес қосуыма бірден-бір себепкер болған осы адам.

Туған жерге деген құрметім ерекше. Бозбала күнімізде кеткен соң байланысымыз аздау. Жыр тұнған Сыр елі өнерлі перзенттерге өте бай. Қызылордадан арнайы білім алып, сол жерде қызмет жасап жүргендер бар. Әрине, маман тапшы болып, туған жерден шақырту келіп жатса, қызмет жасауға дайынбыз. «Қыр баласы қол созады аспанға» демекші халықтың ыстық ықыласына ие болып, әлде де болса өнеріммен танылсам, дамыта түссем деймін.

– Әншілік – саф өнер. Дегенмен кейінгі кезде кімнің ақшасы бар, клип түсіріп, кімнің аудиториясы бар, ән жазып кетті. Шын өнерді бағамдап, таразыға салатындар қатары аз. Бұл жолды таңдауыңызға не түрткі болды?

– Өнер жолын таңдау – бала күнгі арманым. Өнер жолына келуіме ата-анам, бауырларым қолдау білдірмесе, қарсы болмады.

Ән – көңіл-күйден, сезімнен туындайтын шығарма. Ал әнді орындау барысында соның басты кейіпкері бола білуің, автордың сезімін сезінуің керек. 2007-2009 жылдары мектеп жасымда ақын, сазгер қазір дүниеден озған Дархан Оразымбетов деген ағама шәкірт әрі іні болып ізінен ердім. Бүгінде халықтың сүйікті әндеріне айналған Төреғали Төреәлінің орындауындағы «Ағама», Нұрболат Абдуллиннің орындауындағы «Анама» әндері дүниеге келгенде қасында болдым. Сол әндерді орында деп ұсынғанда әннің мәтіні менің ішкі күйіме, сезіміме сәйкес келмейді деп айтпай қойдым. Мүмкін, балалық шығар. Әннің құрылымынан бөлек мәтіннің мазмұндылығы мен сәйкестігіне мән беремін.

– Жақында әншілердің әні тойханада қосылса да гонорар төленуі тиіс деген тақырыпты көпшілік біраз талқыға салды. Гонорар мәселесіне қалай қарайсыз?

– Бұл – үлкен мәселе. Себебі тойда қосылған әр әнге гонорар төлену керек болса, онда тойда өнер көрсетіп, гонорар алып отырған әншілер де салық төлеу керек болады. Ол жағы заңдастырылмағаннан кейін тойда қосылған әнге гонорар сұрау артықтау секілді.

Әншілердің гонорары танымалдығынан бұрын әннің хит болуына байланысты болып тұр. Себебі ертеректе танымал болып, қазір хит шығара алмай жүрген әншілердің гонорары кеше ғана бір әнмен танымалдыққа ие болып, хит болып тұрған әншінікінен төмендеу, яғни тойдағы әншілердің гонорар мәселесі құбылмалы.

Өз басым бұған оң көзбен қараймын. Әр нәрсенің рақметі, қошеметі болу керек. Әр әнші танымалдыққа, хит әнге жеткенше қажырлы еңбегі мен ұйқысыз түндерін, қыруар қаржысын жұмсайды. Соның қайтарымы деп білемін.

– Алдағы жоспарларыңызды бөліссеңіз…

– Жоспарым көп. Бастысы – өзіндік қолтаңбасы бар өнер иесі атану. Халық ықыласпен қарсы алып, зор қошеметіне бөлесе, жоспарымның жартысы орындалғаны. Қазіргі талғамды ескере отырып құлдырауға ұшырамай сапалы дүниелерді де халық назарына ұсынып отыру – мақсат. Ел мәдениетінің өркендеуіне, ұлттық ән-жырымыздың қайта жаңғыруына жұмыстану да – жеке шығармашылығымның бір бөлігі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<