«Қауіптісі – жасанды интеллект емес, табиғи интеллектінің жалқаулығы»

7

0

Әлем дамуының жаңа кезеңінде жасанды интеллект экономиканың ғана емес, қоғамның барлық саласына терең еніп отыр. Бұл – тек технологиялық тренд емес, елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың бірі.

Жасанды интеллект деген не және оның мүмкіндіктері қандай? Бұл туралы біз Қорқыт ата университеті Жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Құлмырзаевпен әңгімелескен едік.

– Нұрлан Серікұлы, осы жылды Мем­лекет басшысы «Цифрландыру жә­не жасанды интеллект жылы» деп жа­риялады. Жалпы ЖИ-дің қоғамға бе­ріп отырған ең үлкен пайдасы не деп ой­лайсыз?

– Мемлекет басшысының бұл шешімі – уақыт талабы әрі өркениет көшіне ілесудің нақты қадамы. Мәселенің түпкі мәніне үңілсек, жасанды интеллект – адамзаттың мүмкіндігін еселейтін қуатты құрал. Оның ең үлкен пайдасы – бізді реактивті өмір сүру салтынан проактивті әрекет етуге жетелеуінде.

Бұрын біз мәселе туын­да­ғанда ғана қимылдайтынбыз. Ал қазір үлкен де­рек­терді (Big Data) талдау арқылы бола­шақты болжауға, қауіптің алдын алу­ға мүмкіндігіміз бар. Ғылымда мұны пре­­диктивті талдау дейміз. Мейлі ол меди­цина­дағы дертті ерте анықтау болсын, немесе біздің саладағы киберқауіпсіздік болсын, ЖИ уақытты үнемдеп, дұрыс ше­шім қабылдауға көмектеседі. Ол адам­ды бірізді, жалықтыратын жұмыстан бо­сатып, шығармашылыққа, стратегиялық ойлауға жол ашады.

– ЖИ-дің дамуы қандай қауіп туындатуы мүмкін?

– Ең үлкен қауіп технологияда емес, адамның өзінде. Менің басты ұстанымым: «Қауіптісі – жасанды интеллект емес, та­биғи интеллектінің жалқаулығы». Егер біз ЖИ-ге сұрақ қоюды ғана үйреніп, оның жауабын сыни тұрғыдан сүзгіден өт­кізбесек, ойлау қабілетіміз бәсеңдейді. Екін­ші мәселе – киберқауіпсіздік пен фейк ақпа­раттар. Қазір дауысты, бейнені ай­нытпай салу қиын емес. Технология – сиқырлы таяқша емес, ол – күшейткіш. Егер адамның ниеті бұзық болса, ЖИ оның зиянын мың есе күшейтеді. Сон­дықтан біз техникалық дамумен қатар, цифр­лық этика мен жауапкершілікті қатар алып жүруіміз қажет.

– Оның әсерінен жұмыс орындары­ның қысқаруы мүмкін деген жайт қан­шалықты өзекті?

– Бұл – қорқыныш емес, заңды эво­люция. Тарихқа қарасақ, станоктар шық­қанда да, ком­пьютерлер пайда болғанда да осы үрей болған. Шын мәнінде, ЖИ адамды алмастыр­майды, ЖИ-ді қолдана алатын маман ЖИ-ді қолдана алмайтын маманды алмастырады. Керісінше, жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Мәселе – бейімделуде. Біз жастарды дайын жауапты іздеуге емес, күрделі алгоритмдерді бас­қаруға үйретуіміз қажет.

Адам ЖИ-ге шамадан тыс тәуелді болып кетуі мүмкін бе?

– Әрине бар. Егер біз шешім қабылдау құқығын толығымен алгоритмге беріп қой­сақ, өз еркімізден айырыламыз. Адам­ның жаны, түйсігі және ниеті бар. Ал ЖИ-де тек логика бар. Логика әрқашан адами құндылықтармен сәйкес келе бермейді. Тә­уелділіктен сақтанудың жолы – білім мен ішкі рухани өзек. Біз ЖИ-ді қожайын емес, серіктес ретінде қабылдауымыз керек.

– Байқасаңыз, қазір балалардың қолынан телефон түспейді. Енді тіпті ЖИ дамыған кезеңде кері әсерінен қалай қорғауға болады?

– Тыйым салу – ең тиімсіз жол. Қор­ғаудың ең дұрыс әдісі – иммунитет қа­лыптастыру, яғни оларға технологияның ішкі құрылымын көрсету. Жастар теле­фон­дағы әдемі қосымшаны сиқыр деп қабылдамауы керек, олар оның артындағы кодты, алгоритмді, логиканы түсінуі тиіс. Біз институтта студенттерге тек ба­тырманы басуды емес, сол жүйенің қалай жұмыс істейтінін үйретеміз. Жастар тұ­тынушы емес, жасампаз (creators) болуы керек. Сонда ғана олар технологияның құлы болмайды.

– Болашақта адамды басқаруы мүмкін деген пікірге көзқарасыңыз қандай?

– Ғалым ретінде де, азамат ретінде де айтарым: ЖИ-де сана (consciousness) және ерік-жігер жоқ. Ол қанша жерден ақылды болса да, оның мені жоқ. Басқару – ол ниеттің жемісі. Ал ниет – тек тірі жанға тән қасиет. Сондықтан, «Терминатор» фи­льміндегі сценарийден гөрі, адамдардың технология арқылы бір-бірін бас­қару қау­пі шындыққа жанасады. Тізгін әрқашан адамның қолында болуы шарт.

– Қарапайым адам ЖИ-ді қауіпсіз әрі тиімді пайдалану үшін нені білуі керек?

– Үш қарапайым ереже бар. Біріншісі – «Сенбе, тексер». Интернетте көрген ақ­паратты, суретті ресми дереккөзбен са­лыстыру. Екіншісі – дербес деректерді қор­ғау. Үшіншісі – ЖИ құралдарын (ChatGPT, Gemini және т.б.) күн­делікті өмірді же­ңілдету үшін қорықпай қол­дану. Бұл – қазіргі заманның сауаттылық өл­шемі.

– ЖИ дәуірінде қандай мамандықтар сұраныста болады?

– Қазіргі тренд – Prompt Engineering (ЖИ-ге дұрыс тапсырма беру шебер­лі­гі), Big Data сарапшылары және ки­бер­­қауіп­сіздік мамандары. Бірақ менің ойым­­­ша, гуманитарлық ғылымдар мен тех­­ни­каны ұштастыра алатын мамандар ал­тынға бергісіз болады. Мысалы, қазақ тілін цифрлық әлемге бейімдейтін ком­пью­­терлік лингвистер. Себебі ұлттық код­­ты технологияға енгізу –  болашақтың еншісінде.

– Сіз басқаратын институт биыл қандай жобаларды іске асырады?

– Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің Жасанды интеллект инс­титуты өңірдегі цифрлық трансфор­ма­ция­ның орталығы болуды мақсат етіп отыр. Біз биыл қоғам үшін маңызды әрі нақты нәтиже беретін бірнеше ауқымды бас­таманы қолға алдық.

Біріншіден, өңірлік киберқауіпсіздік мә­се­лесі. Қазір интернет алаяқтық өршіп тұр. Осы­ған орай, біз «PhishGuard AI» жо­басын әзір­ледік. Бұл жүйе фишингтік және алаяқтық сайт­тарды автоматты түрде анықтап, бұғаттауға қау­қарлы. Біз бұл жоба арқылы құқық қорғау органдарына техникалық қолдау көрсетіп, ха­лықтың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосамыз.

Екіншіден, ұлттық мазмұн. Тілімізді цифр­лық кеңістікте сақтау үшін қазақ тіліндегі үл­кен тілдік модельдерді (LLM) жасақтау және NLP (табиғи тілді өңдеу) бағытында ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Бұл – стратегиялық ма­ңызы бар бағыт.

Үшіншіден, білім беру экожүйесін дамыту. Студенттеріміздің стартап жоба­ларын жүзеге асыру үшін aiproject.kz пор­талын іске қосып жатырмыз. Сонымен қатар, еліміздің жетекші техникалық уни­верситеттерімен (Сәтбаев уни­вер­си­теті, ШҚТУ) бірлесіп, «Qazaq AI Allian­ce» кон­сорциумын құру жұмыстары жүргі­зілуде.

Төртіншіден, білім трансферті. Инс­титуты­мызда жинақталған озық тәжірибені тек уни­верситет қабырғасында қалдырмай, облыс мек­тептері мен колледждеріне та­ратуды жос­парлап отырмыз. Арнайы әдіс­темелік құралдар арқылы мұғалімдер мен оқушыларға жаңа технологияларды тиімді қолдануды үйрету – біздің әлеуметтік жа­уапкершілігіміз. Мақсат – Қызылорданы жай ғана технологияны тұты­нушы емес, сапалы цифрлық өнім жасайтын интел­лек­туалды орталыққа айналдыру.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»