Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, 2007-2008 жылдары Қызылорда облысын басқарған академик Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед Сыр еліне келді. Газет оқырмандарына айтулы азаматтың облыстың өткені, бүгіні және болашағы жайлы ой-толғамдарынан құрылған сұхбатымызды ұсынамыз.
– Құрметті Мұхтар Абрарұлы, Сыр еліне қош келдіңіз!
– Рахмет, айналайын! Облыс әкімі қызметінен кетсем де Сыр елінен алыстаған емеспін. Қандай қызметте жүрсем де облыстың жай-күйіне жанашырлық танытып, оның өсіп-өркендеуіне қолымнан келгенше көмегімді аяған емеспін. Сыр елі мен үшін ата-бабамның рухы мәңгілік байыз тапқан киелі өңір ғой. Қайда жүрсем де Сыр елі жүрегімнің төрінде болады. Сол тамыры тереңнен тартқан өңірге тағы бір зиярат ету үшін келдім.
– Көзі қарақты оқырман Сіздің кәсіпкерлікке ғылым арқылы келгеніңізді жақсы біледі. Сұхбатымызды өткен күндер белесінде қалған осы әңгімеден бастасақ деймін…
– Мен университет бітірген соң он жылға жуық сол кездегі Қазақ кеңес энциклопедиясының бас редакциясында академик Манаш Қозыбаев, академик Рымғали Нұрғали сияқты ғұлама ғалымдардың жетекшілігімен қызмет істедім.
Ел тәуелсіздік алғаннан кейін бір жарым ай өткенде, дәлірек айтсам, 1992 жылдың 4 ақпанында кәсіпкерлікке ауысып, нарықтық экономиканың асау толқындарының жалына жармастық. Қандай қызметте жүрсем де ғылымнан қол үзбедім. Сол аумалы-төкпелі заманның өзінде академик Манаш Қозыбаев ағамыздың жетекшілігімен тарих ғылымынан кандидаттық, заң ғылымында бір өзі тұтас мектеп қалыптастырған ғұлама ғалым, академик Салық Зимановтың жетекшілігімен «Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастары» тақырыбында заң ғылымынан докторлық диссертация қорғадым.
Шынымды айтайын, жас күнімде министр, әкім болуды, тіпті саяси қызметке араласуды армандаған емеспін. Өйткені партияны былай қойғанда комсомолда бір күн қызмет істеген емеспін, тіпті топтың комсоргі болып та көрмеппін. Бірақ ұстаздарыма қарап бой түзеп, қайткен күнде 40-жасқа дейін докторлық диссертация қорғауды мақсат еткенім рас және оны орындап шықтым.
– Иә, Сіз 1999 жылы 39 жасыңызда алғаш сенатор болып сайланғанда ғылым докторы болдыңыз ғой…
– Дәл солай. Жалпы мені депутаттыққа түсуге тоқсаныншы жылдары-ақ үгіттей бастаған. Кәспкерліктің арқасында қаржылық мүмкіндігім де болды. Оның үстіне ешкімнің көмегінсіз-ақ өз үгітімді өзім жүргізе алатын едім. Бірақ сол сайлауларда орын алған бітпейтін дау-дамай, бет жыртысулардан бойымды аулақ салдым.
Докторлық дипломым қолға тиген соң кәсіпкерлікпен қатар Әл Фараби атындағы Ұлттық университетте ұстаздығымды қоса жалғастырып жүрген 1999 жылдың қарашасында мені Оралбай Әбдікәрімов, Шәмша Беркімбаева, Гүлжан Қарағұсова, т.б. бір топ қайраткерлермен бірге сенаторлық қызметке тағайындады. Кейін дәл осы топтан бірнеше министр шықты. Менің үлкен саясатқа келуімнің қысқаша тарихы осындай.
– Сенатта қандай қызмет атқардыңыз?
– Әуелде қатардағы сенатор болдым. Көп ұзамай әріптестерім мені сол құрамдағы жалғыз заң ғылымының докторы ретінде сенім білдіріп, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы етіп сайлады. Келесі жылы Сенатта Әлеуметтік-мәдени даму комитеті құрылғанда үш үміткерден тұратын баламалық негізде осы комитеттің төрағалығына сайландым.
Комитет жаңадан құрылса да азулы болды. Комитет хатшылығына ең жас, батыл сенатор, кез келген шенеунікті оңдырмай сынайтын Уәлихан Қайсаровты ұсындым. Ол кезде өзім де арындап тұрған жас едім. Уәлихан кейін бірнеше мәрте Президенттік сайлауға түсті.
Комитет құрамында кезінде Архитектура-құрылыс институтында ректор болған профессор П.Артрушкевич, денсаулық сақтау саласының білгірі, профессор Н.Қаюпова сияқты елге танымал тұлғалар болды. Сенат мені шыңдады. Сол жылдарда бірге атқарған қызмет үшін Сенатқа да, әріптестеріме де бек ризамын.
– Бұдан кейінгі қызмет баспалдығында Сіз министр қызметіне тағайындалдыңыз…
– Дәл солай. Бұл кезде мен ақындар көп жырға қосатын «қыннан шыққан қылыштай» дейтін тұп-тура қырық жаста едім.
Мамыр айының басында ойда жоқта Президент шақырды. Ойымда дәнеңе жоқ, ашылғанына бір ғана жыл болған жаңа комитеттің жұмысымен танысқысы келген болар деп комитеттің атқарған жұмысы жайлы ақпаратты жүйелеп, Мемлекет басшысының қабылдауына келдім. Ол кісі менің есебімді асықпай тыңдап шыққаннан кейін маған Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрінің қызметін ұсынды. Мен алғашында не дерімді білмей абдырап қалдым. Көп ұзамай: «Бұл қызметті Алтынбек Сәрсенбаев атқарып отыр ғой және өте білімді азамат», – дедім. Ол кісі: «Алтынбекпен араларыңның жақын екендігін білемін. Оған басқа қызмет ұсынамын» деді мәселенің алдын ала шешіліп қойылғанындай аңдатты. Мен мемлекеттік қызметте тәжірибемнің аздығын алға тартып, сенаторлық қызметті атқара беруге ыңғай танытып едім, Президент бастырмалата:
«Білемін. Өмірбаяныңа қарап отырсам, Қазақ энциклопедиясында он жыл қызмет атқарыпсың. Оның басшылары академик М.Қозыбаев пен академик Р.Нұрғалиевты да білемін. Бірнеше мәрте жүздескенмін. Ұстазың Салық Зимановты да жақсы танимын. Егемендік Декларациясының қабылдануына зор еңбек сіңірген ғалым. Бір жағынан сенің партия, комсомолда қызмет істемегенің де жақсы. Тыңнан жол табуға, өз бетінше шешім қабылдауға ұмтыласың.
Министрдің қалай жұмыс атқаратынын Сенатта көрдің. Оның үстіне сенің кандидатураңды Премьер-министр Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап отыр» деп, шегінерге жер қалдырмады.
Мен келісім беріп, дәлізге шыққанда қарсы алдымнан Қасым-Жомарт Кемелұлы шықты. Жылыұшырай амандасып:
«Мұхтар Абрарұлы, мен бәрінен хабардармын. Сіздің кандидатураңызды бірден қолдадым. Бірге жұмыс істейтін боламыз» деп мәселенің алдын ала келісіліп қойғанын хабар бере сөйледі.
Сіз қойған сұрақтың қысқаша жауабы осындай.
– Кейінгі реформалар кезінде Үкімет құрамы жиі өзгерді. Қазір мұндай министрлік жоқ. Ол кездегі жағдай қандай еді?
– Дұрыс айтасыз. Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі қаржы-қаражаттың тапшы кезінде, мемлекеттік құрылымдар жаппай оңтайландырып жатқанда құрылды. Оның құрамына бір кездегі Өзбекәлі Жәнібековтей аса көрнекті қайраткер басқарған Мәдениет министрлігі, Шерхан Мұртаза жетекшілік еткен Телевизия және радиохабарлар мемлекеттік комитеті, Шериаздан Елеукенов ағамыз шыңдаған Баспа, полиграфия және кітап саудасы мемлекеттік комитеті, Олжас Сүлейменов өрге сүйреген Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған Сұлтан Оразалин негіздеген Тіл комитеті, бұған қосымша Министрлер Кеңесі жанындағы Архив (мұрағат) бас басқармасы мен Дін істері жөніндегі басқарма сияқты мемлекеттік құрылымдар кірді. Бәрін бас қосқанда министрлік деңгейіндегі алты құрылым мен екі басқарма. Бәрін қосқанда 8 құрылымнан тұратын үлкен министрлік болды.
Жаңа қызметке кіріскен күннен-ақ мен оған барымды салдым. Бәрін айтсақ ұзаққа кетіп қаламыз. Соның ішінде 2003 жылдың сәуір айынан бастап қолға алып, тамыз айында Президенттің бекітуінен өткізген, қазақ халқының арғы-бергі тарихындағы руханият мұраларын түгендеуге арналған «Мәдени мұра» бағдарламасын айрықша айтар едім. Бұл он жылдай бойы – 2003-2014 жылдар арасында жүзеге асырылған бірегей жоба болды. Бір ғажабы, Қызылорда облысы әкімдігінен министр қызметіне ауысқанда екінші мәрте бастапқы қарқыны бәсеңдеп қалған жобаны одан әрі жалғастыру мүмкіндігіне ие болдым.
Тіл мен ақпарат өзектес сала ғой. Сол кезде республикалық, облыстық деңгейде саңырауқұлақтай қаптап кеткен жекеменшік теле-радио ақпарат құралдарындағы қазақ тілінің үлесі 5-10 пайыздан аспайтын. Кей облыстарда бірде-бір минут қазақша хабар таратпайтын құрылымдар да болды. Соларды тезге салып, қазақ тіліндегі хабарлар үлесін кемінде 50 пайызға жеткізуге күш салдық.
Кітап шығару, кино түсіруде қордаланған проблемалар шешімін таба бастады.
– Иә, «Мәдени мұра» бірегей жоба болды. Соның негізінде әр өңірдің өз «Мәдени мұрасы» жасалып, қазақтың ежелгі мәдениеті қайта жаңғырды. Әңгімеміздің желісі Сіздің Сыр еліне келуіңіздің тарихына ойысқан тәрізді…
– Мен министр қызметінен 2003 жылдың қыркүйегінде алындым. «Мәдени мұраға», тіл тағдырына алаңдағаным болмаса, көп қынжыла қойған жоқпын. Қиын-қыстау кездерінде мені үнемі қолтығымнан демеп, күш-қуат беріп алып шығатын ерекше құдірет бар, оның аты – қалам.
Талай мәрте қызметтен алындым. Мұндайда біреулер сарыуайымға түсіп, депрессияға ұшырайды. Мен қаламға, жинақтаған ғылым-білімнің күшіне сүйенем. Жазуға отырамын. Сағынысып, қайта табысқан досыммен қуана қауышып, екпіндете, өндіре жазамын.
Алғаш қызметтен кеткенде жазуға отырдым және жазбаларым жарыққа жетіп, ол кездерде жүздеген мың тиражбен басылатын газеттерде жарияланып жатты. Осының бәрін көріп-біліп отырған Президент мені қайтадан қызметке шақырды. Әуелі кеңесші, кейін баспасөз хатшысы, кейін Президент Әкімшілігінің басшысы қызметіне дейін өсірді.

Жасырып қайтейін, әуелгіде іштей ренішім болса да ұсынған лауазымнан бас тартпай, бір кездері өзім бастаған жобаларды жалғастыру үшін тапсырылған жұмысты абыроймен атқаруға тырыстым.
Сөйтіп жүргенде 2007 жылдың қаңтарында маған Қызылорда облысы әкімінің қызметін ұсынды. Бұл кезде мен Мемлекет басшысымен бірге Қазақстанның барлық облысын бірнеше мәрте аралап шыққанмын. Сыр өңірінде жылдар бойы қордаланған күрмеуі қиын проблемалардың молдығынан хабарым бар болса да, ойланбастан бірден келісім бердім.
Бұл – түске таяу болған әңгіме. Президент мәселені кейінге қалдырмай, Премьер-министр мен Әкімшілік басшысына дереу тапсырма берді. Олар қас қарайғанына қарамастан, кешкілік облыс активін Президент Жарлығымен таныстырып, әкім креслосына жайғастырып кетті.
Қазіргі әкімдер баламалық негізде сайланады ғой. Ол кездегі әкімдер тағайындалатын. Осылайша мен бабаларымның киелі қонысы болған Сыр елінен бір-ақ шықтым.
– Қызметіңізді неден бастадыңыз?
– Шындықты айтқанда, мен Қызылордаға келгенде бір кездері университетте оқыған 2-3 курстастарымнан басқа облыста көп ешкімді танымаушы едім. Сондықтан алғашқы айда жергілікті басшы қызметтегі басшылармен таныстым. Әрине, күндіз күнделікті ағымдағы жұмыс. Оны бір сәтке де тоқтатуға болмайтыны белгілі. Кешкілік аздап жүрек жалғап алғаннан кейін, сағат 8-ден түнгі 11-12-ге дейін әрбір департамент басшысы, аудан әкімдерін қабылдап, әрқайсысының есебін, ұсыныстарын тыңдадым. Бір күнде – бір адам. Алдын ала график жасадым. Өзім де дайындаламын – оларға да емін-еркін дайындалуға мұрсат беремін.
Қызылорда облысына келгенше мен бірнеше Премьер-министр, Президент Әкімшілігінің басшысымен жұмыс істеп, Үкіметтің де, Парламенттің де жұмысымен жақсы таныс едім. Нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуді он жыл бойы кәсіпкерлік қызметте меңгердім.
Кеңестік заманнан қалған «Кадр бәрін шешеді» деген қанатты сөз бар. Шындығында, дұрыс айтылған сөз. Жергілікті басшы қызметтегі адамдармен асықпай өткізген кездесулерім өз нәтижесін берді. Көп нәрсеге қанықтым. Түнгі бірге дейін жұмыста отырған кездерім болды.
– Бұл аппарат қызметкерлеріне ауыр болған жоқ па?
– Дұрыс байқап отырсыз. Жалпы бірінші басшы орында отыр екен деп бүкіл аппаратты қаңтарып қоюға болмайды. Аппарат қызметкерлерін түгелдей кешкі жұмыс уақыты біткен соң үйлеріне қайтаратынбыз. Менің төңірегімдегі 2-3 адам және кешкі қабылдауға келген департамент басшысы немесе аудан әкімі, кураторлық жасайтын әкімнің орынбасары ғана орнында қалатын.
– Кадр мәселесіне қайта оралсақ. Кейін тағайындаулар басталды ғой…
– Иә, бір ай бойы ешкімді жылы орнынан қозғаған емеспін. Бәріне емін-еркін есеп беруге мүмкіндік берілді. Тіпті әрқайсысының ұсыныстарына дейін жазып отырдым. Сол жазбаларым әлі күнге дейін өзімде сақтаулы.
Қазақпыз ғой. Облысқа келісімен-ақ Астана, Алматы жақтан тамыр-таныстарын түрлі қызметке ұсынған қоңыраулар шалынып, ұсыныстар айтыла бастады. Бірақ мен тек азаматтардың біліктілігіне ғана қарадым.
Сырттан екі-ақ адам келді. Оның біріншісі – менің ұзақ жылдан бері көмекшім Асқар Смағұлов деген азамат. Екіншісі Бейбіт Ғазизұлы Жүсіповті бір ай бойы үгіттеп, әзер көндірдім.
Шынымды айтсам, Бейбіт Ғазизұлынан, ең алдымен, өзім үйренгім келді. Ол бір кездері А.Браун, В.Гартман, Ж.Кәрібжанов сияқты атағы жер жарған әкімдермен жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтаған адам. Өзі заңгер. Арына да, қызметіне де шаң жуытпаған таза адам.
Б.Ғ.Жүсіпов бірінші орынбасар қызметіне тағайындалды. Облыстың кез келген азаматынан сұрауыңызға болады, Бейбіт Ғазизұлы бәрімізге абзал аға, тәжірибелі ұстаз, адал әріптес болып, сенімді молынан ақтады.
Жалпы кадр саясатында таразы басын тең ұстау қажет. Жастарға жол берген жақсы, бірақ оларға жөн көрсетіп, жоба сілтейтін аға буынды да ұмытпау керек. Осы тұрғыдан келгенде осы өңірде дүниеге келіп, бар ғұмырын туған жерге қызмет істеуге арнаған екі азамат – Құттықожа Ыдырысов пен Бекмырза Еламанов облыс әкімнің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Құттықожа ағамыз кеңес заманындағы бірінші хатшылардан бастап, тәуелсіздік тұсында барлық әкімдермен тіл табысып, ұстараның жүзіндей қылпып тұрған қаржы саласында қызмет істеген. Мықты қаржыгер еді, қай сұрақтың болсын жауабын тауып, қай мәселенің болсын қисынын келтіретін. Облыстың кетеуі әбден кете бастаған бюджетінің еңсесін тіктеуге зор еңбек сіңірді. Мәжіліс депутаттарын сайлау кезінде ол ел ішіндегі беделі зор азамат ретінде партиялық тізімге кіріп, депутат атанды. Екеуміздің сол кезде орныққан жылы қарым-қатынасымыз кейін де жалғасып, депутаттық қызметтен кеткеннен кейін «Нұр Отан» партиясының Аудит басқармасын басқарды.
Бекмырза Қайыпұлы Сыр елінің сырбаз азаматтары қатарынан. Ол да туған жерге туын тігіп, бар күш-жігерін облыстың өркендеуіне жұмсаған қайраткер. Колхоз төрағасы, совхоз директоры, аудан әкімі, облыс әкімнің орынбасары қызметтерімен сатылап өскен. Мамандығы зоотехник болса, күріш өсірудің қыр-сырын өте жақсы меңгерген.
Бір кездері «Ырысты, күрішті Қызылорда» деп әнге қосылған аймақта күріш өсірудің, оның түсімін арттырудың жай-күйі кеңес заманынан көп төмендеп кеткен екен. Оның себебін Шиелі ауданына барғанда өмір бойы күріш өсірумен айналысқан Константин Хван деген ақсақал күріш тұқымының азуынан, ауруынан деп түсіндірді. Өзі Краснодардан аздап күріштің жаңа сорттарын алдырып, сонысынан мол өнім алып отыр екен. Осының жай-жапсарын Бекмырза Қайыпұлына айтып едім, бәрін білетін болып шықты.
Бекең кеңес заманында күрішті ең көп өндіретін Үндістанда, Еуропада сапалы күріш өсіретін Италияда болып, олардың тәжірибесімен танысқан мықты маман болып шықты.
Көп ұзамай Бекмырза Қайыпұлын Краснодар өлкесіне аттандырдық. Бұл жерде бір кезде атақ-даңқы бүкіл Кеңес Одағында дүрілдеп тұрған Бүкілодақтық күріш шаруашылығы институты, қазір Күріштің федералды ғылыми орталығы деп аталатын күшті мекеме бар. Мен әуелі осы мекеменің басшысымен телефон арқылы сөйлесіп, әңгімені пысықтап алдым. Осы жылы мұнайшылардың демеушілігімен құрылған «Демеу» қорынан бөлінген миллион доллардан астам қаражатқа «Лидер», «Янтарь», «Аметист», «Рапан», «Гарант», т.б. жаңа күріш сорттарын алдырып, оны фермерлерге пайызсыз несие ретінде вагон үстінен үлестіріп, сол жылы-ақ жаңа тұқымнан гектарына 60 центнерден астам өнім алдық. Кейін дәл осы жаңа тұқымдар Сыр өңіріне әбден жерсініп, облыстағы күріш шаруашылығының өркендеуіне үлкен үлес қосты.
– Қызылорда облысы күрішпен қатар мал шаруашылығы да дамыған өңір ғой. Бұл салада қандай қызмет атқарылды?
– Қазіргі жағдайдан толық мағлұматым жоқ, 2007-2008 жылдарда ауыл шаруашылығы облыс экономикасының 3,5 пайызын ғана құрайтын. Әрине, халқының басым көпшілігі аудандық жерде орналасқандықтан, әр үйде мал ұстайтыны белгілі. Қазақ болған соң ет, сүт, құрт-ірімшік, айрансыз отыра ма? Бірақ тәуелсіздіктің балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен қиын жылдарында мал тұқымын асылдандыруға жеткілікті көңіл бөлінбеген екен. Біртіндеп оның да жолын таптық.
Сол кезде атағы дүрілдеп тұрған Солтүстік Қазақстандағы кейін Еңбек Ері атанған Зенченконың шаруашылығына Бекмырза Қайыпұлын аттандырып, олардан небәрі 1000-1500 долларға 400 бастай екі жасар асыл тұқымды ірі қара мал сатып алып, облыстағы ірі шаруа қожалықтарына бөліп бердік. Сол кезде Ауыл шаруашылығы министрлігі мұндай малды шетелдерден 20-30 мың долларға алатын. Ұшақпен алдырған сол малдың біразы елге жетпей қырылып қалғанын да білеміз.
Қызылорда облысының даңқы кезінде қаракөл қойын өсірумен де шыққан. Осы жағын ескеріп, облысқа асылтұқымды қаракөл қойы да әкелініп, жергілікті фермерлерге лизингке берілді.
Айта берсек, ауыл шаруашылығы саласында біраз жұмыс атқарылды. Соның бәрінің басы-қасында ел үшін туған елгезек жан, өзім әзіл-шыны аралас, «қиямет-қайымдық досым» деп атайтын Бекмырза Қайыпұлы сияқты азамат болды. Оған да алғысым шексіз.
– Жаңа жас кадрлар туралы әңгіменің де шет-жағасын бастап едіңіз. Енді осы тақырыпқа қарай ойыссақ…
– Абай атамыздың «Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер» дейтін қанатты жолдары бар ғой. Жалпы Сыр өңірінен арғы-бергі замандарда қайраткер азаматтар молынан шыққан. Оны тағы бір әңгіменің реті келгенде тарқата айтармыз…
Ал Сіз айтқан жастарға келер болсақ. Сол кездегі жас толқынның тегеуріні мықты болды. Оған асықпай алғашқы бір айда танысқанымда көзім анық жетті.
Әңгімені алыстан орағытпай бүгінгі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтан бастайын. Солардың ішіндегі ең жасы сол болатын. Ол өзі менің үлкен қыздарымнан небәрі 6 жас қана үлкен азамат. Мен келгенде қала әкімінің орынбасары болатын. Қай жұмысты тапсырсаң да тастай етіп орындайтын. Көп ұзамай облыс әкімі аппаратының басшысы етіп тағайындадым. Бұрын кәсіпкерлікпен айналасқан азамат қой, талай жыл кезекте тұрған мамандарға пәтер әперді, ардагерлердің де жағдайын жасады. Тіпті ескі-құсқы машинамен жүрген департамент басшыларының көліктеріне дейін жаңартып берді.
Жанып тұрған оттай азаматты жанымнан жібергім келмесе де бағын байламадым. Оның өмірбаянында ауданда, ауылда, халықтың қайнаған ортасында қызмет істегені туралы дерек жоқ болатын. Бұл бүгін болмаса да күндердің күні алдынан шығатыны хақ еді. Соны ескеріп, Нұрлыбек Машбекұлын облыстың ең ірі ауданы – Шиелі ауданының әкімі қызметіне тағайындадым. Бұл болашақ облыс әкімі үшін үлкен тәжірибе мектебі болды деймін.
Осы тұста Сіздің көкейіңізде тағы бір сұрақ тұрғанын, бәлкім оны сыпайылықпен қоймай отырғаныңызды сеземін.
Оны тағайындауларға ағасы Бердібек Машбекұлының еш қатысы болған жоқ. Бекең екеуміз жақсы дос едік, бірақ ол маған ешқашан «інімді қолдап жібер» деп қолқа салған емес. Өзі Қазақстанның 7 бірдей облысын басқарған азамат інісінің ғана емес, ешқашан облыстағы кадр мәселесіне араласқан емес. Аймақ экономикасының дамуына келгенде ақыл-кеңесін аяған емес.
Нұрлыбек Машбекұлын ешкімнің айтуынсыз өзім тағайындадым. Таланты, тәжірибесі, іскерлігі үшін. Ол сол сенімді молынан ақтады.
Қызылорда проблемасы көп қала ғой. Қала әкімдігіне Серік Салауатұлы Қожаниязовты тағайындадым. Бұл да мықты, мінезді азамат. Алған бетінен қайтпайтыны бар.
Қаланың жай-жапсарымен таныса келіп, оның Бас жоспары жоқтығына таңғалдым. Мұрағаттан Әуелбеков заманында жасалған ескі жоспарды таптық. Қала мүлде өзгеріп, өз бетінше салынған жекеменшік үйлер есебінен далиып кеткен. Алматыдағы Нысанбаева Любовь Владимировна дейтін белгілі архитектормен сөйлесіп, оны Қызылордаға шақырдық. Серіктің қаладағы ешқашан бітпейтін қиыр-шиыр шаруаларынан қолы босамады ма екен, қонағын ренжітіп алған сияқты. Нысанбаева келген ізімен қайтып бара жатқан жерден – әуежайдан қайтарып, қаланың Бас жоспарын осы сәулетші басқаратын «Урбостиль» деген жобалау мекемесіне тапсырдық. Кейін «Қазақстан қала салушылар одағының» төрайымы болып, бірнеше мемлекеттік марапаттарға ие болған бұл маман облыс орталығының Бас жоспарын ойдағыдай жасап шықты.
Қызылорданың жаңа орталығын сол жағалауға көшіру туралы идея алғаш рет менің ұсынысым бойынша сол Бас жоспардан көрініс тапты. Жер жағдайымен танысу үшін Бекмырза Қайыпұлымен бірге атқа мініп, сол жағалауды аралағаным әлі күнге дейін есімде.
Серік Салауатұлы да сенім үдесінен шықты. Үкімет кеңсесінде бөлім бастығы, вице-министр қызметтерін абыроймен атқарғаннан кейін, туған жеріне қайтып оралып, жинаған тәжірибесін ел игілігіне асыруда.
Сол кездегі жас азаматтардың генераторы Мұрат Абдуламитұлы Әбенов болды. Орысша, қазақшаға бірдей ағып тұрған, математикалық ойлау жүйесін меңгерген бұл азамат та маған көп көмек жасады. Ұстаздар отбасынан шыққан, әскерде қызмет атқарған Мұрат Мәжіліс сайлауын заңнама талабына сай адал өткізуге барын салды және өзі де үлкен тәжірибе мектебінен өтті. Бұл кезде барлық министрліктерде жауапты хатшы қызметі енгізіліп, негізгі салмақ аппарат басшысына қарай ауысып келе жатқан. Ол бұл қызметті абыроймен атқарып, кейін облыс атынан Мәжіліс депутаты болып сайланды. Қырыққа енді ғана толған азамат үшін бұл қызмет оның республикалық деңгейде өсуінің алғашқы баспалдағы болды. Кейін Мұрат Абдуламитұлы вице-министр қызметіне тағайындалып, екінші қайтара Мәжіліс депутаты атанды. Бүгінде ол халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген азулы депутаттар қатарында.
Облыс әкімнің орынбасары лауазымын абыроймен атқарған азаматтардың қатарында кейін екі бірдей министрлікте комитет басқарып, бүгінде Мәжіліс депутаты ретінде биік мінберден аймақ мәселелерін батыл көтеріп жүрген Мархабат Жайымбетұлы Жайымбетов те бар. Оның іскерлігін бүкіл Қызылорда жұртшылығы жақсы біледі. Кәсіпкерлікпен айналысқан жылдары облыс халқына көп демеушілік жасаған нағыз жомарттың өзі. Мен облысқа келгенде Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы екен. Кейін әкім орынбасары қызметіне жоғарылатылып, мен кеткеннен кейін де өзіне тапсырылған жұмысты бар ынта-ықыласпен атқарды.

Кейін Астанаға тұрақтап қалған тағы бір орынбасарым Жаңабай Мұратбекұлы Бексары да Сыр еліндегі серпіліске лайықты үлесін қосты. Ол өте қиын сала – өнеркәсіпті басқарды. Көптеген қиын түйінді мәселелерді сабырмен, салмақпен шеше білді.
Н.Нәлібаев Шиеліге әкім болып ауысқанда аппарат басшылығына үлкен ғалым, қарымды журналист, өзім «Қаратереңнен шыққан қайраткер» деп ат қойған Бауыржан Жұмаханұлы Омаров тағайындалды. Бір кездері қала әкімнің орынбасары ретінде абыроймен қызмет атқарған ол қиын-қыстау кездерде халықты сабырға шақырып, ел ішінде береке-бірлік орнатуға зор еңбек сіңірді. Бүгінде Бауыржан Жұмаханұлы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Мемлекет басшысының кеңесшісі деген биік лауазымды қызмет төрінде отыр.
Мақтанды демеңіз, мен таңдаған азаматтардың ішінде осал біреуі жоқ. Бәрі сайдың тасындай. Бәрі мен Сырға келгенде танысқан жастар. Туған жері үшін жүрегін де, жанын да беруге әзір тұрған кілең ұлтжанды жігіттер. Егер менен кейінгі әкімдер дәл осы команданы 2-3 жыл сақтағанда, Қызылорда облысы сол кездің өзінде-ақ үлкен-үлкен биіктерді бағындырар еді. Өкінішке орай, олардың біразы қызметтен шеттетілді. Өз ісіне сенімді мықты мамандар жерде қалушы ма еді? Облыс әкіміне керек болмаса да, оларды Президент әкімшілігі, Үкімет, министрліктер мен ұлттық компаниялар түрлі жауапты қызметтерге шақырып, бәрі қызмет бабымен сатылап өсе түсті. Бір кездері мені қолдаған, қолғанат болған, әріптесім ғана емес, туған бауырымдай болып кеткен сол азаматтарға мен де түрлі қызметтерде жүріп ағалық қамқорлығымды аяған емеспін. Әлі күнге дейін қарым-қатынастарымызды үзген жоқпыз.
– Аудан әкімдері туралы көп ештеңе айтпадыңыз…
– Неге айтпасқа. Осындай орны келгенде айтуымыз керек. Сыр елі – таланттарға аса бай өлке. Оның үстіне Қызылорданың даңқы кеңес заманында аспандап тұрды.
Мен туып-өскен Абай облысының Мақаншы ауданынан екі ғана Социалистік Еңбек Ері шыққан. Бір ғана Шиелі ауданынан 44 Еңбек Ері шығыпты және олардың ерен еңбегін бүкіл қазақстандықтар білді десек, артық айтқандық болмас. Ал соның бәрі өздері басқарған аудан жұмысын дөңгелентіп атқарған әкімдердің, сол кездегі бірінші хатшылар еңбегінің нәтижесі болса керек.
Облысты ғана емес, бүкіл Қазақстандағы экологиялық ахуалы өте қиын Арал ауданын Нәжімәдин Түрікбенұлы Мұсабаев деген ағып тұрған шешен, алғыр азамат басқарды. Жасыратыны не бар, үстінен арыз-құрыз да көп түсетін. Көпшілігі оның атқарып отырған қызметіне түк қатысы жоқ отбасы, ошақ қасынан аспайтын бөстекі, бос әңгімелер еді. Ең қиын заманда нардың жүгін көтерген Нықаңа өз басым ризамын.
Облыстың талай бұрынғы бірінші хатшыларымен тіл табысып жұмыс істеген Ибрагим Сражадинұлы Әбибуллаев та өте тәжірибелі басшылар қатарынан еді. Өзі басқарған Сырдария ауданы ғана емес, облыстың жағдайын бес саусағындай білетін адам. Мұндай тәжірибелі қайраткерлерден облыс басшыларының өзі де үйренсе аздық етпейді.
Жалағаш ауданын Өмірбек Мөрәліұлы Шәменов басқарды. Оның әкесі Мөрәлі ақсақал соғысқа қатысқан ардагер әрі ұзақ жылдар кеңшар басқарған өте мықты адам болыпты. Бұл кісінің бауырынан өрген ұрпақтары шетінен талантты. Осындай әке тәрбиесін көрген Өмірбек Мөрәліұлы да өте жақсы қызмет атқарды.
Бәрін бірдей айтып шығу шарт емес болар. Сол жылдары менімен бірге қызмет істеп, Сыр еліндегі серпілісті қамтамасыз еткен азаматтардың барлығына алғысым шексіз.
– Облыстағы өзге де басшылық құрылымдар мен департамент деңгейінде қызмет істеген азаматтардан кімдерді атар едіңіз?
– Бәрін айтар болсақ, тым ұзаққа кетіп қалуымыз мүмкін. Жалпы мен қандай қызметте болсам да, орынбасарларыма сеніп қызмет атқарған адаммын. Барлық жұмысты өзі атқарып, бар шешімді өзі ғана қабылдайтын басшыны іскер адам деп айтуға болмайды. Әркім өзі басқарып отырған салаға жауап беру керек. Мысалы, Құттықожа Ыдырысұлы Қаржы департаменті басшылығына Балжан Мөрәліқызын ұсынды. Мен қолдадым. Керемет қаржыгер болып шықты. Жыл жарым ішінде облыс бюджетінің еселеп өсуіне Құттықожа ағасы екеуі үлкен еңбек сіңірді. Кейін мен «Нұр Отанға» партиялық қызметке ауысқанда партияның жылдар бойы қордаланған қаржылық проблемаларын Авгийдің ат қорасындай тазалап берген осы екі маман болды.
Мен облысқа келгенде Мейрамбек Шермағамбет аппарат басшысының орынбасары қызметін атқаратын. Көбінесе шаруашылық жағын басқарады екен. Ата-анасы ұстаздар қауымынан. Өзі де ұстаз. Мектеп пен кітаптың арасында өскендіктен білім саласын бес саусағындай біліп тұр. Көп ұзамай оны облыстық Білім департаментінің басшылығына тағайындадым. Ол бүгінде облыс әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары қызметін абыроймен атқаруда.
Құрылыс департаментін Сержан Қасқырұлы Нәметша деген нағыз көкжал азамат басқарды. Проблемасы көп сала ғой. Үстінен көп арыз түсті, бұрын да солай болған екен. Тексере келгенде бәрі бос әңгіме болып шықты. Ол да облыстағы құрылыс жұмыстарының қарқынды жүргізілуіне лайықты үлесін қосты.
Сыр елінен талай мықты спортшылар шықты. Жұрт не десе о десін, бір ғана Илья Ильиннің өзі неге тұрады?! Бұл саланы Садық Шоңмұрынұлы Мұстафаев басқарды. Нағыз батыр жігіт. Сол жігіттің жетекшілігімен талай спортшыларымыз халықаралық жарыстарда топ жарды. Ең бұқаралық спорт түрі футбол ғой. Басым көпшілігі қазақ жігіттерінен тұратын «Қайсар» командасына да қамқорлығымызды аямадық. Нәтижесінде үнемі соңғы орындарда жүретін «Қайсарымыз» ұлттық чемпионатта 4-орынға көтерілді.
Облыстық деңгейдегі басшылар ішінде менің бір ғана ежелгі досым болды. Ол – Орынбасар Әлжіков. Маған дейін облыс әкімінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған, өнерге, әдебиетке жақын адам. Жақын ғана емес, республикалық деңгейде танылған сатирик-жазушы. Ол мәдениет саласын басқарды. Сол кезде денсаулығының сыр бере бастағанына қарамастан, өзіне тапсырылған жұмысты абыроймен орындады. Сыр елі қаламгерлерінің көптомдық «Сырдария кітапханасы» шығарылды. Арғы-бергі тарихтағы атақты жыршы, жырау, күйшілер шығармалары топтастырылған «Жырдария» музыкалық антологиясын шығару қолға алынды. Аз ғана уақыт ішінде Тұрмағамбет атындағы халық-аспаптар оркестрі жасақталды. Жаңа облыстық кітапхана құрылысы басталды.
Қызылорда облысы экологиялық қауіпті аймақта орналасқандықтан, бұл өңірде денсаулық сақтау ісіне, әсіресе арнаулы орта білімді медицина мамандарын даярлауға ерекше көңіл бөлінді. Сол кезде потенциалы зор маман, осы күнгі Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова Қызылорда медициналық колледжінің директоры қызметіне тағайындалды. Ол кейін докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап, облыстың денсаулық сақтау департаментінің бастығы, облыс әкімнің орынбасары деңгейіне дейін көтеріліп, сенатор, министр дәрежесіне дейін өсті.
Сенсеңіз де, сенбесеңіз де айтайын, 2007 жылы облыс орталығы саналатын Қызылорда қаласында мемлекеттік қалалық аурухана болған жоқ, ал бұрынғысы болымсыз қаржыға жекешеленіп кеткен екен.
Үкімет басшысы алдында осының бәрін қайта-қайта айта жүріп, 2008-2010 жылдағы республикалық бюджетке осы заманғы жабдықтарымен құралған қалалық аурухана, емхана, перинаталды орталық, облыстық балалар ауруханасы сияқты денсаулық сақтау нысандары енгізіліп, 2008 жылы бірқатарының құрылысы басталап та кетті.
– Сол жылдары мектеп, балабақша салуда да біршама ілгерілеушілік болды ғой…
– Дұрыс айтасыз. Экологиялық қауіпті аймаққа орналасса да облыс халқы үздіксіз өсумен келеді. Осыны ескеріп, 2008-2009 жылдары облыс аумағында 21 мектептің құрылыс жұмыстары басталды. Соның 11-і республиканың бюджет есебінен салынатын 1200 орындық іргелі мектептер еді.
Кейін вице-премьер болған Ербол Орынбаев дейтін біреу «Бұл мектептерде оқитын бала жоқ. Ертең қаңырап бос қалады» дейтін қанқу сөз таратты. Қазір оқушыларымызға сол мектептердің өзі жетпей, тура сол елді мекендерде (бәрі облыс және аудан орталығында болатын) қаншама жаңа мектептер салынды.
– Облыс экономикасындағы іргелі саланың бірі – кәсіпкерлікті дамыту ғой. Қандай кәсіпкердің еңбегін айрықша атар едіңіз?
– Ол жылдарда облыс экономикасының негізін мұнай өндірісі құрады. Ұмытпасам, 2008 жылы облыс 12 миллион тоннаға жуық мұнай өндірді, бірақ кеніштердің басым бөлігі әлдеқашан жекелендірілген қытайлық компаниялар меншігінде болатын. Ресейлік «Лукойлдың» үлесін «Торғай-Петролеум» арқылы Алик Серікұлы Айдарбаев дейтін кәсіби мұнайшы басқарды. Ол қытайларға үлгі-өнеге көрсетіп, әлеуметтік салаға көп жәрдем берді. Ілеспе газды бостан-босқа жақпай, газ өңдейтін зауыт та салып шықты. А.Айдарбаев кейін «Қазмұнайгаз» компаниясын басқарып, облыс әкімі деңгейіне дейін көтерілді.
Аймақтағы «Саутс-Ойл» мұнай команиясының басшысы Серікжан Сейтжанов та әлеуметтік салаға көп демеушілік жасады. Осындай қазақ кәсіпкерлігінің үлгісін көргеннен кейін қытайлық мұнайшылар да «Демеу» қорына молынан қаржы құя бастады.
Жергілікті кәсіпкерлер көшін Самұрат Жұманұлы Имандосов ағамыз бастады. Ол – жоқтан бар жасаған нағыз іскер, нағыз іс тетігін таба білетін қайраткер тұлға. Жем-шөп қоры мол солтүстік облыста мал шаруашылығы, оның ішінде тауарлы сүт өндірумен айналысу оңай, ал Қызылорда облысында, оның ішінде Арал өңірінде мұндай кәсіппен айналысу қиынның қиыны. Самұрат аға соның көзін тапты.
Қызылорда облысына кейінгі келген сапарларымның бірінде өз көзіммен көрдім. Самұрат ағамыз сүтті бағыттағы асылтұқымды мал санын 3000 басқа дейін жеткізіп, сүт, айран, қаймақ, ірімшік, йогурт өндіретін зауытқа дейін ашып қойған. Іскерлік деп осыны айтса керек. Сәкеңді ерекше қадірлеймін, нағыз Еңбек Ері болатын тұлға.
Жоқтан бар жасаған тағы бір азамат ретінде Абзал Жұмашұлы Ералиевтің есімін ерекше атар едім. Ол кәсібін жүргізіп ғана қоймай, апат аймағында орналасқан ауылын гүл-бақшаға айналдырды. Күрішті егу, оны өндіру, өңдеу және экспорттау жүйесін жасап, нағыз күріш кластерін қалыптастырды. Абзал деген есімін толық ақтап, жұлдызы жанып Еңбек Ері атанды.
Қазір бәрін бірдей еске түсіру қиын болар, сол жылдары Сырдарияның арнасын реттеу мен құрылыс материалдары және керамикалық кірпіш шығарумен айналысатын «Мелиоратор» компаниясының басшысы Бердібек Сартайұлы Мыхановқа да алғысым шексіз.
Жол жөндеу саласында аса қымбат шетелдік техника алдырып, өңірдің тозығы жеткен жолдарын жөндеп, осы саланың дамуына зор үлес қосқан Мұрат Пірмағамбетұлы Үдербаевқа да ризашылығым мол.
Облыс экономикасын өрге сүйрейтін саланың бірі тау-кен өнеркәсібі болса, оның ішіндегі кен қоры кеңес заманында барланған «Шалқия-цинк» комбинаты болуға тиіс еді. Сырдың іскер азаматтары кен өңдіруді молайтып, құны 230 миллион долларға жететін жаңа кен байыту фабрикасын салуға кірісіп-ақ кеткен болатын. Өкінішке орай, түрлі саяси ойындардың салдарынан кейін осы бір болашағы зор саланың жұмысы тұралап қалды.
Уран өндірісі саласында көп жұмыс атқарылды. Сол кездегі «Казатомпром» ұлттық компаниясының басшысы Мұхтар Жәкішев Сыр өңіріне көп көмек көрсетті. Шиелі ауданын шефтік қамқорлыққа алып, компания есебінен бірнеше осы заманғы әлеуметтік нысан салып берді. Сырдария өзенінің Жаңақорған ауданы тұсынан үлкен көпір салып, оның ашылуына өзі қатысты. Мұндай жақсылықты ұмытуға болмайды.
– Ресейге жалға берілсе де, Байқоңыр қаласы облыс аумағында орналасты ғой. Олармен қарым-қатынас қалай болды?
– Ол кезде Мемлекет басшысының арнайы Жарлығымен Президенттің Байқоңыр қаласындағы өкілі тағайындалатын. Атағы дардай болса да ол Байқоңыр мэриясы ғимаратынан 2-3 бөлме жалдап, сонда отыратын. Ашығын айтқанда, Байқоңыр мэрі оған өз қарамағындағы адамдай шекесінен қарайтын. Байқоңырда тұратын қазақтарға да ешқандай жағдай жасамады.
Оның бәрін білген Президент маған Қызылорда облысы әкімі қызметіне қоса Байқоңыр қаласындағы өкіл лауазымын да жүктеді.
Егер Байқоңыр мэрі бұрын түрлі желеулермен қызылордалықтардың қалаға кіруіне шектеу қойса, біз олардың өз әдісін өздеріне қарсы пайдаланып, қаладан шығуына тексеру қойдық. Нәтижесінде ресейліктерге демалыс күндері Сырдариядан балық аулаудың өзі мұң болды.
Көп ұзамай қала мэрі А.Ф.Мезенцев облыс орталығына келуге мәжбүр болды. Екеуміз барлық проблемалы мәселелерді ашық талқылап, ортақ меморандумға қол қойдық. Бұл өзі генерал-майор шеніндегі, бірбеткей, бірақ айтқан уәдесінде тұратын азамат еді. Қиын түйінді мәселелерді шешуге заңға жетік Бейбіт Ғазизұлы Жүсіпов ағамыз көп күш жұмсады. Нәтижесінде Қазақстан қаражатына Байқоңыр қаласында 1200 орындық «Мектеп-балабақша» кешені мен перзентхана құрылысы басталды. Байқоңырдағы қазақтардың рухын көтеру үшін біз оның бас алаңында Сыр өнер шеберлерінің гала-концертін өткіздік. Қала іргесіндегі Төретам мен Ақай тұрғындарының қалаға кіріп-шығуы оңайлатылды.
– Мұхтар Абрарұлы, осындай іргелі істерге жетекшілік жасап, өзіңіз айтқандай Сыр елінің іскер, тегеурінді азаматтарын жұмылдырғаныңыз үшін Сізге үлкен рахмет! Қызылорда қаласының бүгінгі келбетін көре алдыңыз ба?
– Әрине, облыс орталығының шырайы кірген сайын менің де мерейім тасып отырады.
Қызылорда қаласын тәуелсіздіктің ең ауыр жылдары Ж.Шәріпов, Қ.Баймаханов, Б.Досманбетов сияқты өте мықты, іскер әрі Сыр елінің нағыз патриот азаматтары басқарыпты, бірақ жылдар бойы қордаланған проблемалар үнемі олардың да алдарынан шыға берген.
Жарылқасын Шәріпов ағамыз Сыр елінің сан алуан проблемаларын бес саусағындай білетін адам. Өйткені өзі совхоз директоры, облыстық агропром бастығы, аудан әкімі қызметін атқара жүріп, күрмеуі қиын мәселелердің қисынын таба білген. Жахаң 1994-1996 жылдары облыс орталығы әкімінің қызметін абыроймен атқарып, жоқтан бар жасаған тұлға. Маған көп ақыл-кеңес берді және оның көпшілігі жүзеге асты. Мұндай асыл ағалардың жақсылығын ұмытуға болмайды.
Есіңізде болса, кейінгі сөйлеген сөздерінің бірінде облыстың азулы басшыларының бірі болған Еркін Нұржанұлы Әуелбеков ағамыз сол кездегі республика басшысының 8 жыл бойы Сыр еліне ат ізін салмағанын үлкен өкінішпен айтқан. Келмеген, көрмеген соң өңірдің мәселелері де назардан жырақ қалады емес пе? Осылайша аймақ пен оның мәселелері қордалана берген. Қызылорданың дамуына мүлде жаңаша көзқарас орнықтыру үшін мен сол жылдарда қала басшылығына көздерінен от ұшқындап, жалындап жанып тұрған С.Қожаниязов және Н.Нәлібаев сияқты жас азаматтарды әкелдім. Сол 2007 жылы қаланың кіреберістегі саяжайлары тасқын судың астында қалды. Бұл жағдайлар Қызылорда тарихында бұрын да әлденеше рет орын алған оқиға ғой. Әйтсе де маған қатты әсер етті.
Дереу Мемлекет басшысына оқиғаның мән-жайын баяндап, Премьер-министрді облысқа шақырдым. Бір аптаның ішінде мол қаражат бөлініп, әрбір саяжайға, онда өсіп тұрған жеміс ағашы мен әр бұтасына дейін өтемақы төледік. Осының бәрін бір айға жетпейтін уақыттың ішінде аяқтап, су басқан отбасылардың бәріне қаланың іргесінен жер телімін бөліп, болашақ кенттің тұрғындарын сапалы ауызсу және электр энергиясымен қамтамасыз еттік. Тіпті көшелеріне дейін түсіріп, зейнеткерлер үйінің іргетасына дейін қалап бердік.
Апат ақпанда болса, біз наурызда жаңа елді мекенді салуға кірісіп кеттік. Кейін халық «Наурыз» деп атап кеткен сол жер қазір қала аумағындағы элиталық аудан саналады екен.
Су тасқынынан кейін облыс орталығын сол жағалауға көшіру идеясы туындады. Сол кезде жағалауда заңсыз, бейберекет құрылыс жұмыстары салына бастаған болатын. Бәріне тоқтау салып, сол жағалауды тазартуға кірістік. Қаланың Бас жоспары жасалып, оны 2008 жылдың басында облыстық мәслихат мақұлдады.
Сол қыруар жұмыстың басы-қасында әуелде қала әкімінің құрылыс, өнеркәсіп жөніндегі бірінші орынбасары, кейін облыс әкімдігінің аппарат басшысы ретінде Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев жүрді. Кейін Қызылорда қаласының әкімі ретінде сол жағалаудағы алғашқы ғимараттардың да іргесін өз қолымен қалады. Қаланы сол жағалауға көшіру идеясын ұсынған мен болсам да оны жүзеге асырып, бүгінгі жағдайға жеткізген Нұрлыбек Машбекұлы. Мұны ашық айтуымыз керек.
Қазір сол жағалауда мектеп, балабақша, оқушылар сарайы, музыкалық колледж, жастар орталығы, музейге дейін бой көтеріп, жұмыс істеп тұр. Жақында халықаралық турнирлер өткізуге жарайтын жаңа стадионға дейін ашылды. Енді осының бәрінің игілігін облыс халқы, ең алдымен, жас ұрпақ көреді.
– Барды бар деп айтқан пікіріңіз бен берген бағаңыз үшін рахмет! Бір емес, бірнеше Үкімет құрамында министр болған, Мемлекеттік хатшы қызметін атқарған қайраткер ретінде облыстың бүгінгі жетістіктерін қалай бағалар едіңіз?
– Бағаны облысқа келген сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев берді ғой. Оны бәріңіз естідіңіздер. Президенттен асырып кім айта алар дейсіз.
Мен Қызылордаға келген 2007 жылы облыс бюджеті небәрі 36 миллиард теңге ғана болатын. Бір жарым жыл ішінде біз оны 90 миллиардқа жуықтаттық. Егер бұған облыс аумағында республикалық бюджет есебінен салынып жатқан нысандарды қосатын болсақ, 100 миллиардтан асып түсті. Бұл сол кезде ғажап көрсеткіш сияқты көрінген.
Қазір аймақ бюджеті 851 миллиардқа жетіпті. Нағыз ғажап деген осы болады. Өңірлік өнім көлемі 3 триллионнан асқан. Бұл да орасан зор көрсеткіш.
Ел өсуінің басты көрсеткішінің бірі құрылыс болса, ол бір жыл ішінде қарқындап артқан. Осының өзі-ақ көп нәрсені аңғартып тұрған жоқ па?
Жалпы дамыған мемлекеттердің бәрінде игілік атаулы халық үшін жасалады. Егер 2008 жылы облыс халқы 700 мыңға енді ғана жуықтаған болса, биыл 846 мыңға жетіпті. Міне, Сыр елінің ең үлкен байлығы да, ең керемет құндылығы да қазақ халқына талай-талай қайраткерлер, ғалымдар мен өнер саңлақтарын сыйлаған, айналайын, осы халық. Алтын құрсақ аналарымыз аман болса аймақ халқының миллионға жететін күні де алыс емес.
– Ақ жарылып айтқан әңгімеңізге үлкен рахмет, Мұхтар аға! Біздің газет оқырмандарына айтар қандай тілегіңіз бар?
– «Сыр бойы» елмен бірге жасап келе жатқан еңселі газет қой. Қаншама айтулы қаламгерлерді, ақын, жазушыларды тәрбиеледі бұл басылым. Қалам ұстаған барша әріптестерге шығармашылық табыс тілеймін! Қаламға қызмет – халыққа қызмет.
Ал газет оқырмандарына өздеріңіздің ежелгі сырласыңыз «Сыр бойынан» ажырамаңыздар деймін.
Сұхбатты жүргізген
Қуат ШАРАБИДИНОВ,
«Сыр бойы»






