Бұл өзі – жылдың алғашқы айларында өткізілетін дәстүрлі сұхбат. Оның себебі түсінікті. Қазынаға түстетін салық түсімдері – мемлекеттің өмір сүріп, дамуының негізі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстардан баршамыздың хабардар болып отырғанымыз абзал.
Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орыновпен арада болған сұхбатта саладағы жаңалықтарды қамтуға тырыстық.
– Ғалымжан Қалдыкөзұлы, өткен жылды қалай қорытындыладыңыздар?
– Облыс салық төлеушілерінің салық төлеу мәдениетінің жоғарылауы және біздің қызметкерлеріміздің еңбегі нәтижесінде, 2020 жылдың қорытындысымен мемлекеттік бюджет жоспары 106% немесе 8 млрд теңгеге артығымен орындалды. Межеленген 128 млрд теңгенің орнына бюджетке барлығы 136 млрд теңге түсім қамтамасыз етілді.
– Пандемияға байланысты көптеген қызмет түрлеріне шектеу қойылып, жұмысы тоқтады. Бұл, әрине, салық түсімінің кемуіне әсер еткені анық. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге салық жеңілдігі жасалды. Осы шығындардың орнын толтыру бағытында қандай жұмыстар жүргізілді?
– Президент Жолдауына сәйкес, шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеру 3 жылға тыйым салынуынан, арнаулы салық режимінде (АСР) жұмыс атқаратын субъектілер табысынан төлейтін негізгі салықтарынан 3 жылға босатылуынан 4,5 млрд теңге және Төтенше жағдайға байланысты Үкімет тарапынан берілген жеңілдіктерге сәйкес 5,5 млрд теңге жоғалтым болып бюджет түсіміне кері әсерін тигізді.
Дегенмен, департамент тарапынан жүргізілген салықтық және кедендік әкімшілендіру жұмыстарының нәтижесімен былтыр мемлекеттік бюджетке 19,2 млрд теңге қосымша резервтер өндірілді, оның ішінде республикалық бюджетке 14,2 млрд теңге немесе 74%, ал жергілікті бюджетке 5 млрд теңге немесе 26% артық өндірілді.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында салық және кеден саласын цифрландыру «көлеңкелі экономиканың» кез келген көріністерімен күресуге айтарлықтай көмектесетіндігін атап өтті. «Көлеңкелі экономика» сыбайлас жемқорлыққа жол ашып отырғаны жасырын емес. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Департамент көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жоспар шеңберінде мақсатты түрде кешенді шаралар жүргізуде, енді осыларға тоқталып өтейін.
Бірнеше өлшем шарттары бойынша салық төлеуден жалтару тәуекелі төмен, орташа немесе жоғары санаты белгіленіп, қашықтан салықтық әкімшілендіру шаралары күшейтілуде. Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып жүргізілген камералдық бақылау адал кәсіпкерлердің санын көтеруде. Былтыр әкімшілендіру жұмыстарының нәтижесімен тәуекелі жоғары салық төлеушілер саны 54-ке немесе 11% азайтылды. Сонымен бірге 814 млн теңге қосымша салық бюджетке өндірілді. Мәмілелерді жарамсыз деп тану үшін айналымы 5,1 млрд теңге құраған 46 және тіркелуін жарамсыз деп тану үшін 12 талап арыз берілді.
Мемлекеттік сатып алудың тиімділігін арттыру үшін 2019 жылдан бастап «Қаржылық тұрақтылық» талабы енгізілді. Осы орайда, 2020 жылдың басынан мемлекеттік сатып алу шеңберінде қаражат алушы 87 салық төлеуші – әлеуетті өнім жеткізушіден бюджетке қосымша 474 млн теңге салық өндірілді.
Белгіленген шекті мөлшерден артық қолма-қол ақша алған заңды тұлғаларды бақылау, талдау және деректерді мониторингтеу бойынша Ұлттық банк және Қаржы министрлігімен бірлескен пилоттық жоба аясында 15 сұраныс бойынша 10 салық төлеушіге талдау жүргізіліп, 1 салық төлеуші бойынша тәуекел анықталды. Нәтижесінде салықтан жалтарушы-мигрант фирма мұнай өндіруші ірі кәсіпорынмен жұмыстар жасауға мәмілеге отырып, 199,5 млн теңге электронды шот-фактура (ЭШФ) жазғаны, алайда сатып алынған тауары (жұмысы, қызметі) небәрі 5,3 млн теңге құрағаны анықталып, қолма-қол ақша алуға тыйым салынды. ЭШФ жазуына шектеу қойылып, материалдар облыстық экономикалық тергеу департаментіне жолданды.
– Салық төлеуге қандай ыңғайлы жағдайлар қарастырылуда?
– Пандемияның қаупі сейілмеген кезеңде «e-Salyq mobile» мобильді қосымшасы арқылы мемлекеттік кірістер органдарына бару күні мен уақытын броньдау мүмкіндігі қарастырылған. Онлайн броньдау «e-Salyq mobile» мобильді қосымшасының «Электронды қызметтер» бөлімінде, сондай-ақ комитеттің порталында қолжетімді. Жеке тұлғалар және дара кәсіпкерлер «e-Salyq mobile» мобильді қосымшасының «Салық әмияны» қызметін пайдаланып, салық міндеттемелерін автоматты түрде көруге және «Салық әмиянын» қаржымен толтыру арқылы балама салық төлеу мүмкіндігіне ие болады.
Одан басқа, жыл басынан бері жеке тұлғалар мүлік және жер салығын жаңа формада – біріктірілген бюджеттік жіктеу коды арқылы төлейді, яғни салықтың екі түрі үшін бір төлем жасалады, ал есептелуі бөлек жүргізіледі.
Жеке тұлғалардың көлік құралдары салығының төлеу мерзімі 1 сәуірге дейін ұзартылды. Тиісінше көлік салығының сомасын есептеу кезінде 2020 жылдың 1 қаңтарындағы айлық есептік мөлшерімен есептеледі (АЕК 2651 теңге).
– Салық заңдылығында, кедендік рәсімдеуде өзгерістер болды ма?
– Жаңа жылдан бастап жалпыға бірдей декларацияға көшудің алғашқы кезеңі жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғалар мен олардың жұбайлары, сонымен қатар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғалар мен олардың жұбайлары және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары декларация тапсырады.
Пандемиядан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілері үшін биылдан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылатын 3% бөлшек салық төлеу түрінде ерікті арнаулы салық режимі енгізілді, яғни табыстан 3% мөлшерінде бөлшек салығы салынады.
– Ресейде ауқатты адамдардың табысына салынатын салықты көбейту мен депозиттің пайдасына салық салу көзделуде. Пандемия зардаптары салдарынан осындай шараларға баруға мәжбүр екені түсіндірілуде. Бізде мұндай қадамдар жасалуы мүмкін бе?
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы жеке табыс салығының үдемелі өлшемін енгізуді ұсынды. Жеке табыс салығын есептеуде үдемелі өлшемді қолдану Қазақстан Республикасы үшін жаңалық емес екенін атап өткен жөн. Бұл жүйе елде 2007 жылға дейін жұмыс істеді. 2007 жылы бірдей 10% салық салу мөлшерін енгізудің негізгі себебі ақша ағынын көлеңкеден шығару болды. Ал салық салудың үдемелі өлшемін қолдану заңмен әлі қабылданған жоқ. Ол жаппай декларацияға көшудің соңғы кезеңінен кейін қарастырылуы мүмкін.
Елімізде салық саясатын жетілдіру аясында Салық кодексін оңайлату, іскерлік белсенділік пен бәсекелестікті ынталандыру тұрғысынан қайта қарау қажеттігі тапсырылды.
Осы оң өзгерісті салық төлеушілермен қатар, фискалдық орган қызметкерлері қызу күтуде. Талқылауға, тиімді ұсыныстар беруге баршаңызды шақырамын.
– Биылғы жылдың жоспарына тоқталып өтсеңіз…
– ҚР Президентінің Жолдауында берілген тапсырмаларды өз құзыреті шегінде орындай отырып, мемлекеттік бюджет жоспарының орындалуын қамтамасыз ету арқылы нысаналы индикаторларға қол жеткізу және мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру, «жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесін қалыптастыру біздің басты бағытымыз.
Әңгімелескен
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<