Ширек ғасыр шежіресі

2621

0

«Ақмешіт ақшамы» газеті алғаш шыққаннан бергі 25 жылдың ішінде өсу-өркендеу кезеңдерінен өтіп, қаланың тыныс-тіршілігін, алған асулары мен жеткен жетістіктерін қалың бұқараға жүйелі жеткізуші ғана емес, ел руханиятындағы, халық тағдырындағы өзекті мәселелерге үн қосатын мазмұны байыған, ойы кемелденген басылымға айналды. Ақпарат айдынында ширек ғасырға жуық оқырманға жол тартып келе жатқан «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы, облыстық мәслихат депутаты Сәрсенкүл Бихожамен әңгімелескен едік.

– Сәрсенкүл апай, өзіңіз басқаратын басылымның жарыққа шыққанына да 25 жыл уақыт толыпты. Осынау уақытта ел тәуелсіздігімен қатар Сыр елінің бас шаһарының өркендеу тарихында бұл басылымның алар орны айрықша. Сәл шегініс жасап, сол кезеңдерді еске алсақ…

– Газетіміздің ашылуына сол кезде құрылған арнайы экономикалық аймақ себепші болды. Жалпы арнайы экономикалық аймақ ашылмай тұрып-ақ, Қызылорданың зиялы қауымы арасында қазақ тілінде шығатын қалалық газет керек деген пікір талқыланып жүрген. Біріншіден, Қызылорда қаласы алғашқы астана болды. Екіншіден, қазақылықтың ұйысқан жері, үшіншіден «Сыр – Алаштың анасы» деген тарихи орны бар. Сол уақытта қалада екі тілде аралас газет шығатын. «Неге қазақ тілінде басылым болмайды?» деген ой туындаған.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұлттық сананың ояна бастаған, тілге  мән бере бастаған уақыт еді. Арнайы экономикалық аймақтың ашылуына орай кезіндегі Қорқыт ата университетінің ректоры, белгілі ғалым Бақберген Досманбетов осы ойды іс жүзіне асырып, газетті жарыққа шығаруға шешім қабылдады. Оған бір жағынан сол кездегі қала әкімінің орынбасары Бауыржан Омаровтың да әсері болды. Арнайы экономикалық аймақтың органы ретінде 22 наурызда «Ақмешіт ақшамының» бірінші нөмірі жарық көрді. Баспасөзге жазылу науқаны жылдың басында өтіп кеткен. Бірде-бір жазылушымыз жоқ. Жаңа газет болғандықтан, жаңа технологиямен ашайық дедік. Ол кездері Қызылордада газеттер ротациялық әдіспен ескі баспаханада басылатын. Алматыдағы «Дәуір» баспаханасында офсеттік әдіспен шығады. Соған еліктеп жаңа технологиямен басылған алғашқы газетті оқырмандардың қолына тигізейік дедік. Алғашқы нөмірінен бастап «Дәуір» баспаханасында офсеттік әдіспен жарық көрді. Оңай болған жоқ, компьютермен терілім жасалады. Компьютер дегенді көпшілігіміз көрмегенбіз. Бұрынғы біз шығарып жүргеннен басқа, қағазы да бөлек, жаңаша газетке жаңа тақырыптар жаза алатын журналистер керек болды.

Мұнда Алматыдан оқу бітіріп келген студент жастар қалам тербеді. Алғашқы ұстазымыз эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатыров ағамыз болды. Ол кісі екі тілде шығатын «Кызылорда» газетінде жүр екен. Біздің газетке ауысты. Редакцияда ғимарат, көлік, база, отыратын орын, орындығымыз да жоқ. Сол кезде қала әкімі, арнайы экономикалық аймақтың кеңес төрағасы Бақберген Сәрсенұлы бір ұсыныс жасады. Бұрынғы «Сыр бойы» газеті редакциясы ғимаратының бірінші қабатында «Кызылорда» газетінің редакциясы бар-тұғын. Сол редакцияның бір жағын бізге беру туралы шешім қабылданды. Біз оған қарсы болдық. Өзі қалыптасқан редакция, біреудің үстіне біреу кірме болғанын кім қалайды? Сондықтан не болса да өзіміз көрейік деп шештік. Қалалық әкімшіліктің бос кабинетінде бәріміз – редактор да,  есепші  де, журналистер де, корректор да бір үстелдің басына жиналып, кезектесіп отырып, жұмысты бастап кеттік. Алматыдан Бауыржан Омаровтың көмегімен «Жас алаш» газетінің жауапты хатшысы Парманқұл Сапарбай, бағдарламашы Бақыт Ойса келді. Сол кісілердің көмегімен «Ақмешіт ақшамы»  компьютерлік басылыммен, офсеттік әдіспен ең бірінші болып басылып, Сыр журналистикасының тарихында қалды.

Журналистердің де жанкешті еңбегі көп болды. Отыратын орнымыз, арнайы ғимаратымыз  болмаса да, біз үшін жаңа газетті шығару мақтаныш сезімін ұялатты. Ең бірінші газетті ұшақпен алдырттық. Салмағы 80 келі газетті бума-бума етіп береді. Алғашқы саны 16 бет болып, А-3 форматымен жарыққа шықты. Менің жолдасымның мамандығы ұшқыш. Алматыға қатынап, газетті бізге тасымалдайтын. Бір жыл үйіме сәрсенбі күні қонбай жұмыс істедім. Өйткені бейсенбі күні таңертең ұшақтың кезекті рейсімен газеттің пленкасын Алматыға беріп жіберуіміз керек. Онда курьеріміз бар. Ұшақтан күтіп алып, «Дәуір» баспаханасына апарып өткізеді. Жұма күні газетті қайтарып аламыз. Сәрсенбі күні ұжым болып, редактор, кезекші журналист, корректор барлығымыз түнейміз. Ертеңіне сағат 10-дағы ұшаққа үлгертуіміз керек. Көлігіміз де жоқ. Әкімшіліктің немесе сол кезде өзімізбен қатар ашылған «Қоғам ТВ»-ның көлігімен жеткіземіз. Газетті ұшаққа салып келгеннен кейін, келесі нөмірдің жоспарлауы жүреді. Үйімізге түсте қайтамыз. Соған отбасымыз да көнді.

Газетті ашу туралы шешім 13 ақпанда шықты. Жаңа жылдағы жаңа бастамалардың басы болғандықтан, соған ыңғайлап шығарайық дедік. Ол кезде А-3 форматы сирек болатын. Ұмытпасам, «Кызылорда», «Ақмешіт апталығы» және біз ғана шықтық. Алғашқы нөмір 3000 данамен жарық көрді. Сол газетті менен бастап бөліп-бөліп алып, Наурыз күні алаңға шығып, тараттық. Мекемелерге, көшелерге, оқу орындарына барып, жарты жыл бойы қолма-қол өткіздік. Ыстық нан наубайханадан шыққанда талас болады ғой. Сол  секілді  Алматыдан  келген  бойда әркім өз газетін бөліп алады. Бұл жаңалығының бір жағы болды. Екінші жағы жаңа тақырыптарды берумен  ерекшеленді. Оқырманның көңілінен шығатындай жазылмайтын тақырыптарға бардық.  «Карл Маркс №2» деген тақырыпта жүйке аурулары ауруханасы жайлы мақала дайындадық. Бұл көшенің бойынан өткенде кәдімгідей бойыңды қорқыныш билейтін. Бұрынғы орны К.Маркс №2 көшесі ескі базардың тұсы болатын, қазір орны сүріліп кетті. Ол жазылмайтып тақырып-тұғын. Қызылордалықтар десе, «жындыханасы бар қала ма?» деп қарайтын. Өйткені мұндай жүйке аурулары ауруханасы санаулы қалада бар еді.

Біраз өткір тақырыптарды қаузадық.Кейін газет жекешеленді. Басында қалай көшіп қондық, дәл солай бірнеше жыл жүрдік. Өзіміздің тапқан табысымызбен компьютер, үстел-орындықтар алдық. Редакцияны өз қаражатымызбен қалыптастырдық. Қалалық әкімдіктің газеті болғанымен көлік не ғимарат алмадық. Газеттің басу шығынын өтеп отырды. Сол себепті жекеге кетуді ұйғардық. Жекешелендіру жүріп жатқан кез еді.

– Бұл басылымда еліміздің мықты журналистері қалам тербеді. Бір сөзбен айтқанда, «Ақмешіт ақшамы» жастарды тәрбиелеп шығаратын үлкен ұстахана еді. Кімдерді ерекше мақтаныш етіп айта аласыз?

– Жаңа технологиямен газет шығаратын болғандықтан, бізге жастар үйір болды. Біразы шыңдалып шықты Жанахмет Ағыбаев елордада, Маңғыстауда қызмет жасады. Қазір «Заң медиа» корпорациясының басшысы болып отыр. Бауыржан Шамшат та республикалық ақпарат құралдарында жұмыс істеді. Бүгінде үлкен отандық компанияның пиар менеджері. Одан бөлек, «Сыр медиада» жүрген   «Ақшамнан» түлеп ұшқан, осы жерде тәжірибеден өткен журналистер бар. Олар – біздің мақтаныштарымыз. «Ақмешіт ақшамының» тағы бір ерекшелігі,  жаңа тақырыптар жаза білетін журналистердің ұстаханасы болды. Олардың ұядан ұшқанын өзіміз де қаладық. Буын алмасып отыруы керек. Бір жерде тоқырап тұрып қалса да болмайды. Жаңа леп келіп, ұрпақ  алмасып отыру керек.

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауының жетінші тарауында БАҚ-тың қоғамдағы рөлін нығайтуға басымдық берді. Алда қайта қаралатын заңға өзгерістер енетінін де айтты. Өз тарапыңыздан қандай ұсыныстар білдірер едіңіз?

– Саланы көтеру үшін алдымен журналистердің мәртебесін көтеру керек. Журналистер ешқандай қорғалмаған. Ең қиын жері қайсыбір заңды болмасын, заң шығару билігінде отырғандар өзіне бейімдеп жасайды. Мәселен, рұқсатсыз суретке түсіріп алып, бір материал берсең, сені сотқа тартуға құқылы.  Сондай көзге көрінбейтін шектеулер бар. Жұмыс барысында бізге әсер етеді. Сынның көп жазылмайтыны да сол. Өйткені, сот шешімімен жабылып қалған ақпарат құралдары жетерлік.

Президент ақпарат еркін әрі ашық болуы  керек деді. «Еркін» деген сөздің ар жағында шектеулерге байланысты ой болу керек. Бізде аккредетация деген бар. Тағайындап алған журналистер ғана ақпарат ала алады. Сол шектеулерге байланысты шығар деп ойлаймын. Екінші ұсыныс, журналистердің әлеуметтік жағдайын көтеру қажет. Айналамыздағы мұғалім, дәрігерлерге байланысты жасалып жатқан ілтипат бізге да қатысты болу керек. Мұғалім бала тәрбиелейді, дәрігер денсаулықты түзетеді. Ал біз бүкіл қоғамның санасы мен мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Оны қалай қалыптастырамыз? Өзіміздің жағдайымыз, айлығымыз төмен.

Тәуелсіз журналистика дегенмен, бәріміз тәуелдіміз. Қаржыға тәуелдіміз, кім қаржы береді соған тәуелдіміз. Ақпарат құралдарының даму мүмкіндігі, материалдық базасын жақсарту мүмкіндігі жоқ. Қаламақыны көтеру мүмкіндігі қаралмаған. Қазіргі кезде журналистер қаламақыға жұмыс істесе, жақсы болады. Ол бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Мысалы, шетелдің журналистерін қарап отырсаңыз, рюкзагін арқалап алып, тау-тасты, ел-елді аралап кезіп кетеді. Оқиғаны бірінші болып беруге тырысады. Бірінші  болып ақпарат таратса, оның қаламақысы жоғары болады. Бізде редакцияларда ондай мүмкіндік жоқ.

Тағы бір айтар мәселе – жарнама. Жеке ақпарат құралы болғаннан кейін, ол өз күнін өзі көру керек дейді. Орталықта мүмкіндік бар. Жарнаманың барлығы орталыққа шоғырланған. Мысалы, бір банкке жарнамаға сөйлессек, орталықтан шешілетінін айтады. Орталық ақпарат құралдары мен елдегі ақпарат құралдарының  жағдайын салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тапсырыс мәселесінде әлде де қаралатын тұстар бар. Мемлекеттік идеология болу керек, ол үшін мемлекеттік тапсырыс күшеюі тиіс. Біз көп нәрсені жіберіп алдық. Соның салқынын кешегі қаңтар оқиғасында көрдік. Егер де ақпарат құралдары әркімге қолжетімді болса, ондай орын алмас еді. Кейбір елдердің тәжірибесінде біздегідей газетке жазылу деген жоқ, ол тегін таратылады. Мысалы, АҚШ-та  ақпарат құралдарын таратуға  миллиондаған доллар ақша бөлінеді. Дүкенде, кинотеатрда, әуежайда отырып оқи бересің. Мемлекет оған субсидия бөліп отырады. Сол кезде ақпарат құралдарының таралымы да көбейеді.

Баспасөзге жазылу бағасының белгілі бір көлемі почтаның тарату бөліміне, белгілі бір көлемі баспаханаға кетеді. Шикізат та сырттан келеді. Біз қазір той тойлайтындай жағдайда отырған жоқпыз. Ресейге салынған санкция  салдарынан, бағаның көтерілгенінен бөлек, оның тапшылығы туындайын деп отыр. Газеттің қағазы Ресейден келеді. Мүмкін шетелдің тәжірибесін енгізу керек шығар. Біз газетті әдемілеп шығарғанмен, ол оқырманға жетпей жатса қиын. Оқырманға жету үшін почта қаржылай көмек алу керек. Алыс ауылдарға ақпарат қолжетімді емес. Олар да газет оқып, жаңалық білгісі келеді. Егер алыс елді  мекендерге субсидия берілсе, онда біздің ақпарат құралдарымыз жеткен болар еді.  Сонымен қатар қоғамда әлеуметтік қорғалмаған жандар бар. Бір ғана зейнетақы, жәрдемақымен күн көріп отыр. Соларға да газет тарату мүмкіндігін қарастыру керек. Өйткені редакциялардың газетті тегін беру мүмкіндігі жоқ.

Министрлікке газеттің «асханасынан» және теледидардың монтаж бөлімінен шыққан адамдар барса, жақсы болар еді. Ақпарат құралдарының «асханасында» болмай, заң қабылдаған өте қиын. Қоғамда ашық пікір айтылмауынан, диалогтың болмауынан адамдар көшеге шықты. Шынында, қайда барып айтады? Газетке барып айта алмаса, теледидарға шығып көрсете алмаса көшеге шықпағанда қайда барады? Біз қанша кеңес құрсақ та, бірақ оның ашықтық алаңы дәл ақпарат құралындай емес. Санаулы адам көре алады. Ал ақпарат құралы мыңдап таралады. Бізде идеология жоқ емес, бар. Бірақ идеологияны көрсете алмай отырғанымыз журналистика саласындағы кемшіліктерге байланысты болып отыр. Ол әлсіз тұстар бізге ғана емес, билікке де байланысты. Журналистерді билік пен халықтың ортасындағы алтын көпір дейтін болсақ, алтын көпірдің жағдайын жасап, екі ортада нық тұратын мүмкіндік беру керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<