– Қайырбек аға, осыдан 67 жыл бұрын «Сыр бойына» жұмысқа қабылданыпсыз. Бастауыш сыныптың мұғалімі облыстың бас газетіне қалай келді?
– Педучилищені бастауыш сынып мұғалімі болып бітіргеніммен мамандығыма сай жұмыс бірден табыла қоймады. Ойлана келе, газетте жұмыс жасағым келетінін түсініп, редакция жағаладым. «Сыр бойының» редакторы Хамза Сыздықов екен. Арнайы барып «Аға, газетке жұмысқа тұрғым келеді. Қарауылдық қызмет болса да болады» деген едім, «Жап-жас жігітті қалай қарауылдыққа алам?» деп, ол кісі біраз ойланды. «Газетте жұмыс істеу – арманым» деп мен де қайтпаймын. Сонымен жауапты хатшы Шора Ералиевті шақырып алып, ақылдасып, корректордың жанына тыңдаушы етіп қызметке алды. Бір күні Сыздықов орынбасарлыққа ауысып, орнына Зейнулла Жарқынбаев келді. Ол кісі келген соң қабылдау бөліміне ауыстым.
Шамалы уақыттан кейін Шиелі аудандық газетіне барғым келетінін айттым. Осылайша ауданға барып, Қалқабай Әбенов редакторлық ететін «Коммунизм жолында» біраз жұмыс істеп, партия қатарына өттім. Партияға өткесін, Қызылордаға қайтып келдім. Тағы да әр жерге барып көрем, жұмыс жоқ. Содан өзім өскен Қоғалыкөлге барып, мектепте пионер вожатый болдым. Мектептің директоры тапсырманы үйіп-төгіп береді, балалармен шара өткіземіз, кейде олармен қосылып түрлі ойын да ойнаймын. Сол кезде кейін өзіммен әріптес болған қаламгер, ақын Әскербек Рақымбекұлы 4-сыныпта оқиды екен. Қосымша аудандық, облыстық газеттерге, республикалық «Жас алаш», «Пионерге» мақала жазып тұрамын. Олардан түскен 15-20 сом қаламақы 60 сом айлығыма қосылып, жағдайым әжептәуір жақсарып қалды. Бірақ, айналып келгенде мектепте жұмыс істегім келмеді. Облыстық газетке келіп, корректор болдым. Мұнда шамалы жұмыс істегеннен кейін КазГУ-ге оқуға аттандым.
Киров атындағы бұл оқу орны – ол кезде қазақтың маңдайалды университеті. Еліміздің түкпір-түкпірінен 600 бала оқуға тапсырғанымызбен, журналистика факультетіне тек 25 бала қабылданды. Соның 400-і орыс тілінің диктантынан құлады. Мен 4 алдым. Солай жолым болып кетті. Жазда «Ленин жолына» практикаға келіп тұратынмын. Мақала жазам, студент үшін пора-пора ақша болып саналатын қаламақы төлейді. Бірақ, оқу бітіргеннен кейін жолдамамен келсем, орын жоқ деп алмайды. Қолымда ЦК-ның жолдамасы. Шамалы уақыттан кейін ғана жұмысқа қабылдандым. Редактор Ұзақ Бағаев еді. «Сыр бойындағы» өмірім осылай басталды. Редакцияда жылдар бойы тұрақты қызмет етіп, 1996 жылы зейнетке шықтым.
– Балалық шағыңыз соғыс уақытына тұспа-тұс келді. Еңбек жолын ерте бастап, елгезек тілші болуыңызға сол қиындықтар әсер еткен болар…
– Балалық шақта ойын дегенді білмедік. Мойнымызға дорба асынып, күніне 8-9 кесе масақ тереміз. Қарын тойдырып, тамақ ішпедік. Кейде 85-ке қалай келгеніме таңғалам, сол қиындықтарды көрген мен баяғыда өліп қалуым керек еді. Елуінші емес, алпысыншы жылдардан кейін ғана есімізді жинадық. Үйде жалғыз бала болдым. Әкемнің Мәді деген інісі ағасына баласы болмағасын мені берген. Шешем мені бауырына басқаннан кейін 47 жасында аяғы ауыр болып, бірақ операциядан көз жұмды. Әкем анам қайтыс болғасын келіншек алып, 7 бауырым дүниеге келді. Өміріміз қиын сәттерге тап келгенімен, тағдырдың талқысы бізді шыңдады.
– «Сыр бойында» жүргенде тоғыз редактормен жұмыс атқарыпсыз. Ол кездегі газет редакциясы қандай еді?
– Редакцияда мәдениет бөлімінде ұзағырақ жұмыс істедім. Ақын, жазушы, драматург Қомшабай Сүйенішов бөлім меңгерушіміз болды. Тілшілер Рысты Бекбергенова, Бөлебай Әлменов төртеуіміз бір бөлімде отырдық. Газетте жұмыс істеп, арманым орындалды деп айта аламын, үйлі болдым. «Сыр бойының» мектебі шеберлігімізді шыңдады. Бірақ газеттің қиындығын көп көрдік. Сендердің кезеңдерің – нағыз рахат кезең. Ол кезде таңертеңнен түнге дейін жүретінбіз. Газет аптасына бес күн шығады. Қазіргідей компьютер жоқ. Ылғи майданнан қайтқан үлкен кісілер жұмыс істеді.
Әр редактордың өзінің қалам тартысы, мінезі, журналистік шеберлігі болады. Біздің бағымызға Ұзақ Бағаев келіп, көзіміз ашылды. Ол редактор әрі журналист ретінде танылды. Бағаевтай шебер журналист болған емес, ол қалай жазу керектігін өзі бастап көрсететін.
Одан кейінгі редакторлардың арасында обкомның нұсқауымен кездейсоқ келген адамдар да болды. Редактордың қалам тартысы мықты болса, олардан үйренген сенің де жазуың мықты болады. Жалпы, газет – үлкен мектеп. Газетке Жақсылық Рахматулла жас кадрларды көп алды. Айталық, «Сыр бойына» Айнұр Батталова, Гүлжазира Жалғасовалар сол кезде келді. Бағаев оның алдында Шәкізат Дәрмағанбетовті, Айжарық Сәдібековті іздеп жүріп жұмысқа алды. Әскербек Рақымбекұлын алып келді.
Ал, Серік Пірназар қаламақыны көтерді. Жұмысқа жастарды көбірек тартты. Жақсы материал үшін сыйақы беруді дағдыға айналдырды. Журналистерді бағалау тұрғысынан ол көп жұмыс атқарып кетті. Бағаев жазуды бағалады, жақсы материал жазсаң, шақырып алып, рақмет айтатын. Ол уақытта журналистердің жиыны өткен сайын шығармашылық талас болатын. Апта сайын жиын өтіп, газетке шыққан материалдарға шолу жасалып, әр журналистің нені қалай жазғаны, ізденісі не тым-тырыс отырғаны, кем-кетігі айтылатын. Бағаев осыны қалыптастырды.
Газет тарихындағы осындай өзіндік орны бар редакторлармен қатар қазіргі «Сыр медианы» қалыптастырған Аманжол Оңғарбаевтың еңбегі ерекше. Газеттің тарихында түгелдей аудандық газеттерді облыс орталығына әкеліп бастыру болған емес. Барлық газеттің жұмысын ұйымдастырып, қалаға, аудандарға таратып, пошташылардың қызметін үйлестіру оңай шаруа емес.
– Журналистика, оның ішінде баспасөзде жұмыс істеудің қызығы, қиындығы туралы сөз қозғайықшы. Техника қазіргідей дамымаған ол жылдары тілшіге артылар жүк те аз болмаған секілді…
– Расымен де редакциядағы қарбалас кезінде басымыздан талай қызық өтті. Бірде Қомшабай Сүйенішов екеуміз газетке кезекші болдық. Ол кезде газет шығару үшін түнімен редакцияда жүреміз. Хрущевтің 50 беттік есептері жарияланады. Ол Алматыдан қазақшаға аударылып келу керек, кейде түнімен соны күтіп отырамыз. Сол күні есепті күтіп-күтіп шаршап, Қомшабайдың үйіне барып демалып келейік дедік. Ұйықтап кетіппіз. Көзімді ашып қалсам, сағат таңертеңгі 9.00. Газет тексерілмеген, қол қойылмаған деген ой ұйқымды шайдай ашып жіберді. Сөйтсек, редакторымыз Ұзақ Бағаев түнде келіп, газетке өзі қол қойыпты. Мұны естігесін, «құрыған жеріміз осы шығар» дедім. Түнде баспахананың бастығы «кезекші жоқ» деп редакторға қоңырау соққан, содан боранды күнге қарамастан Бағаев келіп, газетті басуға жіберген. Редактор бізді шақырып алды, бірақ ұрыспады. Сабырлы қалыпта «бұл газет қой, байқасаңдаршы» дегені. Ал, біз сөгіс береді деп арыз жазуға дайын отырғанбыз, түсіністік танытқанына ерекше риза болдық.
Газетте мектеп, отбасы туралы «Сырласу» бетін ұйымдастырғаным есімде. Бірде кабинетіме бет-аузы көгеріп кеткен бір жігіт кіріп келді. Арнайы келгені байқалды, мен де көрген бойда не болғанын сұрап жатырмын. «Түнде көршімнің баласы ұрып кетті. Ақша сұрап, өзімді соққыға жықты. Мұны газетке жазбасаңыз болмайды» дейді. Сонымен, «Сырласу» бетіне «Түнделеткен көршімнің баласы екен» деген тақырыпта жылдам материал дайындадым. Газетке сол күні шығып кетті. Ертеңіне көршісінің баласын жетектеп, әлгі жігіт келіп тұр. «Мені ұрған жоқ, жай ашумен айтып едім» дейді. Мұны естіген редактор кабинетіне шақырып алып, газетке нұқсан келтірдің дегендей сөздер айтты. «Ой, аға, өзі жазып берген арызы мынау, қолы мінекей» десем де, ренжігені байқалды, тіпті жұмыстан босататын сыңайлы. Содан Жаңақорғанның Сапарбеков деген прокурорына хабарластым. Ол жігітті ұрған баланың есепте тұратынын, жақында басқа соты болатынын жеткізді. Мұны білгесін соны дәлелдейтін анықтама әкеліп бердім Бағаевқа. Редактор оқып көріп, «атышулы бала екен ғой» деп шошып кетті. Осылай тағы бір рет аман қалдым.
– Ол кезде газетке жазылған сын ескерусіз қалмайтынын, тіпті бюрода қаралып, талқыланатынын аға буын жиі айтады. Сіздің де қоғамда резонанс тудырған мақалаларыңыз болды ма?
– Бір күні редактор Бағаев шақырып алды. «Қайырбек, саған риза болып отырмын. Мақаланың тақырыбын дәл тауыпсың» дейді. Ол обкомның бюросында да материал тексеріп отыратын. Бұл шопандардың жағдайы туралы мақала еді. Шопандар Сарысудан көшіп келсе, үйлері дайындалмаған, Жалаңашта бала-шағасымен күздің қара суығында ызғып отыр екен. Соны біліп, «Киіз үйдің түндігі желпілдейді» деген мақала жазған едім. Сол мақаладан кейін, үлкен шу болып, малшыларға көңіл бөлініп, жағдай жасалды.
– «Сыр бойының» мектебі мықты тілшілерді ғана емес, белгілі жазушы, ақындарды қалыптастырды. Олардың дамуына бір-бірін қолдауы да әсер еткен секілді…
– Иә, «Сыр бойы» талай журналистерді шыңдады. Нәсіреддин Сералиев деген жазушыны, қаламгер Айжарық Сәдібекұлы, Құттыбай Сыдықов, ақын Әскербек Рақымбекұлын шығарды. Қази Данабаев деген мықты журналист болды. Бір кездегі тілші Жолтай Әлмешұлы – қазір ғылым докторы, драматург. Несібелі Рақмет деген әріптесіміз материалды мөлдіретіп жазатын, әңгіменің нағыз шебері. Ол кездегі жастар республикалық деңгейдегі шығармашылық өкілдеріне қарап, солардай болсам деп армандайтын. Олардың шыңдалуына сол кездегі Жазушылар Одағындағы әдеби бірлестіктің жетекшісі Асқар Тоқмағанбетов пен Қомшабай Сүйенішов үлкен ықпал етті. Бірлестік жастардың бір жылт еткен әңгімесі шықса, арнайы шақырып алып, демеп отыратын. Өлеңдерінің газетке шығуына көмектесетін. Жас ақындардың біразына Асқар Тоқмағанбетов жол сілтеп, алғысөз жазып берді.
– Бұрын газеттің таралымы да, оқырманы да көп болғаны белгілі. Ал бүгінгі баспасөздің аяқалысын қалай бағалайсыз?
– «Сыр бойының» әр санын оқып, тілшілердің қалам тартыстарына риза болып отырамын. Бұрынғыдай емес, қазір ұжымның басым бөлігі жастар.
Айта кету керек, қазір басшыларға барсаң, алдынан газет көрмейсің. Облыстың тыныс-тіршілігінен хабардар ететін газетті бірінші басшылар міндетті түрде оқуы керек деп ойлаймын. Бұрын баспасөздегі жаңалықпен, көтерілген мәселемен танысуды міндеттеп, басты газеттерге жазылу керек деген тапсырма болатын.
– Зейнетке шықсаңыз да, басылымнан қол үзбедіңіз. Қазір қандай дүниелер жазып жүрсіз?
– Сексеннен ассам да әлі күнге қолымнан қаламымды тастамадым. Газетте жұмыс жасағалы, бес кітап жазған екенмін. «Көзкөргендер» деген кітапты жақында ғана баспаға бердім. Сол бес кітапта өмірімнен бастап біраз дүниелер жазылды. «Ағалар салған жол», «Сыр перзентімін», мемлекеттік тапсырыспен басылған «Сырда туып, Сырда өстім», «Менің бабаларым», «Аманат» деген кітаптарым бар.
Жалпы, «Сыр бойында» еңбек ете жүріп армандарым орындалды деп айта аламын. Сол кездері республикалық газеттерге ауысуға мүмкіндігім болды, бірақ осында отбасым бар, әке-шешем де жібергісі келмеді. Редакцияның арқасында үйлі болдық. Қазір немерелерім жанымда, қызым Зульфия медициналық университетті аяқтап, облыстық балалар ауруханасында қызмет етеді, медицина ғылымдарының кандидаты. Ұлым Пәкістан университетін бітіріп келді, қазір аудармашы.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Әңгімелескен
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<