Сүндет Каримов: «Ғылымнан кенже қалсақ, өркениеттен де алыстаймыз»

1406

0

Бұл – он бес жасында орта мектепті тәмамдап, жоғары оқу орнына түсіп, инженер мамандығын алып шыққан, 23 жасында техника ғылымдарының кандидаты атанған бүгінде техника ғылымдарының докторы Сүндет Каримовтің пікірі.  

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің  отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «жаңа ахуал білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асырамыз» деген еді. Жақында ғана Қызылордаға қонақ болып келген еліміздегі ең жас ғалыммен әңгімеміз осы тақырыптар төңірегінде өрбіді.

– Өркениет көшіне ілесу үшін ғы­лымға көңіл бөлмей, прогрес­ке же­те алмаймыз. Мемлекет басшысы Қазақстанның білім саласына бөлетін қаржысы жеткіліксіз екенін, соның салдарынан білім беру сапасы мен мектеп инфрақұрылымы дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда кенжелеп қалғанын айтты. Сіздің ойыңызша бұл саланың ендігі қадамы қандай болуы керек?

– Елімізде Білім және ғылым туралы заң өткен жылы қайта қабылданды. Онда орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы мұғалімдер дәрежесі, қызметтік еңбек өтілі туралы көбірек баяндалған. Жалпы білім және ғылым туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында, мемлекеттік жоспарлы бағдарламаларда үнемі айтылады. Бірақ белгісіз бір себептермен іс кейінге қалып қояды. Дамыған елдерде ғылымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 3-4 процентін құрайды. Біздің елде жалпы ішкі өнімге шаққандағы көрсеткіш – 0,01-0,02 %. Салалық минис­трлік жыл сайын гранттық қаржыландыруға 4 млрд теңгеден астам қаржы бөледі. Әлемдік рейтингте қай мемлекет ғылымға көбірек ақша бөліп жатыр сол мемлекеттің дамуы, әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы жоғары көрсеткіштерге ие. 

Мұғалімдер мәртебесі туралы заңды қолдаймын. Өйткені орта білім саласында тәуелсіздік алған жылдары мұғалімдер арасынан тұлғалар шықпады, қалыптаспады деп айтуға болады. Ал заң соған жол ашатын сияқты. Заңда мұғалімдердің қызметі, балаларды оқытуы, еңбек жағдайы қарастырылған. Дегенмен, әлі де жетілдіру керек.

– Жыл сайын ондаған докторлар, магистрлер диплом алып жатыр. Бірақ Президент айтқандай, әлемді тарының қауызына сыйғыз­ған  пандемияның әлегіне қарсы тұра алмауымыз ғылымның деңгейіне көрсеткіш бола ма? 

– Осы саладағы тағы бір мәселе ғалымдар дайындауда жатыр. Көбісі оны магистратура және PhD-мен шатастырады. Бұл екеуі – академиялық дәреже. Онымен бұрынғы ғылыми дәрежені салыстыруға келмейді. Бірақ жалпылама ғалымдар деп айтып жүр. Мәселен, экономика ғылым­дарының магистрі мен эко­номика ғылымдарының канди­даты тең емес. Мүмкіндік болса осы айыр­машылықтың аражігін  ажы­ратуға да заң керек. Магистратура бітірген түлектің дипломына ғылым деген сөзді қосқанға қарсымын. Академия­лық дәрежеге ғылыми дәрежені араластырмауымыз қажет.

Ғылым туралы заң халық пікірін ескере отырып қабылдануы мүмкін. Он жылдың аралығын сараптасақ, көп елдермен салыстырғанда артта қалып келеміз. Мемлекеттің алға дамуын жылжытатын – ғалымдар. Біз академиялық дәрежесі бар мамандар  дайындаумен шектеліп отырмыз. Бакалавр – маман емес, магистр мен PhD – ғалым емес. Он жылдан бері дайындалып келе жатқан бакалавр мен кеңестік жүйеде әзірленген мамандарды салыстырып қарасаңыз, біріншісінің кемшін тұстарын анық байқайсыз.

Он жыл тарих өлшемімен алғанда көп болмауы мүмкін. Бірақ осы уақытта ғылымның дамуы мүлде басқа бағытқа бұрылып кеткені аңғарылады. Мәселен, өзім технарь болғандықтан, машина жасау саласын алып қарайықшы. Кеңес заманында бізде «Жигули», «Москвич» деген көлік болды. 2000 жылдардың басында «Ладаға» ауыстық. Кейін шетелдік көліктер келді. Демек, арада өткен уақыт ғалым мен білімнің бір орында тұрмайтынын дәлелдеді. Қарапайым ғана күнделікті қолданыстағы компьютердің өзін ала­йық.Алғашқы компьютерлердің миы (процессоры) Celeron болса, қазір CORE i20 ауысты. Арада зерттеулер нәтижесінде пайда болған коптердің кейбір бөлшектері қолданыстан алынды. Жаңалары заман талабына сай өз орнын тапты. Міне аздаған уақытта қаншама өзгеріске ұшырады. ІТ технологияның даму қарқыны ғылымдағы өзгерістердің күн сайын жаңарып отырғанын айғақтайды.

– Ғылымда сабақтастық бар ма?

– Ғылым кемшіліксіз деп айтуға да болмайды. Ғалымдар кітап, монография жазады. Бұл дегеніңіз – көп жылдық зерттеулер. Бірақ олардың таралымы өте төмен. Монографиялар болашақ зерттеушілер қолына жетпегендіктен, көпшілік ақпараттық технологияларды пайдаланып, сіл­теме жасайды. Отандық ғалым­дарды қазіргі бакалавр, PhD жүйе­сіндегілер танымайды. Со­сын шетелге еліктеу басым. Бізде олардан деңгейі жоғарылар жетер­лік. Соны бағалау керек. Қазір ғалымдар арасында байланыс пен пікір алмасулар тоқтаған. Сон­дықтан біріккен монографиялар жазылмайды, жаңалықтар ашылмай тұрған жайы бар. Көбінесе гранттық қаржыландыруға сүйеніп, жұмыс істелуде. Грант орта есеппен алғанда, 100-ге жуық ғалымға бұйырар. Оны жеңіп алуда да бармақ басты, көз қыс­ты мәселелер бар.

Бізде техникалық білім беруге атүсті қарау белең алды. Мемлекеттік қызметке алынғанда техникалық білімді талап етушілер кемде-кем. Классификаторды байқап қарасаңыз, гуманитарлық, қоғамдық сала жазылған. Мәселен, табиғатты қорғау басқармасын алайық. Бұл сала техникалық мамандарды қажет етеді. Онда істейтіндер қауіпсіздік-техни­калық саласының маманы болуы  керек емес пе? Сонда эконо­мист, юристтер осында жұмыс жасап техникалық білімі бар маман сыртта қала беруі керек пе?

– Академик Асқар Жұмаділдаев екі сөзінің бірінде «қазіргі дамыған заманда қазаққа технократ керек» дейді. Тағы бір сұхбатында «қазақтың тілі бай дегенді көп айтамыз. Ол бай, бірақ керек емес сөздерге бай. Мысалы, бір ағамыз «Жылқының 3400 атауы бар» деп диссертация қорғады. Ағылшында бір ғана атауы бар – Horse. Сонымен жылқының жасын да, түрін де, түсін де атай береді. Сол сөздерімен-ақ әлемде алға шығып кетті. Ал жылқының 3400 атауымен біз әлі жүрміз. Біз енді ғылым жағына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Жоқ сөзді, жоқ ғылымды, жоқ технологияны өзіміз табуымыз керек. Қазақ тілін ғылымға араластыруымыз керек» дейді. Сіз не дейсіз?

–  Асқар ағамыздың «Қазақ ғылымын техникаландыру керек» деуінде сыр бар. Біздің елде инженерлер 2008 жылдан бері дайындалмайтын болды, яғни инженер квалификациясы берілмейді. Бұл – Болон конвенциясының бізге салған зардабы. Орта білім беретін колледждерді бітіргендерге дип­ломына маман деп жазып береді де, жоғары оқу орнын бітірген түлекке бакалавр деп жазады. Бір саланың маманы, инженері, технологы деп толық жазып берсе, жұмысқа тұрғанда рөл ойнар еді. Осы жерде қарама-қайшылықтар бар.

Академик Жұмаділдаев қазақ тілін ғылыми қолданысқа енгізу туралы да жиі айтып жұр. Біз неге латын әріптерін қолданамыз? Неге Ахметтер жасап кеткен әліпбиді пайдаланбаймыз? Техникалық ғылым саласындағы терминдердің көпшілігі шетелден келген. Қазақтың тілі бай дейміз, алайда терминдерді қазақшаға аудармаймыз. Бірақ аударма саласында да кемшіліктер жетіп артылады. Жаратылыстану, техникалық салада ең алғашқы қазақша техникалық түсіндірме сөздігі 1967 жылы академик Өмірбек Жолдасбековтің басшылығымен шықты. Ол кісінің докторлық жұмысы осы техникалық түсіндірме жұмыстарына арналған. Бұл сөздіктен байқайтынымыз сол замандағы ұлты қазақ зиялы қауымның ғылымда басы біріккенін көрсетіп тұр. Тілші ғалымдар Нығымет Сауранбаев, Рабиға Сыздықова, Қалдыбай Бектаев түсіндірме саласында көп еңбек етті. Қазір  мемлекеттік қызметте, жоғары оқу орнында пайдаланатын осы кісілердің еңбектері. Олардың артықшылығы – ұжымдық жұмыс істеді. Авторларын алып қарасаңыз сол кездерде бірі елдің орталығында, бірі оңтүстігінде, бірі батысында, бірі тағы басқа қалаларда тұратын. Тиімділігі әр жердің диалектісін ескере отырып ең ыңғайлы нұсқаны сөздікке кіргізді.

– Технарьлар жеткіліксіз дейміз, бірақ техникалық университеттерді бітірген түлектер қайда?

– Олар мамандыққа түседі де, көпшілігі мемлекеттік грантпен бакалавр бітіреді. Оқуы аяқталғасын жан-жаққа кетеді. Неге кетеді, жұмыс қайда? Мұның жауабын ешкім білмейді. Интернетте де бакалавр түсінігі туралы мардымды жауап жоқ. Оқу мен білімдегі кеңестік жүйенің артықшылығын жас буын мойындамайды, аға буын аңсайды. Бұл жү­йені Ұлыбритания өздеріне енгізді. Сол кезеңде қалыптасқан методология, ғылыми жүйе жоғары деңгейде және алдыңғы қатарлы мемлекеттер кеңестік білім беру функциясына аздаған өзгерістер енгізіп, пайдаланып келеді. 

1992 жылға дейін бізде орта және жоғары білім министрлігі бөлек, ағарту министрлігі бөлек, ғылым министрлігі бөлек болды. Қазір бәрі бірге. 2003 жылы  Ұлттық Ғылым академиясы жабылды. Ғылымға деген қызығушылық азайды, бөлінетін қаржы, потенциал төмендеді. Мем­лекет көңіл бөлмегендіктен, еліміздің Білім және ғылым жүйесінде кем­шіліктер күн өткен сайын көбейіп келеді. 

Жақында еліміздегі академиялық білім профиліне түсіп диссертация қорғайтын мамандарға арналған, бұрыннан қалыптасқан ғылыми мақа­лаларды жариялайтын басы­лымдарды керексіз деп тапты. Оның орнына шетелдік басылымдарды қойды. 50-70 жыл тарихы бар ғылыми журналдар, басылымдардың тамырына балта шабылды. Ғылымда толық қалып­таспаған ғалымға, әлемдік деңгейде мақала жаз, жаңалық аш деген – қате. Ғалым ғылыми мектептен өтуі керек. Дайындалу үшін көп уақыт кетеді. Адам іздену арқылы ғалым болады. Осы деңгейге жетпеген, қалыптаспаған адам қалай Scopusқа материал жариялайды? Мақалаң шықпаса, қолыңа диплом тимейді. Кешіккенің үшін ақша төлейтінің тағы бар.

– Өзіңіз, ғылымдағы жолыңыз, ашқан жаңалықтарыңыз туралы бір-екі сөз…

– Мамандығым – жеңіл және тоқыма өнеркәсібі саласының ин­женерімін. Экономикалық білімім де бар. Өз саламдағы жауапкершілікті сезінгеннен болу керек, біртіндеп ғылымға ойыстым. Кандидаттығымды шитті мақта талшығын алғашқы өңдеу әдістерін зерттеу және жетілдіру бойынша қорғап шықтым. Докторлық жұмысым толықтай шетелде орындалды.  Механика, машина жасау және математика саласындағы әлемдік деңгейдегі ға­лымдардың басым көпшілігі жеңіл жә­не тоқыма өнеркәсібі сала­сын­дағы машиналар мен механизмдердің теориясын, қолдану аясын зерттеп, ғылыми еңбектер қорғағаны да ғылым саласына шын­дап келуіме ықпал етті.  Қазір көптеген патенттерім бар. Патент жазу –  ин­же­нер­лік жұмыс. Мемлекеттен қар­жы бөлініп қолдау жасалса, біз­дің ел­де де патенттік зерттеу жұ­мыс­тары әлем­дік деңгейде алдың­ғы орынға шы­ғар еді. Ендігі жұмысымды жасыл технология тақырыбына арнамақпын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<