Шырайы шыңдарындай, тұнығы суларындай Жаңақорған

2462

0

– Руслан Рүстемұлы, Жа­ңа­қорған жері табиғи ерекше­лікке бай. Қаратау мен Сыр-Ананы ен жайлаған елдің та­рихтан тартар шежіресі де, тә­уелсіздіктен алған бүгінге дейінгі еншісі де сізге жақсы та­ныс деп ойлаймын. 30 жыл­дық орайында алдағы күн міндетін қалай бағамдар еді­ңіз?


– Жаңақорған ауданы жер­ұйық десе жарасады, Сыр мен Қыр қатар жатыр, бірі пана, бірі сая болған ерекшелікті еншілеген. Біздің тау ақбас Алатау секілді жаз айларында қар жамылғысы болмайды, сондықтан ол – Қаратау! Дегенмен, таудың түзілуі, та­ғылымы Ұлы Жібек жолымен жапсарлас, «Ақтабан шұбы­рынды, Алқакөл сұлама» тау­қы­метімен тағдырлас, ежелгі дүниенің ені қалған – таңбалы тасы, үңгір-мұнарасы мол, тіпті «Нұх пайғамбардың кеме­сі қалған» Қазығұрт тауы да – Қа­ратаудың бір сілемі еке­нін ескерсек, көненің көзі, та­рихтың сөзі болған биік бол­мысқа иеміз.


Таудың құдіреті мен қа­сиетін жақсы білесің. Ал, Сыр сағасы – бөлек әңгіме. Егінмен айналысатын ауылдар осы да­рия бойында орналасқан. Ау­дан­ның ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы ішінде жеткен же­тістігі жетерлік. Қазір бір кү­ріштің бетіне қарап отыратын уақыт емес, заманауи техно­логия дәуірінде егінді әр­та­раптандыру, суды аз қажет ететін дақылдарға ден қою күн тәртібінен түспейтін талаптар қойып отыр.


Өзіңізге белгілі, мемлекет­тің басты байлығы – халық. Ал, халық саны жөнінен Жа­ңа­қорған ауданы облыста Қы­зылорда қаласынан кейінгі 2-ші орында тұр немесе бұл жалпы облыс халқының 10,5 процентін құрайды. Яғни, 1991 жылдан бері халық саны 20,6 мың адамға артты. Енді ел сұранысындағы әлеуметтік ны­сан әлеуетін арттыруға байланысты да едәуір еңбек жасалды. Айталық, Тәуелсіздік жылдарында 30 білім беру, 37 денсаулық сақтау, 10 спорт, 3 мәдениет нысандары салынған. Жалпы 80 әлеуметтік нысан жаңадан тұрғызылған. Биыл тағы 2 мектеп жаңадан пайдалануға беріледі.

Оның бірі – Жаңақорған кентіндегі №169 мектеп жаңадан салынса, екіншісі – МАИ бе­ке­тіндегі 300 орындық мек­теп. Сол секілді мектепке де­йінгі ұйымдар саны 29-дан 123-ке жетіп отыр. Осы­ның өзі­нен қаншалықты жұмыс­тың жүр­гізілгені айқын аңғары­лады.

– Сізді руханият жанашыры ретінде жұрт жоғары бағалайды. Ал осы рухты кө­теруде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы өзіңізге қалай әсер етті?


– Қазақта «рухани жұтаң­дықтан сақта» дейтін тәмсіл бар, жалпы, қол қалт етсе кітап оқып, көрген-білгенімді қағазға түсіріп, елге ой салар оқиғаларды ортаға тас­тап отыруды әдеп санаймын. 2015 жылы ауданға әкім болып келгенімде «Туған жерге тағзым» атты киноэкспедицияны жүзеге асырдық. Оған Адырбек Сопыбеков секілді саңлақтарымыздың табиғи дауысы, өлке туралы тарихи тұжырымдары жазылды. Осы ерен еңбек бүгінгі күні құндылығы басым рухани-тарихи дүниеге айналды. Биыл аудан өміріне қатысты өнер-мәдениет саласының антологиясын жарыққа шығарсақ деген жоспар бар. Мұның қай-қайсысы да тәуелсіздік тарту еткен табыстар, былайша айтқанда, барды бағалауға, жоқты түгендеуге мүмкіндік берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы да осы негізді назарға алады. Біз бір күн үшін емес, болашақ үшін барынша атсалысқанымыз керек. Ұрпақ алдындағы кемел келешек күткен аманатты арқалауға ти­істіміз. Президенттің бұл ма­қаласы жарыққа шыққан бой­да мен әлеуметтік желіде жан-жақты пікір білдірдім, ойым­ды барынша жеткіздім.


– Көрсеткіштерге ойыссақ. Білуімізше, өнеркәсіп өнімде­рін өндіруде ауданның үлесі облыста 38%-ке жуық. Мұнда тау-кен өндірісі де бар. Бұл саладағы беталысты қалай бағалар едіңіз?


– Жаңақорған ауданы – об­лыстағы өнеркәсіп саласы қа­лыптасқан ауданның бірі. Шы­ғысында пайдалы қазбаға бай Қаратау жотасы жатыр. Мұнда түрлі-түсті металдар, мырыш, қорғасын, күміс, алтын, кадмий, бағалы тастардан – мрамор, агат, бирюза, слюда, руда емес материалдардан әктас, гипс, бентонит, доломит, қиыршық тас рудасы бар. Сонымен қатар уран кендері мол.


Кен өндіру саласында 10-ға тарта кәсіпорын жұмыс жасайды. Оның екеуі шетелдік компания, олар уран өнімін өндіреді.
Аудан көлемінде құрылыс материалдары, оның ішінде әк және тас өндіруші кәсіпорын жұмыс істейді. Олар әртүрлі фракциялы қиыршықтас, құм­ды тас қоспасы, жуылған құм, керамзит, әк өндіреді.


Тәуелсіздіктің 30 жылында өнеркәсіп саласының дамуына қомақты инвестиция салынып, аудан экономикасының өркендеуіне зор үлес қосқан мекеме жеткілікті. Сол қатар­дан «Қазатомпром» АҚ қарасты уран өндіруші «Қызылқұм» ЖШС 2005 жылы, Байкен-U ЖШС 2006 жылы, СКЗ-U ЖШС 2012 жылдары ашылып, жұмыс жасауда. Тау-кен саласы бо­йынша қорғасын-мырыш кенін өндіретін «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ, қиыршықтас өндіретін «УАД» ЖШС, «КДСМ Қыран» ЖШС, «Мелиоратор» ЖШС, «Сарман Тастақ Жаңақорған» ЖШС, «Өтеміс» ЖШС, «БИС-КZ-ҚиыршықТас» ЖШС, әк өнімдерін өндіретін «Премиум Класс Строй» ЖШС, «Қуат Әк» ЖШС-н атауға болады.


Жалпы, өнеркәсіп өнімдерін өндіруде 2020 жылдың нәти­жесі 80,5 млрд теңгені құрап отыр. Оның ішінде өңдеу өнер­кәсібінің өнімдері 2020 жылы 48,2 млрд теңгеге жетті. Бұл облыстағы өңдеу өнер­кә­сібіндегі ауданның үлесі 32% шамасында екенін көр­сетеді.
2010 жылы аудан өндірісі­нің көлемі 5 млрд 846 млн теңге болса, 2020 жылы 80 млрд 413 млн теңге болып, осы 10 жылдың өзінде 14 есеге артып отыр.


– Жаңақорған – егін мен төрт түлікке қолайлы өңір. Өсім барын байқаймыз. Десе де, сол шаруаның еңбегін ши­ратады деген мемлекеттік бағ­дарламалардан аудан еңбек­керлері қаншалықты үлес алып отыр?


– Жалпы, Жаңақорған – жері құнарлы, табиғаты қолайлы, бір сөзбен қайырғанда, малға жайлы өңір. Сондықтан мал шаруашылығы саласы жөнінен аймақта көш ілгеріміз. Өткен жылдың қорытындысымен «мал шаруашылығы саласы бо­йынша озат аудан» номинациясын жеңіп алуымыз тектен тек емес. Өйткені облыстағы төрт түліктің үштен бірі біздің ауданға тиесілі. Соған сай нәтижелі жұмыс баршылық.


Жылдан-жылға дария дең­гейі төмен түсіп, су тапшы­лығы сезіліп келеді. Егін кө­лемін қысқарту мәселесі ту­ын­дай бас­тады. Әсіресе, суды көп қажет ететін күріш дақы­лының орнына бидай, жоңышқа, мақсары, жүгері егу жағы назарға алынды. Әсіресе, дақылдардың жа­ңа сорттарына мән беріліп, жоғары репродукциялы сапалы тұқым сатып алынуда. 2020 жылы ауыл шаруашылығы өнім­дерінің шы­ғарылымы 21826,9 млн тең­гені құрап, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыс­тырғанда 102,5 процентке орындалды.


Ежелден қалыптасқан дәс­түр негізінде малшылар жазда тау жайлауын пайдаланып, қыста Сырға құлайды. Бұл – қой, жылқы, сиыр, түйе малы үшін ең бір қолайлы жағдай. Ал, енді малшы қауымға «Сыбаға» бағдарламасы тиімділігін көр­сетті. Мәселен, осы бағдар­ла­маның бағытымен Ресейден 600 бас асыл тұқымды «Қал­мақ» сиыры алынды. Аталған асыл тұқымды сиырлар ет ба­ғытына етене бетбұрыс жа­саудың бір үлгісі. Мұнан бөлек мүйізді ірі қараның ет ба­ғытындағы «Қазақтың ақ­басы», «Әулиекөл», «Сантагертруда», «Абердин-ангус», сүт бағытындағы «Әулиеата», «Қара-ала» тұқымдары ауданда көбейе түсті. Ал, қойдың «Қаракөл», «Қазақтың қылшық жүнді құйрықтысы», жылқының «Жабы», «Мұғалжар», «Көшім» тұқымдары өсірілуде. Яғни, малдың тұқымдық сапасын арттыруға ұдайы көңіл бөлініп отыр.


Жасыратыны жоқ, тәуелсіз­дік жылдарында мал басы ай­тарлықтай өсті. Бір ғана мысал, мүйізді ірі қара 4,8, уақ мал 27,3, жылқы 7,2 процентке артыпты. Енді «ауданда қанша мал бар?» деген сауал туындауы мүмкін. Қазірде ірі қара 66579, уақ мал 275476, жылқы 20321, түйе 1737 басқа жетті.


Өткен 2020 жылы аудандағы 406 шаруашылық құрылымына 1,6 млрд теңге субсидия бе­рілді. Бұл дегеніңіз үлкен мүм­кіндік, нақтырақ келсек, Жа­ңақорған ауданының шаруа қо­жалықтары облыс бойынша берілген субсидияның 52 процентін иеленіп отыр.


– «Ауданда сапалы ауыз сумен қамтылған тұрғындардың үлесі – 91,4%» деген дерек кездестірдік. Бұл бұ­ған де­йін ауызсу мәселесі тө­ңіре­гінде айтылып келген пікір­лерге қаншалықты өлшем бо­ла алады?


– Жаңақорған ауданында 35 елді мекен бар. Оның 32-сі орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Бұл деген сөз, ауданның 91,4 проценті орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылға­нын біл­діреді. Орталықтан­ды­рыл­ма­ған 3 елді мекен (Ке­ңес, Қос­үйеңкі, Құттықожа) ұңғы­мадан су пайдаланып келеді.


Жаңақорған кентінде 269,1 шақырым су құбыры тартылған. Қазіргі таңда «Ауыл – ел бе­сігі» бағдарламасы аясында «Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік желісін салу» және «Ақбұлақ» бағдарламасымен бастау алып, «Нұрлы жол» бағдарламасымен жалғасын тапқан «Сырдария топтық су құбыры мен Талап топтық су құбырының құрылысы» жобасында Сырдария өзенінің шығыс беткейіндегі 12 елді мекен, батыс беткейіндегі 16 елді мекен халқын таза ауыз­сумен қамту қарастырылған. Бұл жұмыстар биылғы бірінші жартыжылдықта аяқталуы тиіс. Осы жоба жүзеге асқанда аудан халқы 100 процент ауыз сумен қамтылатын болады.


– 2020 жылдың ауыртпа­лығын еңсерген бірден-бір бас­тама «Жол картасы» болды. Үлестеріңіз қандай?


– Елімізде болған COVID-19 пандемиясының ауыртпалығы ауданды айналып өткен жоқ, төтенше жағдай тұсында биз­нес құрылымдарының жұмы­сын уақытша тоқтату шағын және орта бизнесті тұралатып қойғаны шындық. Соған қара­мастан кем-кетіктің орнын толтыруға тырысып, еселі ең­бек жасалды. Бұл жерде облыс басшылығының демеуін баса айтқан жөн.


«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Қызылорда облысына 40,1 млрд теңге қаражат бө­лінсе, Жаңақорған ауданы бо­йынша 14 жобаға 1552876,5 мың теңге қаралды немесе жалпы облыстағы үлесі­міз 3,8%-ті құрайды. Бө­­лін­­ген қаржы ауданның ин­фра­құрылымдарын дамы­ту­ға, әлеуметтік саланы қайта жаңғыртуға, күрделі жөн­деу­ге және ағымдағы жөндеу жұ­мыстарына жұмсалды. Атап айтар болсақ, инфрақұ­ры­лым­ды дамытудың 2 жобасына 311456,5 мың теңге, әлеу­меттік саланы қайта жаң­ғыртуға, күрделі жөндеуге жә­не ағымдағы жөндеу жұмыс­тарына сәйкес 12 жобаға 1241419,1 мың теңге қаралды.


Бағдарламаның басты мақ­саты – халықты жұмыспен камту. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мем­ле­кеттік бағдарламасы аясында іске асырылатын әлеу­меттік-мәдени нысандарды, тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шы­лық­ты, инженерлік жә­не көлік инфрақұрылымын күр­делі жә­не ағымдағы жөндеу және қайта құру жұмыстары жобасы бойынша жоспар 706 адам болса, ол 103,3%-ке орындалып, 729 адам жұмыспен қамтылды.


– «Батыс Еуропа-Батыс Қы­тай» көлік дәлізі аудан экономикасына жаңа қырынан леп алып келе бастады. Бұл ретте ежелгі Ұлы Жібек жолының қайта дәуірлеуі туризмге де тыныс ашқандай. Осы жағын да толықтыра отырсаңыз.


– Иә, аудан аумағынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік магис­тралінің өтуі туризм саласының дамуына зор мүмкіндік сыйлап отыр. Оның үстіне Жаңақорған жері – курорттық аймақ. Емдік батпақ пен минералды суымыз алыс-жақын шет елдерге де танымал. Көне жәдігер мен тарихи ескерткіштер де жеткілікті. Мұндай бағалы байлық – ту­ризмнің төте жолы.


Өзіңізге белгілі, ежелгі Ұлы Жібек жолы бойындағы аса ірі сауда мен мәдениет орталығы болған «Сығанақ» қалашығын аспан астындағы ашық мұражайға айналдыру мақсатында жыл сайын республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қаралып, археологиялық қазба-зерттеу, абаттандыру, қайта қалпына келтіру, қалашықты қоршау жұмыстарын жүргізіп келеміз.


Сонымен қатар тарихи қа­сиетті нысандар тізіміндегі Хо­расан ата кесенесіне 2015 жылы бюджет қаражаты есе­бінен жол салынды. Ал, 2019 жылы Хорасан атаның, 2018 жылы Ақтас мешіті басынан зия­рат етушілер үшін 15 орынды заманауи талаптарға сай қонақ үй бой көтерді. Төлегетай-Қылышты ата кесе­несі өз ұр­пақтарының қара­жаты есебі­нен қайта қалпына келтіріліп, жолы жөнделді.
2021 жылы республикалық маңыздағы Сығанақ қала­шы­­ғы, Хорасан ата, жергілік­ті маңыздағы Төлеге­тай-Қылышты ата кешенді ке­се­нелерінің инфрақұрылым­дарын жақсарту мақсатында отыр­ғыштар орнату, қолже­тімді дәретхана салу, қоқыс жәшіктерін орналастыру жө­нінде ұсыныстар берілді.


Сонымен қатар тәуелсіздік алған жылдар ішінде ауданымызда 3 шипажай ашылды. Оның ішінде 80 орынды «Ақ шуақ» шипажайы, 76 орынды «Шипажай Жаңақорған», 120 орынды «Орда-Сығанақ» шипажайы іске қосылса, 3 дема­лыс орны – «Жайна», «Қа­сиет», «Тоқтамыс» және аудан орталығынан 6 қонақ үй бой көтерді.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойынан 5 жол бойы сервистік қызмет көрсету нысаны салынды. Тағы бір сервистік қызмет көрсету нысаны Төменарық ауылдық округі тұсынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ол жоба да осы 2021 жылы іске асырылады деп отырмыз.


– Ауданға инвестиция тартудың барысын білсек?


– Бұл өте өзекті мәселе. Ақшалы азаматтар ауданға ат басын бұра бермейді. Дегенмен, қалауын тапса, қар жанбай ма, биыл жақсы бас­тамалар басталғалы тұр. Соның бірі – «Абдулла» шаруа қожалығының тауық етін өндіру жобасы. Фабриканың жылдық қуаты – 3,5 мың тонна. Ал, жоба құны 3,3 млрд теңгені құрайды. Жоба толық іске қосылған уақытта облыс көлеміндегі құс етін тұтынудың 33,3%-ін қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Жүзге жуық азаматты жұмысқа тартатын болады. Мұнан бөлек, егін шаруашылығына қызы­ғушылық танытып отырған шет елде тұратын қандастар хабарласып жатыр. Сәтін салса, ол күн де алыс емес.


Сөз басы айтқанымдай, Жаңақорған жерінің табиғи ерекшелігі еңбексүйгіш жанды несібесіз қалдырмайды. Ал, оған мүмкіндік жасауда жүктелер міндет салмақты бола бермек.


– Руслан Рүстемұлы, әңгіме-сұхбатыңызға рахмет. Әрбір бастама баянды болғай.

Сұхбаттасқан

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<