Статистикалық деректер қоғамның бет-бейнесін көрсетеді

7250

0

Біздің күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге қатысты  деректерді жинау, сақтау және өңдеу, оларды талдау және түсіндіру – статистика саласының негізгі міндеті. Дайын деректер жоспарлау мен басқаруда қолданылады. Газет тілшісінің Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының облыс бойынша департаментінің басшысы Қайрат Әбсұлтановпен әңгімесінде түрлі статистикалық мәліметтерге шолу жасалды.

– Қайрат Байғабылұлы, қандай да бір елді сипаттағанда, ең алдымен ауызға ілінетін дерек – халық санының көрсеткіші. Қазір облыстағы халық саны қанша және гендерлік аспектідегі қатынасы мен ұлттық құрамына тоқталсаңыз…

– Статистика біздің қоғамның бет-бейнесін, бағыт-бағдарын көрсетеді.   2021 жылы өткізілген халық санағының деректері бойынша облыстағы халық саны – 814,9 мың адам. Ал 2024 жылғы 1 қаңтарда  841,8 мың адам болды. Оның ішінде қалалықтар – 395,1 мың адам (46,9%), ауылдықтар – 446,7 мың адам (53,1%). Гендерлік аспектіде 1000 ер кісіге 990 әйелден келеді. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы деректерге қарағанда, қазақтардың үлес салмағы – 96,1 пайыз, орыстар – 1,5 пайыз, яғни 12,5 мың адам, ал корейлер – 1 пайыз, яғни  8,2 мың адам, қалған ұлыстардың үлес салмағы 1,4 пайызды құрады.

Ең қызықты мәлімет,  ҚР бойынша қазақтардың ең көп шоғырланған жері, яғни 99,8 пайыз қазақ тұратын жер – Арал ауданы.

– Қызылорда облысы туу деңгейі бойынша нешінші орында?

– АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2023 жылғы қаңтар-желтоқсанда 19896 нәресте туғаны көрсетілген. Бұл 2022 жылдың қаңтар-желтоқсанына қарағанда 3,8%  аз. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 23,75-ті құрады. 1000 тұрғынға шаққандағы туу көрсеткіші бойынша біздің облыс Шымкент қаласы, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан кейінгі төртінші орында.

– Өңір  халқының өмір сүру ұзақтығы жайлы не айтар едіңіз?

– 2000 жылдан бері облыста халықтың өмір сүру ұзақтығы көрсеткішінің өсу тенденциясы байқалады. Сонымен бірге гендерлік белгі бойынша бұл көрсеткіштің дифференциациясы сақталады. 2022 жылы күтілетін өмір сүру ұзақтығы 74,21 жас болатын, ерлерде 70,27, ал әйелдерде 78,18 жасты көрсетті.

– Қызылордалықтар қай елдерге қоныс аударады?

– Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдегенде, 2023 жылғы қаңтар-желтоқсанда облысымызға тұрғылықты тұруға келіп тіркелгендер саны 25421, облыстан кеткендердің саны 32617 адам болды, көші-қонның айырымы 7196 адам.

Алыс-жақын шетелдерден 24 адам, республиканың басқа облыстарынан 7964 адам келген. Облыстан көшкен 15118 адам немесе  46,4%-ы көбінесе республиканың басқа облыстарына қоныс аударды. Шетелдерге 66 адам, көбісі Ресейге, Өзбекстанға, Германияға, Израильге, Канадаға, Түркияға көшіп кеткен.

–  2023 жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қандай?

– Алдын ала деректер бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық негізгі көрсеткіштерінде оң өсім байқалды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі  3,6%, құрылыс жұмыстарының көлемі  40,4%, негізгі капиталға салынған инвестиция 14,2%, пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 8,4%, көлік  7,8%, сауда  4,7%. Сыр өңірі республикада өңдеу өнеркәсібі көлемінің өсу қарқыны бойынша (33,5%) бірінші орында, ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі бойынша (3,7%) екінші орында.

– Облыста өңдеу өнеркәсібі қалай дамып келеді?

– Облыстың өнеркәсіп құрылымында өңдеу өнеркәсібі соңғы 10 жылда өсу процесін көрсетті. 2010 жылы  4%, 2023 жылы  30%. Өткен жылмен салыстырғанда металлургия өндірісі  68,2%, өзге де бейметалл минералдық өнімдер  46,6%, резеңке және пластмасса бұйымдар өндіру 17,9%, машина жасау 14,7% ұлғайды.

– Облыста құрылыс қарқынды жүріп жатыр, оған қандай жергілікті құрылыс материалдарын пайдалана аламыз?

– Тұрғын үй құрылысының қарқынды өсуі құрылыс материалдары өндірісі көлемінің артуына әсер етті. Құрылыс индустриясына облысымыздан силикат және күйдірілген кірпіш, кең көлемдегі темірбетон, қиыршық тастар мен ұсақталған тастар, әк тас, т.б құрылыс материалдары шығарылуда. 2023 жылдың қаңтар-желтоқсанында 385,7 мың текше метр табиғи құм, 2328,7 мың текше метр қиыршық тас, 76,5 мың тонна саз, 879,4 мың текше метр кірпіш, 189 мың тонна бетоннан жасалған құрылыс конструкциялары, 13850 тонна пластмассадан жасалған құбырлар, 157 тонна пластик есік-терезе, 39 мың тонна әк шығарылды.

– Қызылорда облысында күріш қанша гектарға егілді?

– Күріштің нақтыланған егіс алқабы  88862,6 гектар. Аудандар арасында күріштің ең көп егістік алқабы Сырдария (23811 гектар) мен Жалағаш ауданына тиесілі (19800 гектар).

– Ақпараттық технология барлық қызмет салаларына енгізілген қарқынды даму кезеңіндеміз. Осы орайда статистикада қандай жаңалық бар?

– Алғашқы деректерді жедел және сапалы жинауды қамтамасыз ету және респонденттерге түсетін жүктемені азайту үшін электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, «Онлайн деректерді жинау» ақпараттық жүйесі әзірленді. Респонденттердің көбісі есептілікті онлайн режимде тапсырады. Олардың (үй шаруашылықтары мен кәсіпорындардың) дәстүрлі қағаз түріндегі сауалнамасынан деректерді жинаудың компьютерлік жүйесіне, сондай-ақ мобильді қосымша арқылы бағаны цифрлық тіркеуге көшу процестері жалғасуда. 

Пайдаланушылар және респонденттермен әрдайым кері байланыс орнату мақсатында Ұлттық статистика бюросының фронт-офисі құрылды.

Фронт-офис келесі арналарды пайдаланады:

«1446» Бірыңғай байланыс орталығы, соның ішінде «Бір терезе» қызметі /статистикалық нысандарға қатысты барлық сұрақтарыңыз бойынша/

Telegram-bot @statgovkz_bot/статистикалық есептілік нысандарын жетілдіру бойынша ұсыныстарды жолдау, статистикалық нысандар бойынша қателерді сипаттайтын скриншот жіберу мүмкіндігі/

www.stat.gov.kz интернет-ресурсының «Онлайн-кеңесші» модулі Орталықтандырылған кіру нүктесін құру барлық өтініш көздерін біріктіруге мүмкіндік береді (Бірыңғай байланыс орталығы, онлайн кеңесші, Телеграм-бот, «бір терезе» қызметі).

Осылайша бюромен байланысудың ыңғайлы және жылдам әдісі пайдаланылады.

– Респонденттер статистикалық есептілікті тапсырмаған жағдайда  оларға қандай шара қолданылады?

– Алғашқы статистикалық деректерді белгіленген мерзімде ұсынбау, дәйексіз деректерді ұсыну белгіленген тәртіпті бұзу болып саналады және  ол үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 497-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.

– Облыс экономикасының салалары бойынша деректерді қайдан көруге болады?

– Барлық статистикалық жарияланымдардың электронды нұсқасы www.stat.gov.kz  интернет-ресурсында орналасқан. Бұл –  ең өзекті статистикалық деректерді тарату үшін ең жылдам және ең жақсы тәсіл. Статистика департаменті жыл сайын статистика салалары бойынша 80-нен астам электронды кесте жасайды. (кезеңділікті есепке алмағанда). Барлық статистикалық жарияланымдар қазақ, орыс және ішінара ағылшын тілінде ұсынылады.

Сұхбаттасқан

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<