Қызмет тек міндет емес, ол – аманат

1116

0

Аймақтың қоғамдық-саяси ахуалын жақсарту мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жолында оң шешім қабылдауда мәслихат депутаттарының қосқан үлесі аз емес. Бұқара мен билік  арасында дәнекер болу, өзіне артылған жауапкершілік үдесінен шығу  – депутаттың басты міндеті. Сол абыройлы міндетті адал атқарып жүрген халық қалаулысының бірі, облыстық мәслихаттың экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Бауыржан Сандыбаев.

– Бауыржан Тұрсымбайұлы, облыстық мәслихат депутаты әрі тұрақты комиссияның төрағасы ретінде елдік мәселелермен етене таныссыз.  Тұрақты комиссияның міндетіне не кіреді?

– Басты міндет – еліміздің, Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған жергілікті биліктің барлық игі бастамаларын қолдап, бірлесе жұмыс атқару және өкілеттік шеңберінде түрлі өзекті мәселелерді шешуге ықпал ету. Комиссияның құрамында 15 депутат бар. Мұнда негізінен экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері қаралады. Сондай-ақ тиісті басқармалар мен мекеме басшыларының атқарып жатқан жұмыстары тыңдалып, жан-жақты талқыланып, сол бойынша қаулы қабылданады. Одан бөлек мәслихат депутаттарымен бірге өңірдегі атқарылып жатқан құрылыс, тариф мәселесі, тұрғын үй, жол құрылысы болсын, барлық маңызды жобаларды бақылап ондағы кемшін тұстарын ретке келтіру, елімізде қабылданған түрлі бағдарламалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қадағалап, ұсыныс-тілектерді тыңдау арқылы оң шешім қабылдауға жұмыс жасап келеміз.

– Сіз «Ақ жол» демократиялық партиясының облыстық филиалына төрағалық етесіз. Мұндай қызметтерді қатар алып жүру қиын емес пе?

– Расымен, депутат болу – халықтың сенімі, аманаты болғандықтан үлкен жауапкершілік. Бірақ мен үшін қиын емес, керісінше жеңіл. Себебі, екеуінің де бағыты бір, халықпен байланыс орнату, елдің игілігі жолында жұмыс атқару. Өзіңнің халыққа қызмет етсем деген ниетіңнен туған жұмыс болған соң тұрғындармен кездесу, мәселе көтеріп, оны шешу ынталандырып отырады. Сондықтан екі міндетті де жауапкершілікпен атқаруға болады. Ал партияның атқарып жатқан жұмысына тоқталсам, жыл басынан бері 156 шара өтті. 46 рет қоғамдық қабылдау болды. Облыстық филиал түрлі мерекелер қарсаңында әртүрлі деңгейде қоғамдық, әлеуметтік шаралар өткізіп отырады және тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қайырымдылық көмектер беріп келеді. Партия тарапынан сайланған әрбір мәслихат депутаттары сайлаушыларды толғандыратын мәселелерді тыңдап, оны іске асыруға барынша жұмыс жасауда.

– Сіздің тараптан қоғамдық қабылдау қаншалықты жиі өтеді? Тұрғындар қандай мәселемен келеді?

– Комиссия төрағасы, депутат ретінде де тұрғындармен кездесуді жиі өткіземін. Белгіленген кесте бойынша да, басқа уақытта да кез келген сайлаушы үшін уақыт тауып, ұсыныс-тілектерін тыңдаймын. Алдыма келген әрбір адамның мұң-мұқтажына қолымнан келгенше көмек беруге тырысамын.  Қазіргі қабылдауға келетіндердің көпшілігі әлеуметтік мәселелерді, оның ішінде жұмыспен, баспанамен қамту бойынша сауалдар жолдайды. Сондай-ақ газдандыру, жарық, жол мәселесін де көтереді. Дегенмен біздің өңірде бұл айтылған мәселелер бойынша жүйелі жұмыс жасалуда. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту шеңберінде қаншама мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып, кәсіп бастаймын деген жандарға мүмкіндіктер берілуде. Инфрақұрылым жұмыстары да қарқынды жүруде. Бастысы, берілген  мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білсек болғаны. Жалпы тұрғындармен жиі кездесіп, барынша бағыт-бағдар беріп тұрамын.

– Өзіңіз айтып өткен қайырымдылық шараларына жиі қатысасыз ба?

– «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенге сүйеу болу халқымыздың бойында ежелден  бар қасиет. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес. Көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған халықпыз ғой. Сондықтан партия тарапынан әлеуметтік осал топтарға, тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық жасап тұрамыз. Жеке өзіме келсем, жиі жасаймын. Бірақ хадисте «оң қолың бергенді сол қолың білмесін» деген жақсы сөз бар. Сол себепті жария еткім келмейді, елге жасаған жақсы ісіңді өзің ғана білсең, соның өзі жетеді.

– Мәслихат депутаттығы – билікке жақындаудың амалы ма, әлде кәсіпкер үшін жаңа мүмкіндік пе?

– Мен үшін бұл – ең алдымен ел мүддесі жолында адал қызмет етуге берілген мүмкіндік. Адам баласы қолынан келсе, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, қол ұшын созуды қалайды деп ойлаймын. Иә, кәсіпкер ретінде өз ісімді дөңгелентіп, отбасыма жеткілікті жағдай жасап, тыныш өмір сүре беруіме болады. Бірақ тек өз қамын ойлау жақсы атақ емес. Бұл  менің өмірлік ұстанымыма да сай келмейді. Қайратым барда, күш-жігерім бойымда тұрғанда, елге қызмет етіп, жұртқа пайдамды тигізуді парыз санаймын. Сол мақсат-ниетім  мені осы қызметке жетеледі.

– Бауыржан Сандыбаевтың депутаттық қызметін сын көзбен қалай бағалайсыз? Өзіңізге жиі есеп бересіз бе?

– Депутаттық қызметімнің басты төрешісі – халық. Қоғамның бағасы мен сенімі  мен үшін ең әділ өлшем. Дегенмен менің алғашқы әрі ең қатаң сыншым – өзім. Күн сайын атқарған ісімді сараптап, өз-өзіме сұрақ қоямын: «Бүгін не істедім? Қандай мәселені шештім? Не нәрсе назардан тыс қалды? Қай жерде қателік жібердім?» деп ой елегінен өткіземін. Бұл – өзімді ұстайтын ішкі тәртіп әрі халық алдындағы адалдығымның кепілі. Мен үшін қызмет – тек міндет емес, ол – аманат. Сондықтан әр күнімді есеппен, әр қадамымды салмақпен жасаймын.

– Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз…

– Ең әуелі сессияда қаралған мәселелердің оң шешім табуына бар күшімді саламын. Халықпен жиі жүздесіп, түрлі өзекті тақырыптар төңірегінде ашық пікір алмасу, әрбір тұрғынның жеке мәселесін назардан тыс қалдырмау – басты міндетім. Комиссия төрағасы ретінде әріптестеріммен бірге өңірдегі ауқымды жобалардың ойдағыдай жүзеге асуына үлес қосу, қажетті кезде рейдтерге шығып, жағдайды көзбен көріп, шешім қабылдауға атсалысамын. Маған жүктелген ең үлкен жауапкершілік – халықтың сенімін ақтау. Бұл жолда адал еңбек етіп, әр қадамымды ел мүддесіне бағыттауды мақсат етемін.

Сұхбаттасқан

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»