Руслан Рүстемов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты: «Өскен өңірдің өмірі жарқын деп айтуға тұрарлық»

309

0

– Руслан Рүстемұлы, Сенат депутаты болғаныңызға бір жарым жылға жуықтады. Аса жауапты осы міндетте әсіресе, ұлттық идеология төңірегінде ұтымды ойлар, ұсыныстар айтып келесіз. Жуырда көтерген анимация саласына қатысты сауалыңыз қоғамда жан-жақты пікір туғызды. Шын мәнінде, бұл – өте өзекті мәселе. Тіл, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық болмыс деген құндылықтар толғақты күйге келді. Алдымызда не тұр? Алдымен осы тарапта ой сараптасақ…

– Ең алдымен, сұхбатқа шақырғаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін.

Идеологияның түпкі мақсаты – ортақ діл қалыптастыру, ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу болуға тиісті деп санаймын. Ал екінші ұстаз Әл-Фараби «Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту» деген екен.

Заман дамып, технология алға озған сайын біздің балаларымыз руханиятымыз бен салт-дәстүрімізге негізделген құндылықтардан, өмір салтымыздан алыстап барады. Себебі біз олардың күнделікті тіршілігін, айналасын, тұтынатын контенттерін төл руханиятымызға сабақтай алмай отырмыз.

Біздің мұндай қасиетті ұғымдарымыздың бастауы – фольклор, жыр, дастан, ертегі, қиссаларымызда. Бұл құндылықтарды біз балаларымыздың бойына ерте бастан қондыра білсек, олар ешқандай жат ағымдарға илікпейтін діңгегі берік, рухы асқақ, мызғымас тұлға болып қалыптасары сөзсіз. Алайда біз оларға осындай дәстүрлі танымды сіңірудің алғышарттарын жасай алмай отырмыз деп санаймын.

Бұрынырақ, отбасы институтының қағидаты берік кезде осы құндылықтарды біз ата-әжелерімізден жадымызға тоқыдық. Бұл контенттер арқылы жақсылық пен жамандықты, мейірімділік пен жауыздықты, ізгілік пен озбырлықты айыратын танымды сіңірдік. Соның арқасында батылдыққа, елдікке, әлсізге көмекке ұмтылатын асқақ ұғымдарға үйір болдық.

Ал бүгінде ше? Бүгінгі таңда бала тұрмақ, жас ата-аналардың басым көпшілігі бұл құндылықтарды игере алмай отыр. Олардың түсінігінде бала тәрбиелеу тек оны ас-су, жылы орын, киім-кешек, тағы басқадан мұқтаж етпей өсіру болып қалды. Ал баланың әлемді тануға ұмтылатын рухани болмысы бар тұлға екенін ойлау кемшін түсуде. Бұл – өте алаңдатарлық тенденция.

Сол себепті, өзімнің бірқатар депутаттық сауалымда ұрпақ тәрбиесінде шұғыл түрде ескеретін кейбір мәселелерді ұсындым.

Атап айтқанда, балалар санасында еліктеушілік тудыратын батыр бейнелерді қалыптастыруымыз керек. Біз ұлттық-фольклорлық жыр-дастандарымыздағы Алпамыс, Ер Төстік, Қобыланды, Ер Тарғын және ел қорғаған Бөгенбай, Қабанбай, тағы басқа батырлардың, сондай-ақ Саққұлақ, Көлтауысар, Таусоғар сынды кейіпкерлердің бірегей бейнесін жасай алмай келеміз. Бұл кейіпкерлер кітаптарда, анимациялық фильмдерде автордың қиялына сәйкес әртүрлі бейнеленіп жүр. Сондықтан оларды балалар танымайды, еліктемейді.

Екіншіден, бізде әлі де ұлттық контент жеткіліксіз, тіпті өте аз деуге болады. Содан болар, балалардың тілі өзге тілде шығып, таным-түсінігі қалыптасуда. Бұл – ұлттың келешегі үшін өте қауіпті құбылыс. Сол себепті, ұлттық контент қалыптастыруға стратегиялық деңгейде маңыз беріп, ұлттық кейіпкерлеріміз бен жыр-дастандарымызға негізделген шығармашылық өнімдерді субсидиялау мүмкіндіктерін қарастырған жөн.

Сөз басында өзіңіз атап кеткендей, ұлттық анимацияны дамыту мәселесі бойынша да депутаттық сауал жолдадым. Ұлттық анимация өнері бүгінгі күйінде кенжелеп қала берер болса, бұл – ұлттың келешегі үшін өте қауіпті құбылыс. Себебі, анимация жаһанданудың ең маңызды құралына айналды. Әлемнің озық елдері анимацияға стратегиялық деңгейде мән беріп, өзінің ұлттық құндылығын өзге елдерге дарытуда. Депутаттық сауалымның және оған Үкіметтің жауап хатының мәтіні бұған дейін әлеуметтік желіде жарияланды, сол себепті оған тоқталып, оқырманның уақытын алмағанды жөн көремін.

Қорыта айтсақ, біздің әдебиетімізде, фольклорымызда, ертегі, жыр-дастандарымызда тақырып та, мазмұн да, контент те әбден жеткілікті. Тек оны тартымды заманауи форматқа салып көпшілікке жеткізу ғана қалып отыр.

Әрине, алдағы уақытта елімізді мол игіліктер күтіп тұрғанына сенімдімін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өтпелі кезеңде елде орын алған саяси-экономикалық дағдарыстардың себебін талдап, салдарын саралаумен қатар, алдымызға нақты міндеттер қойды. Ауқымды бастамалар қоғамда әділеттілік принциптері жүзеге асып, халықтың әлеуметтік жағдайы оңалуынан көрінетін болады. яғни біздің алдымызда тұрған маңызды міндеттің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету.

Екіншіден, ел азаматтарының тұрмыс сапасын іс жүзінде жақсарту маңызды.

Үшіншіден, инвестиция болса, экономика қарқыны үдей түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады.

Төртіншіден, «қазына қаражатына» деген көзқарасымызды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз.

Бесіншіден, ұлт үшін аса маңызды шешімдер референдум арқылы ғана қабылданады.

Конституциялық реформаларға сай саяси реформалар кезең-кезеңімен іске аса бастады. Мұның көрінісін көппартиялы Парламент жасақталғанынан көруге болады. Сондай-ақ Үкіметтің өкілеттігі кеңейе түсті. Енді Президент Әкімшілігі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты стратегиялық бағыттарға жауап бермейді, саяси штаб ретінде жұмыс істейді. яғни түрлі салаға қатысты шешімдерді қабылдау құқығы Үкіметке өтті. Аймақтардың бюджетке қатысты дербестігі арта түсті. Мұның бәрі атқарушы биліктің жауапкершілігін арттырып, сайлаушылар сенім білдірген өкілді орган «бақылаушы қызметін» іске асыратын саяси құрылым ретінде ілгерілеп, қоғамды демократияландыруда шешуші рөл атқарады.

– Ұлттық идеология дегеннен шығады. Бірде қазақ жастарының әскерге деген қабілет-қарымы туралы айттыңыз. Сонда әскерге міндетті борышкерлердің 10 пайызы ғана ынталы деген дерек келтірілді. Бұл нені аңғартады? Жастар неге құлықсыз? Парламент тарапынан қандай да бір пәрмен бар ма?

– Кешегі Алаш қайраткерлерінің ұлттық мемлекет құру идеясын ұлттық жасақтарды құрудан бастағаны бекер емес. Олар жалпы қарулы күштерге, әскерге өте терең мән берген. Біздің буынымыз да әскерге бармауды ұят санайтын, өзім де 2 жыл әскери борышымды өтедім.

Елімізде әскердің жоғары жауынгерлік қабілетке ие болуы үшін барлық жағдай жасалуда. Әлемдегі әскери саладағы беделді сарапшылардың пікірінше, қазақ армиясы ТМД елдері әскерлерінің қатарында екінші орынға ие екен.

Алайда, жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамда әскер жайлы бірқатар жайсыз әңгіме де кездеседі. Қалың қазақтың ортасынан шыққан соң елдегі жағдай маған белгілі. Әскерге баласын жібергісі келмейтіндер де баршылық. Осы мәселе мені көптен толғандыратын. Халық сауалына орай Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті өткен жылы Қазақстан әскеріне жауапты тұлғаларды шақырып, ортақ мүдде тұрғысында ашық сұхбат жасады.

Бір мәліметтерде әскерге міндетті борышкерлердің кейбірі енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартса, бірқатары жарамсыздық себебінен әскерге бармайды екен. Тек 10 пайызы ғана өздігінен әскерге баруға ынталы. Ойланарлық дерек!

Әскеріміздің айбыны асқақ болуы үшін ел болып атқарар шараларымыз аз емес. Қазір біздің алдымызда әскердегі әлімжеттікті жою міндеті тұр. Мемлекеттік тілдің әскердегі қолданыс аясын әлі де жетілдіру қажет. Бұдан басқа да түйінді жағдайлар кездесіп қалады. Міне, сұхбатымыз қоғамды толғандырған осындай сауалдардың аясында өрбіді.

Әрине, біз әскери мамандарға ақыл айтудан аулақпыз. Дегенмен, кешегі Кеңес Одағының кезінде әскерде керзі етікті киіп, борышын өтеген азамат ретінде осы кездесуде бірер мәселені ортаға салдым. Атап айтқанда, Қорғаныс министрлігінің өкілдеріне мемлекеттік тілде ақпараттық саясатты күшейту қажеттігіне назар аударуды ұсындым. Себебі, әскери бөлімдердегі сапта тұрған сарбаздардың басым көпшілігі – ауыл балалары.

Әрине, қазір заман өзгерді, уақыт та басқа. Біз бейбітшілік сүйгіш ел ретінде өзгелермен әскери күшімізді салыстырудан аулақпыз. Қазір жаңа технологияның заманы, жастар соларды игеруі керек. Ал оны игерген жастарымыз ең біріншіден ұлттық идеологиямен қарулануы қажет. Құдайға шүкір, қорғаныс саласында газет-журналдарымыз бар. Осы мерзімді басылымдарда батырлар жырынан, жауынгерлік рухты күшейтетін жырлардан үзінділер беріліп тұруы тиіс. Мысалы, Махамбеттің «Егеулі найза қолға алмай, Еңку-еңку жер шалмай» деп басталатын жырын әскери газетке жариялап, осы шығарма қандай жағдайда туды, соны түсіндіріп жазу керек. Мен ол өлеңнің тарихын қарадым. Қарашаның қара түнінде Жайықты кешіп өтіп, көп шайқастан әбден шаршаған, жауынгерлерінің сенімі азайып, көңілдеріне күдік ұялаған сәтте олардың рухын көтеріп, намысын жану мақсатында айтқан екен Махамбет бабамыз.

Әрине, барлығы әскердің беделіне келіп тіреледі. Әскерге балаларымыз бармайды дейміз. Осы проблеманың түп негізінің бірі отбасылық тәрбиенің әлсіреуінде, әке беделінің төмендеуінде деп ойлаймын. Әскери қызметті үздік өткеріп жатқан сарбаздардың ата-аналарын неге насихаттамасқа, яғни Әкелер, Аналар кеңестері де осы бағытта қоғамдық жұмыстар жүргізгені жөн.

– Ғылымға бетбұрыс көңіліңізден шыға ма?

– Ұлы Әл-Фарабидің «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деген сөзі бар екен. Олай болса, қазіргі ғылыми-техникалық жылдам өзгерістерге толы кезеңде әр мемлекет көштен қалмас үшін ғылымды дамытуға айрықша маңыз берері сөзсіз.

Әлемнің озық елдерінде ғылымды қаржыландыру көлемі жалпы ішкі өнімнің 1 пайызынан кем емес екендігі белгілі. Осы орайда, Президент Үкіметке отандық ғылымды қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен осы деңгейге жеткізу жөнінде нақты міндет жүктеді.   

Жуырда өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ғылымсыз ел құрдымға кетеді. Ал ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады. Ғылым өркендесе, экономика да өркендейді. Яғни халықтың әл-ауқаты артады. Түптеп келгенде, ғылым азаматтардың тұрмысын сапалы, болашағын жарқын етуге тиіс», – дегені белгілі.

Президент ғылым күнделікті тұрмыста қолданысы мол сала болуға тиіс екендігін айтып отыр. Сол себепті, Үкіметке экономиканың жаңа моделін құру міндетін жүктеп, ғылыми қоғамдастық пен бизнес арасында байланыс орнату және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізудің мүмкіндігін арттыру мақсатында әкімдіктер жанынан ғылыми кеңестер құруды ұсынды. Бұл шаралар ғылымның экономикамызға қосар үлесін арттырары анық.

Осы бағытта Парламент тарапынан да нақты қадамдар бар. Отандық ғылымды дамытуды және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу мақсатын көздейтін бірқатар жаңа заңдар қабылданды. Өз тарапымнан қосар болсам, экологиялық аймақ санатындағы Қызылорда облысында топырақ құнарын арттыру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану негізінде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін ғылыми сүйемелдеу қажеттігі туралы депутаттық сауалымды Үкіметке жолдадым.

Сұхбаттың орайында өңірдегі «Сыр бойы», «Ақмешіт ақшамы» басылымдарында да ғылым мәселелеріне арналған материалдардың жиі жарық көріп жүргенін айтқым келеді.

– Енді өңірге ойыссақ. Сіз кезекті бір депутаттық сауалыңызда Сырдағы су ресурстарын тиімді пайдалану және суды реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру мақсатында барлық су нысандарын республикалық меншікке алу жөнінде бастама көтердіңіз. Аймақ экономикасы, экологиясына қатысты өте өзекті мәселеден қандай да бір нәтиже күтуге бола ма?

– Су – ресурс ретінде әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың негізгі тірегі. Сусыз өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласын дамыту, табыс табу әсте мүмкін емес. Мемлекет басшысы өз Жолдауында су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу, суды үнемдеп пайдалану мәдениетін дамыту, жаңа тариф саясатын қалыптастыру жөнінде кеңінен тоқталып, атқарушы органдарға нақты міндеттер жүктеді. Сарапшылардың пайымдауынша, гидромелиорация саласының мамандарын даярлау жұмыстары да жетілдіруді қажет етеді. Сондай-ақ қазіргі қолданыстағы «Су кодексі» суды шаруашылық мақсатқа пайдалану тәртібін ғана реттейді, ал су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану шараларына ықпалы мен мүмкіндігі өте төмен. Сол себепті жаңадан қабылданатын «Су кодексінде» осы мәселелер қамтылғаны жөн. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өткен жылы құрылған салалық министрлік қалыптасқан жағдайды шұғыл сараптап, барлық деңгейдегі су шаруашылығының жұмысын тиімді үйлестіруді қолға алуы тиіс деп санаймын.

Аралды қалыпты деңгейде сақтау үшін жыл сайын кем дегенде 3 млрд  текше метр көлемінде су құйылуы қажеттігін ескерер болсақ, Солтүстік Аралдың жағдайы өлі аумаққа айналған Үлкен Арал теңізінің тағдырын қайталамауы үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі «Көкарал» бөгетін жөндеу және Сырдария өзенінің Кіші Аралға құяр атырабын қалпына келтіру жобасын жедел арада жүзеге асырмаса, жағдай күрделене түсуі мүмкін.

Қызылорда облысының әкімдігі Сыр бойында су тапшылығын азайту бағытында ауқымды шаралар жүргізуде. Су нысандарын құжаттандыру жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ облыста суармалы жерлерді қалпына келтіру мақсатында 3 жоба әзірленген. Әзірге олардың біреуі (ПУИД-2) іске асырылуда. Осы жобалардың барлығы жүзеге асқан жағдайда инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жерлердің 80%-ы қалпына келетінін айтады су мамандары. Өңірдің бұл жұмысты таяу уақытта аяқтап шығуы үшін орталықтан қолдау қажет.

Жоғарыда өзіңіз айтқандай, Сырдағы суару желілерінің қанағаттанғысыз жағдайына байланысты Қызылорда облысы жыл сайын шамамен 2 млрд текше метр су шығынына ұшырайды екен. Бұл  дегеніңіз – жалпы республикадағы жыл сайынғы су шығынының жартысы. Сол себепті, Сенаттың аграрлық комитетінің Қызылорда облысындағы көшпелі отырысында облыстағы су каналдарының мәселесін көтеріп, оларды жөндеуден өткізу жұмыстарын жүйелеу үшін жалпы ұзындығы 12 мың шақырымға жуық су каналдарын республикалық меншікке қабылдауды ұсындым. Бұл депутаттық сауалым бойынша Үкіметтің жауабын әлеуметтік желіде жариялағанмын.

Әрине, Мемлекет басшысының қолдауымен су тапшылығын төмендетуге нақты шаралар қабылданды. Президентіміз аталған күрделі мәселені саясиландыруға жол бермей, Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттермен нәтижелі келіссөз жүргізіп, тиісті көлемдегі судың бөлінуіне жағдай жасады. Ал трансшекаралық өзендер арқылы ел аумағына келген суды тиімді пайдалануды үйлестіру – Үкіметтің тікелей жауапкершілігі.

Жалпы өңірлерді дамыту – Сенат қызметіндегі негізгі басымдықтардың бірі. Өзім – Парламент депутаты болып сайланған мерзімнен бері Сенат жанындағы «Өңір» депутаттық тобының мүшесімін. Осы уақыт аралығында аяқсумен қамту мәселелері аясында «Қазақстан» ұлттық арнасының «Ашық алаң», «Хабар 24kz» арнасының «Күн тәртібі» бағдарламаларына тікелей эфирде бірнеше мәрте қатысқанымды, одан бөлек, «Тамшының тырсылы» деректі фильміне, «Қызылорда» телеарнасының «Арнайы сұхбат» бағдарламасына сұхбаттар бергенімді, Сыр өңіріне келген әр сапарымда су саласының мамандарымен кездесетінімді, еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газетінде су тақырыбына мақалаларым жарияланғанын жерлестерім біледі деп ойлаймын. Одан бөлек, бір жарым жылға жуық уақыттың ішінде ел Үкіметіне Сырдағы су тапшылығы, топырақтың тұздануы, облыстың мұнай экспорты көлемін ұлғайту мәселелеріне арналған бірнеше депутаттық сауал жолдадым және Сыр топырағының тозуы мен тұздануының алдын алу жөніндегі депутаттық сауалымның негізінде «Хабар» арнасы арнайы сюжет түсіріп, эфирде көрсеткенін айта кетейін.

Сондай-ақ Парламенттегі Сыр бойынан сайланған әріптестерімізбен бірге Қызылорда облысының түрлі әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларын республикалық бюджеттен қаржыландыру бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар жасап келеміз.

– Облысқа әрбір сапарыңызда жақсы істердің, маңызды бастамалардың куәсі болып жүрсіз. Өңірдің бірқатар саласында басшылық жасап, бірқатар аудандарды басқардыңыз. Қазіргі өзгерістер қандай ой қалдырады?

– Ата-бабамыздың қасиетті төрі саналатын Сыр өңірінен алыста жүргендіктен туған жерімізге қатысты әрбір ақпаратқа елеңдеп отырамыз. Аймақта күн санап жаңашыл жаңалықтар қосылып жатыр.

Өткен жылдың күзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында өңірдің өсіп-өркендеген үлгісіне, аймақтағы инвестиция тарту игіліктеріне, өндіріс ошақтарының іске қосылуына, жұмыс орындарының барынша ашылуына оң бағасын берді. Міне, сол ерен еңбек бүгінде еселене түсті.

Әлбетте барлық мәселенің шешілу түйіні қаржыға байланысты. Қаржы мөлшері артқан сайын істің де көлемі, жан-жақты жүйелеу жобасы да артады. Оны біз бюджет қазынасының бағамынан-ақ байқадық.

Әлі есімде, осыдан екі жыл бұрын облыс бюджеті 360 млрд теңгені құраған еді. Ал 2024 жылдың көрсеткіштерінің өзіне көз салсақ, облыс бюджетінің көлемі 622 млрд теңгеге жетіпті. Жыл ішінде нақтылау жұмыстары арқылы облыс бюджеті тағы өсіп, бүгінде 708 млрд теңгені құрап отыр екен. Соған қарап-ақ аталған ауқымды қаражат аймақтың өзекті мәселелерін шешуге, өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға негізделгені анық. Қаржылық жағдайдың өсу динамикасы уақыт үдесімен алға озып келеді. Әрине, бұл – үлкен белес!

Өткен жылдың қорытындысымен де Қызылорда облысы экономиканың негізгі салаларындағы өсімнің нәтижесі бойынша аймақтар арасында көш бастағаны қуантты. 2023 жылдың тамыз айынан бері негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер нәтижесінде елімізде алғашқы үштікке енгені де белгілі.

Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналды. Үкіметтің бастамасымен Қызылорда облысының осы саладағы тәжірибесін басқа аймақтарға тарату мақсатында Қызылорда қаласында барлық облыстардың құрылыс мамандарының қатысуымен республикалық семинар өткізілгені де бұл ойымызды қуаттай түседі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектептің құрылысын салу, тұрғын үй ғимараттарын салу және жаңғырту, «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту, заманауи жылу-электр станциясының, жеке құрылыс салушылар есебінен коммерциялық объектілердің құрылысы, кен орнын жақсарту, ұңғымаларды пайдалану есебінен өңір экономикасының құрылыс және инвестиция көлемінде өсім қамтамасыз етілуде. Жаңа нысандар халық сұранысына сай әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталғаны белгілі. Мынадай мол сыбаға өткен уақыттың өнегесін өлшеп, келер күннің кемелдігін көрсеткендей әсер берді.

Жасырып қайтеміз, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізімен Қызылорда облысының аумағына енгеннен бастап әрбір елді мекен ерекшеленіп тұрады. Алыстан менмұндалап, самаладай жарық шамы жарқырап, ауыл бейнесі аңғарыла түседі. Тастай қараңғы түнек, ауызсудың әлегі, жол қиындығы өткен шақтың елесіндей ұмыт болды. Қазір бәрі өзгерген, жаңарған, жасарған, жаңғырған.

Орайы келгенде айтылғаны жөн, мысалы Қызылорда облысында кәсіпкерлердің демеушілігімен әлеуметтік нысандардың құрылысын салу дәстүрге айналған. Бұл мақсатқа бюджеттен тыс қаржы көздерінің есебінен жалпы жиыны 37,6 млрд теңге бағытталған екен. Ол нысандардың қатарында «Анаға тағзым» орталығы, музыкалық колледждің 650 орындық оқу ғимараты мен 350 орындық жатақханасы, 200 орындық «оқушылар сарайы», 100 орындық орта мектеп, 50 орындық «Өнер мектебі», «Кәсіпкерлер үйі», «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа ғимараттары, мәдени-демалыс парктері бар. Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалы да бюджеттен тыс қаржы есебінен қайта жаңғыртудан өткізілді. Сондай-ақ Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың бастамасымен Сыр өңірінде 2024 жыл – «Руханият жылы» болып жарияланып, барлық аудан орталықтарында «Руханият» орталықтарының салынуы да өзге аймақтарға үлгі болуға тиіс.

Бір сөзбен қайырғанда, өскен өңірдің өмірі жарқын деп айтуға тұрарлық. «Береке көзі – бірлікте» деген қағиданы берік ұстанатын сырбойылық жерлестеріміз мұны Мемлекет басшысының қамқорлығы деп біледі. Сұхбатты пайдаланып, Сырдағы барша жерлестеріме амандық, әрбір отбасына ырыс-ынтымақ тілеймін.

– Жалпы бүгінгі сұхбат төркіні ұлттық идеологиядан өрбіді. Айтыңызшы, қазіргі БАҚ алдында қандай міндет тұр?

– 1870-1882 жылдар аралығында шыққан «Түркістан уәлаяты» алғашқы қазақтілді газет болды. Егер осы өлшеммен алатын болсақ, қазақ журналистикасына 160 жыл болған жоқ. Ал Еуропа елдерінде ілгерірек, ХVІ-ХVІІ ғасырлардан газеттер ақпараттық мән алып, тарала бастады. Қазіргі ақпараттық заманда әлем жұртына батыстың сөзі жедел жетуінде тарихы терең баспасөзінің әсері бар деп ойлаймын. О баста батыста газет-журналдар ақпарат тарату көзі ретінде бағаланса, біздің елде ағартушылық сипаты басымдыққа ие еді. Расында, газет қазақ қоғамының алдыңғы қатарлы зиялыларының ағартушылық қызметі, ұлттық бірегейліктің қалыптасу факторы болды. Бүгінгі газеттер осы миссиясынан айнымауы тиіс деп санаймын.

Ғасырлар бойы қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық байланыстар шытынап, әлемдік геосаяси мәселелер шиеленісе түсті. Мұндай кезде ақпараттық талас-тартыс күшейіп, ел-жұрт ақ пен қараның аражігін ажыратуы қиындай түскенін көріп отырмыз. Әркім өзінікін дәріптеп, соған қоғамды сендіруге күш салуда.

Елдік те, ерлер де сыналатын алмағайып кезде журналистиканың кәсібилігі маңызды екенін айтқым келеді. Мемлекеттік саясатты жүргізуде тілшілерге сергектік, салқын сана, белсенділік керек. Онсыз дамудың өрісін табу қиын. Салалық журналистика, әсіресе, экология, экономика, құқық және тағы басқа тақырыптарға мән берген дұрыс. Журналистер ақпарат беруден бөлек, елдіктің бағыт-бағдарына баға беріп, атқарылып жатқан байыпты бастамаларды жан-жақты насихаттап, келешек жүктеп отырған мәселелерді танып, биліктің назарын соған аударғаны жөн. Сонда ғана журналистердің қоғамдағы мәртебесі арта түседі.

Менің ойымша, отандық журналистиканы ілгерілетуде мемлекеттік тапсырыстың формасын өзгерту керек сынды. Сараптамалық мақалалар, журналистік зерттеулер, жолсапар очерктер, мазмұнды сұхбаттарды көбейткен жөн. Сонда басылымдардың мазмұны байып, оқырмандардың талғамы артады.

Жуырда Президент «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды. Жаңа заңда бірқатар тың ережелер қарастырылды. Атап айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген жаңа әрі анағұрлым кең ұғым енгізілді. Мемлекеттік ақпараттық саясат жүзеге асырылатын Бірыңғай медиа платформа құру көзделген. Оның ішінде мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі арқылы (аккредитация карталарын берудің автоматтандырылған процесі) журналистерді мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тіркеу және басқа да міндеттер қарастырылған. Журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленген. «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді, яғни журналистің құқықтары мен бостандығының қорғалуы көзделіп, олардың ақпарат іздеу, сұрату, алу және таратуы оңтайланды. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында қызылордалық журналистер қауымына шығармашылық шабыт, еңбек жемісін тілеймін.

– Руслан Рүстемұлы, уақыт бөліп, келелі ой-пікірлеріңізді бөліскеніңіз үшін рахмет. Елдік мүдде жолындағы еңбегіңізге табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<