Сахнаның саф алтыны секілді

6

0

Облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ІІ дәрежелі «Барыс» және «Құрмет» ордендерінің иегері Хұсейін Әмір-Темірмен әңгіме.

– Хұсейін аға, алдымен, биылғы 85 жасқа толған төл мерекеңізбен құттықтаймын. Сіз театр өнерінің биік белесіне шыққан шынайы талант иесі есебінде күллі қазақ еліне танымал тұлғасыз.

Әдеттегі салыстырумен айтсақ, өткен өмірге сегізінші белестен бір күн салып көріңізші. Қарапайым ауыл баласының актер, режиссер боламын деген арманы қалай басталды? Мүмкін, ата-анаңыздың тәрбиесі әсер еткен шығар?

– Менің атам Әмір-Темір Бұқарада оқыған, Әзіреті Әлиден тараған Сейіт қожа ұрпағы Мақтұм Сейіттен дәріс алған қырық ишанның бірі.

Белгілі журналист, көп жыл «Сыр бойы» газетінде еңбек еткен Құр­ман­ғали Ажаровтың атасы Ажар біз­дің ауылға ілім үйрет деп атамды Іңкәр­да­риядан Тереңөзек табанына көшіріп алған. Бұл 1900 жылдардың шамасы. Атам осы жерде мешіт ашқан. Қожа-молдаларға қырғидай тиген кеңес өкі­меті атама ештеңе істей алмаған, ол кісі 1930 жылдардың өзінде өз мешітінде дәріс берген.

Әкем Жүсіп 1902 жылғы, ол кісі де діни сауатты болған. Атақты Басапа деген дін білгірінен сабақ алған. Со­нау 1928-1930 жылдары Қызылорда ок­ругі құрамындағы Аламесек аудан орталығы болып тұрғанда «Ликбез­де» яғни, «ликвидация безграмот­нос­­­ти у населения» деп аталатын жап­­­пай сауат­сыздықты жоюға арнал­ған мек­тепте сабақ берген. Қызыл­ту ауыл­­дық округінің (бұл қазіргі Сыр­дария ауда­нындағы А.Тоқмаған­бетов ауылы) хат­шысы болып жүріп соғысқа аттан­ған. Неміс тұтқынына түсіп, Мұс­тафа Шоқаймен кездескен. Мұс­тафа неміс әскери басшылығымен тіл табысып, азиялық жүздеген тұтқынды лагерьден босатқан. Кейін әкем совет әскерлеріне қосылған, соғыстан кейін сотты болған. Бұл ұзақ әңгіме.

Анам Шәрбан соғыс жылдарында күні-түні керзі етігін шешпей, жазда сая, қыста ық көрмей еткен жанкешті еңбеккер болыпты. Сол үшін суреті об­лыстың Құрмет тақтасына ілінген.

Мен Қызылорақ колхозының (ке­йін Қызылорақ, Майлықұм, Бидай­көл бәрі қосылып, 18-партсъезд сов­хозы болды) бастауыш мектебінде оқы­дым. Төрт класс бір бөлмеде ара­ла­сып отыратынбыз. Сосын мені Те­реңөзектегі Калинин атындағы мек­тепке берді, 1957 жылы осы мектепті бітірдім.

Мектепте жүргенде ұшқыш болсам деп армандадым. Бала қиял биік қой. Сол кезде авиация оқуы біздің елімізде тек Орал қаласында ғана бар екен. Сол училищеге барғанмын, бірақ, ден­саулығымнан бір кінәрат тауып қабыл­дамай қойды. Өз биігімнен құлап ауыл­ға келдім де, колхозшы болдым.

– Өнерге қарай жол қайдан шықты?

– «Ленинградқа барсаң, оқуға тү­сесің, түсе алмасаң жұмыс істе» деді, әкем. Соғыс көрген, орыстың қалаларын көрген кісі ғой, не десе де – әке сөзі заң. Сонымен бардым. Орысшам аз, оқуға түсетін үмітім ақталмады. Бірақ өте жақсы әсер алдым. Эрмитажды көрдім, есімнен шықпай қалған бір көрініс – Нева жағасындағы ақ түн. Бәлкім, менің көркемдікке деген көкірек көзімді аш­қан Ленинград болар, әйтеуір сол бір сұ­лу сәттердің естелігі есімнен шыққан емес.

– Сол әсермен өнер институтына бардыңыз ғой…

– Жоқ, 1959 жылы Алматыдағы по­литехникалық институттың тау-кен фа­культетіне түстім. Бірінші курстан бас­тап Қарағандының Дубовка дейтін се­ло­сындағы 101-шахтаға әкеліп салды. Студент емес, шахтер болдық. Менің «проходчик» деген мамандығым бар, көмір үңгіп, оны күрекпен дөңгелекті арбаларға тиейміз. Төрт жыл оқып, ауыл­ға көмір тасуды үйрендім деп ба­ра­­мын ба деген ой келді. Ол оқудың ар­тын күтпедім, бір жылдан соң тастап кеттім.

– Сіздің жан әлеміңізде өнерге деген бір бетбұрыс бар, сол шығар жай таптырмай жүрген…

– Солай екен, бала күнімде Чарли Чаплиннің киноларын көп көретінмін. Оның актерлігі таңғажайып қой. Менің жан дүниемде сол өнерге деген бір бетбұрыс бары рас еді. Оған әлгі айтқан Ажар атаның Әбілда деген баласының ұлы Ізбас та бір себепші болды. Ол Алматы консерваториясында оқитын. Ақыры мен де консерваторияға түстім. 1965 жылы консерваторияны бітіріп, Қа­рағанды театрына барып жұмыс істедім.

– Қызылордада театр жоқ па еді?

– Бар, Қызылордада театр 1960 жылы ашылды, Талдықорғаннан көшіп келді.

Студент кезімде көргенмін, «Мөлдір махаббат» қойылымы болып жатыр екен. Театр ұнамады, актерлар ішіп ал­ған, сөздерін ұмытып қалып, ойдан қо­сып жатыр. Онысы тым ұнамсыз шы­ғады.

1964 жылы бұл театрға Маман Бай­серкен­ов режиссер болып келді де, осы­дан бас­тап жұмысы жанданды. 1967 жылы театр Вишневскийдің «Опти­мис­тік тра­гедия» деген спектаклімен Ал­матыға ба­рып, көрерменнің қошеметіне бө­ленді.

Осы жылы мен де Қызылордаға оралдым. Көп ұзамай Мәскеуге ба­рып, ГИТИС (Ресейдің театр өнері инс­титуты) жанындағы жоғары режис­серлік курстан өттім. Сөйтіп 1974 жыл­­дан 1992 жылға дейін Н.Беке­жан­ов театрында бас режиссер болдым. Сол жылдан 2003 жылға дейін Талды­қорғанда жұмыс істедім. Қалған өмірім осы қарашаңырақта өтіп келе жатыр.

– Талдықорғанға неге кеттіңіз?

– Бұл да біраз әңгіме. Балақтан тартқандар болды. Жабығып жүрге­німді көрген журналист Жақсылық Бекқожаев телевидениеге режиссер бо­лып кел деді. Бардым. Осы кезде Ал­матыдағы үлкен мамандар «Қазақ­стан­да үш театр бас режиссерсіз тұр, сіз телеарнада жүрсіз» деп мені Тал­ды­қорған облыстық театрына бас ре­жиссер қылып жіберді.

– Сіз режиссер ретінде керемет инсценировка жасайсыз, яғни, өзгенің шығармасын өз табиғатыңыздан қорытып шығарасыз. Тұрмағанбеттің аудармасындағы Фердоусидің «Шахнамасын» М.Әуезов назирагөйлік дүние, анығырақ айтқанда бұл аудармадан алыс, өзінің төл туындысындай деп көрсеткен. Мен де сіздің қойылымдарыңызға осыған барабар баға берер едім.

Сол инсценировкалар және өзіңіздің жеке шығармаңыз жайлы, театр жетістіктері туралы айтып берсіңіз…

– Мен «Ешкімге керегі жоқ ауыл» деген комедия жазғанмын. Ол Түркістан театрында қойылды, көрермен ықы­ла­сы сезілді. Негізінен  өзіңіз айтқан­дай, режиссер – инсценировка жа­сау­­­шы. Ж.Ай­мауытовтың «Қана­пия-Шәр­­бану», Б.Май­линнің «Талтаң­байдың тәр­тібі» пье­саларынан мен «Ала­са­пыран» ата­ла­тын жаңа дүние шығар­дым.  Бұл спек­­так­льді 2005 жылы Қазан қаласы­ның 1000 жылдығына ар­нал­­ған театр фестиваліне алып бардық.

2014 жылы театр Астана қаласында өткен халықаралық тілдер фестиваліне қатысып, Лондоннан, Санкт-Петер­бургтен келген театрлармен Дулат Иса­бековтің «Өкпек жолаушы» пьесасы бойынша ағылшын, орыс тілінде қо­йыл­ған спектакльдермен жарысқа түс­­тік. Қазақстан театрлары атынан қа­­тысқан біздің театр қазақ тілінде Д.Иса­­бековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» спектаклін көрсетті. Шетелдік қонақтар біз қойған спектакльді жоғары бағалап, тілдер фестивалінің жеңімпазы ретінде Қа­зақ­станның Ұлыбританиядағы өнер күн­деріне шақырды.

Шотландияның Эдинбург қала­сын­да өткен халықаралық «Фриндж» өнер фестиваліне Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көр­­пеш-Баян сұлу» пьесасының желі­сі бойынша сахналанған «Ақбаян» дра­масын алып барып, қойылым режиссері менің және артистер З.Төлепова мен Қ.Архабаев есімдері Еуропаның «Ал­тын кітабына» енді, театр ұжымы әлем­нің ең үлкен өнер фестиваліне еркін қатысу құқына ие болды.

Биыл театырымыздың құрылғанына 70 жыл толды. Осыған орай, С.Май­қан­ова атындағы халықаралық театр фестивалін өткізген едік. Оған Грузия, Румыния, Қырғызстан мемлекеттерінің театр ұжымдары келді. Осы фести­вальда Н.Бекежанов театры Александр Островскийдің «Найзағай» драмасын сахналап, гран-при жүлдесін жеңіп ал­ды.

– Өз жерінде өткізіп жатқасын, өздері алды деген жел сөздер болмады ма?

– Болды, бірақ, біз ондайларға өз мықтылығымызды қайта дәлелдік.

Биыл Қостанайда өткен халықара­лық театр фестивалінде осы драманы сах­налап, тағы да гран-при алдық. Басты рөлдердің бірін ойнаған Зәлипа Төлеп­ова Қазақстан театр қай­рат­керлері ода­ғы­ның бір миллион тең­гесі бар «Еңлік­гүл» сыйлығын иеленді.

– Тамаша жаңалық екен! Соңғы жылдары театрға жаңа басшылар, жастар келді. Театр тынысы ашыла түсті дей аламыз ба?

– Толық айта аламыз. Театр ди­ректоры болып «Алтын домбыра» сый­лығының үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов келді, жан-жаққа баратын өнер сапарлары көбейе түсті. Оның бәрі қа­ражатпен шешіледі.

Бас режиссерлік Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Бақытбек Темір­бековке берілді. Өзімізден шыңдалып шыққан талант.

Қараша айының басында театр Біш­кекте өткен халықаралық фести­вальдан да, Түркістанда өткен Қ.Жандар­беков­тің 130 жылдығына арналған театр фестивалінде де 1-орын алып қайтты.

Биыл белді актеріміз Б.Алпысбаев еліміздің жоғары наградасы «Парасат» орденін, мен ІІ дәрежелі «Барыс» ор­денін алдық. Осының бәрінде біздің еңбегіміз, сонымен бірге ұжым бас­шыларының белсенділігі жатыр.

– Театр бейнесі, өзіңіздің, әріптестеріңіздің өнер жолы туралы 6 томдық кітап жаздыңыз. 160-қа жуық спектакльді сахналапсыз. Сыр елі театр өнеріне сіздей еңбек сіңірген жан болған жоқ деп айтуға әбден қақымыз бар.

Сексен бестің белесіне де тың, сергек қалпыңызбен жетіп отырсыз. Сізге, «сырбойылық» балаларыңыздың, іні-қарындастарыңыздың атынан ұзақ өмір, мықты денсаулық тілеймін.

Әңгімеңізге рақмет.

– Сіздерге де рақмет. Ел-жұртымыз аман болсын, өнер өрістей берсін.

Сұхбаттасқан

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»