Қыс шанаңды жаз сайла

6029

0

Халыққа жылу мен электр жарығы ауа мен ас секілді қажет, онсыз өмір – тұл. Ал енді көбіміз сол коммуналдық қызметтің бесбатпан бейнетпен келетініне көңіл қоя бермейміз.

Қала халқы биылғы қыстан қысылмай шықты. Әрине, тығып тоқ пеш жағатын, сырт киіммен жататын немесе сырттан пана іздейтін заман кетті. Бұл – негізінен көпқабатты үйлердің тұрғындарына қатысты сөз. Қазір жылу мәселесі аса алаңдатпайды. Дегенмен, жылу мен жарықты өндіру мен таратудың тарқатылмаған түйіні де көп.

«Қызылорда жылу-электр орталығы» МКК бас инженері Наурыз Сатхановпен бүгінгі әңгімеміз сол жайттар жайында болмақ.

– Наурыз Асанханұлы, биылғы жылу маусымындағы ауқымды жұмыс қалай атқарылды? Қала бойынша орталықтандырылған жылу жүйесі қанша нысанды жылумен қамтамасыз етіп келеді?

– 2023-2024 жылдарға жылу беру маусымы қала әкімінің шешімімен 2023 жылдың 13 қазанынан ресми басталған болатын. Маусымның аяқталуы ауа райының жылылығына орай биылғы 10 сәуір күні жарияланды. 

Біздің жұмысымыз маусымдық болып аталғанымен, жыл он екі ай бойы тоқтамайтын тірлік. Тоқтамайтыны, жылу қыста қажет болса, жаздай оның дайындығы жүргізіледі. Ал жарық қысы-жазы, күндіз-түні керек.

Мысалы, жылу жүйесі ажыратылған соң станция конденсациялық жұмыс жасау тәртібіне көшіріліп, электр энергиясын жоғары деңгейде өндіруге күш салады. Сонымен бірге қалалық магистральдық, аумақаралық және аумақтық ішкі жылу желілерін қысымға тексеру жұмыстарына кірісіп кетеді.

Жалпы Қызылорда қаласы бойынша 199,5 шақырым жылу желісі бар. Олар магистральдық жылу құбырлары, кварталаралық жылу құбырлары деп аталады. Бүгінгі таңда жылу жүйелерінің тозу көрсеткіші 45,1 пайызды құрап отыр.

– Бұл қалалық жылу жүйесінің жартысы істемейді деген сөз бе?

– Жоқ, олай емес. Мысалы, бір құбырдың не қондырғының жұмыс атқаратын бекітілген мерзімі болады. Жылу құбыры жиырма бес жылға жарамды болса, ол отыз жылдан бері ауыстырылмаған. Бірақ әлі жұмыс істеп тұр. Мұндай құбырлар жылу мауысымы кезінде жарылып кетуі мүмкін, соған қарамастан оларды пайдаланып келеміз.

Қаланың жылу беру жұмыстары қашаннан да әкімдіктің бақылауында тұрады. Сондықтан алдағы кезеңде оларды жаңалау, ауыстыру жұмыстары қолға алынатыны анық.

Жалпы қала бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне 1621 нысан қосылған. Олардың ішінде 808 көпқабатты, 262 жеке тұрғын үй, 24 оқу орны, 50 мектеп, 24 балабақша, 28 денсаулық сақтау, 308 шаруашылық нысаны, басқа да мекемелер бар.

– Әдетте, жылу мен жарықтың төлемақысы мәселе туындатып жататын. Бұл жайын қалай шешіп отырсыздар?

– Алып отырған қызмет төлеміне әр мекеме, әр адамның жауапты болуы керек. Кейбір азаматтарда осы жауапкершіліктің төмен екені өкінішті. Мысалы, сіз моншаға барсаңыз, ақы төлейсіз, ал, монша жылумен жұмыс істейді, демек, ол жылу ақысын төлеуі тиіс. Осы қарапайым қағиданы түсіну қиын емес.

Қаладағы 808 көпқабатты тұрғын үйдің 389-на жылу есептегіш құралы орнатылған, 274-мен нақты есеп айырысады. 551 бюджеттік мекеменің 384-іне жылу есептегіш құралы орнатылған. Биылғы жылдың өзінде біздің мекемеден қызмет алған тұрғындар мен мекемелердің 238 млн теңге қарызы бар. Бұл жағдай жұмыс ырғағының бұзылуына әкеліп соғады. Осыған орай үздіксіз түсіндірме жұмыстарымен айналысамыз, рейдтік шаралар өткіземіз. Өйткені, қыстың көзі қырауда жылусыз қалудың зардабы ауыр. Сондықтан көпқабатты үйлер жылудан ажыратылмағанымен, кейбір мекемелер мен жер үйлерді жылу көзінен ажыратуға тура келеді. Бірақ бір ай мерзімге дейін негізгі төлемге үстеме жүрмейді.    

– Мекеме жұмысына толығырақ сипаттама беріп өтсеңіз…

– «Қызылорда жылу-электр орталығы» МКК қала халқын жылумен және электр жарығымен қамтамасыз етеді. Бұл міндетті 2 үлкен бу қазандығы, 25 Мвт турбогенератор, 45 Мвт газтрубиналық станса, оған қоса «Оңтүстік» бу қазандығы және 20 шағын қазандық атқарады.

Қызылорда қаласы сағатына 73 Мвт электр қуатын пайдаланады. Біздің мекеме 40 Мвт өндіреді. Қалған қуатты басқа қалалардағы стансалардан аламыз. Электр қуаты газ, яғни, «Ақшабұлақ» пен «Бейнеудің» сұйық отыны арқылы өндіріледі, бұрын көмір жағатынбыз. Қазір бұл жұмыс оңтайландырылды.

Мекемеде 300-ге жуық адам бар. Оларды күнделікті жұмысқа алып келетін, алып қайтатын арнайы тасымал көлігі қызмет көрсетеді. Жұмыс ауысым арқылы тоқтаусыз жүретіндіктен, мекеме базасында асхана жұмыс істейді. Жұмысшылар елу пайыз жеңілдікпен тамақтанады. Кәсіподақ арқылы демалыс орындарына да елу пайыз жеңілдікпен бара алады.

Жалпы, қызметкерлер мен жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына жете мән беріледі.

– Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығының салынып жатқанынан хабардармыз. Осы жөнінде де сөз қозғап кетсек. Бұл кәсіпорын іске қосылғанда «Қызылорда жылу-электр орталығы» немен айналысады?

 – Мемлекет басшысының еліміздегі жылуэлектр орталықтарының жұмысын жандандыру тапсырмасына сәйкес, облыстың 85 жылдығы қарсаңында аймақ басшысы Н.Нәлібаев жаңа жылу-электр ораталығының іргетасын қалауға қол жеткізді. Бұл Қызылорда халқы үшін ең үлкен жаңалық болып отыр.

Қазіргі қолданыстағы жылу-электр орталығы 1964 жылы салынған. Қанша рет жөндеуден өтсе де, жылу қондырғылары мен құбырларының тозғаны да, қажетті қуатты өндіре алмайтыны да анық.

Қуаттылық кернеуі 240 мегаватқа жететін жаңа жылу-электр орталығы шетелдік инвесторлардың 215 млрд теңге қаржысына салынып жатыр. Олар өз қаражатының қайтарымын он бес жыл көлемінде алады. Ең бастысы, стратегиялық нысан өз меншігімізде қалады.

2025 жылы пайдалануға берілетін ЖЭО облысымыздың электр қуатына қажеттілігін толық өтейді және артық қуатты өзге өңірлерге сатуға мүмкіндік береді.  

Жаңа орталық жылу мен электр қуатын өндіріп, оны біздің мекеме арқылы таратады. Себебі, жылу құбырлары мен шағын электр стансалары біздің мекемеге қарайды. Біраз маман жұмысшыларымыздың жаңа орынға ауысуы мүмкін. Өйткені, жаңа орталықта екі жүз адамға жұмыс орны ашылады.

Жаңа орталық ескі орталықты ысырып тастайды деген ой болмауы керек. Біз де бұрынғыша жұмысымызбен айналыса береміз.

– Өзіңіз айтқандай, тоқтамайтын тірліктің қамында келесі маусымның жұмысы басталып кеткен шығар. Енді 2024-2025 жылдағы жылу маусымының дайындығы туралы дерек бере кетсеңіз…

– Қазақ «Қыс шанаңды жаз сайла» деп бекер айтқан ба? Дайындық бүгін басталмаса, ертең де келіп қалады. Алдағы жылдың жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын уақытылы жүргізіп және аяқтау мақсатында барлығы 5235,58 млн теңге жоспарланып отыр. Соның 566 млн теңгесі кәсіпорын қаражаты есебінен шығады. Бюджеттік несие есебінен «Жылу энергетикалық жабдықтарды қайта құру және дамыту» бағдарламасы бойынша құрал-жабдықтарды сатып алуға қаржы-экономикалық негіздеме ұсынылды.

Алты жоба бойынша 9,5 шақырым жылу желілерін қайта жаңғыртуға бюджет есебінен 6874,2 млн теңге бөлініп, мердігер мекемелер анықталды. Сонымен қатар, қаладағы ЖТ-13-тен ЖТ-15А-ға дейін магистральді жылу желілерін, «Оңтүстік» қазандықтан КЦ-1-ге дейін магистральдық жылу желілерін, қала көшесіндегі тұрғын үйлерге баратын орамаралық жылу желілерін жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ.

Атқарылатын жұмыстың тізімін соза беруге болады. Ең бастысы, сол міндеттерді сапалы орындауға күш саламыз.  

– Әңгімеңізге рахмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<